• Білім және ғылым
  • 02 Желтоқсан, 2021

Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы

Осыдан 157 жыл бұрын Торғайда Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен қазақ балаларына арналған тұңғыш мектеп-интернат ашылды. Ыбырай ол кездегі тек мәтіндерді жаттауға ғана негізделген діни оқыту қазақ балаларының көзін ашпайтындығын ерекше түсінді. «Өнер, білім бар жұрттар тастан ­сарай салғызды, Айшылық алыс жерлерге, көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды» деп қазақ жастарын жан-жақты білім алып, ғылымды игеруге шақырды. Ол тұстағы бар мақсат – қайткенде де қазақ жастарының сауатын тезірек ашу болды. 

Әрине, өткен заман мен бүгінгі заманды салыстыру қиын. Ең алғаш мектеп ашылған тұста басты критерий – білім беру, қоғамға сай тәрбие беру болса, қазіргі ақпарат ағыны заманында оқушыларды сыни, еркін әрі шығармашыл ойлауға көп көңіл бөлінуде. Мұның барлығы келешекте өзінің ұстанымы бар, пікірін еркін айта алатын жеке тұлға қалыптастыруға әкеледі. Тәуелсіз елдің жастары да азат ­болып өсуі қажет.

Сондай-ақ жаңа мектеп модельінде оқушыны ғылымға, түрлі сынақтарды практикалық түрде жасауға, ми құрылысының аналитикалық ойлау қабілетін арттыруға негізделген. Таланты мен талабына қарай спорт және өнер жолында да қолдау танытатын түрлі бағдарламалар, жарыстар бар.

Білім сапасы – мемлекеттің болашағына жол ашатын және тұрақтылығына негіз болатын қуатты күш. Жыл сайын ұстаздарға да көп көңіл бөлініп келеді. Сондықтан оларға артылатын жауапкершілік те артуда. Ұстаздың ­басты мақсаты – өз ісінің маманы болу. Ал өз ісінің маманы болу – әр оқушының психотипіне байланысты жұмыс істей алу шеберлігі, оқушының білімге деген ынтасын аша алуы, айлықтан-айлыққа жеткенше емес, оқушыны нәтижеге жеткізе алуы. Оқушы әркез ұстаз мейірімін сезе алуы маңызды. Себебі шәкірттің жақсы болмағы ұстазынан, «ұстазы мейірлінің, шәкірті пейілді».

Жаңа мектеп модельдері – заманауи, ашық, тез тіл табыса алатын, ынтымақтастық принципінде өз ойы мен пікірін ашық айта алатын оқушыны даярлау. Десек те, тәрбие тұрғысына баса мән берген маңызды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (әл-Фараби), «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» (Абай). Расында, білімнің жаңашыл бағыттарын игере отырып, ұлттық құндылықтарымызды да ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Оның қатарында: дұрыс тәрбие беру, үлкенді құрметтеу, айналаға мейірімді болу, асыра ысырапшылдыққа жол бергізбеу, «қызды қырық үйден тыю», ұлды намысты, сөзінде тұратын ер азамат қылып тәрбиелеу аса маңызды.

 

Гүлмира БИЗАҚОВА,

Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп

директорының

оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Алматы облысы

Еңбекшіқазақ ауданы

Қаракемер ауылы

1444 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы