• Білім және ғылым
  • 02 Желтоқсан, 2021

Ұстаз есімі ұмытылмайды

Бізге ұзын қара шашын сәнді етіп түйген, бойшаң, әдемі жүзді, нұрлы көзді мұғалім ботаника пәнінен сабақ берді. Бұл – Сұлуғаным Қабышқызы еді. Әлі көз алдымда, сол кабинет, ұстаздың шәкірттеріне күлімсіреген жылы жүзі, түсіндірген сабағы... Біз ол кезде қазіргі мектеп интернатының көше жақ бетіндегі корпусының орта тұсындағы, мұғалімдер бөлмесіне қарама-қарсы кабинетте оқыдық.

Сұлуғаным Қабышқызының бала­лық шағы туралы естелікті бүл­діршін кезінен бірге ойнап, бірге оқыған құрбысы Бақыт Қабдра­химқызы Ғазезоваға жолыққан кезде, көптеген мәліметтер алып, қуанып қалдым. «Сұлуғаныммен бір ауылда тұрдым, бір мектепте оқыдым. Әкесі Қабыш пен анасы Ұлпаның мәпелеп өсірген жалғыз қызы еді. Үлкен әжесі Ордада тұрып, Сұлуғанымды оқытты, тәрбиеледі. Әке-шешесі түйе зауытында, одан кейін орман шаруашылығында ұзақ уақыт еңбек еткен еңбекқор жандар. Сұлуғанымға барып ойнайтын едік. Ата-анасы түйе арбамен демалыс күндері ауылға келіп тұратын. Біз 1957 жылы мектептің алғашқы табалдырығын аттап, 1-сыныпқа бардық. Сұлуғаным сабаққа алғыр, ақылды, тәртіпті, ұқыпты, тиянақты қыз болды. Адамға қайырымдылық жасау қасиеті кішкентай кезінен бар еді. Бізге білмеген сабақтарымызды түсіндіріп көмектесетін. Бүлдіршін кезінен қолөнерге бейім болды. Қағаздан әртүрлі ойыншықтарды қиып жасайтын, біз шеберлігіне қайран қалушы едік. Ісмерлікке де жасынан үйір болды. Әлі есімде, дүкенге әдемі мата келді, содан Сұлуғаным өзіне әдемі көйлек тігіп алыпты. Қатты қызықтым. Маған да көйлек тігіп берді. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» ­дегендей, әжесі, ата-анасы Сұлуғанымның талабына әрқашан қолдау білдіріп отырды.1968 жылы мектепті бітіріп, жан-жаққа кеттік. Достығымыз үзілген жоқ. Хабарласып, жүздесіп тұрдық. Ол 1971 жылы Орда сауықтыру мектеп-интернатында тәрбиеші қызметін атқарды. Орал қаласындағы пединститутта оқып, биолог мамандығын игерді. Орда орта мектебінің интернатында тәрбиеші, соңынан интернат меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Сонымен бірге биология пәнінің мұғалімі болды. Тілек екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеген ұлағатты ата-ана. Міне, менің бала кезден бірге өскен құрбым осындай еді!», – деп аяулы ­досын Бақыт апамыз сағынышпен еске алды.

Ұстаз туралы шәкірттері де өз ой-пікірлерін қосты. Шәкірті, география пәнінің мұғалімі Меңтай Айтқалиева ұстазын еске алып, былай деді: «Сұлуғаным Қабышқызы бізге 7-сыныпта сынып жетекшіміз болды. Апайдың бар болмысы, сұлу бейнесі көз алдымызда. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, сөзге шешен ұстазымыздың қара қылды қақ жарған турашылдығы, адалдығы өнеге болды. Сабағын үнемі туған өлкеміздің тарихымен байланыстырып, ұлы тұлғалардың ерен еңбегін бағалауға әрі қарай жалғастыруға бағыттап отыратын. Туған өлкеміздегі табиғат байлығын сақтауға, «бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы ұстануға шақыратын. Орданың көркі болып тұрған қарағайларды күтуге үйрететін. Өлкеміздегі өсімдіктердің түрлерін, емдік қасиеттерін ұғындырып отыратын еді. Тәрбие жұмысына баса көңіл бөлді. Әр тәрбие сағаты – біз үшін жаңалық болатын. Сыныпта бір-бірімізді сыйлауға, құрметтеуге үйрететін. Әсіресе қыздарға ұлдарды сыйлау керектігін жиі айтатын».

Алтын медаль игері Гүлнар Гайнуллина: «Апайымыз биология кабинетін өзінің фантазиясымен безендіріп, табиғаттың ғажайып сұлулығын бір бөлмеге сыйғызған нағыз шебер ұстаз еді», – деп еске алса, шәкірті Нүркен Құрмашев өз ойын былай жалғады: «Бізге сынып жетекші болды. Біз биология кабинетінде оқыдық. Сыныпта 30 оқушы болдық. Кабинетте 100-ден аса гүл бар. Тіпті лимон да өсіп, жеміс беріп тұрды. Сұлуғаным Қабышқызының өнегесі деп білемін, сол гүлдердің бір талын сындырмаймыз, қайта баптауға, күтім беруге талпынатынбыз. Біздің кабинет ботаникалық бақтан кем болмады. Бәрі апайымыздың терең ойымен келген, тамсандырған өнер туындысы болды ғой. Апайымыз бізге ешқашан дауыс көтеріп сөйлемепті. Жайлы, сабырлы қалпымен тентектерді де тезге салушы еді», – дейді.

Ұстаздан қолөнер шеберлігін үйреніп, оқу орнын бітіріп, мұғалім болып жүрген шәкірттері қаншама?! Солардың бірі Орал қаласында №20-мектептің мұғалімі, қолөнер шебері Жанайым Сейтақова да ұстазы туралы: «Сұлуғаным Қабышқызы бәрімізді өз баласындай көріп, тәрбиелі, саналы адам етіп шығарды. Менің балалық қиялыма қанат бітіріп, биік мақсатқа жетуіме ақыл қосып, жол сілтеп, адамгершілік қасиеттің үлгі-өнегесін көрсетті», – деп шынайы ойын білдірді.

Халыққа білім беру ісінің үздігі, «Күміс алқа» иегері Сұлуғаным Қабышқызы – отбасында аяулы ана, ардақты әже. Тұңғыш қызы Галя ізін жалғастыруда. «Анамның асқан шеберлігі менің де, бауырларымның да бойына дарыған. Құрақ құратып үйретті, түйе жүнінен көрпе, қой жүнінен жайма жасайтынбыз. Зейнет­керлікке шыққаннан кейін де тігін цех ашып, ұлттық кәсібіміздің дамуына үлес қосты. Қазақтың ұлттық қолөнерін ауыл адамдарына үлгі етті», – деп анаға деген махаббатын білдірсе, Алматы қаласында қызмет атқаратын, ағылшын, түрік, қытай тілдерін меңгерген кіші қызы Гүлназ: «Бізді адал болуға, кітаппен дос болуға үйретті. Ұстазға тән интеллигентті, рухы мықты, мейірімді анамыздың ісі мен асыл сөздері біздің өмірлік бағдаршамымызға айналды! Анамыздың бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», – деп кейінгі ұрпаққа қалдырған ізгі істерін айтып тауыса алмайды. Келіні Нұрсұлу: «Мен 2002 жылы Тұралиевтер отбасына келін болып түстім. Енем анамдай қамқор болды, тұңғышымызды өсірді. Оқуымды аяқтауыма кеңесін беріп, жанашыр қолдаушым болды. Немерелеріне адалдықты, турашылдықты үйретіп өсірді», – деп тебірене еске алды.

Бақытқаным МИЗАМБАЕВА,

Жәңгір атындағы жалпы орта білім

беретін мектептің қазақ тілі және

әдебиет пәнінің мұғалімі

2017 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы