• Тарих
  • 02 Желтоқсан, 2021

БАТЫРЛАР ҰЛЫҚТАЛУҒА ТИІС

2021 жылдың 25 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Әжібай батыр Найманбайұлына арналған республикалық конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тың деректерден құрастырылған жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Тарих үшін бәрі дұрыс. Батырлар ұлықталуға тиіс.

Жетісу өңірі іргелі батырлық дәстүрі бар және ол үзілмей, түрлі сындардан сүрінбей өтіп сабақтасып, жалғасып келе жатқан өңір. Түрлі ­тарихи кезеңдер мен оқиғаларда елі мен жерін қорғаған Сырымбет, Хангелді, Райымбек, Төлес, Байсейіт, Әжібай және басқа да көптеген ірі ­тарихи тұлғалар осы батырлық дәстүрдің Жетісу өңіріндегі жарқын көрінісі.

Ел тағдыры шешілген ауыр ­заманда ерте есейген қазақ батырлары «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіретіне қарсы тұрып, айрықша болмысымен, ерен ерлігімен көзге түсті. Жаумен жанталаса жүріп, жан тапсырған батырлар ақтық демі біткен жерлерде жерленді. Мысалы, Сырымбет батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Жөлек ауылының маңайында. Райымбек батыр зираты Алматыда, Шанышқылы Бердіқожа батыр зираты қазіргі Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының шегіндегі жерде. Дәлірек айтқанда, оның мазары Қарқаралыдан 250 шақырым қашықтықтағы Темірші ауылынан 45 шақырым жерде, Көкшетау мен Дуана таулары аралығындағы Дағандалы өзенінің бойындағы биік жерде орналасқан.

Біз жоғарыда сөз еткен конферен­цияның негізгі нысаны – Әжібай батырдың зираты туралы мынадай дерек мәліметі бар: «1880 жылы 11 қазанда Шілік болысының қазағы Жаман Сапақовтың Верный уезі бастығына жазған жазбасында менің атам Әжібайдың зираты Шілік елді мекенінің ортасында, соңғы уақытта зиратының жанында үй салу мәселесі көтеріліп жатыр. Осы заңсыздықты уез бастығынан тоқтату туралы мәселе көтерген» [ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 30835-іс., 1-п.]. Ал халық ауыз әдебиетінде сақталған жыр жолдары осы деректің нақтылығын растай түседі. Ер Әжібай жырында:

Мың жеті жүз үшінші болғанда жыл,

Оқушым, біліп қойғын өліпті бұл.

Жасында жетпіс тоғыз қайтыс болып,

Осындай іс қылыпты батырың ол.

Батырдың Шелекте дүр зияраты,

Халықтың солай берген мағлұ­маты [Ер Әжібай (Әбзейіт Мәлікеұлы нұсқасы). // Бабалар сөзі: жүз томдық. Т.61: Тарихи жырлар. – Астана: ­Фолиант, 2010. 230-б.]. Міне, жазба дерек пен ауызша деректің қабысуы.

1785 жылы капитан Андреевтің «Орта жүздің сипаттамасы» атты еңбегінде Ұлы жүздің қоныстанған орнын былай көрсетеді: «Тарбағатай тауынан қытай шекарасына дейінгі жерде жазда Тарбағатай, ал қыста Тоқтатау аңғарына дейінгі аралықта мынадай рулар көшіп-қонып жүреді: 1. Жаңаби бастаған суандар 3500 түтін; 2. Старшина Қоңырбөрік Далы Дәулет бастаған 400 түтін; 3. Старшина Қызылбөрік Әжібай Алтай бастаған 300 түтін; 4. Шапырашты Қойсоймас Қараша бастаған 1500 түтін; 5. Старшина Қызылбөрік Әсілібай бастаған 300 түтін; 8.Старшина Қаңлы Садық бастаған 120 түтін. Аталған қазақтар жер шаруашылығымен айналысып бидай, арпа және тары егетіндігі жазылған. Биеке би бастаған Сегіз-сарылар 600 түтін, Аламан бастаған Алжандар 450 түтін, Аягөз бен Қарақол өзендерінің аралығында, Бердіқожа бастаған Шанышқылылар 300 түтін, Жолдыбай Шымырбай бастаған Жалайырлар 600 түтін, Игілік би бастаған Қасқараулар 500 түтін, Сүйіндік бастаған Қырмықтар 100 түтін, Байғабыл Өтеп бастаған ­Жаныстар 100 түтін» деп көрсетеді [Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. Алматы: Ғылым, 1998. С.76-81.]. Ресей империясы Жетісу жерін отарлауды бастаған кездегі, яғни 1841 жылғы жарық көрген Наливкиннің «Карта Коканского ­ханства» деген еңбекте Алатауды ежелгі тарихи атымен «Үйсін Алатауы» деп көрсеткен. Ал 1854 жылғы карталарда бұл атау өзгерген. «Заилийский Алатауға» айналған. ­Ресей империясы Жетісу өлкесін ­отарлау барысында дереу жер-су аттарын орыстандыруға кіріседі. Мысалы, Алматы – Верный, Түрген – Михайловское, Атамқұл – Маловодное, Шілік – Зайцевское, Ұзынағаш – Казанско-Богородское, Қаскелең – Любовинский, Талғар – Софийская, Есік – Надеждинский, Нарынқол – Охотничий болып шыға келген.

Рашид ОРАЗОВ,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері

2864 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы