• Әдебиет
  • 02 Желтоқсан, 2021

«КҮНФАЯ-КУН»

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Ana tili»

Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов ағамыз сөзге шешен, әңгімешіл адам еді. Сонау жылдары бірнеше мәрте шеберханасында, кейде Есентайдың жағасында кездескенде айтылған әңгімелердің бірсыпырасы әр тұста жария көрген болатын. Бұл кісі әңгімешілдігімен қатар, тарихты да жақсы білетін. Мағжанның «Батыр Баянын» сол кездің өзінде Әукеңнің ­айтуында талай естіп едік. Сондай-ақ алғаш рет Кенесарының портретін ­салып, рухани айналымға ендірген де Әукең. Бұл жөнінде уақытында арнайы мақала да жазғанбыз.
«Бір өзі бір театр» демекші, даңқты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің туған жездесі Әубәкір Ысмайылов әншілік, актерлік қырымен де танылған адам. Дей тұрғанмен де, бұл кісінің әңгімешілдік қасиеті көңілден кетпейді. Мұрағатымызда жазылып, жатып қалған мына бір әңгімені де жылдар өткен соң оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

Ұмытпасам, соғыстың алдындағы жыл – нау­рыздың аяқ шені ғой деймін, Мұхаң бастап, қазақтың мар­ғас­қалары, кіл жайсаңдары Ғ.Мүсірепов, Қ.Байсейітов, Е.Өмірзақов, А.Жұбанов, Л.Хамиди қоштап аңға шықтық. Бәрінде қосауыз мылтық. Бірінші Алматыдан пойызға отырдық та, Бай­серкеге дейін бардық.

Алғашқы күні төңіректі шолып, алысқа көз тігіп дегендей, бақылау жұмыстарын жүргіздік. Көлшіктер Ілеге дейін созылады екен. «Қай жер кімдікі?» деп бөліске саламыз. Бұл мәселе Қанекең екеумізге тапсырылған. Екеуміз өзгелерден гөрі Мұхаңның ыңғайына көп берілеміз. Бұл бір табиғаттың ең тамылжыған шағы, сонымен бірге құстың атылатын, көлшіктерге көлбақа шыға қоймаған кез болатын.

Мұхаңның мылтығын орамалмен сүрткіштей беретін бір әдемі әдеті бар-тын. Киімінің өзі де жаңа ғана ине-жіптен шыққандай керемет еді. Бір ғажабы – үнемі осылай киінетін. Мұхаңның бас кеңесшісі Қанекең артист адам ғой, Мұхаңа барын салып тәптіштеп түсіндіреді. Бір жатады, бір тұрады, еңбектейді, бұғады, бірде жер бауырлап жата қалады. Арасында қалжыңын да қалдырмай:

– О ғып-бұ ғып, бұқпантайлап барып көресіз ғой, енді, – дейді.

Мұхаң сонда да маған қарап:

– Кәне, Әукен, сен де көрсетіп жіберші, – дейді.

Мен де Қанекеңнен қалыспай бар өнерімді саламын. Сонымен, Мұхаң өзінің дайындығына көңілі көншіген болуы керек, барқыт сауытқа салынған, бәріміз бір ұстап көрсек деп армандайтын, атуға обалсынатын, сыйға берілген 12 калибрлі мылтығын баппен қолына алып, төңіректі шолып біраз тұрады. Ғұлама адамның сол тұрысына, зипа бойына кісінің көзі тоймас еді. Бәріміз қызығып қараймыз. Ғабең:

– Мұхаңның қосауызы нағыз әбзел ғой, – дейді.

Содан амалын тауып, Мұхаңды өзімізге жақын жерге алып қалып, қалғандарын өз жөніне жіберіп, Қанекең екеуміз ошақ жасауға, дастар­қан мәзіріне кірісеміз. Қане­кең ежелгі әдетіне басып:

– Балдыз бала, ана сөмкелерді бері жақындат, – деп әрқайсысының әкелгендерінен, оның ішінде, шөлмектерінен ауыз тиеді. Сөйтіп отырғанда Қанекең кімнің қандай көңіл күймен қайтатынына дейін айтып, ішек-сілеңді қатыратын. Артынан айтқаны айнымай келетін.

Алдымен атуды Ғабең мен Елағаң бастайды.

– Әй, Елағаң шыдамаған шығар, – деп Қанекең шиқ-шиқ күледі. Содан екеуміз Елағаңның ертіп келген қанден күшігін сөз етіп, күлісіп отырдық. Бір кезде Мұхаң тарсылдата бастап еді, іле-шала тоқтап қалды. Сәлден соң манағыдай емес, атуы жиілеп кетті. Бір кезде барып айқай шыққандай болды. Екеуміз тұра жүгірейік. Еңбектеп, бұқпантайлап келеміз. Қамыстың арасынан ақырындап бас көтеріп едік, Мұхаң мылтығына сүйеніп бір орыс баласымен сөйлесіп тұр екен. Әлден соң қалтасынан ақша алып, әлгі балаға бере бастады. Ақшаны көргенде Қанекең екеуміздің көзіміз жайнап кетті. Бізді көрген Мұхаң:

– Ә, келіңдер, мынау өзі күтпеген жай болды-ау, – деді.

Мәселе былай болған. Қапе­лімде байқамапты. Мұхаңның атып жатқаны – осы маңайдағы бір орыстың асыранды үйректері екен. Мұхаң қатты қорқып қалған ба­ланың қайта-қайта көңілін аулап, «Алматыға келсең бұдан да көп ақша беремін» деп, қалған үйректерін де атуға көндіріпті. Содан біз үйректерді қуып әкелеміз де, қаша жөнелеміз. Мұхаң тарсылдатып атады. Содан үйректерді жинап алып, қайтып келе жатырмыз ғой. Мұхаң:

– Әй, ешкімге айтпаңдар, ауызбас­тырық беремін. «Күнфая-кун» (тісің­нен шығарма) дейді арабша сөйлеп. Бір кезде Қанекең Мұхаңды одан сайын күдіктендіріп:

– Мұха, үйректер семіздеу екен, аналар біліп қоймай ма? – дейді.

– Ой, пәлі, оның семіздігіне мен кінәлі ме екенмін? – дейді Мұхаң.

Сонымен, аңшылар түскі үзіліске жинала бастады. Алдымен Ғабең келді. Екі үйрек атқан екен. Ахаңда, Хамидиде түк жоқ. Денсаулық ­ми­нистрі Қарынбаев деген кісі бір үйрек атыпты. Бір кезде шала бүлініп Елағаң келді. Үндемейді, итін аяғы­мен теуіп-теуіп қояды. Сонда Ғабең:

– Әй, Елубай, ең мықтымыз сен бе деп едім, жобасы көрінбей тұр ғой. Бес қаруың сай еді. Аңшының иті алға қарай көш ілгері озып кетуші еді, сенің күшігің арт жақта жүреді ғой өзі, – деп Елағаңды қажап қояды. Елағаң не айтарын білмей, бұрқ-сарқ етіп:

– Бәріне кінәлі мына екеуі ғой, қайдағы бір батпаққа тығып, – деп бізге тиісіп, қамыс жинауға кіріседі. Ғабең онымен қоймай:

– Әй, Қанабек, Мұхаңды үйрегі көп жерге жіберген сен бе? – дейді.

Сонымен, әрқайсысының әкел­ген­­дерін бөліске салып, қызық бір хикая басталды.

Мұхаңның атқан үйректері әңгіме өзегіне айналады. Ондайда мақтан сүйгіш Мұхаң:

– Ой, пәлі, сол да сөз бе екен? – деп бізге қарап қояды. Қанекең қызуланып кеп сөйлеп бара жатқанда Мұхаң күдік­теніп жай ғана «күнфая-кун» дейді.

Содан бері бірнеше жыл өтті. «Күн­фая-кунді» ұмыта бастадық. Енді, міне, арада қаншама жылдар өткенде ұлы суреткердің Бай­серкедегі даналықты балалық­пен ауыстырған кейпі көз алдыма келіп, іші-бауы­рым елжірейді. Сол бір ғажайып «аң­шылардың» қазір бірі де жоқ. Бұдан кейін де талай мәрте Мұхаңмен аңға шықтық.

Кейде көңіл құлазып, өзімнен-өзім оңаша қалғанда сол бір күндердің қызық сәтін есіме алып, жан дүниемді сағыныш кернейді.

1777 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы