• Мәдениет
  • 02 Желтоқсан, 2021

«Jauhar» ұлттық музыка жобасы таныстырылды

Алматыда ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің «Jauhar» ұлттық музыка жобасын көпшілікке таныстырды. Жоба мақсаты – ұлттық музыканың тұрақты заманауи платформасын қалыптастырып, дәстүрлі ән-күй мектептерін жастар арасында кең тарату. Жоба аясында еліміздің ұлттық музыка мектептерін толығымен қамту жоспарланған.

«Ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағы – дәстүрлі ән-күй мектептерінде жатыр. Осы рухани байлығымызды қазіргі замандық медиа мүмкіндіктеріне икемдеп, заманауи дыбыс және видеотүсірілім ұйымдастырдық, бұл жұмысқа отандық үздік мамандарды тарттық. Бұл сапалы контент жас буынның ұлттық музыкаға деген оң көзқарасын қалыптастырады деп сенеміз», – деді жоба продюсері Тоғжан Құрманжанқызы.

«Jauharдың» алғашқы кезеңінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау көзделді. Осы ретте жобаға Амандық Көмекұлы, Ұзақбай Сахиев, Жеткізген Сейітов, Ахмет ­Байекешов, Арғын Бисенұлы, ­Аманбек Сәуірбаев, Оңдасын Қалқан, Оспан Құлсымақов, Ризабек Серік, Бақдәулет Толыбекұлы секілді 10 жыршы қатысып, Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым, Аралбай т.б. ақын-жыраулардың шығармалары орындалды.

– «Ұлттық музыкамыздың тұрақты платформасын қалыптастыру арқылы біз өз деңгейімізде өнеріміздің түрленуіне, дамуына жол ашпақпыз. Халықтың рухани мұрасы цифрлы әлемде мол қорын жасақтап, өз орнын иеленгенде ғана болашаққа батыл көш түзейді. Сондықтан да жылдарға созылатын бұл жобамыз жыршылық, күйшілік мектептердің жас тыңдарманын арттырып, соны серпін береріне сенімдіміз», – деді ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай.

Айта кетейік, «Jauhar» жобасының алғашқы маусымы 10 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір жыршының шығармашылығын қамтиды, хронометражы 35-40 минут. Жыл аяғына дейін барлық музыкалық стримингтік платформаларда 10 музыкалық альбом жарияланып, тегін тыңдау мүмкіндігі қоса берілмек.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы