• Қоғам
  • 02 Желтоқсан, 2021

ЖУРНАЛИСТЕР – ҚОҒАМНЫҢ ТАМЫРШЫЛАРЫ

Алматыда дәстүрлі медиа құрылтай өтті. Биыл XIII рет ұйымдастырылған құрылтай «Ковид дәуіріндегі медианарық. Қайта қалпына келтіру және сын-қатерлер» тақырыбын қамтыды. Құрылтай жұмысы індет кезінде өмірден өткен қаламгерлерді еске алумен басталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов кіріспе сөз сөйлеп, бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, 1991 жылы елімізде 400 БАҚ болса, бүгінде оның қатары 4700-ге жеткен. Бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы жекеменшік болғанымен, барлығы мемлекет есебінен қаржыландырылады. 
Пандемия басталғалы, әсіресе 2020-2021 жылдары жағдайдың өте қиындап кеткенін, министрлік тарапынан дәстүрлі басылымдардың таралымын сақтап қалу мақсатында субсидия беру және қаржылай қолдау көрсету қолға алынып жатқанын тілге тиек етті.
– «Дәлірек айтсақ, енді мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар мемлекеттік сатып алулар жүйесінен алынады. Бұл норма қазір қабылданды. Қаңтардан бас­тап күшіне енеді. Бұл аймақтық және республикалық ақпарат құралдарының дамуына едәуір серпін береді деп ойлаймыз. Яғни қазіргідей бір өңірдегі БАҚ басқа бір өңірдің тапсырысын орындамайды», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов.
Арнайы жүргізілген сауалнама қоры­тындысы халықтың 2017 жылы бұқаралық ақпарат құралдарына сенімділігі 55 ­пайыз болса, биыл 41 пайызды көрсетіпті. ­Ма­ман­дардың айтуынша, бұл қалыпты жағдай.
Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым: «Әлеуметтік желі дәуірлеп тұрған, дақпырт көп тарайтын заманда дәстүрлі баспасөздің салмағы мен үлесі өсе бастаған сияқты. Менің ойымша, бұл журналис­тер үшін, дәстүрлі баспасөз үшін үлкен мүмкіндік дер едім», – деді. 
Құрылтайдың екінші панельдік отырысы – «Қазақ журналистикасы: түйткілдер мен шешу жолдары» тақырыбында өтті. Журналистикадағы өзекті мәселелер, оны шешу жолдары қарастырылды. 
Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямерген: «Журна­листің әлеуметтік жағдайы толғандырады. Өйткені жалақы, қаламақы аз. Әсіресе аймақтарда 50 мың теңгеге жұмыс істейтін, айлық алатын әріптестеріміз бар. Одан кейін жұмыссыздық басым. Былтырғы індеттен кейін, өкінішке қарай, жұмыссыз қалған журналистер көбейді», – десе, кәсіби шеберлік тақырыбында сөз қозғаған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы: «Біз журналистикаға келген 1997-98 жылдармен салыстырсаңыз, қазіргі журналистикадағы айырмашылық жер мен көктей. Газет сатып алып, алмасып оқитынбыз. Қазір әрқайсысы әлеуметтік желіні пайдаланады. Жастарға қарап отырып, көңілің толмайды, көп мәселеде олқылық барын түсінеміз. Журналистер кітап оқымайды, оны мойындауы­мыз керек, классиканы оқымайды. Селфи өмірге бейімделіп кеттік, журналистің принциптерін шатастырып алдық. 
Кешегі аға буын Шерхан Мұртаза, Камал Смаилов, Оралхан Бөкей қайтып келмейді. Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек сынды редакторлар аз. Біздің де жасымыз қырықтан асып, орта буыннан аға буынға өтіп келеміз. Бірақ бүгінгі буын бізді қажет етпейді», – дей келе, білімнің таяздығына, ізденістің жоқтығына, қатеден қорытынды шығармайтынымызға қынжылыс білдіріп, кәсіби журналистиканың түп-тамыры білімге келіп тірелетінін айтты.
Тәуелсіз журналист Дина ­Елгезек: «Журналистік зерттеу, саяси және экономикалық сараптама секілді журналистиканың ең мықты жанрларын өлтіріп алдық» деді. Д.Елгезек «БАҚ туралы» Заңда және «Еңбек туралы» кодексінде журналистердің мәртебесі туралы арнайы бап жоқ» деген мәселе төңірегінде ой қозғап, «журналист –қоғамның тамыршылары», сондықтан тарих, әдебиет, мәдениет төңірегінде ғана емес, экология, саясат, қаржы тақырыбында да жаза білуі қажет екенін меңзеді.
Құрылтай ашық пікірталас алаңына айналды. Офлайн және онлайн қаты­сушылар көкейіндегі сауалын қойып, мәселелер жан-жақты талқы­ланды. БАҚ-тағы сауатсыздық, кәсіби шеберлікті арттыру үшін шет тілін меңгеру, жаңа технологияны қолдана алмау, журналистік этиканы сақтамау секілді өзекті мәсе­лелермен қатар, редакторлық болмысты қалыптастыру, идея кені болуға тырысу, көп оқу, тақырып таңдай білу, журналистиканы әлеуметтік желімен шатас­тырмау және тағы басқа жайттарды ескеру қажеттігі айтылды. Салалық журналистиканы дамыту, монетизация, яғни БАҚ-тың өзін-өзі қаржыландыруы, жарнама тарту, оқырман сұранысына қарай демеушілермен жұмыс мәселесі де қалыс қалмады.

Бағдагүл Балаубаева

«Ana tili»

707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы