• Білім және ғылым
  • 02 Желтоқсан, 2021

ҚАНДАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ БЕС ҰСЫНЫС

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова шетелдегі қандастарымызға арналған жаңа білім беру концепциясын қарастыруды және қандастарымыздың елімізге оралып, тегін білім алуына қатысты ұсыныстары нақтыланған депутаттық сауал жолдады. Депутат өз сауалында 1994 жылы қандастарға Қазақстанда тегін білім алуға арналған мемлекеттік квота екі пайызды құрағанын, 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен мемлекеттік квота екі пайыздан төрт пайызға дейін ұлғайғанын атап өтті. Дегенмен бүгінгі таңда оқуға түсуге ниет білдірген азаматтардың саны көп болуына қарамастан студент атанып, квота аясында грантқа түсетіндер жыл сайын азайып жатыр. Осыған орай, депутат Жұлдыз Сүлейменова бес ұсыныс жасады.

– «Біріншіден, этникалық қандастары­мыз үшін халықаралық емтихандармен сәйкестендіре алатын Ұлттық бірыңғай тесттің баламалы түрін енгізуді қарастыру қажет. Сонымен қатар дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынамыз.

Екіншіден, этникалық қандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магис­тратура мен докторантураға жеке квота бөлуді қарастыруды ұсынамыз.

Үшіншіден, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық гранттар аясында этникалық қандастарды ­барынша тарту бағдарламасын қарастыру қажет.

Төртіншіден, шетелдегі этникалық қандастар арасынан педагогтер мен ғылыми қайраткерлер қауымдастығын құруды ұсынамыз. Сонымен қатар Абай институты қазақ тілін оқытуға бағытталған интернет портал жұмысын күшейтуді ұсынамыз. Онлайн форматта қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, балалар әдебиеті бойынша шетелдегі қазақ қауымының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, әмбебап кітаптарды әзірлеуді ұсынамыз. Kazakh.tv телеарнасында қазақ тілін оқытудың телевизиялық бағдарламасын іске қосу қажет деп білеміз. Шетелдік жоғары оқу орындарында қазақ тілі бөлімі бар факультеттерге мейлінше қаржылық, гуманитарлық және әдістемелік қолдау танытуды ұсынамыз.

Бесіншіден, Білім және ғылым министрлігі қазақ мектептері сақталған Өзбекстанда 370 мектепке және Моңғолия 43 мектепке әдістемелік және ғылыми қолдау қажеттігін атап өтеміз. Бұл мектептердегі мұғалімдерге біліктілікті арттыру жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алу өзекті. Сонымен қатар Ресей аумағында қазақ тілін оқыту мүмкіндіктерін қарастыруға байланысты білім беру ұйымдарымен жұмысты күйшейтуді ұсынамыз, – деді депутат.

Осыған байланысты Моңғолияның белгілі дипломаты, Төтенше және өкілетті елші болған, 2004–2008 Ұлы құрылтай мүшесі ( Моңғолия парламентінің депутаты), Баян-Өлгей аймағындағы Заид орта мектебінің негізін қалаушысы Сайран Қадырға бірнеше сұрақ қойдық. Оның айтуынша, депутаттың жоғарыдағы ұсынысы көңілге қонымды. Әсіресе Ұлттық бірыңғай тесттің баламалы түрін енгізу аса қажет.

«Басқа елден келген қандастар туралы жақсы білмеймін, Моңғолиядан келген қазақ балалары туралы болғанда оларға тіл дайындығы онша керек емес. Керісінше, басқа шет тілдерден дайындық болғаны абзал. Ал Моңғолияның ішкі жағынан, Ұлан-Батырдан, соның төңірегіндегі елді мекендерден келген балаларға, әрине, қазақ тілінің дайындығы қажет.

Ал Моңғолияның Баян-Өлгей қазақ аймағында қазақ тілі жақсы оқытылады. Бірақ соңғы кезде оқытылу сағаты азайып барады. Соны қосу қажет. Қазақстанға келіп білім алу жолында Моңғолияның қазақтары үшін өте көп қиындық жоқ. Жыл сайын арнаулы квота бөлініп тұрғандықтан сонда барып Білім министрлігі мен жергілікті басқару органы, жоғары оқу орындарына барып студенттер қабылдайтындықтан ондай ерекше қиындық жоқ.

Моңғолиядағы мектептерде әдіс­темелік және ғылыми қолдау аса қажет. Мұның сыртында көптеген кітап, құрал, аудио материалдармен қолдау қажет. Сондағы қазақ тілі мұғалімдерінің білімін Қазақстанға әкеліп жетілдіру аса қажет. Әсіресе сол Моң­ғолияда университет бітірген, педаго­гикалық университетті бітірген кейбіреулер қазақ тілі саласында жұмыс істеп жүрген, бастауыш мектеп мұғалімдері бар, соларға мамандығын жеткізу, қазақ тілінде үйрету әдістемелерін жақсылап үйрену аса қажет», – деді Баян-Өлгей аймағындағы Заид орта мектебінің негізін қалаушы Сайран Қадыр.

Оның айтуынша, шетелдегі этника­лық қандастар арасында педагогтер қауымдастығын құру екіұшты мәселе. Өйткені мұндай ұйымдар көптеп құрыла береді де, көбінесе, соңынан іске жарамай қалады. «Егер қандай да бір қауымдастық немесе ұйым құрылатын болса, атқаратын міндеттері, істейтін жұмыстары өте пәрменді болуы қажет. Әрине, бюрократиялық кедергілерді алып тастайтын болса, мұндай ұйымдар шетелдегі қандастарымыздың елде білім алуға келуіне ықпал жасайтыны сөзсіз», – дейді С.Қадыр.

Ал Қазақстанда жоғары білім алған Нұрсәуле Солтан бүгінгі таңда Моңғолияда тұрады. Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика мамандығында оқыған бойжеткен ата-анасы, туған-туысының өтінішімен қайтадан кері қайтқан. Нұрсәуленің айтуынша, Қазақстанда жоғары білім алғанымен, елде қалып жұмыс істеу мүмкіндігі қиындау.

«Моңғолияда қазақ тілі өте жақсы оқытылады. Мұндағы қазақтар Баян-Өлгей қаласында тұрады. Мұнда қазақтарға барлық жағдай жасалған. Баян-Өлгей қаласының 85 пайызын қазақтар мекендейді. Барлығы қазақ мектеп, тек қана бір ғана моңғол мектеп бар. Ал қазақ тілінің оқытылуына келсек, 1-сыныпты бітіргенше толығымен қазақша оқиды. 2-сыныптан бастап монғол тілі қосымша сабақ ретінде кіре бастайды. Қазақстанда оқу біз үшін қиын емес, керісінше, жақсы. Қазақстаннан оқу бітіріп келіп жұмыс істеп жатқан жастарымыз баршылық. Бірақ елде қалып, жұмыс істеу мүмкіндігі қиындау. Алдымен, ол үшін Қазақстан азаматтығын алу керек, ал құжат жасау біз үшін қиын», – дейді Нұрсәуле Солтан.

Оның айтуынша, Моңғолияда жұмыс істеу үшін Қазақстанда халықаралық қатынастар, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінің мұғалімі мамандық­тарын оқыған тиімді. Сонымен қатар Халықаралық университетте оқыған студенттердің дипломы толығымен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ал Өзбекстандағы қазақ мектептерінде де қазақ тілі өте жақсы оқытылады. Атап айтқанда, бұл елде 370 мектеп қазақша. Өзбекстандық қазақ Исамил Жақыптың айтуынша, мұның себебі шекаралас елдің көп аймағы бұрын Қазақстан жері болғандықтан.

«Осынша мектеп қазақша оқытады» деп ауыз толтырып айтқанға жақсы, әрине. Дегенмен бұл мектептер қазақтың бұрынғы өз жерінде тұрған мектептер, елді мекендер. Тәуелсіздік алғаннан кейін шекара бөлісте Өзбекстан шекарасының арғы бетінде қалып қойған. Негізі мәселе осында. Бізде қазақтың тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де сақталған. Ал өзбекстандық қазақтардың Қазақстанға барып білім алуы өте маңызды. Шекаралас Жетісай, Сарыағаш колледждеріне көп жастарымыз оқиды. Сонымен қатар облыс орталығы Түркістан қаласындағы Халықаралық университетке де сұраныс көп. Қазіргі уақытта өзбекстандық қазақтар ғана емес, жергілікті ұлт та Қазақстанға барып білім алғанды құп көреді», – дейді Исамил Жақып.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы тарихи шешімге биыл 30 жыл толып отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлы көш датасын енгізуді тапсырған болатын. ­Депутат Жұлдыз Сүлейменова жоға­рыдағы депутаттық сауалында қазақ­стандық білім беру бағдарламасы мен 11 жыл оқыған талапкер де, Қазақстанда ешқашан тұрмаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен қандастарымыз тең дәрежеде білім тестін тапсыратынын, сондықтан шетелдегі қандастарымыздың оқуы азайғанын атап өтті. Мысалы, 2019 жылы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға құжат тапсырғандардың саны 2000 адамды құраса, оның 863-і ғана оқуға түскен. Ал биылға 2021 жылғы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға құжат тапсырғандардың саны 2478 адамды құраса, оның небәрі 796-ы ғана оқуға түсіпті. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары осы орайда шетелдегі қандастарымызға арналған жаңа білім беру концепциясын қарастыруды және қандастарымыздың елге оралып, тегін білім алуына қатысты арнайы ұсыныстарын жасады.

3076 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы