• Әдебиет
  • 02 Желтоқсан, 2021

КӨК КҮМБЕЗДЕР – КӨСЕМДЕРДІҢ МЕНШІГІ...

Ержан АЛАШТУҒАН

 

ҚҰМСАҒАТ

 

Елемейміз берсе де өмір мың сабақ...

Елім епсіз, жүрсе – қате, тұрса – ағат,

«Сендерге көп болады», – деп, –

«мұнша бақ»,

Санға салғырт, саясатқа тым салақ

Қазақты кім басынбады құл санап?!

Айран, майым жат күбіде шайқалды,

Арыстағы жұртқа жетіп құр шалап.

Барыстарым, намыстарың байқалды,

Арыстарым шүршіттерді шын сабап!

Қарақытай қарымтасын қайтарды,

Қызымызды ғұмырлыққа тұмшалап.

Ұлттық ождан оянғанша күн санап,

Құлар ма екен құмсағат?!

Сынар ма екен құмсағат?!

 

Құмарыңды айырбастатып тұмарға,

Алла бізді әлі талай сынарда...

Қыраннан бақ ауған шақта жыланға,

Шыңғырармыз жан алқымнан шығарда,

Жан тәтті ғой, жүгінерміз Құранға,

Жүгірерміз қала өртенсе желкілдеп,

Жә, болмаса, кезекті ұшақ құларда!

Жебір билік, бізге берген сертің көп...

Сен, сенімді айырбастадың күмәнға!

Енді елімді айта алам ба еркін деп,

Қайта алам ба қасиетті Тұранға?!

Ұлттық ұят ұйқысынан тұрар ма?!

Құмсағатым құлар ма?!

Құмсағатым сынар ма?!

 

***

Аңда, Алаш, аш көзіңді, қай ғасыр?

Антұрғандар асыруда айласын,

Басынуда ойлағандар пайдасын,

Тасынуға, жабырқатар жай басым...

Мына күнің жарлыға – мұң, байға – сын!

Құм құюмен тындырмасақ құлқынды,

Сындырармыз тағдырыңның айнасын!

Шығар төрге салт-дәстүрің, ғұрпыңды,

Өрендерім өз тілінде сайрасын!

Жасаған Хақ, жарылқай гөр ұлтымды,

Туыстарым тура жолдан таймасын,

Ту ұстарын арлы ұлынан сайласын!

Ұлттық намыс алдаспанын қайрасын,

Құмсағатым, қайдасың?!

 

Теңселдім! Күйдім!

 

Тағдырым мені тұғырдан сан ықтырғанда,

Таларын – талап,

аларын – алып тынғанда,

Талапай жасап, өзімді ғаріп қылғанда,

Тарланын қамап, аярды қарық қылғанда,

Тұлымдыларды мұқатып,

шалып тұрғанда,

Текті ұлдарына Даланы зарықтырғанда,

Түбінде бізді белгілеп анық құрбанға,

тарықтырғанда...

 

Еңсемді жидым!

Едірең қуып, ерумен еліргендерге,

Есіріп жүріп, тамұқтың төрін көргенде,

Есем де кетіп, айрылып керім белден де,

Естіден айнып, ескіден жерінген жерде...

Елге –Иман Алла, ерлерге

Сенім бергенде,

Ернеуі тасып, тереңдеп көңіл көлден де,

Еңкілдеп жылап, жаңа бір Өмір келгенде,

егілгем мен де...

 

ҮМІТ

 

Таң өлі.., тірі түн,

Үмбетей – үмітім

жырлады!

Бауыздап күмәнді,

шынжырлап шыдамды

құндағы

Рухымның! Рауаным,

Мен бір күн ауамын

дәуірден!

Мың Сезім... Бір Сана...

Ақиқат, мұншама

ауыр ма ең?!

Тәуекел таңдағы,

сейілсін

Ар дағы...

Қылқынғыр!

Тіксінбей тоятқа,

Ожданды оят та,

сілкіндір!

Артпасам Арға жүк,

табылар жанға азық,

күн көрер...

Тазартар қан қалса,

Иманым бар болса,

бір келер!

 

СӘУЛЕ – ҒҰМЫР

 

Тәңірдің нәсіп еткен Дәурені бұл –

Әумесер, әбігерлі, әурелі құр...

Сел – Дүние селт етпеді бар-жоғыма,

Себелеп өте шықты Сәуле – Ғұмыр!

 

* * *

Ей, құр арша, құр арша,

Сенің түрпің, гүл алса,

Менің күлкім мұң алса,

Сен өсер ең шынарша,

Мен өшер ем мұнарша!

Аң-тандыққа малшыға

Дүн-дүние сыналса...

Алаңғасар қаршыға,

Биік ұшса қыранша.

Таңғы арайдың жарығын,

Алабұртқан түн алса,

Тағдырласым – кәрі мұң,

Аза болса, бұларша...

Алыс-жақын Тәңірім

Келтірер бір әмірін,

Алып әлем шын ауса! ...

«Қазаншының еркі бар –

Қайдан құлақ шығарса!»

 

БИІКТІК

 

«Шыңға шық – өлгің келсе егер,

Шыңға шық – өлгің келмесе!»

Жұматай

 

Тұмарым тұнған тұмада

өскіндеп тұрған өлең ем.

Сағынып жүрмін, Жұма-аға,

жабығып жүрмін неге мен?!

 

Алдаспан едім қайралған,

арыным семсе, не шара?

Бақыттан басы айналған

бозжігіт болсам, кеш, аға!

 

Толғантып ойлар тым майда,

айырылдым ерен екпіннен.

Өзің ұсынған шың қайда?

Сол шыңды... Шындық деп білгем!

 

Отымды қалай сөндірем?

Ожданым қайда ел күткен?

Даладан туған кеңдік ем,

опық жеп жүрмін кеңдіктен!

 

Жаныма жетпей мерей бір,

шаршатты кісікиіктік...

«Жымия күліп», жебей жүр,

О, таудан туған... Биіктік!

 

АНАШЫМ

 

Алаш – Алаш болғалы,

Алаша таққа қонғалы,

Дархан дарын біткендер

Ұлы Далада туады!

Кежір, қарын біткендер

күндеу мен жалаға туады...

Ұлан байғазы деп,

Құнанбай қажы боп,

Мырза Дала деп,

Ұлжан ана боп,

Абайды,

түнекке біткен жаңа айды

туа алған қазақ,

Қабағын қайық қылып,

жанарын Жайық қылып,

жүрегін жаспен суарған қазақ!

Елім – Абайым,

сенің арайың

Алашты мұңнан айықтырып,

Көңілін Күнге лайықты ғып,

соңыңнан мұрагер ерді...

Жабылар шаңға шомылып,

Мұхтардай Құлагер ерді!

Өзіңнің жолыңды жазды,

Әйгілеп Әйгерім әнін,

естідік тобылғы сазды...

Есіл Ер екі туар ма?!

Естілер жолын қуарда

 

***

Ескіден қозғаса деп ем,

Ерен Ар-Рухқа суарған

жадылар тозбаса деп ем,

кіл құлдың

сіңірі қалып,

езгіге еті өлгенде,

Күмбір Күн

Құтлық – құрығын алып,

Ақзер Аспанға көтергенде,

Дүлдүлдің дүбірі қалып,

мәстектер озбаса деп ем...

Асылды аңсадық,

аптапта арыдық,

Сарыарқа саңлағын сағынып,

Алатау шөлдеді зарығып.

Адамзат бағына туған

Алыптың өлмесін таныдық!

Арда Елім,

асылсың,

асығың шашылсын,

Атадан өренің Ар ұғып,

Аллаға кемелің табынып,

алдыңнан еренің табылып,

Анаға тағзым ғып, бас ұрсын..,

Алты Арыс Алашым –

Қартамыс Анашым!

ДҰҒА

 

Желісін үзіп құлынның арда,

Желжүйрік – жүрек сүрінді қарға;

Жығылдым орға, жүгіндім арға,

Жан нұры – жаңбыр құлыңмын, Алла!

 

Жалғыз жауыздай алаптағы иен,

Жабықта жанам, қамақта күйем.

Жаһанда – жүйең, жәннатта – киең,

Жасыта көрме, Жаратқан Ием!

 

Мен туған күн!

Елең етші, қыр, қала!

Екі мүшел, есемді бер еншілі!

Көлгірсімей көңіліме бір қара,

Көк күмбездер – көсемдердің меншігі...

 

Мекен мынау – қала да емес,

қыр да емес,

Тау етегі тараншылар там салған.

Өзім де сол – адам да емес, жын да емес,

Туынды едім шықпай жүрген аңсардан.

 

Шамшырақтар мекеніне қонды ма?

Ай қуанса... Аян айтып, Нұр күліп;

Екі мүшел ессіз ғұмыр орнына

Жаратса-шы ең әдемі жыр қылып!

 

Құрбым, сен де түнгі аспанға көп қара,

Тағдырыңды айтар ма екен Құс жолы?!

Алдымызда алаулайды от қана,

Өңімде де өзгеріс жоқ... түс толы...

 

Бұл күн маған сыйлық болмас нарқы мәз,

Сен де, достым, сый еттім деп санаспа.

Төлегенге сырлас болған Алты қаз,

Ақын туды дегейсіңдер Алашқа!

 

ТҮН

 

Жаныммен жатырқаймын,

таңғы азап – ғасыр-өлім!

Жоқ сенен ақыры қайырым,

түнге мен ғашық едім...

 

Бар түнде мейірім бір,

өстер ме ем, иланбасам?!

Күндізге кейідім кіл,

ал, түнде...

диюмен дидарласам.

 

Перімін өш өлімге,

құтырған қаламым ба?

«Түн... Түн...», – деп, төсегімде

ышқынам таң алдында.

 

Малынды жырға басым,

түн тәнін жұтындырып.

Сайлапты түн баласын

үкілер үкім қылып.

 

Күн шығып, мың шайқалдым,

жарықтан арықтадым,

түнімен жын-шайтанның

тасыдым табыттарын!

Айналды ЖАН ұшуға,

КҮН – ӨҢЕШ... қылғытады.

Тозақпен табысуға

тосамын түнді тағы!

 

ДОС

 

Сынар сауал: «Өртенемін осы мен...

күлге айналам кім үшін?!»

Дүн-дүниеден дидары өңге досым ең,

Тынышым!

 

Сен – найзағай, жанды ораған жалынға,

от тілінен өткірім!

Шуағыңнан өмір тарап тамырға,

өтті күн!

 

Сенсіз – реңсіз күн де, түн де... білемін,

бұлттан бұлдыр, өрем бос...

Ғүмырлығым, қыңырлығым, жүрегім –

Өлең-Дос!

 

***

«... Сен жатырсың ата көңілін қия алмай,

Мен де жүрмін Алматыда ұялмай!»

ескі өлеңнен

 

Ғұмырдың көріп сан қиылысын,

Дерт боп дендеді-ау жан күйігі шын.

Базар кезуге бармын мен бүгін

Сен үшін, ботам, әлдиім үшін!

Пана боп еді Алматы кімге?!

Қарқылдасақ па қарға тілінде?!

Сағымдай көшер сан соқтырғанымен,

«Садақа-а-латқан» салдақы күн де!

 

Бәрі де көшер, бозарма, гүлім,

Ғұмырдан менің озар қадірім!

Қазар ем мұңның тозаң қабірін,

Сәтсіздік атты қожам бар бүгін...

 

Жанымның қайғы – сағым құрдасы,

Боққа бұйырған бағын бұлдасын.

Жаңсақ дүние, жаңылдырмашы,

Жаратқан, жатқа жалындырмашы!

...Біз бе едік, әлде, Тәңірдің қасы?!

 

Түлен боп түртсін тірлігім түгел,

Сен ғана, ботам, сағындырмашы...

 

***

«Феникс – птица счастья, но, права

на это счастье – птичьи».

Евгений Ханкин

 

«Ты должен сжечь себя в своём пламени.

Как иначе хотел бы ты обновиться,

не обратившись снова в пепел?!»

Фридрих Ницше

 

Білмеймін, бақтың бағасы

осындай ма еді?!

Бұл ой бермейді-ау

тіліме тыным:

Бір құс бар дейді

тірілетұғын...

Қайта алар ма екен

тосылмай кері,

Қиса егер досындай көгі?!

 

Ол қасқалдақтың қанындай

дара ақын-ды,

Рух еркіндігін

ұшқанда-ақ ұстар!

Біз түгілі, оған

құстар да құштар...

Қайтсем екен қайғырған

қара түнді,

Қайырылған қанатымды?!

Жан шуағыңа жаңғырған

бөленді ме ай?!

Құс Жолынан жұлдыз

жұлып көрерсің...

Күн туса-ақ, кері

күліп келерсің,

Жетімсіремесінші

Өлең бұлай,

Не дейсіз..,

ШЕБЕР ҚҰДАЙ?!

 

2133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы