• Тіл
  • 02 Желтоқсан, 2021

ТІЛ БІЛІМІНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

Қазақ тіл білімінде тіл арқылы адам санасында құрылым­далған танымдық қорды және тіл арқылы бойға сіңген рухани құндылықтар жүйесін, ұлттық мінез-құлық пен бітім-болмысты зерттеуге бет бұрған қазіргі тіл білімінің адамтанымдық (антропоөзектік) бағыты қалыптасуда.

Осы тектес танымдық та кешенді зерттеу үрдісін қалыптастыруға негіз болатын тіл құдіретінің сипатына сай тілдің мазмұндық-деректік әлеуеті. Бұл өз кезегінде тілдің коммуникативтік қызметіне қоса мұрагерлік (кумулятивтік) қасиетіне сай әлеуметтік деңгейін де кеңейтіп, ұлттық мазмұнына тереңдей түсуге мүмкіндік береді. Себебі тіл – сол тілді тұтынушы, иесі ретіндегі этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының асыл қазынасы, өз бойында ұлт тарихын, төл даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Мұндай жүйені зерттеуде дәстүрлі құрылымдық лингвистиканың мүмкіншілігі шектеулі екендігі байқалды. Осыған орай тілдің күрделі таңба жүйесін тілді тұтынушыларға тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы және қайта құрушы құрал ретінде дәйектеп, дәлелдеудің негізін қалаған көрнекті тілші-ғалымдар Ә.Қайдардың, Р.Сыздықтың, Ш.Сарыбаевтың, Т.Жанұзақтың, Е.Жанпейісовтің, Ә.Жүнісбектің, Н.Уәлидің еңбектері Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі қазақ тіл білімі даму бағытының бүгінін ғана көрсетпей, болашағын да белгіледі.

Осымен байланысты дәстүрлі мәдениет көріністеріндегі тілдің рухани қызмет құралы құндылық көзі ретіндегі халық ауыз әдебиеті нұсқалары мен жыраулар тілі қолданысындағы, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздердегі, фразеологиялық жүйедегі, терминологиялық өрістегі, көркем мәтіндегі, прецеденттік үлгілердегі ұлттұтастырушылық, ұлттанымдық ақпараттың мәнін ұлт пен тіл, ұлт пен мәдениет, тіл мен қоғам т.б. сабақтастығына сүйенген жаңа ғылыми лингвистикалық парадигма қарастырылуда. Бұл бағыттың тұтастық, интеграциялық сипаты тілді ұлтпен біртұтас жүйе ретінде айқын­дап, этнолексиканың, көне атаулардың уәждемесін, мәдени құндылыққа ие болу мәнін тілдік таңба арқылы тану адамта­нымдық бағыттағы зерттеудің өзегіне айналды.

Соның нәтижесінде «сөз заттың, құбылыстың тура таңбасы, дүниенің тікелей бейнесі емес, адамның иә белгілі бір ұлттың, ұжымның дүниені тануы мен күнделікті тұрмыс пен еңбек тәжірибесі барысындағы архетиптік тілдік санасында, тілдік шығармашылық үдеріс нәтижесінде туған бейнесі» деген тұжырым қағида іспетті. Осыған сәйкес «ұлт пен тіл біртұтас» деген ұстанымға негізделіп, тіл арқылы ұлт болмысын танытуды көздеген академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үштомдық («Адам», «Қоғам», «Табиғат») этнолингвистикалық сөздігі (2009, 2013 жж.) академик Р.Сыздықтың бірнеше қайтара басылған «Сөздер сөйлейді» атты «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (онтомдық) сандық жағынан ғана емес, мемлекеттік мәртебедегі қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің кеңейіп, жаңғыруына сай толықтырылып шығарған он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (2006–2011 жж.), «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» (2005 ж.), Т.Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» (2006 ж.), Е.Жайпейісовтің «Қазақ ескіліктері» (2018 ж.) т.б. сүбелі еңбектер мен ғылыми жобалар А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына «рухани жаңғыру» бағдарына сәйкес атқарылған жалпықоғамдық маңызды, қоғамдық-талап пен ұлттық мүддеге сай игі істер деп бағалауға толық негіз бар. Соған орай дәстүрлі тіл білімінде қалыптасқан лексикология т.б. салалармен сабақтас этнолингвистика, лингвомәдениеттану, әлеуметтік лингвистика, психолинвистика, мәтін лингвистикасы, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа салалар қалыптасып, бір арнада тоғысуда.

Қазіргі тіл білімінің жаңа зерттеу парадигмасының антропоөзектік басты ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және коммуникативтік қызметін терең ашып, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге негізделіп отыр. Нақты айтқанда, қазіргі антропоөзектік зерттеулерде бұрынғы лингвистикалық зерттеулердің бағытын кеңейтіп, тереңдетіп отырып, ұлттық сананың ерекшеліктерінің тілдегі көрінісі бейнеленеді. Демек, бұрынғы зерттеулерде тіл құрылымы мен жүйесіне, оның коммуникативтік қызметіне ерекше мән берілсе, қазіргі кезде адамның іс-әрекетін, болмысын тіл арқылы түсіндіруге назар аударылады. Тілдің бүгінгі таңдағы қызметінің қоғамдық-әлеуметтік, прагматикалық сипаты мәтін лингвистикасы (газет тілі, көркем мәтін т.б. тілі) дискурс, «тілдік тұлға» теориясы, «ғаламның тілдік бейнесі» сияқты ғылыми-әдістанымдық теориялар арқылы ғылыми негізі анықталады. Р.Сыздық, Н.Уәли еңбектерінде уақыт пен кеңістік, тіл мен қоғам контексіне сай креативтік қолданыстағы тілдік деректердің мәдени-танымдық коннотациясында (көбінесе БАҚ-та) «тасаланған» мән-мағыналардың архетиптік мазмұны ашылып, ұлттық біртұтасымдылық анықталады (тұсаукесер, билік, құрықтау т.б).

Мысалы, тіл білімі нысанына «тілдік тұлға» санатының енгізілуі жалпы «тұлға» ұғымын жаңа мазмұнмен толықтырып, тілді зерттеудің құрылымдық-функционалдық аспектісі аясынан шығып, адамның (шығармашылық тұлғаның) санасы, ойы мен рухани қызметін ашуға ұласатын антропологиялық сипатын күшейтуде.

Осы «тілдік тұлға» ұғымымен қатар қолданылып жүрген «ұлттық тұлға» ұлт тілі мен ұлт мәдениетінің ақпаратын сатылы деңгейде толық меңгерген тілдік-мәдени құзірет иесі ретінде анықталады. Соның негізінде М.Дулатұлының, М.Жұмабаевтың, Т.Ізтілеуовтің, ­Махамбет пен Абайдың және Ғ.Мүсіреповтің т.б. тілдік тұлғасы қазіргі таңдағы жаңа деңгейдегі зерттеу өзегіне айналды.

Сонымен, өзі атын иеленіп отырған ұлт көсемі А.Байтұрсын­ұлының «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұм­сайтын қаруының бірі» деген логотиптік анық­тамасын қағида қып ұстанған Тіл білімі институтының негізгі мақсаты – қазіргі геосаяси, экономикалық, мәдениаралық, тіларалық байланыстар кеңейтілген жаһандану заманындағы тілдік жағдаят жағ­дайында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыстық, өміршеңдік, ұлтты бірегейлендіру мен ұлттұтастырушы қыз­ме­тін жан-жақты дәйектеп, дәлелдейтін кең арналы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Осымен байланысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қазақ тіл білімі дамуының ерекше тың даму үрдістерінің өріс алып, жаңа қарқын мен жаңа сипат алуына ықпал ететін мынадай факторларды атап көрсетеді:

1) ҚР мемлекеттік құрушы ұлтының тілі ретінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы (саяси фактор);

2) мемлекеттік мәртебесіне сай қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңды түрде бекітілуі (құқықтық фактор);

3) қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі және қолдану мәдениеті сапасының артуы (әлеуметтік лингвистикалық фактор);

4) қазақ тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалар саны мен сапасының өсуі (демографиялық фактор);

5) қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтаушы тілдік санасының жаңғыруы (тарихи-рухани фактор).

Жамал Манкеева,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымының

докторы, профессор

1495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы