• Тіл
  • 02 Желтоқсан, 2021

ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНІҢ ТҮБІ БІР

Әлем тілдері о баста бірнеше тілден шыққан ба, әлде бір ғана тілден шыққан ба деген сұрақ адамзат баласын бағзы заманнан бері толғандырып келеді. Тілші ғалымдардың басым көпшілігі «Жер бетінде қазіргі заманда өмір сүріп тұрған барлық тілдер бірнеше диалектіден пайда болған» (Ф.Энгельс) деген пікірді ұстанады және оны қолдайды. Әрі мұны көңілге қонымды, ақылға сыйымды деп есептейді.
Тілші ғалымдардың енді бір шағын тобы, атап айтқанда, ­нострат теориясын жақтаушылар, аты әлемге әйгілі академик Н.Я.Марр сияқты жекелеген зерттеушілер «Жер бетіндегі бүкіл тілдер бір ғана негіз тілден шығуы мүмкін» деген идеяны алға тартады. Алайда соңғылардың ғылыми дәлелдері, келтірген тілдік фактілері мен материал­дары жеткіліксіз дәрежеде болғандықтан, тіпті кейбір тұжырымдары қисынсыздыққа ұшырағандықтан, ғылыми жұртшылық жаппай қолдай қоймады. Солай бола тұрса да, бірінші пікірге қарағанда, екінші пікірдің шындыққа әлдеқайда жақын екендігін кейінгі зерттеулер айқын да анық көрсетіп отыр. 

1. Тіл-тілде фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік бірліктермен дәрежелес, алайда біздің заманымызға дейін беймәлім болып, құпия сақталған алтыншы тілдік бірлік архесиллаб (түбіртек) бар екендігі анықталды. Қандай дыбыстық комбинацияда тұрсын, архесиллаб бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздың табиғи тіркесуінен тұрады да, я лексикалық, я грамматикалық мағына береді. Қазіргі тілдерде түбіртектердің басым бөлігі бір сыңарын жоғалтып, жартыкештеніп, жалғыз ғана дауыссыздан тұратындықтан, басқаша айтқанда, толық формасын сақтамағандықтан, олар іс жүзінде арнайы зерттеушілерден басқа ешкімнің назарына түспейді. Бүкіл түбір атаулының түп негізі, тегі болып есептелетіндіктен, жаңадан табылған тілдік бірлікке қазақ тілінде түбіртек деген атау берілді. Барлық тілші ғалымдарға түсінікті болу үшін архесиллаб халықаралық термині ұсынылды. Сөйтіп, нәтижесінде одан әрі бөліп-бөлшектеуге келмейді деген түбірлер құрамындағы дауыссыздардың санына сәйкес бөліп-бөлшектеуге келетін болды. Мұны тіл ғылымы саласында ашылған бірегей жаңалық ретінде тануға болады.

2. Дауыстылардың да, дауыссыздардың да шыққан тегі (неотип), арғы тегі (архетип), түпкі тегі (прототип) анықталды. Математикада-арифметикада көбейту кестесін білу қаншалықты қажет болса, тарихтың өн бойында тілдердің даму эволюциясын білу үшін, әр дыбыстың шыққан тегін, арғы тегін, түпкі тегін білу соншалықты қажет.

3. Тілдік дамудың тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерінде жіңішке дауыс­тылар мен ұяң дауыссыздардың мүлде болмағандығы толық анықталды.

4. Адамзат баласының жабайы дәуір­лерінде қолданылған сөздер, басқаша айтқанда, алғашқы базалық лексиканың сарқыншақтары бүкіл дүниежүзі тілдерінде ұшырасады.

5. Тіл-тілдегі түбіртектерді зерттеу ­барысында соны да жаңа әдістер өмірге келді. Оның біреуі түбіртектерге айырып-ажыратып талдау әдісі деп аталса, екіншісі математика-логикалық әдіс деп аталды. Бұл әдістер тілдердің тектестігін ашатын дәстүрлі әдістермен қатар пайдаланылады. Жаңа әдістер мен тәсілдерді ашуға осы жолдардың авторы жарты ғасырға жуық өмірін арнады.

Ілгері замандағы түбіртектердің лекси­калық немесе грамматикалық мағынасын негізінен дауыссыз дыбыстар сақтап қалған. Ал дауыстылар болса, тарихи даму ба­рысында мың сан өзгеріп кете береді. Сөз­дерді түбіртектерге ажыратқанда дауыс­сыздарға арқа сүйеу осыдан келіп шығады.

Сөз мағынасының ақиқат дүниемен байланысатын ең кіші мәнді бөлшегі тіл білімінде сема деп аталады. Тіл-тілдегі белгілі бір семаны бір ғана дыбыс та жеткізе алады. Мысалы, қазақ тіліндегі жақ (от жандыру), жан (оттың тұтануы), жалын (жанған оттың лапылы) сөздерін орыс тіліндегі жара (шыжыған ыстық), жарить (қуыру), жарко (ыстық), жгучий (күйдіретін), ожог (күйген жер), пожар (өрт), сжечь (өртеп жіберу) сөздерімен салыстырсақ, от түбіртегінің семасын ж дауыссызы сақтап қалғанын аңғару қиын емес. Қазақ тіліндегі талпақ~жалпақ сияқты сөздерде кездесетін т~ж сәйкестігі жүйесі бөлек тілдер арасында да бола береді. Сабақтастық т~ж сәйкестігі арқылы қазірге дейін жетіп отыр. От түбіртегі парсы тілінде ат>аташ (от), орыс тілінде ад (тозақ, жанып тұрған от). Бұл сөз де бір замандарда түркі тілдері мен үндіеуропа тілдеріне ортақ болған.

Сондай-ақ ең көне дыбыстардың бірі Р соноры орыс тіліндегі және қазақ тіліндегі ондаған, тіпті жүздеген сөздерді формалық жағынан ғана емес, мағыналық жағынан да ортақтастыра алады. Мысалы, первый – бірінші, четыре – төрт, сорок – қырық, серый – сұр, вор – ұры, середина – орта, сердце – жүрек, брызгать – бүрку, прыгать – қарғу, поворот – бұрылыс, грязь – кір, черный – қара, рис – күріш, красный – қырмызы, тағысын тағылар. Енді бір алуан сөздердің екі дауыссызы және мағынасы ортақ болып келеді. Мысалы, орыс тіліндегі облако деген сөзбен қазақ тіліндегі бұлт деген сөздің екі дауыссызы (б және л) ортақ болса, араб тіліндегі «зұлымдық» мағынасындағы зулмат сөзінің екі дауыссызы орыс тілінің осы ұғымдас зло лексемасындағы з, л дыбыстарымен бірдей.

Жекелеген дыбыстардың сәйкестігі өз алдына, тіл-тілде бір дауысты мен бір дауыссыздан тұратын тұтас түбіртектер де пішіні мен ұғымы, лексикалық мағынасы жағынан ортақтасып, ол тілдердің бір негіз тілден, бір ғана тілден шыққандығын айғақтап тұрады. Мысалға, қазақ тілінде қарт (жасы ұлғайған, қартайған адам) деген сөз бар. Түбіртекке бөлсек қ+ар+т. Осы сөздің ар түбіртегі орыс тіліндегі ст+ар+ик сөзінің құрамында кездеседі және аталған екі сөздің мағынасын жуықтастырып тұрған да осы ар түбіртегі. Қарт сөзінің құрамындағы ар түбіртегі, дауысты дыбысынан айырылған жартыкеш т дауыссызы фонетикалық өзгерістерге ұшыраған күйде неміс, ағылшын тілдерінде де кездеседі: немісте – ал +т, ағылшында ол+д. Ағылшын тіліне қарағанда неміс тілі қазақ тіліне бір табан жақындау: екеуінде а мен т дыбыстары бірдей, р соноры л сонорына өзгеріп, р~л сәйкестігін түзеді. Сонда ал +т < ар +т < қ+ар+т. Ағылшын, неміс туыстас тілдер, о~а, д~т сәйкестіктері негізінде олд та ар + т түрінде қалпына келеді. Қысқасы, талданған түбіртектер өзара тең: ар=ал=ол. Демек, қарт атауы, кем дегенде үндіеуропа тілдері мен түркі тілдеріне ортақ.

Сондай-ақ туысқандық атаулар да әлем тілдерінде ұшырасады. «Әке» деген мағынада ұғынылатын папа атауы қазіргі Еуропа және Ресей тілдерінде қолданыста. Көрнекті ғалым Э.В.Севортянның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» (Этимологический словарь тюрских языков) атты еңбегінде аталған атаудың тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде әрі әке, әрі шеше мағынасын бергендігін атап көрсетеді. Бұл атау түркі тілдерінде бірінші дауыссызын жоғалтып, апа түрінде жұмсалғанда да, ер адамдар үшін де, әйел адамдар үшін де бірдей қолданылған. Мағыналары жынысына қарай жіктелмеген. Ұзақ уақыт өте келе, бертінде «Ежелгі түркі сөздігінде» (Древнетюрский словарь) бұл туысқандық атаудың мағыналық өзгеріске түскендігі, яғни ер адамдарға қатысты айтылмайтындығы анық көрсетілген. Бұл сөздікте 1) «баланың туған анасы», 2) «бірге туған қыздардың үлкені» деген мағыналар берілген. Қазіргі қазақ тілінде де осы мағынада түсініледі. «Папа» атауындағы алғашқы п дауыссызының түсіріліп айтылуы түркі тілдеріндегі екпінге байланысты болса керек, тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде екпін «папа» сөзінің бірінші буынына түссе, түркі тілдерінде екінші буынға түсетін болған. Екпіннің алға жылжуы алғашқы п дыбысының түсіріліп айтылуына әкеліп соққан. Тарихи тұрғыдан алғанда түркі тілдерінде алғашқы дауыссыз дыбысы элизияға ұшырап, қалыптасқан сөздер көп: тоғул>оғул>ул, тоғуш (туыс)>оғуш, қадым>адым, хайуан>айуан, дабдырау>абдырау, бол>ол, жұбан>уан т.б. Мұндай заңдылық жалғыз түркі тілдеріне ғана емес, барлық тілдерге тән.

Папа атауы ұяңданғанда баба формасын беретіндігі екінің біріне түсінікті болса керек. Бұл өзгеріс бір тілдерде ер жынысына қатысты семаны әлсіретіп, ол семаның бірте-бірте ұмытылуына әкелген. Мысалы, орыс тілінде «әйел» мағынасын ғана беретін баба, бабушка формалары бар. Енді бір тілдерде, керісінше, әйел жынысына қатысты сема әлсіреп, ұмытылған. Мысалы, иран тілдерінде еркек жынысына қатысты баба атауы қалыптасқан. Бұл сөз «әкенің әкесі», «шешенің әкесі» сияқты мағыналарда қазақ тіліне ауысып, әдеби тілімізге әбден сіңіскені бәрімізге аян.

Папа атауынан пайда болған апа формасының ұяң варианты – аба, жіңіше варианты – ебе. Соңғы формалар Э.В.Севортянның көрсетуінше, тұңғыс-манчжур тілдерінде «ана», «әпке» лексикалық мағыналарын береді. Түркіше өң алған апа формасының аппа варианты да бар. Бұл бүкіл түркілік құбылыс емес, белгілі бір аймақта балқар тілінде, түрік, татар диалектілерінде ғана кездеседі. Белгілі бір дыбыстың тіл-тілде әлдебір себептермен қосарланып айтылуы заңдылық. Мысалы, белгілі машайық, ислам дінінің ірі тұлғасы Қожа Ахмед Йасауиді сөйлеу тілінде Йассауи деп те айта береді. «Мә, саған» деген тіркестің «мәс саған» түрінде айтылғанын талай естігенбіз. Апа атауы бір замандарда көне түркілік екеч (кішкентай, кіші) сөзімен тіркесіп, апа екеч (кіші апа) түрінде жұмсалған. Соңғы ч дыбысы элизияға ұшырағанда апеке формасына түскен. Әпекені қытай қазақтары тілінде кездестіреміз. Қазіргі тіліміздегі әпке атауы осыдан келіп шығады.

Еуропа, Ресей тілдерінде папа атауын­дағы әйел жынысына қатысты семаның ығыстырылуы ол тілдерде кейінірек нана (ана) атауының пайда болуына байланысты болса керек. Бұл сөз орыс тілінде «ананың міндетін атқаратын тәрбиеші» – няня түрінде қалыптасқан. Тарихи даму барысында өте ертеректе н сонорынан м соноры пайда болған. Мысалы, көне түркі тілінде унутмақ (забывать) – қазақ тілінде ұмытпақ; көне түркі тілінде тонуз – түрік тілінде домуз; көне түркі тілінде көңләк – түрік тілінде гөмләк; татар диалектілерінде ағын – қазақ тілінде ағым; қазақ тілінде менің – татар тілінде миним, тағысын тағылар. «Ұсыну» мағынасындағы мә түбіртегі (қазақ тілінде) орыс тілінде на түбіртегімен үйлес. Осы сияқты фактілер нана атауынан мама (ана) атауының туындағанын айғақтайды. Орыс тіліндегі «ана» мағынасын беретін мать атауының алғашқы екі дыбысы мама сөзімен үндес. Яғни бұл сөз де – туынды. Рабғузидің XIV ғасырда көне түркі тілінде жазылған «Қиссас-ул анбийа» атты еңбегінде «Адам алайһи с-саламның мама Хауамен ­дауласып, кейін табысқаны» деп аталатын тарау бар. Бұл мама сөзі үндіеуропа тілдерінде ғана емес, түркі тілдерінде де кездесетіндігін дәлелдейді.

Қазақ «әйелдің баланы қоректендіретін, сүт шығатын мүшесін – емшекті» мама деп атайды. Бұл сөз «мә, мә» деп мамасын ұсынған ананы көзге елестетеді. «На, на» деп емшек берген славяндық аналар да осыған ұқсайды. «Папа» атауының апа түрінде қалыптасқаны сияқты, нана ­атауы да түркі тілдерінде алғашқы дыбысын жоғалтып, ана (туған шеше) формасында қалыптасқан. Варианттары – ана, ама, еме, ене, ине барлық түркі тілдерінде кездеседі. Тұнғыс-манчжур тілінде ене, моңғол тілінде еме формасында ұшырасады. Қысқасы, тарихи даму барысында фоно-морфо-семантикалық жағынан алшақтаған *нана-мама-ама-еме-ана-анна-енне-ене-ине формалары қанша өзеріске түскенімен, өзара сабақтастығын, әлем тілдеріне ортақ лексема екендігін сақтап қалған.

Әлем тілдерінде кездесетін ұғымдар­дың енді бірі – ағаш (бұтақты, жапырақты, діңді, биік өсетін көпжылдық өсімдіктердің жалпы атауы) ұғымы. Түпкі тілдің базалық лексикасына жататын зат есім. Жалпы есім болып табылатын тіліміздегі жаңа тұлға «ағаш» ежелгі дәуірлерде терек деп аталған. Мұны бүкіл тілшілер қауымы бірауыздан растайды. Қазір аталған атаудың мағынасы тарылып, ағаштың бір түрінің ғана тұлғасы ре­тінде қалыптасқан: терек бұтағы ­жайылмай, тік болып өсетін үйеңкі тұқымдас ағаш.

Ежелгі дәуірдің сарқыншағы болған­дықтан терек атауы әлденеше фоно-морфо-семантикалық өзгерістерге ұшырап, жүйесі мүлдем бөлек тілдерде кездесе береді. Алдымен дыбыстардың шыққан тегіне сүйеніп, бұрынғы қалпына келтіріп көрейік. е – жаңа дыбыс, шыққан тегі – а. Математиканың белгісізді белгілімен ауыстыру заңына орай, «теректі» тарақ түрінде реконструкциялаймыз. Бірақ бұл осы сөзбен омонимдес қазіргі тілімізде «шашты, жүнді т.б. жазып тарайтын құрал» – «тарақ» емес. Сірә, ата-бабаларымыздың ағаштардың тарам-тарам болып өсуіне байланысын қойған атауы болса керек. Енді өзге тілдерде бұл атау қандай формада екен деген сұрақ т­уындайды.

Парсы (иран) тілінде – дарахт (ағаш). Түркі тілдеріндегі «терек» атауының жуан вариан­ты реконструкцияланған «тарақ» лексе­масындағы т қатаңының д-ға ұяң­дануы, қ-х сәйкестігі, соңғы т дауыс­сы­зы­ның артық элемент ретінде ұшырасуы ғана бұл екі сөзді ерекшелеп тұр. Яғни иран тілдері тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуір­лер­дегі жуан вариантты сақтап қалған. Тіл-тілдегі қатаңдардың ұяңдануы – кейінгі құбылыс.

Аталған атау орыс тілінде – дерево (ағаш). Бұл сөз түркі тілдеріндегі жіңішке «терек» тұлғасымен орайлас. т қатаңы ұяңданған. Соңғы к қатаңының орнында «во» буыны тұр. Әр ерекшелікті әр тілдің өз мамандары түсіндіре алады. Өзге тілдің мамандары айырмашылықтарды ғана атай алады. Осы себепті «во» буынының қалай пайда болғандығын анықтауды орыс тіл мамандарының еншісіне қалдырамыз. Дрова отын. Д, р, в дауыссыздары «дерево» сөзінен пайда болған туынды сөз екендігін білдіріп тұр. Телега ағаштан жасалған арба. Түркі тілдеріндегі «терек» атауымен ыңғайлас. р-л, к-г сәйкестіктері ғана бір-бірінен айырады. Бұл дыбыстардың өзара ауыса беретіндігі бүкіл тілшілерге белгілі.

Ежелгі түркі тіліндеі терек атауы ағыл­шын тілінде три (ағаш) түрінде кездеседі екен. Айтылуы бойынша келтіріп отырмыз. Жазылуы өзгешелеу. Бұл тұлғада да түркі тілдеріндегідей т, р дауыссыздары ұшы­ра­сады. Мағынасында өзгешелік жоқ. Келтірілен фактілер, айналып келгенде, бір замандарда аталған тілдердің туыс­тас екендігін, бір түпкі тектен шыққан­дығын, қанша мыңдаған жылдар өтсе де, сабақтастығын жоймағандығын көрсетеді.

Өз-өзінен сұрақ туындайды: әлем тілдерінің бір-бірімен туысқан екендігі, тілдердің тарихи даму барысында олардың арасында өзара сабақтастық сақталғандығы неге дәлелденбей келді?

Біріншіден, фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік бірліктермен дәрежелес құпия сақталған алтыншы тілдік бірлік – түбіртек (архесиллаб) соңғы ширек ғасырда ғана белгілі болды. Сөздердің түп төркінін ашуда бұл тілдік бірліктің мән-маңызы ұшан-теңіз екендігі анықталды. Бұл – бір жағынан этимологиялық зерттеулер болашақта жаңа бағыт алады деген сөз. Екіншіден, сөз этимологиясын ашу мақсатындағы барлық ғылыми зерттеулер тіл-тілдегі түбір морфемаларды, қосымша морфемаларды, жекелеген сөздерді салыстыру арқылы ғана жүргізілді. Мұның өзі тиісті нәтижеге жеткізе алмады. Кез келген сөзді фонемаға, түбіртекке бөліп талдау ғана үмітті ақтайды. Үшіншіден, тілтану біліміндегі (лингвистикадағы) этимологиялық зерттеулерде қолданылатын дәстүрлі әдістер мен тәсілдер әлсіздік көрсете бастады. Соны да жаңа әдістер мен тәсілдерді іздестіріп табу талабы алға қойылды. Осы себептердің барлығы этимология ғылымының ілгері дамуына үлкен кедергі келтірді.

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

2763 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы