• Қоғам
  • 02 Желтоқсан, 2021

АЛМАТЫДА АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

Алматы қаласында X Азаматтық форум өз жұмысын қорытындылады. Форум қатысушыларына Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және форумның 10 жылдық мерейтойына орай құттықтау хат жолдады. Аталған форумда Мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, оның тиімді жолдарын ұсынды.

 

Сонымен қатар осы салада кадр дайындау мәселесіне де назар аударылды. Яғни жергілікті қоғамдастық менеджерлерін, қалалық модерация әдістерін оқытуды күшейту қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев тілге тиек етті.

«Еліміз бастан кешірген қиын кезде үкіметтік емес ұйымдар белсен­ділік көрсете білді. Қаншама қайырымдылық шаралары жасалды. Халқымыз өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарай алмайтынын байқатты. Волонтерлар саны еселеп өсті. Қазір волонтерлік қызмет пен қайы­рымдылық туралы заң жобасы Парламент қарауында жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар форумда ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықаралық ынтымақтастық, экология мен инклюзия мәселелері де қаралды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, мұндай маңызды форумдар жалғаса бермек.

«Форум өңірлік емес ұйымдардың маңызын аша білді. Кәсіби үкіметтік емес ұйымдар тек ірі қалаларда ғана емес барлық өңірде, соның ішінде шалғай аудандарда белсенді екенін көрсетті. Ең бастысы, Елбасы барынша қолдап келе жатқан бұл игілікnі үрдіс келешекте де өз жалғасын ­табады», – деді Аида Балаева.

Форум аясында үкіметтік емес ұйымдар арасында жарияланған «Таңдау» сыйлығының жеңімпаз­дары марапатталды. Бұл марапат форум тарихында алғаш рет табысталды. Оған 10 жылдан бері үкіметтік емес ұйымның жұмысын жүргізіп келе жатқандар қатысты. Ең үздіктері жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, қазір мемлекет тарапынан 2500 үкіметтік емес ұйым әлеуметтік тапсырыс пен қолдауға ие болып отыр. Жалпы елімізде 23 мыңға жуық ұйым бар. Олар шама-шарқыларына қарай билік пен қоғам арасында диалог құрып, көптеген түйіткілді мәселені шешуге атсалысып жүр.

Ақбота ҚУАТОВА

1259 рет

көрсетілді

9

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы