• Мәдениет
  • 09 Желтоқсан, 2021

ҚОҢЫР ҮНДІ ЫҚЫЛАС ҚОБЫЗЫ

Мамандығым қобызшы-ұстаз болғандықтан, шәкірт тәрбиелеп, өнерге тікелей қатысымды білдірту мақсатында Ықылас Дүкенұлының қобызын тартып көру, аспаппен танысып, тарихи жәдігерге қол жеткізу мен үшін өзекті мәселе болғаны анық. Шығу тарихы қандай, аспаптың орындаушылық деңгейі кімнің арқасында шыңдалды деген сауалдар мазалады. Көне заманнан емдеуге, бақсылыққа, болашақты жоруға жараған қара қобыз Қорқыт есімімен тығыз байланыста дамығаны көпшілікке мәлім.

Қобыз аспабының бірегейлігі, басқа қазақ (кең түркі) аспаптарынан айырмашылығы, ол бүгінгі күнге дейін эволюцияға ұшырамағанында. Ал Ықыластың еңбегі – қобызды бақсылық бағыттан зайырлы сипатқа көшіргенінде, қобыз аспабының техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп, репертуарын күйлермен толықтырып дамытуын­да, яғни реформаторлық рөлінде. Қарапайым сарынды, ескінің нышаны, кешегінің қалдығы ретінде ғана емес, виртуоздылықты талап ететін, музыкалық деңгейдің жоғарғы көрсеткішті 10-12 күйін музыкалық мұра қылып қалдыруы – Ықылас атамыздың қосқан зор үлесі. Өткен күннің жәдігері болып қалған қара қобызы қайда сақталған екен деген сұраққа жауап іздеу үшін Ықылас атындағы Алматы қаласындағы мұражайдан іздеуді бастадым. Өкінішке қарай, музыкалық аспаптардың түрлері көп болғанымен, нақты Ықылас қобызы жоқ болып шықты. Ал сұрастыра келе, барлық іздер Тараз қаласындағы облыстық өлкетану мұражайына алып келді. Әріптестерімді бірге ертіп, жолға шықтық. ­Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында музыкалық аспаптар қорының 25 данасы ғана сақталған екен. Оның 13 данасы музей экспозициясында жәдігерлердің ішіндегі құндысы әрі бірегейі ұлы сазгер, қобызшы Ықылас Дүкенұлының қобызы және атақты емші Т.Рысқұлов ауданынан Балбике апаның ем жасағанда қолданған қобызы, сондай-ақ тараздық тұрғындардың мұражай қорына сыйлаған аспаптары домбыра, сазсырнай, шаңқобыз, баян, мандолина сынды аспаптары. Іздегеніміз алдымыздан шығып, Ықыластың қара қобызын осы экспозиция залынан тапқанымда қуаныш сезіміне бөлендім.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ілияс Рысбекұлы, бас қор сақтаушы Айша Ибадуллақызы барлық рұқсат қағаздарына сәйкес бізге көрмедегі Ықылас мұрасын ашуға көмек беретін нысандарды көрсетіп, таныстыруды бастады. Мұражай материалдарынан Ықылас қобызын зерделеп, құжаттармен танысып, мәліметтер алуға жақсы мүмкіндік туындады. Фото, бейнежазбалар арқылы түсіріп, орындаушы ретінде аспаптың мүмкіндігін байқауға үңілдік.

Ықылас Дүкенұлы тек дәулескер күйші, композитор, қобызшы ғана емес, қобыз аспабының шебері де болған. Мұражайдағы аспапты да өз қолымен жасап, дайындағаны қағаз жүзінде деректермен дәлелденген. Ықылас бұл қобызын 25 жасында жасаған деп топшылауға болады. Аспапты мұражайға 2008 жылы тапсырған, келіні Алтын Ақынбаеваның арқасында бүгінгі күнге дейін жеткен екен. Атасының қобызын төрде ғана ұстап, ешкімнің қолын тигізбей, Ықыластың жәдігері ретінде сақталуын да қадағалаған.

Шағын ғана қара қобыз, арша ағашынан шабылған, алайда тұтас ағаштан ғана тұрады деу қиынға соғады. Өлшемі мен көлемі жағынан да үлкен емес. Әрине, ғасырдан аса тарихы бар аспап, біраз тозығы жетіп, тесіліп, мүжілген, орнынан қозғалып кеткен жерлері де аз емес. Қобыз мойнының түзу кесінді арқылы кесіліп, темір құрсаумен бекітілуі, алынбалы-салынбалы аспап болды деген болжамға саяды. Бағзы заманда қолға ыңғайлы болу үшін мұндай аспаптар жиі кездескен екен. Бұл жөніндегі ақпарат зерттеуші ғалым Болат Сарыбаевтың еңбектерінде бар. Құлағын келтіріп, күй тартып көрдім. Орындаушы ретінде, ұстаз есебінде бұл қобызбен танысу маңызды еді. Дыбыстың ауқымы аздау болып шықты. Бірақ оған бірнеше фактордың да әсері бар шығар. Біріншіден, аспап тозып, қылы азайған және шанағындағы ағаштар да орнынан қозғалып, құлақтарының бірқалыпта тұруы да қиындық туғызды. Көп қолға алынбай тұрған аспап та, уақыт өте келе дыбыс ауқымын азайтатыны рас. Жалпы бұл қобыздың дыбысы өте жұмсақ, қоңыр, нәзік үнге бай, сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше әсерге бөледі. Ықылас аспабының тылсым күшін де байқауға мүмкіндік алдық, кешегі мен бүгіннің көпірі іспетті дүниемен танысу – көңілге медеу сыйлады.

Өз еліңнің ұлттық дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне құрметпен қарау кез келген тәрбиенің негізі. Осындай мүмкіндік беріп, тарих бедерлерін ақтаруға септігін тигізген Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұжымына алғыс айтамыз.

Жазира ДҮЙСЕНБАЕВА,

Құрманғазы атындағы ҚҰК

Қобыз және баян кафедрасының оқытушысы,

ДМӨ 2-курс магистранты

1292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы