• Тарих
  • 09 Желтоқсан, 2021

Қош, өмір мен ғылымдағы досым!

Қырғыздың тауынан құлай ағып, қазақтың жазығына шығып, құмға жетіп сіңуге ұмтылған Талас өзенінің жағасында ақадал сауыншы еңбегімен колхоздың берекесін еселеп жүрген Тыным ананың отбасында жарық дүниеге келіп, мектеп бітіріп, қуғын-сүргіннен өткен ҚазПИ-дің сөзі қисық-қыңыр тарихшы шалдарынан дәріс, тәлім-тәрбие алып, белін бекем буып ғалымдықты нан тауып жейтін кәсіпке емес, кісілік келбетке балап, сол арқылы елінің назарына іліккен Тәкем, Талас Омарбекұлы өмірден озды. Маған бұл орны толмас жоғалтуды сезіну өте ауыр. Өйткені тағдыр бізге қазақтың қайғылы тарихының есігін бірге қағып, оның сүрлеусіз орманын бірге аралауды жазған екен. Барлық мәселеде пікіріміз бір арнадан шығып, үйлесіп кете қоймаса да, негізгі істе біз бір болдық. Қатар жүріп, қос күрең (Хасен аға Оралтай) аталып, халық тарихын өзге тіл, өзге ұғым, түсінікте емес, ана тілімізде және қазақы ұғым-түсінікте өзінің табиғи арнасына қайтаруға күш салдық.

Талас Омарбекұлының өткен ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы қазақ ауылы мен оның халқының мұңлы тарихын, қазақ ру-тайпаларының халық жадында сақталып келген көпғасырлық қатпарлы шежіресіне үңіліп, ден қоюы, оны халықтың өзіне түсінікті, сондықтан да оған жақын тарихын қолына ұстатуға деген ынта-жігерінің нақты көрінісі еді. Біреулер «Иә, солай еді!» деп келісер, ал енді баз біреулер «Е-е, ол тарих неге халықаралық тілде жазылмады» деп керігер, қалай болғанда да бір ақиқаттың басы ашық, ол Талас Омарбекұлының өзінің ел-жұртына түсінікті болғаны!

Иманың серік, жоғын іздеген еліңде оқырманың көп болсын, Талас бауырым!

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ

2703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы