• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2021

Жақсылығын аямайтын жан еді...

Мұрат (ортада отырған) және Бегайдар жұбайларымен бірге

Қазақ журналистикасының тарихына есімі алтын әріптермен жазылған қаламгерлер арасында Мұрат Күлімбетовтің есімі де лайықты орнын алып тұрғаны сөзсіз. Бүкіл өмірін қызығы мен қиындығы мол журналистік қызметке арнаған Мәкең өз мамандығына жанкештілікпен адал, шын берілген жан еді. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің соңғы курсында оқып жүріп жастардың республикалық «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа қабылданған сәттен бастап кеше ғана өмірден өткен 74 жасына дейін қаламы қолынан түскен жоқ.

Біраз уақыт «Лениншіл жаста» шыңдалған соң туған елге барып, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің жауапты хатшысы, 1979 жылдан бастап жиырма жылдай қазіргі «Ақиқат» журналының қызметкері, жауапты хатшысы, «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары, өзі негізін қалаған «Жазира» журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақ журналистикасының дамуына, өркендеуіне зор үлесін қосты. Мәкеңнің тағы бір тамаша қыры – ақындығы еді. Газет-журналдың қат-қабат тіршілігінен сәл қолы босай қалғанда тамаша лирикалық өлеңдерін мөлдірете жазатын еді. Ал оның бойындағы адамгершілік, азаматтық, жанашырлық пен досқа деген адалдығы мен парасатты пейілін айтып тауыса алмассың...

...Қысқа ғана өмірде жақсы көретін адамың дүниеден өткенде, кең дүние тарылғандай болады екен. Мәкеңнің мәңгілікке аттануы өзекті өртеген өкініш болды. Тағдыр солай. Қатал тағдырға қайран жоқ.

Күлімбетовтер шаңырағы тамырын тереңге жайған өнегелі, қадір-қасиеті жоғары әулет. Атамыз қазақ ата-бабаның қанымен дарыған асыл қасиеті бар әулетті текті әулет дейді. Ертеректе өткен Бекасыл би: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бұл тәмсілді нақтылай түседі. Негізі мұрат – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. «Сіздің адам бойындағы ерекше бағалайтын қасиетіңіз қайсы?» – деп сұрағанда, К.Маркстің қызы ­Лаура: «Мұраттылық», – деп жауап берген. Ал атақты Базар жырау болса: «Жаратқан өзі жар болса, Тәңірі берген жігіттің өтеді күні мұратпен» деп термелейді. Біздің Мәкеңнің әкесі де, анасы да педагогтер болды. Жоғары білімді, ой-өрісі кең жандар еді. Ұлына Мұрат есімін жайдан-жай қоймаған болар. Жерді атына қарап, адамды затына қарап тануға болады деген осы.

Біз рухани туыстықтан жақын болып сыйластық. «Мақтансаң – досыңмен мақтан» деген. Достың екі түрі болады. Адал дос, амал дос. Абай: «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» дейді. Мәкең жол көрсететін, жөн көрсететін серкеміз еді. Мәкеңнің жүрегіндей сезімтал, бауырмал жүрек өте сирек. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, көңілі таңғы шықтай мөлдір, жақсылығын жан-жағынан аямайтын жан еді. Мәкең жан дүниесі бай, адами қасиеті биік, көргені мол азамат ретінде замандастарының есінде қалды. Өмірге деген құштарлығын жылы жымиысымен, нұрлы жанарымен сездіретін. Өзім дегенге өкпесін суырып беруге, достары үшін қоң етін кесіп беруге әзір, адал жан еді. Халық арасында адамгершілік қасиеті жоғары, ақкөңіл, жаны жарқын адам туралы «Ол әулие ғой» деп айтылады. Мәкең өз кезеңінің нағыз әулие адамы. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп ұлы Абай айтқан адамның үш қасиеті Мәкеңнің бойында бар еді.

Жиренше шешен: «Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны. Дүниеде не өлмейді: жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген екен. Мұрат Күлімбетов бірнеше өлеңдер мен прозалық шығарманың авторы. Оның қаламынан шыққан «Бастау» атты өлеңдер жинағы, «Сабыр туралы сыр» деректі повесі, «Ғибратты ғұмыр», «Ел ағасы Елекең», «Аңызға айналған адам», «Елеусіздің ерен қызы», «Жердегі із» естелік кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағасын алды. Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспанбетованың өмірінен сыр шертетін «Жүрегімнің жолдамасы», елге белгілі елеулі азамат Әкімтай Елекеев туралы «Аңызды аймақтың адамдары» кітаптары да жұртшылық жүрегіне жол тапты.

Майлықожа ақын:

«Тау басында жел жүрер,

Жол үстінде ел жүрер.

Мына жатқан қара жер,

Кезегімен жеп жүрер.

Әкесі кетсе орнына,

Баласы нәубет кеп жүрер.

Орнында бар оңалар,

«Құдайға шүкір!» деп жүрер» деген екен.

Мұрат пен Баянның ұл-қыздары қандай! Әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан, үлгілі шаңырақ иелері. «Орнында бар оңалар» ­деген осы емес пе? Құдай қосқан қосағы Баян ­замандасымыз Мәкеңнің орнын жоқтатпай, түтінін өшірмей ұл-қыздары мен  немерелерін мәпелеп отыр.

Мәкеңмен сыйлас, сырлас дос болдық. ­Бойымызда достық жарасымдылық, бауыр­ластық сезім қалыптасты. Көңіліміз бір-бірімізден ешқашан суып көрген емес. Қайран дос, өмірден өткеніңмен көңілден кетпейсің...

Бегайдар ЖҮСІПҰЛЫ,

жан досы

АЛМАТЫ

835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы