• Тұлға
  • 09 Желтоқсан, 2021

«ҒАСЫР ЖОБАСЫНА» ҚАТЫСҚАН ҚАЙРАТКЕР

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген қай­раткер тұлға Қалық Абдуллаұлы Абдул­лаевтың өмірден өткеніне де жыл толды. 

Ол Ташкенттегі Ортаазиялық поли­техни­калық институтының энергетика факультетін бітірді. Жоғары оқу орнынан соң, Шымкенттегі ең ірі «Южказэнерго» мекемесінде инженер-энергетик болып жұмысқа орналасты. 1969 жылы Қазақстан энергожүйесі бір басқармаға біріктіріліп, бір орталықтан басқарылды. Бұл жұмыстардың басы-қасында да Қалық Абдуллаев жүрді. Ұзамай, ол Энергетика министрлігінің біріккен диспетчерлік басқармасының бөлім бастығы етіп тағайындалды. Қалық ­Абдуллаев республиканың 9 аймағындағы жылу электр стансалары мен шағын стансаларды түгел аралап, отандық энергетиканың даму бағдарламасын жасады. Жемісті жұмыс істеді. Ұзамай, министрлік тағы да ­Абдуллаевты «Южказэнерго» мекемесіне басшы етіп жіберді. Қалық Абдуллаев Жамбыл, Шымкент, Қызылорда аймағының энергетика саласын дамытты. Жергілікті мамандарды басшы етіп тағайындады. Жамбыл, Шымкент жылу электр стансалары қайта жаңғыртудан өтті.

1982 жыл Қалық Абдуллаевтың қызметтік баспалдағындағы өзгерісті кезеңнің басы болды. Шымкентте сол жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен республикалық жиын өтті. Оған Қалық Абдуллаев та қатысып, энергетикаға қатысты баяндама жасады. Бірнеше күннен кейін ол Алматыға шақырылды. Назарбаев оның кандидатурасын Қазақстан энергетика министрінің бірінші орынбасарлығына ұсынды. Айта кету керек, Қалық Қазақстан энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Мәскеудегі министрлік мамандарымен тез тіл табысты. Энергетика саласындағы республикамыздың материалдық-техникалық базасы жақсарды.

Қалық Абдуллаұлы қай істе болсын абыройлы болды. 1986 жылы ­республика басшылығы Абдуллаевты Қазақ КСР мемлекеттік жос­парлау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады. Сөйте жүріп, ол бәріне үлгерді. Уақыт тапты. Қалық ­Абдуллаев кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, КОКП ОК Қоғамдық ғылымдар Академиясын, сондай-ақ Мәскеу қаласындағы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын тәмамдады. Шын мәнінде, Қалық Абдуллаұлының тәжірибесі егемен Қазақстанның қалыптасу жылдарында ерекше қажет болды. Көп ұзамай ол Премьер-министрдің орынбасары – Қазақ КСР Мемлекеттік экономикалық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл жұмысты да лайықты атқарды.

Кеңес Одағының билік басына Михаил Горбачев келген соң елде қайта құру басталды. КСРО-ның құрамында болған 15 республика саясатын дербес жүргізуге ұмтылды. Мәскеуде Қазақстанның мүддесін көздейтін бір ресми өкілі етіп Нұрсұлтан ­Назарбаев тағы да ­Абдуллаевты тағайындады. Қалық Абдуллаұлы Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы ретінде З.Федотовамен және С.Сартаевпен осы топта бірге жұмыс істеді. Абдуллаев «одақтық шарт бойынша федерацияның құрамына егемен ел болып енуі керек және барлық республика жауапкершілікті тең алуы қажет» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды ұстанымын қолдады. Алайда Одақтық шарт өміршең болмады. 1991 жылдың соңында Кеңес Одағы құлады.

Айта кету керек, Теңіз кенішін игеру тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның ауқымды ірі жобаларының бірі болды. Президент Назарбаевтың табанды талап етуінің арқасында «Шеврон» мұнай корпорациясы мен Қазақстан арасында тікелей келісім жасалды. Қалық Абдуллаев бастаған жұмысшы тобы Теңіз жобасында отандық мүддені қорғады. Сондықтан да болар, америкалықтармен жасалған Теңіз келісімі күні бүгінге дейін «ғасыр жобасы» деп айтылып жүр. ­Абдуллаев бастаған топ мүшелері мұнайдан түсетін табыстың басым бөлігі Қазақстан үлесіне тиесілі болуына барынша күш салды. Сол жылдарда Қазақстанның Сыртқы экономикалық байланыстар министрінің орынбасары болған Болатхан Тайжанның «Теңіз жобасы арқылы Абдуллаев Қазақстанға инвестицияны ең алғаш алып келген азаматтың бірі», – деп айтқаны да бекер емес. Әрине, бұл жобаның басы-қасында Елбасы тұрғанын Қалекең үнемі есінен шығарған емес.

Қалық Абдуллаевты 1997 жылдың желтоқсан айында Президент ­Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі етіп тағайындады. Абдуллаев басшы болып келгенде, өңірдің жағдайы тым ауыр еді. Бюджеттік мекемелер бірнеше ай жалақы алмады. Зейнеткерлердің зейнетақыға қолы жетпеді. Салықтан түсетін түсім мардымсыз болды. Қалық Абдуллаев қалыптасқан күрделі жағдайды түсіне отырып, арнайы штаб құрды. Ұзамай, тұрғындар тұрақты түрде айлығы мен зейнетақысын алды. Аймаққа инвестиция келе бастады.

Қалық Абдуллаев әкім бола жүріп, әлеуметтік жағынан аз қорғалған балаларды өз қамқорлығына алды. «Ақ ниет» деген қор құрды. 16 жетім баланы асырап алып, оларға тұрақты түрде ұдайы көмек беріп отырды.

Абдуллаевтың есімі Алматы ­қала­сындағы «Бүкілодақтық халық шаруа­шылығы көрмесімен» (ВДНХ) де тығыз ­байланысты. 1992 жылдың 17 тамызында Министрлер кабинетінің қаулысымен осы мекеме «Қазақстан іскерлік және ынтымақтастық орталығы» болып қайта құрылды. Осы мекемені Қалық Абдуллаев басқарды. Орталықты «Атакент» деп атады. «Атакенттегі» ғимараттарды заманауи үлгімен қайта салды. Жаңадан павильондар құрды. Қалық Абдуллаевтың еңбегінің арқасында 1993 жылы алғаш рет әлемдік халықаралық бірінші көрме, 1994 жылы «Құрылыс, құрылыс материалдары және жабдықтар» және «Мұнайгаз» көрмесі өтті. Абдуллаев айналасы екі-үш жылдың ішінде «Атакентті» алға бастырды. Елге қомақты инвестиция тартылды. Абдуллаев құрған «Атакент» қазір шын мәнінде әлемдегі жоғары іскерлік орталыққа айналды.

Мен Қалық Абдуллаұлының жанында көп жүрдім. Ол «Атакент» аумағында қаншама ағаш екті, жол салды. Қазір қала тұрғындары «Атакентке» келіп, көрмені де көреді әрі таза ауамен тыныстап, серуендеп жүреді. Мұның барлығы Қалық ағаның келешекті ойлаған көреген ісі дер едім.

Ол экология мәселесіне қатты көңіл бөлді. Қоршаған ортаның жасыл болып тұрғанын жаны қалады. «Болашақта барлығы да экологиялық тұрғыдан сапалы өнім беруге көшеді. Сондықтан біз келешек ұрпаққа табиғи байлықты таза қалпында қалдыруымыз керек», – деп жиі айтатын.

Ол жаңашылдыққа жаны құмар жан еді. Қалекең Сингапурдың экономикалық ғажайыбын жасаған премьер-министр Ли Куан Ю-дің «Сингапур тарихы. 1965–2000 жылдар. Үшінші әлемнен бірінші әлемге» атты кітабын Мәскеуден маған арнайы алдырды.

Тарихқа терең үңілді. Қазақ тарихындағы бірнеше ғасыр бұрын Қарқарада алғашқы жәрмеңкемен байланыстырып, «Атакент» аумағынан «Қарқара» сауда үйін ашты. Ол қазақы кадрлардың өсуіне үнемі назар аударып отырды.

Иә, басқарушылық қызметте абырой биігіне шыққан азаматтың еңбегі қашанда ескеріліп отырды. 2006 жылы Энергетика министрі Қалық ағаға тағы бір қызмет ұсынылды. Бұл – Чокин атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институты еді. Расы керек, құрамында 600-дей ғылыми қызметкері болған институт өте ауыр жағдайда бастан кешті. Ол институтты дағдарыстан шығарудың бағдарламасын жасады. Нәтижесінде, 2008 жылдың басында институтта ондаған ғылыми лабораториялар мен орталықтардың жұмысы қайтадан жанданды. Абдуллаевтың арқасында институт шетелдік орталықтармен жұмысын нығайтты.

Қалық Абдуллаев Шымкент қалалық, Оңтүстік Қазақстан облыстық халық ­депутаттары Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, сондай-ақ ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болды. Президенттің кеңесшісі қызметін атқарды. «Құрмет», ­«Парасат» орденімен, тағы басқа медальдармен марапатталды.

Қызметте жүрсе де, Қалық Абдуллаұлы отбасына, бала тәрбиесіне де көңіл бөлуді ұмытқан жоқ.

– Басты қағидам, алдымен, балаларыма үлгі болуға тырыстым. Ұл-қызыңды білімділік және еңбекқорлықпен, халыққа адал қызмет етуге өзіңнің әрекетің арқылы тәрбиелеуің қажет. Мен оларға әрқашан құс ұшатын биіктен қарадым, – дейтін Қалық Абдуллаев.

Шын мәнінде, Қалық Абдуллаұлы ба­қытты ғұмыр кешті. Ал жан жары Ұлдыгүл апамыз даналығының арқасында көпке үлгі болды. Оның жүрегінен төгілген мейірім шуағы отбасын бақытқа бөледі. Отбасы шуағының сәнін кіргізген жан жары Ұлдыгүл апамыздың туған жеріне Қалық Абдуллаұлы мешіт салып берді. Қалық Абдуллаұлы ұрпағына ұлағатты сөз айтты. Ұл-қыздары Талғат, Серік және Жанна әке өсиетін ұғынып өсті. Қазір үшеуінің де өз кәсібі бар. Тірліктерін дөңгелетіп отыр. Болашақтың тұтқасы немерелер шоғыры өсіп келеді.

Қалық аға Абдуллаұлы қазақ үшін жұмыс істеді. Ұлт үшін сөз айтты. Ендеше, артына өлмейтұғын іс қалдырған қайраткер азаматтың жарқын бейнесі ешқашан да ұмытылмақ емес.

Бақытжан ЖАҚСЫМБЕТОВ,

заң ғылымының кандидаты

1548 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы