• Әдебиет
  • 09 Желтоқсан, 2021

«БӘЙШЕШЕК» – КЕЙІПКЕРДІҢ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ КІТАП

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

«Өміріме деген ынта менде де бар еді. Өйткені мен бала едім... мен ауруыма жеңіл қарадым, оны қабылдадым, жақсы көрдім және күрестім... Сондықтан мен жаратушыма налымаймын деп шештім.

«...Мені жарқыраған күніме жеткізетін бір ғана қару бар еді, ол – сабыр. Он екіге енді ғана толған балада сабыр бола ма?».

«Өмірге деген асқақ махаббаттың шырақшысы бола алсам – бақыттымын!».

«...Сөйтіп, «Аллаға хат» жаздым... Бүктетілген ақ қағаз».

 

«Бәйшешек» Күрес. Сенім, Жеңіс» атты кітап  жас журналист Жәмиля Бахтиярқызының тырнақалды туындысы. Бірақ оқыған адамға жарық дүниенің  қаншалықты мән-маңызының қымбат екенін ұғындыратын кітап. Бұл кітапта өмір сүруге жанталас, құлшыныс, сол жолдағы сенім мен сабыр және иман бар. Бұл –мотивациялық кітап.

Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар жібереді.

Ол қиналды. Бірақ өмірден күдерін үзген жоқ. Кейіпкер Жәмиля  ең алдымен өзіне, Жаратқанға, Жаратушыға  сенді. Ата-анасы қорған болды, қолдау көрсетті. Ағайын-туыстан мейірім көрді. Ол «Аллаға хат» жазды. Жаратушыға деген жылылық  Жәмиляны алға жетеледі. «Әкешім, анашым! Неге мен? Не үшін?». Жансақтау бөлімінде жатқанда осы сауал жанын қинады. Бірақ қайсар қыз қараңғы түнектен жарық дүниені көрді. Жақсылыққа ұмтылды. Айналасындағы адамдарды жақсы көрді. Аурумен арпалысқан он жыл оның өмір сүруге құлшынысын оятты. Күрес пен сенім оны жеңіске жеткізді. Ол сөйтіп жүріп мектепті «Алтын белгіге»,  университетті қызыл дипломға бітірді. Қолына қалам алды. Өйткені арпалыспен өткен өмірді ұмыту, оны жазбау мүмкін емес.

«Бұл кітап – аз ғана жасында бар қиын­дықты асқан сабырмен басынан өткізген жап-жас жанның жүрек лүпілінен келген имани хабар. «Бәйшешек» тағдырмен жазылған кітап. Өмір сапарың әрдайым нұрлана берсін, Жәмиля!». Бұл жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіштің кітапқа жазған  ақжолтай алғы сөзі.

«Сенің ішкі жан дүниеңде арпалысып жатқан бұл айқастарды «Бәйшешек» кітабыңда баяндамасаң,  біз қайдан білер едік. Бәрі де мінезге байланысты. Сенде сол қайсар мінез бар. Ол саған қаныңмен, тегіңмен жеткен қайсарлық. Өмірде басына түскен тұрмыс тауқыметін, қиын кездердің ауыртпалығын мойымай көтерген, әйел бола тұра ер мінез танытқан қайсарлық мінез сенің үлкен әжеңде бар еді». Бұл қазаққа танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жәмиляның атасы Нұрлан Өнербаевтың пайымды пікірі.

«Қызым, Жәмиля, сен жазыласың!». Бұл – сен үшін жанын ала жүгірген әке Бахтиярдың арманы, бұл түн ұйқысын төрт бөлген анаң Ғалияның үміті болды. Әке арманы орындалды, ана үміті  жанды. Арман мен үміт ақыры «Бәйшешек» болып бүр жарды.

«Кітаптың қорытынды сөзінде мына бір ақиқатты айтамын: «Араға он жыл салып, не үшін екенін де, бұл сынаққа неге менің таңдалғаным да белгілі болды. Күрес үшін, Сенім үшін және Жеңіс үшін...!». Бұл кітаптың кейіпкері және авторы Жәмиля Бахтиярқызының жүрекжарды тұжырымы.

«Бәйшешек» қазақ және орыс тілінде бөлек кітап болып жарыққа шықты. Болашақта бұл туынды ағылшын тіліне аударылмақ.

Қарапайым өмірде  дені сау адам баласы күнделікті нәрсеге мән бермей қарайды. Ал жансақтау бөлімінде өмір сүруге жанталасып жатып, кеселмен күрескен адамның арман-мақсаты мүлде басқа болады. Олардың ой-пайымы да бөлек. Олар өмір сүрудің мәнін біледі, түсінеді және айналасындағы адамдарды да бағалай алады. Қазақтың қаршадай қара қызы өршілдігінің арқасында сырқатынан осылай құлан-таза айықты. Кітапта, оның жан толқынысында табандылық,  жастарға жігер беретін асыл қасиет бар. Біз «Бәйшешек» арқылы» Жәмиляны таныдық.

...Бұл кітапты оқу керек!

2199 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы