• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2021

«АҚЫН – ҚОРҒАН, ТІЛІ – АЛМАС»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында танымдық, тағылымдық, әдеби, мәдени, рухани шаралар үздіксіз жалғасуда. Сол игі шаралардың бірі,  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультеті қазақ филологиясы бөлімі  студенттерінің қатысуымен  «Ақын – қорған, тілі – алмас» атты әдеби кездесу кеші өтті. 

Ақын, айтыскер, қоғам қайраткері, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Ергенұлы Халиолла кештің құрметті қонағы болып кеп, өлең туралы, өнер туралы ақын мен студент жастар арасы емен-жарқын сұхбатқа ұласты. Шара барысында ақынның «Еске түссе ертегі», «Әпенділік әрекет», «Бір беткей», «Кей кезде...» өлеңдері оқылып, күмбірлеген күй орындалды. Бауыржан Ха­лиолланың  әні мен сөзіне жазылған «Шерлі шағала» әнін ақынның жас шә­кірт­терінің бірі Әділ Ахметовтің орындауында ыстық ықыласпен қабылдады.

Студент жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кеш барысында студенттер ақынның өлең жинақтарындағы туындыларына көркемдік-поэтикалық кеңістігіне талдау жасады. Ақын өз сөзінде ерте есейткен балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өлең өнерінің биігін бағындырған жетістіктерінің сыры талант пен табандылық, адал еңбек пен жауапкершілік қатар жүргенде ғана биік белестерге шығатынын қарапайым ғана тілмен жеткізіп, студент жастарға мотивация боларлықтай кеш сыйлады. Айтыс өнерінің биігін бағындырып жүрген университетіміздің түлектері, ұстазымыз Жансая Мусина мен Талғат Мықи  да кеш қонақтары қатарынан төбе көрсетіп, қонақ кәделерін өлеңмен тарту етті. Тағылымы мол кездесу кемел ой мен мақсатты келешекке ұмтылған, өлең сүйген, өнерді қадірлейтін  жастар үшін жарқын сәттердің бірі болғаны айқын.

Әдеби кездесу кешін ұйымдас­тырған Рита Бекжанқызы кеш қонағы ақын ағамызға ұстаздар атынан  алғысын білдіріп, «Өлеңнің қорғаны, өнердің қорғаны, айтыс өнерінің жанашыры боп, қорғасын жырларыңыз әдебиетіміздің поэзия қоржынын толтырып, елдің ақыны боп жүре беріңіз», – деген ақ тілегімен әдемі кешті түйіндеді.

Қазына ФАЙЗУЛЛИНА,

М.Өтемісов атындағы

БҚУ-дың 4-курс студенті

966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы