• Әдебиет
  • 09 Желтоқсан, 2021

Жарық дүние мәңгілік деп ойлама

Тезекбай АМАНДЫҚҰЛЫ

***

Өмір сырын мықты болсаң біліп көр,

Өздігінен ұсынбайды ол күліп төр.

Өзім бәрін жасап алам дей көрме –

Тағдыр дейтін патшаңыз бар, жігіттер!

 

Талқан болып армандар мен үміттер,

Көбейеді дүдәмал мен күдіктер.

Ақиқатпен алам десе асуды –

Өтірік атты өлімтік бар, жігіттер!

 

Өмір – бәйге, бақ сынасқан күліктер,

Барлығы да бас жүлдеден үміткер.

Құлагермін деп ойлайсың өзіңді –

Батырашты ұмытпаңдар, жігіттер!

 

Жарқын шақта рахаттана күліп көр,

Қасапшы – уақыт бәрін өзі жіліктер.

Бірақ естен шығармаған дұрыс-ау

Күлкі бар да жылау барын, жігіттер!

 

Болсаң егер өр намысты, білікті ер,

Жасықтықты жігеріңмен тіліп көр!

Жарық дүние мәңгілік деп ойлама –

Күн бар жерде түнек те бар, жігіттер!

 

Өмір солай, ұсынбайды күліп төр,

Сырын оның зердеңменен біліп көр.

Бір-ақ тұтам мынау шолақ ғұмырды

Мәнді етуді ойланайық, жігіттер!

 

***

Шалқыған жалын күндер сағым қуып,

Алардай асқарларды бағындырып.

Арынды арғымақтай асау шақтар,

Кеттің-ау оралмасқа сағындырып...

 

Өрт кезең кеттің ауып бастан оңай,

Арғымақ жылдар артқа тастағаны-ай!

Жалынып жел өшірген өрт секілді

Жүдетіп көңілімді, жасқағаны-ай!

 

Есесін жібермейтін көлденеңге,

Кәусарды оңай табар шөлдегенде.

Шаң қауып қайран басым қала берді

Ілеспей көңіл дейтін көк дөненге.

 

Өмірің басқа арнаға бетін бұрып,

Көңілді өксітті ғой жетім қылық.

Әттең-ай, бұла шағым сездірмепті-ау,

Өтерін опындырып, өкіндіріп!

 

Аңсаттың, аңсаттың ғой, арманды шақ,

Жайыпсың аз уақыт жалған құшақ!

Өткізіп келем, жазды, күзді ұрындым,

Тоналған қазан ұрып, орман құсап!

 

***

Арманыңды Үміт қана өлтірмеген

Көңілге күдік-күмән келтірмеген.

Үмітің үзілгенде алапаттай

Соғады бір ызғырық желді үрлеген.

 

Сол шақта ауыр ойдан серілмеген.

Күл-талқан болғандай-ақ сертім – берен.

Көңілім алақұйын күн кешеді

Дауылмен туырлықтай желпілдеген...

 

Күш жинап, ойыма тың серпін берем,

Үміттің сәулелеген көркін көрем.

Сол сәтте азаттанып, еркіндер ем,

Арудай алашына төркіндеген!

Сол шақта билер менің еркімді өлең,

Дауам да, тағдыр берген дертім де –

Өлең!

Өлеңім – құтқарушым, азабым да –

Мен соның алаулаған өртінде өлем!

 

***

Мені саған, сені маған тап қылып,

Тағдыр өзі тілегендей сәттілік.

Жарты ғасыр бірге кешіп келеміз

Бір мұңайып, қуансақ бір шат күліп.

 

Кездерім көп шалықтаған, тасынған,

Қилы сәттер өткіздім-ау басымнан.

Қас көбейіп, дос азайған сәттерде

Өзің болдың табылған тек қасымнан.

 

Аларымды алмай мынау ғасырдан,

Кездерім көп маңдайымды тас ұрған.

Сүрінгенде күнәмді де жасырған,

Жақсымды да өзің ғана асырған.

 

Бұраңы мол жолдар алға тартып нық,

Кейде ғұмыр көрсеткендей мәрт қылық.

Алла берген ұрпағымды өрбітіп,

Байлығымды жіберген –

Сен арттырып!

 

Жалаң сезім шырқамай-ақ бос әнін,

Қоса көрдік қуанышты, қоса мұң.

Тілекшім боп келе жатқан жанымда

Өзіңе шын алғыстымын, қосағым!

 

***

Жазым өтіп барады, жазым өтіп,

Жазбен бірге көңілдің назы кетіп.

Ит тірліктің кешем деп тауқыметін

Сан сауалды санаға азық етіп,

Арманымды алыппын жазым етіп!

 

Жазым өтіп барады күзге ауысып,

Қысқа күнде мұңменен жүз қауышып.

Жалғандықпен алысып, жанымды жеп,

Даңғыл жолым көмескі ізге ауысып,

Жазым өтіп барады күзге ауысып!

 

Жазым өтіп барады, қызу кеміп,

Қайтар жолда теңселдім, түзу келіп.

Сырт айналар деппін бе сырбаз уақыт,

Тұра берер секілді жүзін беріп!

Жазым өтіп, қалған-ау күзім келіп!

 

Қарағанды облысы

Шет ауданы

1656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы