• Тарих
  • 09 Желтоқсан, 2021

ТАРИХЫ ОРТАҚ, ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ

Ойға алсақ, қазақ-қарақалпақ халқының арғы-бергі тарихында ортақ тұстар, үндес жайттар, сабақтас сипаттар, тамырлас арналар көп. Ғасырлар қойнауына енбей-ақ, руханият арналарынан да талайлы  тарих пен тамырлы сабақтастықтың мың сан үлгілерін кездестіреміз. Бұдан бөлек, әрине, халық әдебиеті нұсқаларының («Алпамыс батыр»,  «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Көрұғлы», «Едіге», «Ер Қосай», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Шора батыр» т.т.) да ортақ байланысы мен негіздерін, бірқатар нұсқаларын байқар едік. Әрі нәзиралық үлгілер негізінде тарап-танылған туындыларды да кездестіруге болады. Қарақалпақ тілін  профессор Н.А.Баскаков зерттесе, халық әдебиеті нұсқаларын – Қаалы Айымбетов кеңінен қарастырғанын көпшілік біледі. Бертінде, С.Тойшыбаеваның «Қазақ-қарақалпақ әдебиеттерінің байланысы» атты зерттеуі көпке жетті. Еңбектің тұтас мазмұнында екі елдің мәдени-рухани қарым-қатынасы Һәм әдеби байланысы кең түрде сөз болады. 

БІЛІМИ-ҒЫЛЫМИ САПАР МӘНІ

 

 

Расында, біліми һәм ғылыми байла­ныстардың да берері бар, ерекшелігі де мол. Алғаш­­қы бар­ғанымда, Т.Төрткүлбаева «Қарақал­пақ­стандағы қазақ ақын-жыраулары» (2019) атты тақырыпта филология ғылымы ­бойынша философия докторы (PҺD) ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған еді. Ресми оппонент ретінде қатысып, қорғау ісінің барлық кезеңінде болдым. Әріптестерімізді көрдік. Ортақ әңгіме өрбітіп, дөңгелек үстел басында сұхбат құрдық. Ел-жер тарихы мен тағылымы, әдеби-мәдени байланыс, ұлт руханияты төңірегіндегі ортақ мұраттар туралы да келелі әңгіме кең өріс алды. Білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, оқыту бағдарламалары, білім-ғылым жүйесі, оқу мен оқыту сапасы, оқу құралы мен оқулықтар, тәлім-тәрбие арналары төңірегінде ортақ әңгіме өрбіттік. Тәлімді тәжірибе мен күрделі мәселелер түйіні де ортаға салынды.

Келесі кезеңдегі сапар барысында, ЕҰУ-дың филология факультетінің деканы, доцент А.Б.Бейсенбай мен осы жол­дар­дың авторы біліми-ғылыми бағыттар бойын­ша бірқатар ресми басқосулар мен әдеби-рухани іс-шараларға қатысты.Сұхбат алаңында болып, білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті.

Алдымен айтарымыз, Нөкіс қаласында – Бердақ атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік университеті және Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты бар екен.  Іссапар барысында аталған жоғары оқу орындарымен біліми-ғылыми бағыттар бойынша байланыс орнатып,  «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары негізінде оқу үдерісіндегі қашықтан оқыту технологиясына мән берілді. Қазақстандық және шетелдік үлгідегі қос диплом мәні мен ерекшелігі, ЖОО-дағы ұтқырлық оқу жүйесін жүзеге асыру, оқу практикасын өткізу, студенттер алмасу сынды жауапты істер төңірегінде басқосу маңызды болды. Сондай-ақ ЖОО-ның жаһандану дәуірі мен заманауи кезеңдегі сын-қатерлерге дайындығы, білім алушыларды қабылдау мен жұмысқа орналастыру төңірегіндегі мың сан сауалдарға қатысты диалог алаңында болу, жобаларға қатысу, өзекті тақырыптар төңірегінде дәрістер оқу секілді бірқатар келісімшарт жасалды.  Бакалавриат пен магистранттарға оқу үдерісіндегі әдебиет тарихы мен ­теориясы, тіл білімінің жаңа бағыттары бойынша дәрістер оқылды.

Біліми-ғылыми бағыттар да қатар өріс алып, жүйелі жалғасып, даму үрдістері ілгерілей түскені де танылады. Еске алсақ, 1990–2000 жылдары Қ.Аралбаев, К.Хамидуллаев, Р.Аяпберген, А.Кәрибаева, А.Қобылановалар кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап, кейінгі жастарға, ғылыми бағыттағы ізденушілерге кең өріс ашты. Бастысы, білім-ғылым жүйесі басым бағыттарға ие болды. Білім нәріне, ғылым көкжиегіне де кең өріс ашылды.  Ал кейінгі жылдары Ы.Құттымұратова «Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданындағы қазақ говоры» (2018), Т.Төрткүлбаева «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары» (2019) атты тақырыптарда филология ғылымы ­бойынша философия докторы (PҺD) ғылыми дәрежелерін алып, диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Бұдан басқа, түркі тілдері факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті  кафедрасында (меңгерушісі – Ы.Құттымұратова) Ғ.Х.Мамбеткаримов, Б.К.Бекниязов, Т.Ә.Төрткүлбаева т.б. оқытушы-профессорлар құрамы жас ұрпаққа білім нәрін беріп, ғылым ісіне тартып, тәлім-тәрбие бағытында жүйелі де жемісті еңбек етіп келеді. Студент жастарды конференция, олимпиадаларға дайындап, ғылыми жобаларға бағыттап, оқу мен оқыту ісінің қыр-сырын, жаңашыл бағыттарын жан-жақты меңгертіп келеді.

Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Б.П.Өтемұратовтың қабылдауында болып, білім-ғылым жүйесіндегі интеграция, академиялық ұтқырлық мәні, қашықтан оқыту технологиясы, қос дипломдық жүйе мен студент, магистранттардың өзара алмасуы, ықпалдастық мәселелері кеңінен қозғалды. Келісімшарт жасалып, тиісті құжаттарға қол қойылды. Іссапар барысында профессор Кеңесбай Алламбергенов, доцент Қайыржан Аралбаев, педагогика факультеті музыка кафедрасының аға оқытушысы, әнші Айгүл Надирова т.б. жақын жүріп, етене араласып, сыр-сұхбат құрған мәнді кездесу, сәулелі сәттер жиі болды. Айталық, профессор К.Алламбергенов оқуға биыл түскен магистранттардың бірін маған бөліп, тақырыбын бекіттірді. Бас редактор болып басқарып отырған «Білім һәм әлеумет» (Білім – әдістемелік журнал) атты басылымның редколлегия  алқасына мүше етті. Ал Қарақалпақ мемлекеттік университетінің доценті, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Білім беру ісінің үздігі Қайыржан Аралбаев (бертінде қайтыс болды) өмірде қарапайым көрінгенімен, ұстаз-ғалымдығы мәнді, тағылымдық-тәрбие­лік қыр-сыры мол ұлағатты жан екен. Көрген-түйгені де мол. Ауызекі әңгі­ме­сі мәнді де әсерлі. Бірқатар еңбектері – «Асылдың сынығы», «Әдеби дәнекер», «Бес­қала өрнектері» біліми-ғылыми һәм зерт­теу бағытындағы  сипаттарымен назар аудартады.

Алқалы басқосу, дәрістер жүйесі мен кеш-кездесу, сұхбат алаңынан соң бір ­мезет бой жазып, ақыл-парасатқа кең өріс ашып, көңілді кеңге салғанды жөн көрдік. Қала сыртына шығып, көрнекті жерлерді ара­ладық. Танымал тұлғалардың соңғы ­са­­пары аяқталған орындарда болып, дұға-ті­ле­­­гімізді бағыштап, зиярат етуге тура келді.

Бұдан басқа, Ходжелі ауданына қарас­ты елді мекенге таяу едәуір жерді алып жатқан қорымдар арасынан – «Мазлұмхан сұлу» кесенесі (XII-XIV ғ.ғ.), «Миздахан» кешені (орта ғасыр) көз тартып, көңілге айрықша әсер етеді. Көне кезеңнің сәулет ескерткіштері үлгісінде бой көтеріп, бүгінгі ұрпақтың құрметі мен күтімінде, негізгі назарында екені де айқын аңғарылады. Сыртқы һәм ішкі бөліктерін аралап, зиярат жасап, жеңілдеп қалғанымыз да анық. Бастысы, осындағы шырақшының өмірден өткендерге арнап дұға оқып, арғы-бергіден сыр қозғап, тілек-лебізін бүкпесіз білдіруі де жан-жүрекке жылы нұр, мейірім шуағын шашқандай әсер етті.

 

ТАҒЫЛЫМ НӘРІ

 

Қарақалпақстан өңірінің орта­лығы – Нөкісте, ондағы басты оқу орындары Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті мен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтында болған іссапарымыз жемісті де нәтижелі болды. Бастысы, білім беру бағдарламасымен танысып, академиялық ұтқырлық, қашықтан оқыту технологиясы, қос диплом мәселесі, маман дайындаудың басқа да көкейкесті мәселелерімен ­етене таныстық. Бірқатар келісімшарттарға қол қойылды. Ортақ жайттар төңірегінде алқалы басқосу, кеш-кездесулер өтті. Сұхбат алаңындағы ашық әңгімелер өрісі мәнді де тағылымды болды. Арнайы ұйымдастырылған конференцияның да біліми мәні, ғылыми сипаты, жауапкершілік жүгі зор болды. ОПҚ құрамымен, студент жастар­мен, жас ғалым-магистранттармен кездесіп, білім-ғылым жүйесінің жаңа бағыттары, кредиттік оқытудың мәні мен мақсат­тары, оқу үдерісін ұйымдастыру, білімді бағалаудың тиімді әдіс-тәсілдері (ағымдық, аралық, қорытынды), академия­лық күн­тізбе, элективті пәндер катологы, эдвай­зер міндеті, пререквезиттер мен тью­торға тән белгі, ерекшеліктері туралы кең ­кө­лемде пікір алмасып, жан-жақты сөз болды.

Сайып келгенде, Нөкіс қаласындағы қос оқу орны – Бердақ атындағы Қарақал­пақ мемлекеттік университеті мен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педаго­гикалық институты ұжымы, ондағы «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына қатысты оқу мен оқыту бағытында ортақ мұрат пен жаңашыл ізденістердің барына, берік ұстаным мен даму үрдістерінің жүйелі арна алғанына көз жетіп, көңіл сенді.

Алайда Қазақстан жетістіктерін жақсы білгенімен, оқу мен оқыту үдерісіне қажетті негізгі және қосымша әдебиеттердің тапшылығы анық аңғарылады. Жыл он екі айда қазақ еліне бірер қатынаған адамдар арқылы алған бірен-саран кітаптар болмаса, негізінен, әр жылдары жарық көрген кітап өнімдерінің көшірмелері, интернет материал­дары пайдаланылады. Оқу-әдістемелік кешен, ондағы біліми-ғылыми бағыттардағы дәріс үлгілері, мәтін құрылымы, қосымша материалдар ұсынылады. Жаңа технология, ақпараттық-коммуникациялық үрдіс алға озған қазіргі кезеңде мұның өзі аздық ететіні кім-кімге де аян. Бұл бағыттарда бірге атқаратын жұмыстар, ортақ міндеттер мен келелі мәсе­лелердің бары да анық сезіледі. Маңыз­дысы, білім-ғылым көкжиегіне кең өріс ашылды. Білім беру бағдарламаларының жаңа бағыттары, академиялық ұтқыр­лық мәні, маман д­айындау мен қос дип­лом­дық жүйе мәселелері, студенттер мен ма­гистранттардың өзара алмасуы, ЖОО-лар арасындағы басқа да байланыс-сабақ­­тастықтың жаңа үрдістері, тың үлгі-сипаттары, соны мүмкіндіктері кеңінен қозғалды.

Барып-көрген һәм қол жеткен жетіс­тіктер мен жан-жүректі жадыратып, көңіл қуантқан жайттардың бірқатары осы.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымының

докторы, профессор

2795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы