• Тұлға
  • 09 Желтоқсан, 2021

КӘМІЛ ПАРЫЗ

Бүгінде қасиетті мемлекетіміз Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осы бір 30 жылдың ішінде өшкеніміз жанды, өткеніміз қайта тіріліп, тарихымыз түгенделді. Тәуелсіз елдің ұрпақтары тәрбиеленіп, ұлттық мәртебеміз асқақтады. Бір кезде күңгірт тартып, ғасырлардың күрмеуінде қалған батыр бабаларымыздың өр рухын, енді тәуелсіз ұрпақтары көкке көтеріп, ескерткіш орнатып, ерен ерлігі мен қайсар қайратын ұлықтауда! 

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қандай үлесімді қостым, қандай еңбегімді сіңірдім» деген ой қазақтың әр ұрпағының санасында жаңғыратыны ләзім. Осындайда Қазақстан Республикасының егемендігіне ересен үлесін қосып, шырмауда жатқан тарихи шындықтың бетін ашып, өскелең ұрпағының тәуелсіз, ұстыны берік, іргесі мықты ел болуы үшін, сансыз шайқастан өткен батыр бабаларымыздың рухын тірілткен ұлт жанашырлары ойымызға оралады. Солардың бірі, ғалым, заң ғылымының докторы, профессор, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қадырғали би Қосымұлы Жалайри халықаралық қоғамдық Қорының президенті – Өмірәлі Шакарапұлы.

Өмірәлі Шакарапұлы Жалаири күллі әлемге аты мәшһүр Мұқылай баһадүр туралы жазылған тарихи тың деректерді Қытай елінен алып келіп, төл тілімізге тәржімалап, құнды еңбек етіп жарыққа шығарды. Бұл өз кезегінде ұлттық тарихымызда елеулі орынға ие болған тағы бір батыр тұлғаның есімі ардақталғанының айқын көрінісі десек болады.

2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Өмірәлі Шакарапұлының ұйымдас­тыруымен, 19 шы­ғар­машылық өкілден тұратын «Мұқали» тарихи-танымдық деле­гациясы бір аптаға созылған халықаралық экспедициямен Қытайға аттанады. Бұл тарихи экспедиция нәтиже­сінде, делегация бұдан сегіз ғасыр бұрын Мұқылай батыр басқарған қалаларды аралап, тарихи орындарды зерттеп, Қытайдағы жергілікті тарихшылармен сұхбаттасып, ұлы қолбасшы туралы тың деректер мен мол мағлұмат алады.

Қазақ тарихын сонау алыс Иран елінің белгілі тарихшысы Ширин Баянидің зерттеп, Францияның Сорбонна университетінде қорғап, Иран, Ирак, Күрдістан, Армения жерінде 75 жыл билік құрған «Елхандар» мемлекеті туралы құнды деректерді жинап, еңбек етіп жарыққа шығаруы – еліміздің мерейін асырғаны сөзсіз! Өмірәлі Шакарапұлының мұндай тарихи құбылысқа тікелей мұрындық болуы – төл тарихымыздың тағы да бір ашылмаған құпиялы қазынасын тарих санатына қосуының маңызды айғағы десек болады.

Араб-мұсылман әлеміндегі Жалайыр­лардың билігі туралы арнайы зерттеудің авторы Мысыр ғалымы Шабан Тартур «Ад-Даула әл-Джалаирийа» (Жалайырлар мемлекеті) атты зерттеуінде негізінен орта ғасыр парсы және араб жазба деректерін басшылыққа ала отырып, Жалайыр мемлекетінің саяси тарихымен қоса, олардың жалпы мұсылман синкретикалық өркениетіне ғылым, мәдениет және өнер саласында қосқан үлкен үлесі туралы жан-жақты зерттеу жүргізген.

«Тарих әл-Ирақ» (Ирақ тарихы) атты бес томдық энциклопедиясының тұтастай 3-томының «Ирақтағы Жалайырлар билігі» деп аталғаны, бұл мемлекеттен мұра болып қалған Жалайыр кітапханаларының салынғаны, жалайыр сұлтандарының басым көбі ақын, өнер шеберлері болғаны – қазақ тарихының мұншалықты тамыры тереңдігін, қазынасы мол құндылығын, арнасының сонау ғасырлар қойнауынан алатындығын көріп шексіз таңданысқа ерік бересің.

Тарихшы, өлкетанушы, ғалым Құлтай Нұрқалбайұлы­ның зерттеуіне сүйенсек, Ширин Баянидің парсы тілінде жазылған бұл құнды еңбегін сол кездегі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министріне Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі сыйға тартқан екен. Иранда 75 жыл билік құрған қазақтар, яғни Жалайыр мемлекеті туралы парсы тілінде жазылған Иранның көрнекті ғалымы Ширин Баянидің бұл еңбегін қазақ-орыс тілдеріне аударып, халыққа жеткізуді Алаштың ардақты ұлы, ұлт қайраткері Өмірәлі Шакарапұлы іске асырады.

Өмірәлі Шакарапұлының Иранға, ­Тебриз қаласына барып, Уәйіс сұлтан мен Ахмет сұлтанның рухына Құран бағыштап, бір уыс топырағын елге алып келуі де жүрек тебірентерлік оқиға.

Сонымен қатар Өмірәлі Шакарапұлының «Халықаралық Қадырғали Жалайыри қорының» мүшелері С.Батыршаұлы мен М.Шафиғимен бірге 2005 жылы Ресейдің ­Рязань облысындағы Қасымов қаласына арнайы сапармен барып, мұсылмандар зиратынан Қадырғали Жалаиридің бейітін тауып, салмағы жарты тонна келетін бозғылт түсті ақ тас­тан «құлпытас» орнатуы қазақ тарихына қосқан өлшеусіз еңбегінің тағы бірі десек болады.

Көп ұзамай Талдықорғанда Қадырғали Жалаиридің еңселі ескерткіші бой көтерді.

Қадырғали Жалаиридің «Жами ат-тауарих» атты еңбегінің қазақ елінің мәдени және рухани тарихында алар орны айрықша зор. Бұған дәлел, белгілі орыс ғалымы И.Н.Березин Қадырғали Жалаири туралы құнды деректерді 1854 жылы Қазан қаласында, Шығыс тарихшылары кітапханасы басылымдары қатарында алғаш рет жариялауы.

Шоқан Уәлиханов Қ.Жалаиридің «Жами ат-тауарихтың» негізгі тарауларын бірінші болып орыс тіліне аударып, «Қырғыз шежіресі» атты мақаласында еңбектің құндылығы туралы былай деп терең түсінік береді: «Қазақ тарихына қатысты деректердің молдығы жағынан «Жылнамалар жинағына» иықтасар ештеңенің жоқтығы күмәнсіз».

 «Қазақстанда Қ.Жалаиридің «Жами ат-тауарихы» түпнұсқа күйінде белгілі ғалым Р.Сыздықованың дайындауымен 1989 жылы «Ғалым» баспасынан жарық көрді. 1991 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиевтің әзірлеуімен түпнұсқа күйінде басылып шықты. 1997 жылы «Қазақстан» баспасы осы құнды еңбекті алғаш рет толық аудармасымен қазақ жұртшылығына ұсынды. Оған себеп XVI ғасырдағы қазақ жазба тілінен бұл күнгі қазақ тілінің арасында едәуір айырмашылық бар болатын. Оның үстіне Қ.Жалаиридің өз қолымен 1602 жылы жазған қолжазбасы біздің заманымызға жеткен жоқ. Тек оның екі көшірмесінің бірі (1641–1642 жылдары көшірілген) – Санкт-Петербургте сақталынып, екіншісі – Қазан университетінде (№5028 т.40) сақталынған», – деп жазды Қазақстан Республикасының дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, профессор, шығыстанушы Сайлау Батыршаұлы.

Өмірәлі Шакарапұлы бабалар рухына тәу етіп, өшіп бара жатқан тарихты қайта тірілтті.

Осы орайда, жыр саңлағы Ілияс Жансүгіров­тың «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деген тамаша өлең жолдарын келтіруді жөн санадым. Өз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз еңбек еткен өз ерлерімізді ұлықтау – басты борыш, кәміл парыз, нағыз міндет деп білеміз!

Заида ЕЛҒОНДИНОВА,

ақын, Халықаралық

«Алаш» әдеби сыйлығының

лауреаты

1940 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы