• Cұхбаттар
  • 09 Желтоқсан, 2021

Талғат МАМЫРҰЛЫ, ұстаз, бизнес әкімшілік докторы: ҰЛТТЫҚ БӨГЕНАЙЫМЫЗДЫ ЖОҒАЛТПАУ – БАБАЛАР АМАНАТЫ

Дүние-керуенде бұл қазақтың көші барлық тарапқа сапарлап көрген шығар-ау! Қиыр-қиыр жол тартқан сол керуеннің жолаушылары талай-талай мемлекетте тұрақтап, түрлі-түрлі елде туын тікті. Көбейді, өсті, өнді. Әлемнің қай бұрышында жүрсе де қазақ атты елдің амандығын тіледі, бары мен жоғына алаңдады. Еліміз егемендік алған тұста жүрегін қолына алып, елге жетуге асықты. Атамекеннің топырағына табаны тиісімен бүгінгі тәуелсіз елдің шаңырағын бірлесіп жүріп көтерді, өткенге бірге салауат айтып, болашақтың кірпішін бірге қаласты. Міне, сондай азаматтың бірі – Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің директоры, бизнес әкімшілік докторы (DBA) Талғат Мамырұлы. 1993 жылы атамекенге ат басын бұрып, сол уақыттан бері тәуелсіз Қазақстанның болашағын бірге жасап келеді...  

– Талғат Мамырұлы, тәуелсіздіктің хабарын сыртта жүріп естідіңіз. Елге келу туралы шешім сол уақытта қабылданды ма?

– Еліміз тәуелсіздік алды деген ақжолтай хабар жеткенде мен Синьцзянь университетінде оқытушы-ұстаз едім. IT мамандығы бойынша дәріс оқитын­мын. 1982 жылдың соңында Шығыс Түркі­стандағы ең беделді Синьцзянь университетін үздік дипломмен аяқтаған соң, сол оқу орнында жұмысқа қалып едім. Он жылға жуық университетте ұстаздық еттім, өз мамандығым бойынша ғылыммен айналыстым. Міне, осындай ұстаздық-ғылыми жұмыс үстінде жүргенде атамекеніміздің тәуелсіздік алатыны туралы алғашқы хабарлар жете бастады.

Иә, тәуелсіздікті біз, атамекеннен сыртқары жүрген қазақ ұрпағы көп күттік. Ата-бабам Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай, Зайсан өңіріндегі Маңырақ тауының қойнауында өсіп, өнген ауқатты жандар болыпты. Өз заманында туған жерінен ажырамай түтін түтеткен, мыңғырған мал өсіріп, шұрайлы жерге қонған, атақонысында бақуатты ғұмыр кешіп жатқан. Замана лебі ауысқанда талай сүргінді бастан өткеріпті. 1917 жылдан басталған қуғын мен 1927 жылдардағы тәркілеу саясаты Тарбағатай мен Зайсанды жайлаған біраз елді титықтатқаны анық. Ал 1932 жылы туыстарының алды атылып, итжеккенге айдала бастаған тұста ата-бабам Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі, Қытай жағына қараған тұсына ат-көлігін бұрып, бассауғалауға мәжбүр болған. Әкем ел ауған сол көште дүниеге келіпті. Небір сүргіннен қинала-қинала әрең өткен сол шоғыр қиын тағдырларды бастан өткеріп, бастысы жан амандығына шүкір етіп, ұрпақ өргізіпті. Міне, сол шоғырдың амандығының бір белгісіндей болып біз де Тарбағатайдың Қытайға қарайтын күнгей бетінде дүние есігін ашқан екенбіз. Сырт мемлекетте туып, сонда өсіп-өнсек те Қазақстан, атамекен туралы ұғым-түсінікті бала күнімізден құлағымызға құйып есейдік. Тіршіліктің тақсіретін көп тартқан атам дүниеден ертерек көшкен екен. Нағашы әжем Нұрбәти Қатшабайқызы 1987 жылы 85 жасында қайтты. Өле-өлгенше «Маңырағым-ай, Кіндік кескен жерім-ай, туып-өскен елім-ай» деп атамекенді сағына еске алып, «Біз ғой атамекенді көрмеспіз, сендер көресіңдер туған жерді» деп аңсап, үкілі үмітіне біздің жеткенімізді тілеп отыратын.

1980 жылдардың соңына қарай, университет ұстазы ретінде әлем жаңалықтарына құлағымыз түрік жүретін. Кеңес Одағындағы өзгерістерді оқып, ­хабардар болдық. Еліміздегі Желтоқсанның ызғарын да там-тұмдап естідік. Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастаған тұста жаңалықтарды мұқият оқыдық. Әуелі Балтық елдері бөліне бастады деген жаңалық жетті. Жаз соңы мен күз басында қырғыз, өзбек, түркімендер тәуелсіздігін жариялай бастады. Кезек Қазақстанға да жетті-ау деп елеңдеп отырамыз. Міне, сол қуанышты хабарды Желтоқсанда естідік. Сыртта жүрген ағайын Қазақстанның тәуелсіздігін іштегі ағайын секілді ұзақ, сарыла күтті. Іштегі ағайын тәуелсіздіктің хабарына қалай қуанса, біздің де қуаныш жасымыз кем түспеді. Шынымды айтсам, біздің көз жасымыз көптеу болған ­шығар-ау! Ол ғажап сезімді сөзбен с­ипаттап жеткізу қиын. Жария тойлай алмаймыз, университеттегі мұраттас жас қазақ зия­лылары өзіміз бас қосып, сол күні егемендігімізді атап өттік. Мүмкіндік болса атамекенге ораламыз деп шешім қабылдадық.

Он жылдай қызмет атқарған ұстаздық орнымыз, жетістігіміз бар еді. Өз маман­дығым бойынша сол кезде үміт күткен жас ғалымдардың бірімін. 1978 жылдары Қытайда реформалар басталып, ол бастамалар жемісін де беріп үлгерген. Қазір біз «Болашақ» атап жүрген секілді бағдарлама Қытайда сол кездің өзінде-ақ бар еді. Сондай бағдарламамен жас ғалымдар білім, ғылым игеріп келсін деп шетелдерге, Батысқа жіберіп жатқан тұс. Ағылшын тілін жақсы білетіндіктен мені АҚШ-қа бағыттап отырған болатын. Қазақстан­ның тәуелсіздік алған жаңалығы сол жоспарларымды күрт өзгертті. Атамекенге қайтамын деген шешімді бірден қабылдадым.

Ол кезде Қазақстанның достық-мәдени байланыстар жөніндегі қоғамы жұмыс істейтін, сол қоғам мен туралы хабардар болыпты. Қоғамның төрайымы, қазақтың қайраткер қызы Жібек Әмірханова апайы­мыз өмірбаянымды дереу ҚР ҰҒА-ға жіберген. Мамандығым бойынша ҰҒА-ның Информатика институтында тағылымдамадан өтіп, аспирантураға түсуге жолдама келді. Міне, 1993 жылы табанымыз атамекенге осылай тиді. Тәуелсіздік қазақ халқының баға жетпес құндылығы, бабаларымның ғасырлар бойы аңсаған, сол үшін қанын төккен, жанын құрбандыққа шалған асыл арманы еді, сол арман біздің замандастарымыздың кезінде орындалып, Тәуелсіз жаңа Қазақ мемлекетін бірге құрысу, соны нығайтуға тер төгу менің де пешенеме жазылыпты.

– АҚШ-қа бармағаныңызға өкінбедіңіз бе?

– Ешқашан өкінген емеспін. Елге келген соң, 2004–2008 жылдары АҚШ-тың Аризона штатындағы Солтүстік-Орталық университетте (North central University) докторантураның сырттай бөлімінде білім алдым. Диссертацияны ағылшын тілінде қорғап, «Бизнес әкімшілік Докторы» (DBA) ғылыми атағына ие болғаным бар. Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы ретінде әлемнің талай еліне конференцияларға, іс-сапарларға шығу мүмкіндігі бұйырды.

– Қазақстанға оралғанда екі мемлекеттің білім жүйесіндегі өзгерістер байқалды ма?

– Әрине, байқалды. Ол кезде, өзіңіз білесіз, КСРО-ның жаңа ғана тарқап, еліміз тәуелсіздігін енді алған уақыт. Ғылым-білім дағдарысты бастан кешіп жатқан кез. Әдебиет, қоғамдық ғылымдардың кейбір салалары болмаса, ғылым тілі, негізінен, орыс тілінде еді. Материалдық-техникалық база мен ғылымның жаңалыққа бағыт­талуы да кенжелеп қалған екен. Эконо­микалық дағдарыс келіп килікті де, шетелден келген мені қойып, осында жүрген мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз дағдарып қалды. Ол кезде шетелден келген қандастарға көзқарас өте жақсы болғанын айта кетуім керек. Академияның сол кездегі президенті Өмірзақ Сұлтанғазиннан бастап, институтымыздың директоры Әбдіғап­пар Әшімов те бізді жақсы бағалады. Профессор Алтынбек Әмірұлы ғылыми жұмысыма жетекшілік етті. ­Дегенмен жалпы жағдай ғылыммен ары қарай айналысуға мүмкіндік бермеді. Бизнеске кетуіме тура келді. ҚХР-да жүргенімде нарықтық-экономикалық өзгерістер көз алдымыздан өтті. Жұбайым Фарида Мерхамидқызы екеуміз тәуекел деп тас жұтып, қатты қиналсақ та бизнеспен шұғылдандық. Қазақтың ұлттық киімін жаңғыртуға кірісіп, «Ерке-Нұр» деген кәсіпорын құрдық.

– Ғылым мен техниканың ең ­заманауи білімін бойға сіңірсеңіздер де, неліктен ұлттық киімдер саласына бет бұрдыңыздар?

– Өйткені бұл, ең алдымен, қазақ үшін маңызды. Екіншіден, Қытайдағы қазақтар арасында ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр, ұлттық тарих қаймағы бұзылмай жақсы сақталған. Сол таңғажайып үлгіні қайта жандандырсақ дедік.

– Бизнесіңіз толық аяғынан тұрып кетуі үшін қанша уақыт кетті?

– Алғашқы 3-4 жылда жемісін берді. «Ерке-Нұр» компаниясы өркендеген жылдары 350–400 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Ол кезде халықтың көбі жұмыссыз қалған уақыт. «Ерке-Нұр» компаниясы орнықты даму жолына түскеннен кейін өз арманыма қол создым. Ұстазбын, білім саласының маманымын, ғылым-білім саласында жұмыс істеп, жетістікке жеткенмін. Сол тәжірибемді Қазақ елінің кәдесіне жаратсам деген арманым алға сүйреп, оқу орнын құру бағытында жұмыс істей бастадым. 2005 жылдан осы жобамды бастап, 2007 жылы лицензия алдым. 2008 жылдан кәсіби-техникалық бағытта білім беретін Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжіне студенттерді қабылдадық.

– Колледж қандай мамандар даярлайды?

– Құрылған кезде алты түрлі мамандық бойынша студенттер қабылдадық: аударма ісі, туризм, тігін өндірісінің технологиясы, дизайн, бастауыш білім беру мамандығы. Уақыт елегі мен сұранысты анықтай келе аударма ісі және туризм бағыты бойынша екі мамандықты ғана қалдырдық. Біздің колледж түлектері мамандықты игерумен қоса, мемлекеттік тілге майталман, қытай, ағылшын тілін жетік меңгерген, білікті маман болып шығады. Тәлім-тәрбие жұмысына да аса маңыз береміз, ұлттық, тарихи-мәдени асыл құндылықтарды студентердің санасына сіңіріп, бойына орнықтыру арқылы Қазақстанды жанындай жақсы көретін Отан сүйгіш ұрпақ етіп тәрбиелеу басты ұстанымымыз. Бүгінгі күнде түлектеріміз ел нарығында үлкен сұранысқа ие.

– Қазақстанда туризм саласы кенжелеп қалды деген пікір бар...

– Ол сөздің шындығы басым. Мемле­кетіміз туризмді экономиканың негізгі бағыттарының бірі деп отыр. Пандемия ­туризм саласын өркендетуде бізге ғана емес, бүкіл әлемге кесірін тигізіп отыр.

Ал енді елде неліктен туризм саласы кенже қалып қойды деген мәселеге келсем, оның бірнеше себебі бар. Бірінші, кәсіби маман жетпейді. Екінші, туризмнің дамуы үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық аздау. Инфрақұрылымдар да жақсы дамымаған. Туризмді дамытсақ, мемлекеттің қоржынына салық түсіп қана қоймай, қарапайым халықтың әл-ауқаты да жақсарар еді. Туризм туралы халықтың түсінігі де дұрыс қалыптаспаған. Туризмді қонақүй немесе гид деп қана білетін жаңсақ түсінік те бар. Ал оның ауқымы бұл екі мағынадан да жоғары, әлдеқайда кең.

– Осы мәселені өз түлектеріңізге түсін­діресіз ғой. Бұл тығырықтан шығу жолдарын қалай үйретесіздер?

– Туризм саласындағы маман сырттан келген туриске еліміздегі қиыршық тасынан бастап, өзен-көл, тау мен жота, дала, тұнып тұрған әсем табиғатымызды, тарихи-мәдени ескерткіштерімізді қалай ­таныстырады – осыны тереңдете оқытамыз. Туризм бірнеше пәннің тоғысқан жері.  Қазір жан саны мен экономикасының дамуына байланысты туристік сапарға шығатын адам саны өте көп ел – ҚХР. Бір жылда Қытайдың 150 млн-ға жуық адамы туристік сапарға шығады. Бүкіл дүниежүзі Қытай турисіне таласады. Өзіңіз білесіз, Қытай іргемізде тұр. Жылына бес млн туристі тарта алсақ, туризммен шұғылданатын қарапайым халықтың әл-ауқаты жақсарып, салық та молаяр еді, елдегі туризмді дамытуға да көп септігін тигізер еді.

– Алайда іргемізде тұрған сол елден қауіптенетініміз де рас қой.

– Біз ғана емес, бүкіл дүние қауіптенеді. Бірақ тәуелсіз ел ретінде ­шекарамыз ­шегенделген, тең қарым-қатынас орныққан. Екіншіден, «шегірткеден қорыққан егін екпейді» демей ме? Ал қауіптенсек, мұның заңды жағын қатаңдатуға болар. Мәселен, бір туристік компания шетелден он турист алып келсін. Елді аралатсын, көрсетсін, салығын мемлекет қоржынына құйсын, содан соң қоштасып, әлгі он туристі аман-сау кері қайтаратын жауапты міндетті де мойнына жүктеп қоятын болсын.

– Өзен-көлі аздау, мұхит жағалауы жоқ елміз. Туристерді біздің қандай жағдайымыз қызықтыруы мүмкін?

– Біздің елде жылдың төрт маусымында да туристерді тарту мүмкіндігі мол. Тіпті қысы ұзақ, қары қалың түсетін солтүстік облыстардың өзі дүниенің талай турисін таңғалдырары сөзсіз. Қолайлы жағдай жасап, жұмыс істеу керек. Турисі көп Қытайды мысалға алайын. Қытайдың Шығыс-теріскейіндегі үш өлкесі мен Батыс терістігінде ғана қар жауады. Қалған бөлігі қар көрмейді немесе сирек көреді. Ол өңірлердің адамдары үшін қарлы далаларды, қақаған аязды көрудің өзі арман. Алакөл, Балқаш көлдері мен Каспий теңізі талай туристі таңдай қақтырары сөзсіз. Марқакөл, Қатонқарағайдың тамылжыған табиғаты да талай туристі жіпсіз байлайтыны анық.

– Ішкі туризмнің де ашылмаған сыры көп секілді.

– Ішкі және сыртқы туризмнің тарифі екі түрлі болу керегін естен шығармаған абзал. Екінші, халық көп баратын тамаша орындар маңындағы елдімекендердің туризммен айналысуына жағдай жасау да маңызды. Мұның ең жарқын мысалын Көлсайдан байқауға болады. Алматы облысының Көлсай маңындағы Саты деген ауылда қарапайым халық шағын туристік кешендер жасап алды. Этнотуризмді дамытты.

– Өзіңіз білесіз, екі жылғы пандемияда білімге қатысты ұстанымдар өзгерді. Онлайн оқуға өттік. Қашықтан, қысқамерзімді курстар оқудың маңызы артты. Сіздің колледжде бұл мәселе қаншалықты жолға қойылған?

– Ол дәстүр біздің колледжде бұрыннан бар. Халықаралық оқу орны ретінде ҚХР-мен бұрыннан онлайн форматта жұмыс істейміз. Қысқамерзімді бір, үш айлық курстарды бұрыннан тәжірибеден өткізгенбіз. Бұдан басқа біздің колледж студенттері Қытайдың Хайнань өлкесінде пандемияға дейін әр жылдары оқу-өндірістік тәжіри­беден өтіп келеді. Үлкен отельдер жүйесі бойынша туристік компанияларда жұмыс істеп, біліктіліктерін бекемдеп көрді.

– Сіздің студенттер тілді қанша уақытта үйренеді?

– Қазақстанның білім жүйесіне лайықтап жасаған, жаңа инновациялық жобаларымыз бар. Студенттеріміз алғашқы оқу жылының өзінде-ақ сөйлей алатын, естіп ұға алатын, иероглифтерді жаза алатын деңгейге жетеді. Ағылшын тілінде де сол тектес деңгейде оқиды. Оқытушыларымыз тәжірибелі мамандар, өз ісінің білгірлері. ҚХР-де оқып, атамекенге көшіп келген қандастырымыз да, өзіміз тәрбиелеп шығарған оқытушылар да бізде өнімді еңбек етіп жүр.

– Тәуелсіздіктің 30 жылында милионнан аса қандас елге оралды. Елге оралудың қиындығы, ерекшелігі, машақаты қандай?

– Шетелде жүрген қазақтың Қазақ­станға келгісі келетіні көп. Ағайын жетіс­кеннен шетелде тұрып жатқан жоқ. Қилы заманда қилы тағдыр кешті. Қуғын көрді, сүргіннен қашты, аман қалғысы келді. Сыртта жүрген ағайынның ішінде Қытайда қалған қандастың жайына ­жаным ауырады. Ол жақта аз халықтың болашағы, жағдайы бөлек. Уақыт өткен сайын аз халықтар өзінің ұлттық сипатын, бөгенайын жоғалтады. Осыдан отыз жылдың алдындағы жағдайды алсақ, автономиялық саясаттың әжептәуір күші бар болатын. Мектептер қазақ тілінде 12 жылдық білім беретін, ұлттық университеті де бар-тын. Автономия әлі де бар болға­нымен, соңғы бірнеше жылда күрделі жағдай қалыптасты. Сол жағдайларды ескере отырып, қандастардың елге оралуында арнайы бір ерекше жағдайлар қарастырылса екен дейсің. Елге оралған қандасқа Қазақстанның заңы, географиясы, мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты, ерекшелігі – бәрін жан-жақты түсін­дірсе, еліміз қандай әлеуметтік көмектер береді – ақпараттандыру жұмыстары тиянақты, үзіліссіз жүргізілсе екен деп тілейсің. Шетелдегі қандастарды тездетіп елімізге көшіріп әкелу қазақ мемлекетінің болашағына тікелей қатысты мемлекеттік маңызға ие үлкен стратегия болуға тиіс.

– Әр адамда туған жер деген үлкен тү­сінік бар. Өскен ортаңыз, туған қара шаңырақ, алғаш мектепке барған ауылды қанша­лықты жиі ойлайсыз?

– Жасың ұлғайған сайын ол өлке жиі еске түседі. Біз өскен заманда, тіпті 1990 жылдардың төңірегіне дейін қазақ өңірінде қазақтар ғана отырды. Ұлттың бүкіл салт-дәстүрі сақталды. Ауыл үлкендері қазақтың барлық әдет-ғұрпын қатты дәріптеді. Әкем жас кезінен еңбекке жегіліпті. Бес жылдан аса тәуелсіз мемлекет болып тұрған Шығыс Түркістан республикасы болған. Әкем 14 жасында Шығыс Түркістан армиясының жауынгері болыпты. Кіші офицер шенін алған. 1949 жылға дейін рота командирінің орынбасары шенінде әскер сапында жүрген. Жаңа Қытай ­республикасы құрылғанда мемлекеттік қызметке араласып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. «Мәдени төңкеріс» деп аталған апатты кезеңде 15 жылдай қуғын-сүргінде жүрген. Тағдырдың жазуымен аман қалыпты. Қазіргінің тілімен айтқанда еңбек лагеріне айдалған. Табиғаты қатал болғанымен, ауылымыздың халқы өте жақсы еді. Мен сол қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда, ұлттық дәстүрі берік, бірлігі жарасқан өңірде есейдім. 200-дей отбасы бар алақандай ауылымызда тек бастауыш мектеп қана бар еді. Бес кластық білім берген ауыл маған ең ғажап сезімдерді бойыма сіңірді. Бауырмалдықтың, татулықтың, достықтың, бірліктің қадірін ұқтырды. Жастаймыздан еңбекпен өстік. Ауыл үлкендерінің әңгімесі де өнегелі еді. Дәстүріне берік елдің ғибраты да мол болды. Ондай ауыл қалай жадыңнан жоғалсын? Біздің ауыл Қазақстанның іргесінде болды. Шығыс Қазақстанның Үржар, Мақаншы аудандары мен Қытайдағы Шәуешек қаласының арасы 17 шақырым ғана. Менің туған жерім мен Зайсан шекарасының арасы 20–30 шақырымдық жер.

«Мәдени төңкеріс» кезінде Қытайда 12 жылдай ЖОО жабылып қалды. Бес класты бітірген соң Дөрбіжін ауданында үлкен гимназияда үздік оқыдым. Екі рет класс аттатты. 1977 жылы мектеп бітіргенде айымыз оңынан туып, ЖОО-ға түсудің «бірыңғай ұлттық тесті» қалпына келіп, оқуға құжат тапсырамыз деп қуандық. Он жылдық үзілістен соң университет оқығысы келетіндер саны артып, сол жылы оқуға 6 млн адам Қытай университеттеріне түсуге бақ сынапты. 6 млн талапкер қатысқан аламанда бүкіл Қытай бойынша 300 мың студент қана таңдап алынған екен. Жұлдызым жарқырап сол 300 мың адам­ның біреуі болып университетке түстім.

1982 жылы желтоқсанда оқуымды тәмамдап, 1983 жылдың қаңтар айынан университетте оқытушылыққа қалдым. Университетімнің кітапханасы бай болды. Қытайдағы сол кездегі Қазақстан, Кеңес Одағы туралы ақпарат көзі ең көп жер осы университет еді. 1950–60 жылдарға дейінгі Қазақстанда шыққан әдеби, танымдық, ғылыми кітаптардың барлығымен сонда таныстым. 1982 жылдан Қазақстан туралы жаңа әдебиеттер келіп түсті. «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Қазақстан коммунисі», «Еңбек және мәдениет» журналы сынды басылымдарды қалт жібермей қадағалап оқыдық. Сондықтан болар, Қазақстанға келгенде еш тосырқамадым. Қандай қиындықты бастан өткерсем де ешқашан атамекенде ғұмыр кешу сенімімнен айныған емеспін. Қара орман халқыммен бірге қуанышты да, қиындықты да бірге көрдік. Аталарымыздың, әкелеріміздің маңдайына жазылған тағдыры – туған жерден жырақта ұрпақ үшін амандық-саулық жолында күресу болса, біздің тәлейімізге бабалар топырағында қайта түлеу, тәуелсіз Қазақстанға қызмет ету, оның бір уығы болып шаншылып, бір кірпіші болып қалану бақыты бұйырыпты. Мың шүкір!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

 

3221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы