• Қоғам
  • 09 Желтоқсан, 2021

НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН ҰРПАҚПЫЗ

Қазақ ертеден бостандыққа ұмтылған, ар-намысы үшін жанын пида қылған қаһарман халық. Аталарымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген емес пе. Кеңес дәуіріндегі Әнұранымыздың өзі «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған, бостандық, намыспен ар үшін қиған жан...»  деп тегін басталмаған болар.
Еліміздің тарихында соңғы үш ғасыр ішінде 200-ден аса бостандыққа ұмтылған үлкенді-кішілі ұлт-азаттық қозғалысы болыпты. Өкінішке қарай, осылардың бірі де қазақ халқын тәуелсіздікке  жеткізбеген. Бірақ та халық өз күресін ешқашанда тоқтатқан емес. Бұл қазақ халқының қайсарлығын, рухының асқақтығын, азаттық, ар-намыс үшін от пен судан да тайынбайтынының  дәлелі.

Елбасымыз «Ғасырлар тоғысы» атты еңбегінде – «Күнделікті күйбелеңмен жүріп, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын толық дәрежеде бағалап үлгірген жоқпыз» деген екен.

Осы оқиғаның 35 жылдығына арналып баспадан шыққан жазу­шыларымыздың азды-көпті деректі оқиғаларды баяндаған ­туындылары жарық көрді, ал кейбір қалаларымызда ескерткіштер бой көтергені қуанышты. Бірақ жастардың ерлігін, осы қанды оқиғаның өкінішті жағын суреттеп жан толғандыратын көркем шығарма, қойылымдар мен кинофильмдер жоқтың қасы. Осы бір үлкен соны тақырып неге жарыққа шықпайды? Бұның жастарды пат­риот­тық сезімге тәрбиелеудегі маңызын айтып жату артық. Жазушыларымызда ынта болса оған барлық жағдай бар сияқты. Осы шайқасқа қатысқандардың қай-қайсысы да көркем шығарма­ларымыздың дайын кейіпкерлері деп түсінемін.

Желтоқсан көтерілісімен байланысты не бір көше, не бір елді мекен аты жоқтығы көңілге ауыр ой салады. Кеңес үкіметінің саяси қайраткерлерінің, елді бүлдірген революционерлерінің есімдерімен аталатын аталымдарды бүгіндері көбейтпесек, азайтқан жоқпыз. Оларға қойылған ескерткіштер гүлге бөленіп, осы елге, халыққа еңбегі сіңген ұл-қызы сияқты осы күнге дейін орталық көшелерімізде қасқайып тұр.

Ал көшедегі жарнамаларға келсек, түсініксіз атаулардан көз сүрінеді. Осы туралы қаншама айтылды да, жазылды да. Құлаққа жақпайтын аталымдардан құтылатын күн туа ма?! Осыларды көріп отырғанда, біздің егемендігіміз қайда деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде көрші елдер, тіпті Ресейдің өзі бізден көш ілгері. Олар қандастарын қайтаруға, халқының санын көбейтуге, бүтін бір аймақтың атын өзгертуге қаржы да күш те аямай жатыр.

Бір көңілге тоқ жағдай ат арқасында жүрген ұлтжанды азаматтарымыз, облыс орталығында тұрған қызыл революционердің атын өзгертіп оған «Тәуелсіздік» деген ат берді. Бұл көпшіліктің ­ойынан шықты. Енді сол жағымсыз кісінің ескерткішін алып тастап, «Тәуелсіздік» монументі орнатылса нұр үстіне нұр жауар еді. Мен бұл туралы «Қостанай таңы» газетіне 15 жыл бұрын жазып едім. Жастарымыздың құлағына жеткені мені қуантады.

Желтоқсан оқиғасы тарихымызға алтын әріппен жазылған ұлттық санамыздың оянуының айқын бір жалғасы. Ол халқымыздың жан жарасы, көз жасы болса да, ол біздің мақтанышымыз, ерекше бір салтанатымыз, әрі тарихымыз.

Жаңару рухына шынайы сеніммен қараған жастар үлкен үмітпен Алматының орталық алаңына шықты. Олардың ниеті – қоғамда болып жатқан жаңалықтарды қолдап, оның мұраттарын халық игілігі үшін пайдалануға қол жеткізу еді.

Алаңда толқудың негізгі себебі қоғамда болып жатқан көптеген әділетсіздік пен қиянаттарға қарсы наразылық білдіру болатын.

Бұл ұлтшылдардың көтерілісі емес, ұлтжандылардың көтерілісі еді. Себебі сол шеруге қатысушы­лар­дың ішінде әр ұлт өкілдері болды. Мысалға, милиция органына жеткізілген 2401 адамның 99-ы басқа ұлт өкілдері болыпты. Ұрандарында: «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін», «Әр республикаға – өзінің басшысы» т.б. деген сөздерден басқа ештеңе жоқ еді. Біріншіге лайықты деп, Қазақстанның жағдайын білетін орыс өкілдері – В.П.Демиденко, Н.В.Морозов сияқты мемлекет қайраткерлерінің аттары да аталды. Бірақ айтқанын істетіп қалған аға, інісін шапалақпен үйреткісі келді. Бұл Орталықтағы басшының нағыз қазақ, оның албырт, өжет жастары туралы хабардар болмағанын көрсетеді. Ол мұндай қарсылықты күткен де жоқ еді. Ал іс насырға шапқан соң, оны тоқтату қиынға соқты, ал уақытылы халықтан кешірім сұрап, өз қатесін түзеу оның басына да кірмеді. Оған да үлкен мәдениеттілік керек қой.

Елбасы Н.Назарбаевтың және тағы ұлтжанды азаматтарымыздың табанды түрде жүргізген жұмыс­та­рының арқасында Орталық қазақ халқына жаққан күйесін амалсыздан алуға мәжбүр болды.

Қазақ халқына ұлтшыл ­деген сөздің бұрыннан жат екенін, бұны біздің ата-бабамыз сөзбен емес, іспен талай дәлелдегені бар­шаға мәлім. Оның дәлелі қазіргі ұлтаралық, дінаралық төзімділік. Бізге бұл жөнінде әзірге ешкім үлгі бола қоймас.

Кеңестік «әділ» Конституцияның қағидалары жай сөз екенін, алаңдағы жастардың үні Мәскеуге жетпейтінін, олардың тағдырын итпен, темір күрекпен қайдағы бір жайдағы, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орыстың мұжығы дөрекі түрде шешетінін білсе, жастардың іс-әрекеті басқаша болар ма еді.

 Әрбір ұлттық сана-сезімі бар халыққа тәуелсіздік деген сөз қандай қымбат болса, әр қазаққа сол Желтоқсан сондай қымбат, қасиетті болуы керек.

Тәуелсіздіктің 30 жылдың ішінде біз өзімізді дүниежүзілік қауымдастықтың бір бөлшегі екенімізді әлемге танытып үлгердік. Қазіргі кезде бізді экономикасы ­дамып келе жатқан, жас демократиялық мемлекет есебінде білмейтін ел жоқ.

ТМД елдерін айтпағанда, өзіміз қатарлы елдерден тартымды болып, Еуропадағы ең беделді ұйым ОБСЕ-ні басқардық. Бұл қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын оқиға деп есептеймін. Бұл Қазақстанның даңқы күннен-күнге арта түседі деген сөз. Талапты жастары бар мемлекетіміз мұнымен де шектеліп қалмайтындығына кәміл сенемін.

Осы үлкен жетістіктерді бізге ешкім сыйға тартып, не аспаннан түсе қалған жоқ. Ол сіздер мен біздің еңбегіміздің жемісі. Ол Елбасының қажымас қайратының, ойшылдығының, көрегендігінің жемісі.

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,

ҰҚК-нің құрметті ардагері,

отставкадағы подполковник

ҚОСТАНАЙ

880 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы