• Тұлға
  • 09 Желтоқсан, 2021

СҰҢҒЫЛА

Қали СӘРСЕНБАЙ 
«Ana tili»

Осы күндері халқымыздың бойынан ­рухани бүтіндік айқын сезілер болса, ол үшін біз алдымен тұлғаларымызға қарыздармыз. Бұл айдай ақиқат. Сондай тұлғаның бірі де бірегейі Рахманқұл Бердібай екені сөзсіз. Ойымызға серпін болу үшін бұл кісінің 1956 жылдың 22 тамызында «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласынан үзінді оқып алайық.

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНТІ ӨЗ АНА ТІЛІН БІЛМЕЙДІ

«Бәрінен бұрын қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту жайы мәз емес екендігін айтуымыз керек. Қазақ тілінде грамматика мектептерде 7 класқа дейін өтіледі. Әрине, осы уақыт ішінде көпшілік оқушы сауаттана алады. Бірақ осыдан кейін мектеп бітірушінің басым көпшілігі қазақ тіліне қайта оралмайды. Өйткені Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орындарында қазақ тілі пәні жүрмейді. Қазақ тілі факультетін ашудың қажеттілігін айтпағанның өзінде, институттарда оқитын қазақ студенті қазақ тілін оқуы – шарт. Жоғары оқу орнының, әсіресе техникалық, жаратылыстану факультетін бітірушілердің басым көпшілігі қазақтың әдеби тілін мүлдем білмей шығады. Осыдан барып орысша сөйлеп, жаза алатын, бірақ ойындағысын қазақ тілінде ауызша да, жазбаша да дұрыс жеткізе алмайтын кадрлар пайда болады. Мұның ақыры неге соғатындығын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бізде қазақ тілінде жаза білетін инженер, агроном, физик, зоотехникті ілуде бір кездестіруге болады. Мұның өзі кейде кісі күлерлік жайға душар етеді. Қазақ интеллигенті өз ана тілін білмейді».

Рахаң мұнымен тоқтап қалған жоқ. Осы мақала оның ұлт тағдыры жөніндегі бұдан кейінгі айтар толғаныстарының хабаршысы, жолашары болды. Дейтұрғанмен де, ендігі мақалаларына кедергі күшейіп, баспасөздің беті жабық болды. Соған қарамастан «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» атты мақаласы «Әдебиет және искусство» (1956, №121), «Көкшетау правдасы» (04.01.1957) басылымдарында жарық көрді. Ал енді осы мақаладағы мына жолдарға назар аударыңызшы. Сұрапыл ғой.

«Зерттеушілер орыс мәдениетінің, әдебиетінің Россиядағы басқа халықтарға еткен игілікті әсерін дұрыс түсіндіре келіп, сол халықтардың ескі әдебиетінен ылғи бір ұқсас жайларды, мөлдір достыққа шақырған ­идеяны іздеді... Жырда немесе жеке шығармада орыс отаршыларына қарсы ілуде бір сөз айтылса, ол шығарма халықтар достығына зиян деп табылды... Кез келген зерттеулердің күрделі бөлімі совет мемлекетін, оның басшысын мақтауға арналатын. Осының өзі асқан терең ойлылық саналатын. Олар бейнебір ұлтшылдыққа қарсы күрескен болып отырып, әдебиеттің ең таңдаулы шығармаларын жойғысы келді».

Ал енді кез келген уақытта адам тағ­дырымен қақпақыл ойнайтын кезеңде өзінің ғазез басын осылай бейгеге тігу дегенді сіз қалай түсінесіз? Әрине, қазір заман басқа. Көкейіңіздегі ойды бүкпесіз айта аласыз. Былайша айтқанда, екінің бірі батыр. Бұл жолда Рахаң жалғыз болған жоқ. Осы мақалаларды басылымға жариялап, оған қолдаушы пікірлер ұйымдастырған тұлғаларымыз да жүрек жұтқан еді ғой. «Қазақ әдебиетінің» ­Бас ­редакторы, Ахмет Байтұрсынұлының күйеу баласы С.Мәуленовтен бастап (Сырағаңның үйіндегі Гүлжамал шешеміз Ахаңның інісі Қалидың қызы еді) қуғын-сүргінге ұшырады. Партиядан шығарылды, қызметімен қоштасты. Шіркін, сол тұстағы қазақтың ірі зиялыларының ұлт мәселесіне келгендегі ауызбіршілігін айтсаңшы. Әрине, бұл мақалаларға дер кезінде тосқауыл қойып, барынша күрескен партиялық басылымдар да болды. Алайда ұлт зиялыларының осынау қоғамда дүмпу туғызған дүниелерінің алдында партияның Орталық Комитетінің өзінің ­арнаулы қаулы қабылдауы да бір шарасыздықтың белгісіндей болып еді. Ол қаулының тұла бойы ұлтшылдыққа қарсылыққа негізделгенімен, ұлт мүддесін ескеру қажеттілігін ашық түрде айтпаса да жасырын сезінгені рас еді. Былайша айтқанда, сол кезеңнің советшіл шенеуніктерін аз да болса тәубесіне келтірді Рахаңдар. Айталық, дерек пен дәйекке сүйенсек, сол тұста Қазақстанда 700 қазақ мектебі жабылды. Бір Ташкенттің өзінде 30 қазақ мектебі болса, Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды (қазіргі күні керісінше). Міне, осындай қиын кезеңде Рахаңның атқа қонып, ақырып теңдік сұрауы сол кездің көзімен қарағанда қаһармандықтың көрінісі еді.

ҰЛТШЫЛДЫҚ САБАҒЫ

Рахманқұл Бердібайдың мұның сыр­тындағы бір айрықша еңбегін және бір атап айтпасқа болмайды. Шынын айту керек, тоталитаризмнің текеметіңді тіліп, тегіңді тұқымымен құртуға негізделген сұрқия саясатына қарсылық білдірудің түрлі айла-амалдарын да ойлап тапты Рахаңдар. Ұлттың рухани сұранысын қанағаттандыратын орындар сол кездегі Алматыда санаулы-ақ болатын. Оның бірі әкемтеатр мен жастар театры болса, енді бірі бүгінгілер жыға танып біле бермейтін қазақ өнері мен әдебиетінің халық университеті еді. Осы ақы-пұлсыз қоғамдық негіздегі университеттің ректоры Р.Бердібай болды. Бұл университетті ол 30 жыл басқарды. М.Әуезов мұражай-үйінде орналасқан университет өз ғұмырында Рахаңның бастамасымен 500-дей дәріс өткізген екен. Қ.Ергөбектің тауып айтқанындай, бұл дәрістер өркениет үлгісі, ұлтшылдық сабағы еді. Бұл университеттің маңыздылығы сонда – баспасөзде жариялана бермейтін «жабық» тақырыптар оның әр басқосуының арқауы болды. Егер бүгінде бойымызда осы ұлтқа қызмет етуге деген ынта қалыптасқан болса, сол университеттегі белгілі тұлғалармен кездесуден, дәрістерден түйген тағылымның арқасы. Бұл университет біздің рухани кеңістігімізді торлаған бұлттан сейілтіп отырды. Қысқасы, біз екінші университет бітіріп шықтық. Бізге рухани тәуелсіздік сыйлаған осы орта еді. Ол шын мәніндегі халық сөзін сөйлеген университет болды. Ол жерде елдің болашағына бағдар жасалатын, ұлттың рухани мақсат-мұраты айқындалатын. Бұл жолда бойымызға кеңестік ғадетпен әбден сіңіп қалған мәңгүрттік пен көзқамандықтан арылу да оңай болған жоқ. Міне, осы бір үрейлі терминдердің мәнін алғаш рет түсіндірген тұлғалардың бастауында да Рахаң тұрды. Ол бертініректе бұл ұғымдардың қатарына тереңірек үңіліп, Тәуелсіздік алған жылдарда «Мәңгүрттік пен көзқамандық – бір-бірінен айырмасы үлкен, екі түрлі құбылыс... Мәңгүрттер есінен айрылған міскіндер болса, көзқамандар елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер» деп жазды «Байкалдан Балқанға дейін» деген атақты мақаласында.

«Әлі есімде, маған Орталық Комитетке хатшы болып сайланысымен арада он күн өтпей жатып, Қазақстан Жазушылар одағының пленумында сөйлеуге тура келген еді. Рахманқұл Бердібай сол кездесуде зиялы қауымнан бірінші болып Наурыз мейрамын атап өту жөнінде мәселе қойған болатын» деп жазды Өзбекәлі Жәнібеков.

ОЛ ТЕК ҚАЗАҚШЫЛ ЕМЕС, ТҮРКІШІЛ ДЕ БОЛДЫ

Рахаң ұдайы осындай тың бастама, ­идеяларды тынымсыз көтеріп және оны аяқсыз қалдырмай сол жолда күресіп жүретін. Өзағаңның айтқанындай, 80-жылдары Рахаң бастаған ұлт патриоттары айтыстың қайтып оралуына да көп тер төкті. Сондай-ақ шыға бастағанына 30 жылдан асқан «Алматы ақшамы» да Рахаңның алдында қарыздар десек болады. Алматыдай алып шаһарымызда әлі күнге дейін қазақ тілінде өз басылымы жоғын айтыстың төріне алып шығып, қоғамдық пікір туғызып, жоғары жақтың назарын аударып, кейіннен осы ойдың үлкен тартысқа ұласып, ақыр соңында «Ақшамның» жарық көруімен тәмамдалған еді. Рахаң өмірінен толғай берсеңіз мұндай жанкешті тірліктер таусылмайды.

Өмірінің соңғы жылдарында ұлтымыздың ғана емес, түркі жұртының рухани астанасы, өзінің туған топырағы Түркістанға қоныс аударуының да зор мәні бар еді. Ол тек қазақшыл емес, түркішіл де болды. Атақты ­«Советская туркология» журналының редколлегия мүшесі болу кез келгеннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Бұл оны тек сол кездегі одақ емес, түркі ғұламаларының да мойындағанының шынайы белгісі. Әдетте ұлан-ғайыр білімі бола тұра, сол байлықты ұлтының игілігіне жұмсай алмайтындар да аз болмаған. Бұл жолда Рахаңа мінез де берді. Бұл халқы үшін зор бақыт еді. Әрине, ол заманда ұлтшыл болмасаң іс бітпейтін. Бірақ оған екінің бірі тәуекел ете бермейтін. Рахаң ұлтшыл болғанда соның бірегейі еді.

Несін айтасыз, сұрапыл-сұңғыла еді ғой ақсақал.

1676 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы