• Қоғам
  • 09 Желтоқсан, 2021

ҚОРҒАНУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Күзде медициналық вакцина шығаратын «Otarbiopharm» зауыты ашылды, оның жыл сайын 60 млн доза препарат шығаруға қауқары бар. Бүгінгі таңда 40-тан астам мемлекет қызығып отырған «Qazvac» осы зауыттан шығарылады. Яғни еліміздегі алғашқы зауыттан шығарыла бастаған алғашқы вакцина. Бұл вакцина бірден «Халал» сертификатын алып, сұранысқа ие болды. 

«QAZVAC»-ТЫҢ ҚОРҒАНЫШ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

Вакцинаны дайындауға қатысқан ғалымдардың айтуынша, бұл вакцина үш деңгейлі сынақтан өткен. Алғашқы деңгейінде небәрі 44 адам сынақтан өтсе, екінші деңгейінде 200, үшінші деңгейінде 3 мың адамға салып, 6 ай бойы бақылап отырған. Нәтижесінде вакцина алған адамдардың ағзасында вирусқа қарсы антидене қалыптасып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан.

«Сынақ Алматы мен Тараз қала­сында үш клиникалық базада өтті. Сол тексерістен иммунитеттің деңгейі 82 пайыздан асты. Мұндай жоғары иммунитетті «ұжымдық иммунитет» дейді. Сондықтан вакцинамыз иммунигендік жағынан жоғары деңгейдегі дәрмек. Ол басқа вакциналарға қарағанда адам ағзасына ең қауіпсіз вакцинаның қатарына жатады. Мысалы, басқа вакциналардың аурудан қорғау деңгейі төмендеп жатыр. Кейбірі 60 пайызға, 50 пайызға түсіп кетіп жатыр, тіпті 50 пайыздан төмен болып кеткендер бар. Себебі жаңадан шыққан вирустың түрлері көбейіп кетті. Яғни вакцина салған адамдар ауырып қалып жатыр. ­Дегенмен вакцина нашар деп айтуға болмайды. Себебі вакцина еккен адам аурудан қалай болғанда да қорғанады. Ауырып қалған жағдайдың өзінде ол жеңіл түрде өтеді. Сондықтан қай вакцина болса да, ауруға қарсы тиімділігі жақсы, оң нәтиже береді. Ал біздің тәжірибемізде «Qazvac» «дельта штаммы» мен «британдық штамға» жақсы төтеп беруде. Олай дейтініміз, осы вакцинаны алған адамдардың арасында вирустың жаңа түрімен ауырғандар тіркелген жоқ. Сондықтан біздің вакцинаны жоғары деңгейдегі сапалы деп айтуға болады», – дейді ҒЗИ ерекше инфекциялар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов.

Ғалымның айтуынша, «Qazvac» ДДҰ мойындаған вакциналар тізі­міне әлі енбеген. Әзірге тек қажетті зертханалық құжаттарын дайындап, Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырылыпты. Сонымен бірге таралу аумағы да көп емес, яғни елден аса алмай отыр. Өйткені жаңадан ашылған зауыт әзірге тек мемлекеттің тапсырмасын ғана орындап отыр.

«Әзірге шетелге шығаруға шамамыз келмей жатыр. Тек гуманитарлық көмек ретінде Қырғызстанға тамыз айында 25 мың дозасын берген едік. Мемлекеттің шешімімен қалған 2,5 млн дозаны елдің ішінде қолданып жатырмыз. Негізінде шетелдерден сұраныс бар. Оны орындауды келесі жылға қалдырып отырмыз», – дейді Леспек Бекболатұлы.

 

«PFIZER» ФАКЦИНАСЫНА СҰРАНЫС АРТТЫ

«Pfizer» компаниясының шығарған «Comirnaty» вакцинасы салдыратын континген шектелген. Оған 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, жүкті әйелдер және бала емізетін аналар кіреді. Бұл вакцина Қазақстан­да уақытша мемлекеттік тіркелген. ­Сонымен қатар төтенше жағдайларда қолдану үшін ұсынылған ДДҰ-ның тізіміне енгізілген.

«5 желтоқсан мәліметтеріне сәйкес «Pfizer» вакцинасының I дозасын жалпы 126 674 (6,3%) адам салдырды. Оның ішінде: жасөспірімдер – 101 114, жүкті әйелдер – 7 630, бала емізетін әйелдер – 17 930. Бұл вакцинаның қорғаныш деңгейі қандай деген мәселеге келсек, оны АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Израиль және Бельгия, Үндістан, БАӘ секілді мемлекеттер қолданатынынан түсінуімізге болады. Өйткені бұл ДДҰ мақұлдаған және 12 жастан асқан жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді вакцинация­лауға ұсынылған жалғыз вакцина», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі ­Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі «Pfizer» компаниясымен қосымша ком­мер­циялық негізде вакцина алу жұмыстары бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Сондай-ақ дәрігер­лер бұл вакцинаны жүкті әйелдер де алған жөн деп кеңес береді. Еуропалық және ресейлік клиникалық зерттеулерге сүйене отырып, 16 аптадан 38 аптаға дейінгі аралықта вакцинациялауды ұсынады. Ал 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге тек ата-аналарының рұқсатымен және қатысуымен егіледі. Аталған вакцинаны алуға шешім қабыл­дағанның алғашқыларының бірі – Тасқыновтар отбасы. Олар студент қыздарының денсаулығы үшін «Pfizer» вакцинасын таңдаған.

«Қызым Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1-курсында оқиды. Оқуы да онлайн емес. Көп­шіліктің ішінде жүреді, қоғамдық көлікке мінеді, университетте, кітап­ханада, әрқашан адамдардың арасында жүреді. Сондықтан үй-ішімізбен ақылдасып, қызымызға «Pfizer» вакцинасын салдырамыз деп шештік. Сөйтіп, америкалық вакцинаның 1-компонентін қараша айында алдық. Енді өзім де жұмыста қызыма алаңдамай жүретін болдым. Бұл, ең біріншіден, өзіміз үшін маңызды. Баламыздың ауырмауына біз ата-ана жауаптымыз. Вакцинадан кейін қызымда ешқандай кері әсер байқалған жоқ, өзін өте жақсы сезінді. Қазір алаңсыз білімін алып жүр, болашақта мықты маман боларына сенемін», –дейді алматылық Әлия Тасқынова.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 10 қарашада Қазақ­станға Pfizer вакцинасының алғаш­қы партиясы жеткізілді. Алматы қой­масында вакцинаның алғашқы 46 800 дозасы, бірінші компоненттің 23 400 дозасы және екіншісінің 23 400 дозасы бар. Екі бөлігінің арасы 21-28 күн болуы керек.

 

РЕВАКЦИНАЦИЯ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ?

Еліміз бойынша ревакцинация жұмыстары 22 қарашадан басталды. Бүгінгі күнге (06.12.2021 жылғы сағат 19:00-де) ревакцинациядан өткен азаматтардың саны 26 449-ге жетті. Ал аптаның ағашқы тәулігінде ревакцинациядан 1 201 адам өтті.

Жалпы ревакцинация дегенді дұрыс түсінбей жүрген адам көп. Ревакцинация – бұл қайта вакцинация. Екпеден соң пайда болған ағзаның иммун реакциясының күшін сақтау үшін салынады. Жақында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі халықты ревакцинациялау жөнінде шешім қабылданғанын хабарлады. Вакцинаның үшінші дозасын бірінші кезекте 60 жастан асқан адамдар мен өздігінен зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар салдырады. Біз осы орайда «Үшінші доза қауіпсіздік жағынан қаншалықты кепіл бола алады?» деген сауалмен Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі ­Ержан Байтанаевқа хабарластық. Оның ­айтуынша, ревакцинация өте маңызды процесс.

«Вакцина қабылдаған және ауырып сауығып шыққан азаматтардың иммунитеті 6-9 айда әлсірей бастайды. Сондықтан антиденелерді күшейту үшін ревакцинация ұсынылады. Ревакцинацияның айқас әдісін қолдану тиімдірек деп саналады. Вакцинацияланған векторлық вакцина («Спутник V») тоғыз айдан кейін Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac немесе m-РНҚ вакциналарын алу ұсынылады. Сонымен қатар адам өз қалауы бойынша бірдей вакцинамен қайта вакцинациялай алады», – дейді Е.Байтанаев.

Халықтың жартысы әлі вакцинаның бірде-бір дозасын салдырмағаны белгілі. Сондықтан да «вакцина алған аз адамды ревакцинациялаудан қарағанда, әлі екпе алмағандарды вакцинациялаған дұрысырақ емес пе?» деген сұрақтың туындайтыны даусыз. Бұл мәселеге де мамандардың айтар өз уәжі бар.

«Бізге барлық мәселе маңызды. Вакцина алмаған азаматтардың екпе алуға, сонымен қатар ревакцинация жұмыстарын жүргізу ерекше мәнге ие.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ко­ро­навирус инфекциясына қарсы вак­цинаның салдырған: 1-ком­понен­тін 8 783 874 (77,1%) адам, 2-ком­понентін 8 182 339 (71,8%) адам алған. ­Дегенмен қандай жағдай болмасын, «ұжымдық иммунитетті» сақтап қалу үшін вакцинаның үшінші дозасын алу да өте маңызды», – деп жауап берді Денсаулық сақтау министрлігі сани­тарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Е.Байтанаев.

P.S.

Айта кетейік, TheLancet ғылыми журналы әлемдегі ревакцинация жайлы зерттеу жұмысын жариялағаны белгілі. Зерттеуде вакцинацияның алғашқы компоненті коронавирустан қажетті деңгейде қорғайтыны айтылып, үшінші дозаны уақыт өте иммун қорғанысы әлсірейтін 65 жастан асқан егде кісілер мен иммунитеті әлсіз адамдарға алуға кеңес берген. Ал елімізде ревакцинация­лау ерікті түрде ұйымдастырылады. Бұл процедура алдын ала белгіленген топтар арасында өтеді, оған халықтың денсаулығы осал топтары жатады. Жауапты мамандардың айтуынша, ревакцинацияны өтпегені үшін қандай да бір қосымша шектеулер қарастырылмаған. 

1403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы