• Руханият
  • 09 Желтоқсан, 2021

Қазақы мінез қайда кетті?

Қазақ халқы – сан ғасыр  өзінің кең байтақ даласында еркін өмір сүріп, ұрпақ жайған ұлы халық. Жауласқанмен жауласып, дауласқанмен дауласып, еліне де, жеріне де ие болған батыр да, батыл, жауынгер халық. Жер десеңіз жері бар, тіл десеңіз – мағыналы  мәнді, қорғасындай салмақты, шешендік сөзге бай, көлдария, көркем ғажап тілі бар. 

Біз тіліміз арқылы қазақ халқының өте ақылды, ақжүрек, ақжарқын, өмірден үйренген тәжрибесі ұлан-ғайыр, ­саналы, тәлімі мен тәрбиесі мол бірегей халық екенін танимыз. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы оның санасында мәңгі жазылған, оны ешкім өшіре алмайды. Бірақ «Жау жоқ деме жар астында» демекші, себепсіз ­жауласпайтын сабырлы, салмақты халқымызды бөтен тілге, бөтен мәдениетке тәуелді етіп, өз тілімізден ұрпақтарымызды бездіріп жатыр. Кемерінен аспайтын қазақы мінез қалмады. Өзге ұлт қазақтың сабырлылығын көнбістікке балайды білемін.

Балаларға арналған, тәрбиелік мәні зор ­кинофильмдер, ­мультфильмдер түсірудің ­орнына біздің кинематографтар орысша-қазақша аралас сөйлейтін шұбар тілді, сюжеті криминал тақырыбына түсірілген киноларын шетелге апарып сыйлық алып жатады, ол кімге керек екенінде шаруалары жоқ.

Тәрбие – тал бесіктен екені рас. Интернационалистік көзқарас әлі де жалғасып келе жатқаны белгілі, өмірден де байқалады. Кеңес кезінде «сен – орыс, мен – қазақпын» деу қылмысқа тең болды. Сондықтан бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, алдымен ол баланың қазақ  ұлтының өкілі екенін есі кіре бастағаннан жете ұғындыру керек. Баланы туған соң қолға алғанда алғашқы сөзің де қазақша болсын. Көп қазақ «доча», «сына», «солнышка» деп айналып-толғанған соң солай кете береді, ол болмайды. Аталарымыз «Баланы жастан, қатынды бастан» деп неге айтты? Қазақ – тәрбиесі бөлек ерекше халық, аталардан қалған  ақылды сөздерде шек жоқ, оқыған сайын тәнті боласың. Оқи бергің келеді.

Біз бала кезімізде үлкендердің жақсы өнегелі әңгімелерін тыңдап өстік, ержеттік, өзіміз де ата-ана болдық. Қазіргі балалар үлкеннен өнеге алуды, сөздеріне құлақ асуды артық санайды.  Меніңше, мектеп бағдарламасына «Қазақ халқының ұлттық тәрбие негіздері» деген пән қосу қажет. Өз пайымым.

Ұлттық сана тілмен байиды. Сана өзіңмен бірге туғанмен, тіл оны жетілдіреді. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ата-ананың, қоғамның алға қойған негізгі де, басты міндеті. Біздің болашағымыз – балаларымыз. Балаларымыз қандай саналы, білімді, жан-жақты зерделі болса, өз тілін жете меңгеріп, еркін сөйлесе мемлекет іргесі мықты болады. Бізді еш жау алмайды. Ал өз тілі, ұлттық санасы мен ұлттық мінезі жоқ ұрпағы бар халықтың болашағы жоқ. Тілсіз ұлт жоқ, ұлтсыз мемлекет жоқ екенін әр шаңырақтың өсіп жатқан ұл-қызы біліп өссе екен. Балаларымыздың бойына қазаққа ғана тән асыл қасиеттердің: ұстамдылық, сабыр, ізгілік, мейірбандық, қайырымдылық, батылдық, шешендік, өнер­паздық, кішіпейілдік, қонақ­жайлылық т.б. бәрін сіңіре білсек нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ болып туғанына қуанатын балаларымыз болсын!

«Адам адамға – дос, бауыр» бұл біздің ұранымыз. Бірақ жер бетінде қанша ұлт болсын, әр ұлттың өз мүддесі бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан – Қазақ Елі. Ол патшалы Ресей заманында да, қызыл Ресей ­заманында да, Қазақ Елі – Ұлттық мемлекет болды, әлі де Ұлттық мемлекетпіз. Сондықтан өз ұлтымыздың болашағын ойлау – әр қазақтың міндеті. Қанша орысша, ағылшынша, арабша, қытайша еркін сөйлесең де сен олардай бола алмайсың. Сенің ата-бабаң қазақ. Соны біліңдер, балалар!  Сондықтан да жер бетінде қазақ болып қалу үшін өзіміздің қазақы мінезімізді-менталитетімізді көзіміздің қарашығындай сақтауы­мыз қажет. Балаларымызды нағыз қазақы мінезді ұрпақ етіп өсіру баршамыздың міндетіміз.

Марал ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ,

Журналистер одағының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы

1222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы