• Әдебиет
  • 09 Желтоқсан, 2021

СӘУЛЕСІН ҚҰЙҒАН САНАҒА

Ертеректе «Қазақстан келешекке крест арқалап бара ма?» деген мақала жазғам. Сол мақалада ескi сырқаты қайталаған көршi кемпiрдің шақырылған «Жедел жәрдем» көлiгiне отырудан үзiлдi-кесiлдi бас тартқаны жайлы жазғам. Кейуананы тiксiндiрген нәрсе «Жедел жәрдем» көлiгiнің қапталында көзге көрініп тұрған қызыл крест белгiсi болатын. «Екi дүниеде риза болсын десеңдер, менi қыстамаңдар! Күнә арқалатпаңдар» деп азар да безер болып, крест белгісі бар көлікке мінбей, ақырында көз жұмған болатын. Біз өз ғұмырымызда осындай оқиғаларға талай куә болдық. Ол заманның қариялары Құдайын аузынан, Құранын қолынан тастамайтын нағыз тақуа жандар еді. Туған атам Тұрғанбай сонау атеистік совет заманында бес уақыт намазын ешуақытта қаза қылмаған пірадар болатын. Сондай тақуалығымен, сондай даналығымен бәрімізге үлгі шашқан екен. Әттең, сол дәуірінде оны түгелімен, тегіс оң түсінген жұрт болған жоқ. Қазір қарап отырсақ, солардың өмір сүру дағдысы, адамдармен қарым-қатынасы, бәрі-бәрі Құраннан сіңген екен ғой...

Біздің қазіргі қоғамдық санада «Құранның құпиясы» деген ұғым бар. Құранның осы құпиясын іздеп қаншама ғалымдар ғұмырын сарп етті, тер төкті. Соның арқасында тәпсір ғылымы қарыштап дамыды. Әрине, Құранды түпнұсқадан оқи алатындар үшін аса қиындық жоқ. Алайда араб тілін білмейтін, әлі оқып-меңгермеген жандар үшін Құранның қазақша аудармасы ауадай қажет. Себебі мұсылманның болмысын қалыптастыратын – Құран. Ол – заң, тәртіп, өмір сүрудің ережесі. Құран – осы уақытқа дейін дүниеге тараған кітап атаулының төресі. Ол – Алланың кітабы, Хақтың бұйрығы. Олай болса, Құранды оқып-таразылау, Алланның тыйым салған нәрселері мен рұқсат берген дүниелерін білу, жалпы Ислам тарихымен танысу, шариғат ережелерін ұғынып-түйсіну – бәрімізге міндет.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының «Айқап» журналының 1912 жылғы №5 санында жарияланған «Білімділерге бес сауал» деген әйгілі мақаласы бар. Әйгілі болатыны сол, қажының сол уақытта «Айқап» арқылы мұқым қазаққа жолдаған сұрақтары әлі де өзекті:

Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?

Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?

Ең жақсы адам не қылған кісі?

Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?

Осы сындарлы сұрақтардың бәрінің жауабы Құранда тұр. Шәкәрім қажы осындай сауалдарын жолдау арқылы сол уақыттағы қазақты Құранға, Аллаға жақындатқысы келген секілді.

Құранмен сырлас болған жан тура жолдан таймайды, кісі баласына қиянат қылмайды, қоғамдағы өз орнын тауып, Абайша айтқанда, кірпіш – дүниеге, кетігін тауып қаланады. Бұрын да солай болған, қазір де осылай. Сондықтан мәңгі мұғжиза болған хикметке толы қасиетті Құран қай-қайсымыздың қолымыздан түспеу керек деп білемін.

Жоғарыда айтқандай, Құранның арабшасын түсінбеген жандар үшін қазір қазақша аудармалары баршылық. Дегенмен осы аудармалардың ішінде тілі, көркемдігі жағынан түсінікке жеңіл, ойға сіңімді, қазақ тіліне сапалы да сауатты аударылған жаңа нұсқасы – исламтанушы, PhD доктор Ершат қажы Оңғар мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі прозаик, аудармашы Нұржан Мұратәлі білек қосып, бірігіп тәржімалаған «Қасиетті Құран. Мағынасы мен түсініктемелерінің» орны бөлек дер едім.

Қандай кітап болсын, қолға алған кезде алдымен оның әдеби көркемдігіне мән береміз. Әдеби көркемдік деген кітапты мүлдем көркемдеп, жоқты бар етіп қайта жазу деген сөз емес, барынша кітаптың тілі шұрайлы, оқыған жанды сүріндірмейтін, керісінше, ілестіріп ала жөнелетін, хәкім Абайша айтқанда, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетін көркем дүние болғаны маңызды. Бұл жағынан Ершат Оңғар мен Нұржан Мұратәлі аударған еңбек тіл заңдылықтары мен әдеби көркемдік талаптарына сай, оқырманның көңілінен шығатын, жан дүниесін нұрландырып, ынтықтыра түсетін ауқымды еңбек болды деп есептеймін.

Одан бөлек, осы кітаптан жоғарыда келтірген «Құранның құпиясы» деген ұғымды жан-жақты ашуға деген ұмтылысты байқадым. Кітапта Құранның араб тіліндегі нұсқасымен қатар оның қазақша мағынасы, транскрипциясы және тәпсірі беріліп отырады. Бұл да қазіргі уақыттағы ең қажетті дүние деп білемін. Себебі Құранды оқу бір бөлек те, түсініп оқу бір бөлек, яғни белгілі бір аяттың тарихы мен түсініктемесінің қатар берілгені оқырманды күмәнді ойдан арылтып, діни танымын кеңітіп, іздегенін табуға жәрдемдеседі.

Бүгінгідей интернеттегі ақпараттардың алға озып, әлеуметтік желілердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған шағында ілгерідегілер айтқандай, «дінді ұстану шоқ ұстаумен бірдей» болды. Ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі ақиқат дін қайсы, деструктивті ағым қайсы, жастардың санасы сан-саққа бөлініп кетті. Мұндай жағдайдың бір себебі, Құранды дұрыс түсінбеуден шығып жатыр. Сондықтан Алланы іздеген, Құранмен танысуды жөн көрген жас­тар Ершат қажы Оңғармен Нұржан Мұратәлінің «Қасиетті Құран. Мағынасы мен түсініктемелері» аудармасын ден қойып оқыса, ешқашан сарқылмайтын мол қазынаға кенелетіні анық.

Оның үстіне, бұл кітап Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өткен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясының оң бағасын алған, сол себепті қасиетті Құранның осы аудармасы нағыз қазіргі қоғамға қажет, Алланы тануға жетелеп, екі дүние бақытына жол ашатын құнды еңбек деп есептеймін.

Құранды қазақшаға аудару мол ізденістен бөлек, асқан жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені аударманың бір жерінде қате кетсе, кітапты қолына алған қаншама адам қате күйінде қабылдайды. Қуанатыным, бұл кітап мұндай тілдік түйткілдерден ада екен.

Құранды түпнұсқаға жеткізе аударудың ендігі бір жетістігі – аудармашылар да, қасиетті кітапты тәу етіп қолына алып, түсініп оқыған барша мұсылман да Алланың сауабына кенелетіні аян. ­Демек, бұл кітап осы өмірдегі оқырмандарға рухани азық болып қана қоймай, келешек буындар үшін де ризықты қызмет ете бермек. Қолына қалам ұстаған әр адам артына өшпейтін із қалдырса, өзгелер сол ізбен жүріп, тура жол тапса, ол да сауап. Сондықтан жылдар бойы ізденіп, талмай, жалықпай осындай сауапты жұмысты атқарған Ершат қажы інім мен Нұржан қаламдасыма Алла Тағала екі дүниенің жақсылығын жаудырсын деп тілеймін!

Сондықтан да пікірімнің соңында ойы орамды, жөні түзу жамағатқа:

Құран деген – құр ән емес, нағыз ән,

Мүсілімге қасиетті мәні – заң.

Сүрелері сәуле құйып санама,

Жүрегіме зәмзәмінен тамызам.

Құран деген – құр сөз емес, кие жыр,

Құбыладан қызыр құяр ие – нұр.

Ай шуақты аяттарын аялап,

Жан-тәніңмен, ой-санаңмен сүйе біл!.. – деймін.

Әрбір аятты жүрек төрінде аялап, сүрелердің сәулесін санасына сіңіріп,  Құран оқитын жастар көбейсін, рухани әлеміміз тазара түссін, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының

лауреаты, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

2188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы