• Білім және ғылым
  • 16 Желтоқсан, 2021

Еркіннің ізбасарлары көбейді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 30 жылдығына орай Азия, Әлем чемпионатының жүлдегері, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, Абай атындағы ҚАЗҰПУ-дың профессоры, ­Райымбек ауданының Құрметті азаматы Еркін Мұқашұлы Сайдақов жүлдесіне арналған 2006-07 жылдары туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен  республикалық турнир өтті. 

Жарыстың ашылу салтанатында Талғар аудандық спорт басқармасының басшысы Аманжол Нұғманов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ өнер және мәде­ниет институтының директоры Тоқ­қожа Мұқажанұлы, грек-рим күресінен КСРО және әлем чемпионы Нұртан Жұмабеков, №2 балалар спорт мектебінің директоры Айгүл Оралбекқызы бастаған қадірлі қонақ­тар құттықтау сөздерін айтып, балуандарға сәттілік тіледі. Құрметті қонақтар қатарында Еркіннің ата-анасы Мұқаш Сайдақов пен Гүлсара Мұқанова және ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев та болып, барша спортшыларға ізгі тілектерін білдірді.

Екі күнге созылған жарыс барысында балуандар 38 келі салмақ дәрежесінен 75 келіге дейінгі 10 салмақ бойынша белдесті. Жарысқа ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерлан Иманғалив бас төрешілік жасаса, ұлттық дәрежедегі төреші ­Ержан Белгібаев хатшылықты атқарды. Жалпы командалық есеп бойынша Шымкент қаласының балуандары бірінші орын алса, екінші орынға Қызылорда облысының спортшылары табан тіреді. Ал үздік үштік пен төрттікті сәйкесінше  Алматы қаласы мен Түркістан облысының командалары бөлісті.

Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, мұндай дүбірлі додалар жиі ұйымдастырылып тұрса жас балуандардың шеберлігі артып, психологиялық тұрғыдан да шыңдала түсетін көрінеді. Ендеше, бұл турнирге қатысқан жастар арасынан да болашақта Еркін Мұқашұлы секілді Азия, әлем чемпиондары шығып, ­Олимпиадаларда Қазақ елінің көк байрағын желбіретеді деп сенеміз.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

3210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы