• Cұхбаттар
  • 16 Желтоқсан, 2021

Тұрапбай ЖАРДАМБЕКҰЛЫ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙТЫН ШАҚ ӘЛІ АЛДА

Шетелдегі қазақ диаспорасы, ондағы қандастар дегенде, ең алдымен, сондағы қазақ интеллигенциясы, ғылым мен мәдениеттің өкілдері көз алдыңа келеді. Қытайдағы қазақтар арасында Шыңжаң өлкесінде аты аңызға айналған, даңқы қазақ еліне мәшһүр тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Тұрапбай Жардамбекұлы.
Тұрапбай Жардамбекұлы ХХ ғасырдың 50-жылдарының ортасында Қытайдағы қазақтардың ішінен ең алғашқылардың бірі болып, сол кездегі Кеңестік Қазақстанда мал дәрігерлігі мамандығын оқыған. Қадірменді ақсақалымыз Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, 2000 жылдары Атажұртқа оралды. Зейнеткер. Алматының іргесінде тұратын ғалым дәрігерге барып сұхбаттасып қайтқан едік...

– Атыңызды біраз бұрын білсек те өзіңізбен дидарласып, танысудың сәті, міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында түсті. Қазақтың атақты қаламгері Рахымжан Отарбаевтың «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деген сөзі бар. Әңгімеңізді ата-тегіңізден, қайда туып, қайда өстіңіз, осыдан бастасақ қарсы болмассыз.

– Аталарымның, әкелерімнің атақонысы Алматы облысы Панфилов  ауданының арғы жағындағы Сүйдіңкүре деген жер. Қазір ол жер Қытайдың Іле облысына қарасты Қорғас ауданы. Қорғас ауданының Сарбұлақ деген ауылында 1938 жылы дүниеге кел­дім. 11-12 ағайындымын. Топты жанды асырау оңай емес, әкем байдың малын бақты. Отбасымыздың қиыншылығы өте ауыр болды. Анам үй жұмысындағы әйел. 1947 жылдың күзінде әкем мені Сүйдің­күреде ашылған жаңа бастауыш мектепке әкелді де, сондағы бір жақын жамағайынның үйіне орналастырды. Бір жағынан оқимын, бір жағынан ертелі-кеш сол үйдің отын-суын тасимын. Шағын үйдің шаңырағына уық болып шаншылуға тырыстық. Отбасымызда менен өзге оқыған адам жоқ. Бастауыш мектепті бітірген жылы Құлжадағы ерлер орта мектебіне таңдалып алындым. Кейін ол мектеп «Ахметжан Қасыми атындағы гимназия» деп аталды.

– «Ахметжан Қасыми атындағы гимназия» жайлы айтып өтсеңіз...

– Ол кездегі Құлжа басқаша еді ғой, қалың орманмен көмкерілген шағын ғана қала болатын. Ахметжан Қасыми атындағы гимназияға Іленің әр ауданынан ғана емес, Шыңжаңның басқа да аймақтарынан да жақсы оқыған талантты балаларды таңдап алған екен. Ол сол тұстағы Шыңжаңдағы орта білім беретін маңдайалды оқу орны болды. Сабақты арнайы педагогикалық білім алған кәсіби, тәжірибелі оқытушылар берді. Осы орайда екі ұстазым туралы айта кетейін. Оның бірі – Әсейін Жақсылықұлы, екіншісі – Сәкен Орынбайұлы.

Таңжарық ақынның атақты «Қасқыр мен бөрбасар» атты дастанындағы «Бұл иттің басқа иттен түрі басқа, Тарғыл жүн, тікше құлақ, бурыл қасқа. Қар басса осы жылы мүшелі еді, Бір шықпақ Әсейінмен он үш жасқа...» дегеніндегі Әсейін – осы кісі. Әсейін ағай Ташкенттегі атақты Орта Азия университетінде оқып келген екен. Ақиық ақын Таңжарық Жолдыұлының құрдасы әрі досы болған.

Әсекең бізге географиядан сабақ берді.  Бес құр­лықты, ондағы мемлекеттердің астанасы мен жан санын, қандай ұлттар жасайтынын түгел жатқа айтатын. Тіпті қабырғаға ілінген әлем картасының алдында бері қарап тұрып, шыбықтың ұшын иығынан асырып, «Мынау бәлен құрлық, мынау түген мемлекет» деп дәл көрсетіп беретін, жарықтық. Шыңжаң көлемінде мұндай ұстаз саусақпен санаулы ғана деп айтсам, артықтық етпес. Аңызға айналған адам, ұлағатты ұстаз еді.

Ал Сәкен Орынбайұлы Үрімжіден оқып келген болуы мүмкін, ол да сол кездің ең үздік ұстаздарының бірі. Сәкен ағай бізге куратор болумен бірге, физика-математика пәнінен дәріс оқыды.

Қысқасы, екеуі де аймаңдай тұлғалар еді. Біз осындай білікті, білімді, өз ортасынан озып туған зиялы ұстаздардан, үлкен тұлғалардан тәлім алдық. Сол кісілерге қарап, оң-солымызды таныдық. Олар біздің тұлға болып қалыптасуымызға, өзінің білімімен де, мінезімен де, кісілігімен де, былайша айтқанда, жүріс-тұрысымен де үлгі бола білді.

– Гимназияны бітіргеннен кейін қытай­дағы қазақтардың алғашқыларының бірі болып Кеңестік Қазақстанға оқуға келіпсіз, ендігі әңгімені осыдан ары қарай сабақтасаңыз?

– Біз гимназияны бітіретін жылы Қытай мен Кеңес Одағы арасында білім саласы бойынша келісім болған екен. Сол келісімге байланысты, Шыңжаңнан Кеңестік Қазақстанның жоғары оқу орындарынан оқуға өлкедегі қазақ, ұйғыр, өзбек, татар, орыс сынды 13 ұлттан 50 студент баратын болды. Соның ішінде мен де бар едім. Ол кездегі Шыңжаңның мәдениет саласы мен білім саласы бір министрлікке қарайтын. Ол министрлікті Бұқара Тышқанбаев деген кісі басқарды. Бұқара Тышқанбаев саяси қайраткер ғана емес, жазушы, киносценарист болды. Шыңжаң қазақтарының тұңғыш киносы «Қасен-Жәмиләнің» сценарийін жазған адам. Елуінші жылдары ел көшкенде, Қазақстанға өтіп кетті.

Сөйтіп, елу студент 1956 жылы Кеңестік Қазақстанның астанасы Алматыға келдік. Мен Қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мал шаруашылығы институтының мал дәрігерлік факультетіне оқуға түстім. Әрине, бұл менің өмірімде үлкен із қалдырды.

Институттағы барлық оқу процесі орыс тілінде жүретін болғандықтан, алдымен орыс тілін мықтап үйренуге кірістік. Бозбаламыз ғой. Алматы сынды ғажайып шаһарға бірте-бірте бауыр баса бастадық. Тіл үйрену жағында бізге мұғалімдер мен жергілікті студенттер көп көмек көрсетті. Не керек, жатпай-тұрмай, күн демей, түн демей үйренудің арқасында бір жылда орыс тілін еркін меңгеріп алдым. Мұғалімдердің оқыған дәрісін еркін тыңдап, жаза алатын, еркін сөйлеп, пікір алмасатын деңгейге жеттік. Орыс тілі бізге кәсіптік білімді терең үйренуге даңғыл жол ашты. Әлі есімде, Нығмет Сауранбаевтың орысша-қазақша үлкен сөздігі болды. Орыс тілін, негізінен, сол сөздіктің арқасында үйрендім. Сол сөздік кітапханамда әлі сақтаулы тұр. Фазыл Мұхаметқалиев мал дәрігерлігі ғылымының үлкен білгірі еді. Жұбайының аты Найля еді. Осы Найля Базанова бізге физиологиядан дәріс берді. Кеңес Одағына белгілі физиолог ғалым екен. Сол кездің өзінде БҰҰ-ның шақыруымен шетелдерге барып, ғылыми дәрістер  оқиды деп еститінбіз. Ерлі-зайыпты екеуі де инабатты кісілер еді. Кураторымыз бір орыс келіншек болды. Орта бойдан сәл биік, әйел ретінде де, адам ретінде де өте сүйкімді болатын. Бізбен сөйлесіп, жағдайымызды біліп, көмегін де аямай жүрді. Қонақбаев деген кісі де менің есімнен кетпейді. Институттың ректоры-тұғын. Ол кісі бізге терапиядан сабақ берді. Маған «Мал дәрігерлік ғылымымен айналыс, ол қазаққа өте керек ғылым» деп ақыл айтып, бағыт сілтеген осы – Қонақбаев. Қонақбаев кейін институтты бітірген кезімде өзім сұраған оқулықтар мен кітаптарды институт кітапханасынан алып беріп, сыйға тартты. Бұл кітаптар мен оқулықтар маған өлшеусіз байлық болды. Сол кітаптарды өмір бойы пайдаландым.

Айтпақшы, менде қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыйлаған кітаптары бар. Үйдегі апаларың орыс қызы. Қызылдар келгенде Қырғызстаннан қашып, біздің Ілеге барған орыстар екен. Кейін бәрі қазақ болып кетті. Қайнағам Владимир Нокалаевич Зиминко деген кісі 1982–92 жылдары бүкілқытайлық саяси мәслихаттың депутаты болды. 1987 жылы Бейжің пленумына барғанда, Шыңжаңнан барған аз ұлт өкілдерінің ішінен жаңағы кісіні – В.Н.Зиминконы Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде қызмет атқаратын Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдайды. ­Владимир Зиминко өзі орыс ұлтының өкілі болғандықтан, Қасекеңмен орыс тілінде еркін әңгімелеседі. Шын көңілімен риза болған жас дипломат оған кетерінде бір топ құнды кітап сыйлайды. Ол кітаптарды қайнағам маған әкеліп берді. Қарасам, бәрі мал дәрігерлікке қатысты орыс тіліндегі кітаптар. Ол кезде Іленің шалғай ауданында жүрген біздің қолымызға ондай құнды кітаптар түсе бермейтін. Қатты қуандым. Менің Іледегі мал нәсілін жоғарылатуыма көп пайдасын тигізді. «Мәдениет төңкерісі» кезінде, киізге орап тығып тастадым.

Есімнен кетпейтін тағы бір ардақты есім бар. Ол – екі мәрте Социа­листік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов. Алматыда оқып жүріп, ас қорыту жүйемді ауыртып алдым. Институт Кавказға емделуге жіберді. Барсам, Нұрмолда аға сол жерде санаторийде тынығып жатыр екен. Танысып, аз күннің ішінде баласындай болып, бауыр басып кеттім. Ем біткен соң, машинасына мінгізіп, ертіп жүрді. Қазақтың кең даласындай кең пейілді, аңқылдаған кісі екен. Сондай кішіпейіл. Ауылды сағынып жүргенде, әкемді көргендей болдым. «Қазақ – қайда жүрсе де қазақ екен ғой» деген ой сол кезде келген менің ойыма...

Әуелгі сөзімізге оралайық, алды алпыс жыл, соңы отыз жылдан артық сары майдай сақтаған сол кітаптарым ұрпақтарымның кітап сөресінде тұрсын деп, Қазақстанға көшкенде бәрін алып келдім.

Жалпы мен ұстаздан жолы болған адаммын. Бүкіл өмірімде соларды үлгі-өнеге етіп келемін. Қазір олардың бәрі өмірде жоқ. Жарықтықтардың пейіште нұры шалқысын! Ал, екінші ұстазым – кітап. Ол жағынан да асығым алшысынан түсіп отырды...

– Елуінші жылдардың соңында бүкіл Қытай бойынша «Стиль дұрыстау» деген саяси науқан етек алғанын білеміз, сол кезде Қытай өкіметі Кеңес Одағында оқып жатқан Қабдеш Жұмаділов бастаған студенттерді кері шақырып алды ғой?

– Иә, сондай жағдай болды. Бәрімізді қайта шақыртып алып, Үрімжіде «Саяси үйрену» дейтін желеумен үш ай социалистік тәрбиеге қатыстырды. Біз «идеямызды азат етіп», үлкен саяси сүзгіден өттік. Өзіңіз айтып отырған Қабдеш Жұмаділов, Мырзахан Құрманбайұлы бастаған бірнеше жігітке «Ұлтшыл» деген қалпақ кидіріп, алып қалды. Қалғанымызды бір-бір сілкіп алды да, оқуымызды жалғастыруға Алматыға қайтарды. Біз оқуымызды қайта жалғастырдық.

– Шыңжаңға қайтып барғаннан кейін не болды? Неге Қазақстанда қалып қалмадыңыз?

– 1961 жылы осындағы оқуымды тәмамдап, келісім бойынша Шыңжаңға қайттық. Өйткені әу баста Қытай үкіметі оқуға жібергенде, үйленуге, Кеңес Одағында қалуға болмайды деген талаптар қойды және сондай келісім болды. Ол кезде біздің Қазақстанда қалуымызға, қай жағынан қарасаң да, еш мүмкіндігіміз жоқ еді. Шыңжаңға қайтып барғаннан кейін үкіметтің кадрлар назараты (министрлігі) мені Үрімжідегі Шыңжаң мал шаруашылығы назаратына (бұл министрлік дәрежелі мекеме) қызметке бөлді. Онда бір жылға жуық қызмет істедім. 1962 жылы Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Моңғолкүре ауданындағы Іле нәсілді жылқы фермасына жіберді.

– Алматыдан, былайша айтқанда, ­шетелден білім алып келген маман Үлкен жерде – Үрімжіде қызмет істеуі тиіс қой. Сізді неге бірден шалғайдағы шекаралық аймаққа жіберді?

– Оның себебі, сол шетелден оқып келген, саяси жақтан күмәнді деген күдік қана.

Қазір ойлап отырсам, сол Моңғолкүре ауданына барғанымнан ұтпасам, ұтылмаған сияқтымын. Неге десеңіз, өзім ауыл баласымын. «Ел іші – алтын бесік» қой, ауыл тұрғындары мені жылы қабылдап, өз баласындай бауырына басты. Зоя апаларыңды – Зоя Зиминаны осы жерден кездестірдім. Міне, алпыс жыл қол ұстасып, бірге өмір сүріп келеміз. Ал мамандығыма келсем, Іле нәсілді жылқы фермасы 1938 жылы құрылыпты. Кеңес Одағынан алдырған 22 айғыр бар екен. Жоғары оқу орнында оқыған теориялық білімімді іс жүзінде  қолданып, мол тәжірибе жинадым. Менің ғылыми зертханам нәсілді жылқы фермасының жылқы алаңдары болды. Моңғолкүредегі жылқыда жұқпалы аурулар өте көп екен. Әсіресе менингит пен іш тастау өршіп тұрыпты. Оның себеп-салдарын, емдеудің жолдарын қарастырдым. Бұл індеттің жылқы басының азаюы мен генетикасының бұзылуына апарып соғатын күрделі ауру екенін байқап, оны зерттей бастадым. Міне, сол індетті зерттеу 40 жылға жалғасты. Қырыққа таяу мақала, 2-3 монография жаздым. Бір сөзбен айтқанда, қазақ жылқысының жаңа сортының дамуына бүкіл өмірімді арнадым. Біз баптаған сол жылқы тұқымы Іленің брендіне айналды. Қазір, сол Моңғолкүре жылқысының даңқы «Іле тұлпары» деген атпен бүкіл Қытайға әйгілі болды. Іле жылқысының даңқының артқаны сондай, Іле десе, «Тұлпарлар мекені» деген тіркес ойға оралады. Қазақтың көрнекті композиторы Әліпбек Мәлікұлы «Іле тұлпары» деген күй шығарып, оны тарихқа өнер тілімен жазып кетті. Ал «Іле тұлпары» туралы әндер мен өлеңдер өз алдына бір төбе.

Ол уақыт барлық салада кәсіби маман­дардың өте тапшы кезі ғой. Моңғолкүре ауданы шекарадағы үстіртті өңір. Онда мал дәрігерін қойып, адам дәрігері жоқтың қасы екен. Ауыл адамдары ауырып-сырқаса, «Дәрігер» деген атың бар ғой деп, маған келетінді шығарды. Жаны қысылып тұрған адамды көріп, ем-дом жасамау мүмкін емес. Енді не істеу керек? Қолға түскен медициналық әдебиеттерді оқи жүріп, өз бетіммен үйрене жүріп, халық арасындағы жиі кездесетін ­ауруды емдей бастадым. Жарты ғасырға созылған практикалық тәжірибе негізінде халық емшілігінің ­мойын, көкірек, бел омыртқалары мен асқазан, он екі бармақ ішек жарасын емдеудің де жаңа әдістерін аштым...

Үкімет осы еңбегімді көріп, 1982 жылы Іле облыстық зоотехникалық мал дәрігерлік институтына профессорлыққа шақырды. Ары қарай, институттың ­ректоры, облыстық мал шаруашылығы ғылымын зерттеу институтының директоры болып қызмет атқардым. Сондай-ақ 1988 жылы Шыңжаң өлкелік мәслихатқа сайланып, 1998 жылға дейін депутат болдым.

Еңбегім бағаланбай қалған жоқ, ҚХР-ға еңбегі сіңген ғылым-техника қыз­меткерлеріне берілетін мемлекеттік кеңестің және ШҰАР-ға еңбегі сіңген мамандарға берілетін стипендияны алдым. Мемлекет жағынан берілген «Аға мал дәрігері» деген кәсіптік-техникалық атақ­тың иегерімін. Гонконгтан шыққан «Әлемдегі әйгілі адамдар» деген кітапқа есімім кірді.

– Атажұрттағы зейнеткерлік өмір қалай өтіп жатыр, аға?

– Мен Алматының дәмін ерте татқан адаммын ғой. «Қазақстанда оқыған» деген атағым мен үшін бәрінен қымбат. Бірақ оның рахатымен бірге, азабы да аз болған жоқ. Бір саяси самал үф ете түссе болды, ол менің басыма қарлы дауыл болып соққан жылдарды бастан өткіздік қой. Алла сақтап, бәрінен аман өттім. Екі қыз, бір ұлым бар. Үшеуі де жоғары білімді. Бәрі осында жеке кәсіппен айналысады. Ұлым Асқар ішкі Қытайдан Жоғары оқу орнын бітірген соң, бірден Алматыға жібердім. Ол тәуелсіздікті осында қарсы алды. Алматыдан мен оқыған институтта өзім оқыған мамандықты тауысты. Сосын, бізді көшіріп алды. Ұрпақтарымның Қазақстан азаматы болғанына қатты қуандым.

Құдайға тәубе, Тәуелсіз ел болудан асқан қымбат нәрсе жоқ. Елбасымыз Қазақстанның іргетасын берік қалап, бүкіл әлемге танытты. Тарыдай шашырап кеткен қазақтың басын қосты. Бұдан артық қандай бақыт бар?! Міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны жалғастырып жатыр. Өз басым екеуіне де дән ризамын. Мемлекет құру да, оның тәуелсіздігін ұстап тұру да оңай шаруа емес. Халық бірауызды болса екен деп отырамын.

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ғой. Ұлы көштің басталғанына да 30 жыл толыпты. Екеуі де ұлы той. Мен ақыл айтудан аулақпын. Қазіргі жастар бізден әлдеқайда ақылды әрі білімді. Бүгінгі қиыншылықтың бәрі уақытша, өтеді, кетеді. Қазақстанның жұлдызы жарқырайтын шақ әлі алда. Мен соған сенемін. Жасы сексеннен асқан қарияның айтатыны – жақсы тілек, беретіні – ақ бата ғана. Қос мереке құтты болсын! Ұлы еліме тыныштық, береке тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Әсел САРҚЫТ

3707 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы