• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

Бөгенбай батырдың дулығасы музейге тапсырылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейінде Бөгенбай батырдың дулығасын салтанатты түрде мұражай қорына тапсыру рәсімі өтті.

Дулығаны Ақмола облысы Ерейментау ауданы Малтабар ауылының тұрғыны, аты аңызға айналған батырдың жетінші ұрпағы Жабай Кенжалин сақтаған.

Әскери-тарихи музей қызметкерлері жаңа экспонат ерекше тарихи құнды жәдігер екенін тілге тиек етті.

Қанжығалы Бөгенбай батыр – үш жүздің әскерін басқарған қазақтың ұлы қолбасшысы. Ақтық демі қалғанша қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күресіп, жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлік көрсеткен.

Үш ғасыр өтсе де батырдың жеке қаруының кейбірін ұрпағы көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.

Әйгілі Бұқар жырау «Қазақтың қамал қорғаны» деп атаған Бөгенбай батырға жыр арнамаған жырау кем. Бөгенбаймен бірге барлық соғысына қатысқан батыр жырау Үмбетей:

«Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай!

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамандап шулатқан

Қалмақты алдың, Бөгенбай!

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгенбай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгенбай!

Қалмақты қуып қашырдың,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдың!» деп жырлаған.

Шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орайластырылып, қазақ халқының әскер тарихына қызығушылықты арттыруға, мұражай ісін дәріптеуге бағытталды.

Салтанатты рәсімге «Қарулы Күштердің ардагер­лері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы­ның орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов тарихшы-ғалымдар мен бірқатар саяси партияның өкілдері қатысып, сөз сөйледі. 

Еркін ҚАЛДАН

609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы