• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

ӘР АДАМНЫҢ ӨМІР СҮРЕР ШАҒЫ - ҮМІТ

Жұмекен  НӘЖІМЕДЕНҰЛЫ

 

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Фонтан атты шат күлкісін күміс қып,

күн де күлді,

біз де күлдік – ұғыстық.

күздің бұлты көрік берді көңілге,

күздің желі шабыт құйды бір ыстық.

 

Өрім бұлтты өркешіне мінгізіп

Алатаудың қыдыртқаны – бір қызық.

Көңілді адам көрген сайын көшеден

көкірегіңде кетеді бір жыр қызып.

 

Әрбір дәнім – ел ырысы деп біліп,

Дихан-баба терін отыр кептіріп.

Қара тасқа гүл өседі екен-ау

ерліктермен ұштасқанда ептілік.

 

Бір сезімнен,

бір сенімнен таймадық,

бір халық боп, бір қазан боп қайнадық.

Кейбір ұсақ жамандықтың өзі де

кетті бізде жақсылыққа айналып.

 

Жаулар күндеп, жатыр бізді дос ұғып,

қиян-көкке қиял мініп жосыдық.

Жасап жатыр біздің елдің тарихын

жақсылыққа жақсылықтар қосылып.

 

Жақсылықты мен де жырға қоса алам,

заман жақсы:

қарт көңілді,

жас аман.

Заңңың өзін менің ұлы Отаным

ылғи ғана жақсылықтан жасаған...

 

ҰЙҚЫДАҒЫ БАТЫР

 

Басы боп тас дулыға сыйып қалған,

қасы боп қарағайлар ұйып қалған.

Рухын ер қазақтың осы араға

табиғат жасапты өзі қиып таудан.

 

Сақалы – бұйра қайың қайран әппақ,

бұрылып бір жағы анау сайда жатқан.

Ақ бұлттар – қар боп қатқан көз жасындай

сақалдан түсіп жатты тайғанақтап.

 

Жүрсек біз қойны-қонышын үркіп үңгіп,

қас батыр селт етпейді: құр түңілдік.

Жорықтан қажығандай батыр жатыр,

қимылсыз ерінінде мұрты мүлгіп.

 

Көк тастан өтпеген соң күйік-қайғы,

көрпесін тұйықтайды, тұйықтайды.

Жел тынышта – бұталар қалғиды ғой,

ел тынышта – батырлар ұйықтайды!

 

***

Әр минутым ақын болып толғанды,

Әр адамның өмір сүрер шағы – үміт.

Әр ізімде «құс жолындай» жол қалды,

Неғыламын жер жолына табынып.

Еркелейді, еркелейді балалар –

Ересектер еркелетпей немене!

Үлкендік те, кішілік те маған ар,

Адамды үлкен, кіші деп те бөле ме?!

Бөлер едік, уақыт жоқ қой дәл бұған

Ғасыр жүгін алдымызға және үйдік.

Шал шығады балалықтың алдынан,

Ал артында іңгәлайды сәбилік.

Тірлік заңы – сол баяғы қайталау,

Өмір келед «өлім» деген жолдас ап.

Пенде болып жаралған соң айтам-ау,

Әйтпесе мен не бітірем көп жасап! –

Қате пікір! Жасау керек бір ұғым,

Сол ұғымды шынашақпен көтерем.

Болса-ау менің екі ғасыр ғұмырым,

Бірін ойнап, бірін ойлап өтер ем...

 

* * *

Сабыла ұшып сонау, сонау шалғайдан,

Еркін қиял қанатымен самғайды ән.

Сылқым-қайың сылдыратып төгеді

Сағыныштың жапырағын сарғайған.

Ән келеді, ән келеді, ән менің

Көкірегімнің көк аспандай әйнегін

Мөлдір шықпен шертіп-шертіп қалады,

Тамшы-жасын төгіп тұр ма әлдекім?!

Ән келеді, ән келеді, қызығып

Қызыл гүлге қол созады қыз-үміт.

Ән келеді, ән келеді сызылып,

Бұлбұлдардың көмейінен үзіліп.

Биік шығып бүлкілдеген көмейден,

Барған сайын толқын-үндер көбейген.

Қонып жатыр, қонып жатыр ән келіп

Көршілесіп көп күлкімен, көп оймен.

Мүләйім күй – махаббатты тіл ұғып,

Мөлдірлікті ұсынамын шыны ғып!

Сол шынының аржағынан Сен қара,

Бержағынан мен қарайын жылынып...

 

***

Шіркін, ғұмыр жомарт-ау,

жұмылғанша кірпігің

өскен шашың жетер ме сатып алсақ бір күнін.

Заң сықылды ғұмырдың жомарттығы аңқыған,

содан шығар жомарттың ұнайтыны жалпыға.

Бір күнін сол ғұмырдың араздасып шығындап,

ал, бір күнін қайтадан татуласып шығындап

Қор етеміз кейде біз,

Мұның өзі:

ақ-адал

дастарқанын жомарттың аттағандай шынында.

 

***

Ей, Алатау, бұлтқа талай тиіп қап,

тірелдің ғой биік болып тұйыққа.

Тұйықтығың – мұнарланып қалғаның,

тынықтығың – отырғаның ұйықтап.

 

Биіктігің – көрінуге кетеді;

тынықтығың – ерінуге кетеді.

Ұйқы ғана қалды саған,

мен үшін

соның бәрі – ойлануға кетеді.

 

***

Алатау, қатып тұрсың, қатып тұрсың,

жатсаң да тас боп қатып бақыттысың.

Ағызып маңдайыңнан алыс сәуле,

түсініксіз ойларға батып тұрсың.

 

Ащы ойлар алған кезде ішімді ойып,

деп салды мені біреу: түсінбейік;

есем ем сенен жұмбақ,

сені біреу

кеткен бе түсіндірмеу үшін қойып?

 

Әдемісің Алатау,

мықты-осалға

бірдей емес шығарсың, ұқпасам да.

...Әдемі ғой асылдар алмасаң да,

Әдемі ғой биіктік шықпасаң да.

 

* * *

Баспалдақтар заманы!

Сенің даңқың – құдіретті жаңғырық

Алатаудың маңдайына соғады

Еңбегім мен үмітімді ән қылып.

Неткен ғажап көп қатарлы үйлері

Көп сатылы ракета құсаған –

Космосқа, қиял кешкен түндері

Өзім тұрған этажыммен ұша алам!

Аласа ойда – асқақ үміт бола ма,

Жан жыли ма – от болмаса көзіңде.

Қанша биік болса-дағы замана,

Оған шығар баспалдағы да өзінде.

Жасаған жоқ биіктікті қол ағат

Құлау үшін баспалдақпен домалап.

Көтер, көтер өз туыңды жоғары

Күшті қол мен баспалдақтар заманы!

Баспалдақтар – бейне ұзын сөйлемім,

Көрем мінін – түзетуге жоқ шамам.

Тек нүктелер селт етпейді, бейне бір

Жүрек құсап мәңгі-бақи тоқтаған...

ТАРАЗЫ

 

Тұрмыста: басамын деп ақ қараны

Бүйірін таянып кеп мақтанады.

Ұстайды бір-бірінен бетін әрі,

Ақ, қара – бір төбенің екі жағы.

Аңдысып талай кезден үміт, күдік

Бір-бірін кетпек екен ұмыт қылып.

Екі дос екеуінде – өмір, өлім...

Сен неге жасың төктің, еңіредің? –

«Кеттім – деп, – тіршілікке жара салып» –

Кәбірге жылжып түсті қара табыт.

Қыс пен жаз, күн мен түн, қайғы шаттық,

Тапталып ірілікке қалды ұсақтық.

Теріне адамзаттың бермек сатып

Өзінің игілігін еңбек, бақыт.

Тастады біреу келіп танау қағып

Безбеннің арғы басын тағы аударып –

Дүкенші-мезгіл тұрды қарап қана

Теңселген алдындағы табақшаға...

 

***

Қуандың ғой, ағайын – жұбатқан жоқ едім мен,

налыдың ғой, ағайын – жылатқан жоқ едім мен.

Қуанған да өзің ең – болғаны үшін төрің кең,

налыған да өзің ең – қонғаны үшін көрінген.

Ашыққандар несібін – термегенде қайтеді,

ашық қалған есігің – енбегенде қайтеді.

Қайғы қонса басқа жұрт – таршылықтан көріп жүр,

ал, сен болсаң, көріпсің – кеңдігінен төріңнің,

көресің ғой, ағайын – көптігінен әр астың

талай қонақ төріңде жанжалдасып жарасты.

Көрмегенің – бәрі айып!

Күт қонақты!

Бас алма!

Төр дегенің, ағайын, бос тұрмайды қашан да.

 

АКСИОМАЛАР

 

Самалдың сыбыры – тұяқтың дүбірі,

Жыраның думаны – бұлақтың гүрілі;

Баланың ойыны – шалдардың ырымы,

Үміттің ертеңі – өкініш бүгіні.

Шаттықтың базары – ақылдың мазағы,

Қиялдың ұшқыры – азаптың азабы;

Бәрі де көп екен, бәрі де аз әлі –

Көңілдің қызығы – өмірдің ғажабы.

Байғыздың қайғысы – қыранның тірлігі,

Бәрі де, әрине, тірліктің тұрғыны.

Қорқақтың жеңісі – батырдың қапысы,

Жұлдыздың жарығы – күндердің батысы;

Естінің қайғысы – есердің уақыты,

Адамның соры сол – өзінің бақыты!

 

* * *

Алғыр бопты жиында Қартмәмбет бабам сөзге аса,

Құдай берсе қиын ба: ұрпағымын мен соның,

Ұрпақ – ұрпақ бола ма ептеп-ептеп азбаса:

Ұнатамын сөзі жоқ, қағазы көп кеңсені.

Бабам мені тірілсе әдейі іздеп жетер ед,

Ұрсып-ұрсып қайтадан моласына кетер ед.

 

Құралайды көзге атқан мерген бопты – обал, ә,

Құдай берсе сөз боп па: ұрпағымын мен соның;

ептеп-ептеп азбаса ұрпақ – ұрпақ бола ма,

Мылтық көрсем кетемін қорықаннан теңселіп.

Бабам мені тірілсе әдейі іздеп жетер ед,

ұрсып-ұрсып қайтадан моласына кетер ед.

 

Күй шертіпті жиында,

бар тұрғанда бір тақтай,

күйші болу қиын ба: ұрпағымын мен оның;

ептеп-ептеп өспесе ұрпақ деген ұрпақ па:

Домбыраға бір сиқыр үн бітіріп келемін.

Бабам, әттең, тірілсе әдейі іздеп табар ед,

Мақтап-мақтап менімен бірге тұрып қалар ед.

 

***

Күнді теңейді алтынға,

дүние-қоңыз жұртым-ай.

Алтын деген салқын да,

біледі тек жылтырай.

Күміс-күн деп ақын жырлап болмады

дүниеқорлық – ұяты.

Жылтырайды ол-дағы,

жылуы жоқ құятын.

Теңеу, теңеу, не керек,

теңеу іздеп керемет,

жырымызды біз-дағы

жылтыратсақ деген ек.

Жылтыраттық – сол қайғы,

сөзіміздің сондықтан

жарығы да болмайды,

жылуы да болмайды.

Метал да тас, шатағы:

алтын деген – атағы,

күміс деген – атағы

біреулерге қасірет боп батады.

Күнді теңеу,

образға орау не керек,

күннің өзі – образ ғой керемет,

күн деген сөз –

өзі-ақ жетіп жатады.

Көп теңеуден бас алып,

жырлар туды көп алтын:

сол алтынның жылтырлығын жасадық

күн-алтынның жылылығын жоғалтып.

 

* * *

Үмітім жазды сағынып,

Көктемі болды көктемнің;

Жапырағын жамылып,

Көлеңкесін төсендім.

 

Үмітім кейде көл болып,

Тұрдым ыққан сең көріп;

Батып-шықтым тербеліп,

Толқындарын өңгеріп.

 

Күзетіп үміт түнді ұзын –

Секундтарын санадым;

Қора-қора жұлдызын

Кеудеме әкеп қамадым.

 

ТАҒДЫРЫМ,

САҒАН НЕ ДЕРМІН

 

Жылауға зауқым жоқ менің,

Күлейін десем күле алмай;

Өзіме-өзім жетпедім

Не істерімді біле алмай.

 

Тек қана білдім сағына,

Сезім мен ойға тез ердім –

Қайратқа қарсы ол тағы да!

Тағдырым, саған не дермін?!

 

Білмеймін неге құмар боп,

Шөлдедім неге – кезердім?

Адамға қояр кінәм жоқ,

Тағдырым, саған не дермін?!

 

Шындықтың іздеп жырларын

Тартайын зарын өнердің.

Дүниеге бүкіл ырзамын,

Тағдырым, саған не дермін?!

 

Үміт боп көрер жарығым.

Барымды жұртқа жайдым, ал.

Адал қан ағар бәрі бір

Жарылса да жүрек қайғыдан!

 

* * *

О, табиғат, қызықсың ғой сен тіпті,

өкпек желің дем ала алмай ентікті.

Деп тұрғандай алыс аспан мөлдіреп:

жерге қарап көзім жасқа толды деп.

 

Өргізді әне, өргізді тау бұлағын,

сенен өзге кімге сияр бұл ағын!..

Тартып-тартып ұзартқандай әлдекім

кещесің деп жапырақтың құлағын.

 

Тау қаншама биік болса ғажайып

төбе сонша көрінеді азайып.

Тас кеудеде сөз түгілі мұздайды ән...

Мұнша сырды ұғушы едік біз қайдан!

 

О, табиғат, гүлің анау құлпырған,

Мынау терек, тікенегің бұл тұрған.

Тікенек пен гүлді бір жерге егесің...

Күн күледі, күлмегенде не десін!

 

Суың қандай, сай қуалап жол ашқан

Әр толқында бір-бір жұлым көк аспан.

Сен осынша тайыз ба едің табиғат,

Сен осынша күрделі ме едің о бастан!..

 

Дос көбейсе – көбейеді жау-дағы,

Жатқан тартыс бұл дүниенің аумағы.

Ұнатам мен, ұнатамын... ал енді

Дәл осындай жұмбағы көп әлемді!

 

* * *

Бір керемет бу көтерді дала әппақ,

Жартас тұрды теңізге қалт қарап қап.

Сүт-сәулені ішіп тұрған секілді

Жапырақтың жасыл тілі жалақтап.

 

Бозторғай тұр, осы күннен баға алған

Бар күшті күй бейне содан таралған.

Бірақ кейде ол қара шөңгеге ұқсайды

Ақ аспанның маңдайына қадалған...

 

* * *

Кәрі емен тұр әлденеден сескенген –

сумаң-сумаң сырласады тал-шыбық.

Екі өкпесін қолына алып ескен жел

әр бұтаны бір құшады алқынып.

Әйнектерден үнсіз сәуле атылған,

әуе жаңа, жаңа келген хаттайын.

Иығына шашын ғана жамылған

тыр-жалаңаш сұлулардай ақ қайың.

Жеңіл бұта жел өтінде – қақшаңдап,

бағаналар қадайды айыр тұяқты.

Айқыш-ұйқыш тізіп салған ақ шамдар

пісіп тұрған ақ алмалар сияқты.

 

* * *

Ол – соқыр жан, күл секілді бейне бір,

немесе анау Атыраудың түніндей.

Судай соқыр болғаны үшін кейде өмір

жүр оның да соқырлығы білінбей.

Ол – соқыр жан, бейне... ақша секілді,

сараңдықтың қалтасындай тарыла;

көрмейді ол қарсы тұрған бетіңді,

сырт айналсаң айыптайды тағы да.

Жүреді тек бәрін көріп түсінде –

біздің кездің соқыры да өзгерек:

бір соқырдың өзін көру үшін де

жанып тұрған екі бірдей көз керек!

 

* * *

Екі көзден екі-ақ тамшы тамды жас,

құлаған ба тауы қайтып қос үміт?

Егіз тамшы бірін-бірі аңдымас,

аға алмайды және екеуі қосылып.

Екі тамшы келеді ағып! Немене

ер бола ма бір жыламай өлгенмен, –

қос тура жол таудан құлап келеді,

белгісіз тек кім келері сол жолмен...

Қос тамшыға қоңыр дала гүлдер ме?!

Мен қараймын бір сезімнен шыға алмай:

екі тамшы құлап түссе бұл жерге

екі бірдей планета сынардай!

 

* * *

Жүрек батып айтар еді шындықты –

Сайрап кетер қызыл тілі жоқ бірақ.

Көкіректе сезім туса бір мықты,

Бар болғаны: соғады тек қаттырақ.

Жүрек батып айтар еді шындықты –

Бүкіл дүние бір өзіне тұр қарап.

Жүрекке емес, көмейлерге тіл бітті,

Ол да бәрін кетер кейде бұрмалап.

Шындық оңай шықпасын деп жарыққа,

Өтірігімді ашпасын деп жан-адам,

Ет-жүректі тыпырлатып табиғат

көкіректің түрмесіне қамаған.

 

* * *

Сұлулыққа үйренген ғой көз мына,

Сұлулықты келген едік сөз қыла.

Дүниеге мақтан айтты біреулер

Қас жүйрігі тас шоқалдан озды да:

«Тіршіліктің мекені екен бұл ғалам,

Тірі болып жүргеніме бұлданам» –

Дейді біреу, кешірімді дүние-ау,

Сөкпей-ақ қой, неғыласың, бұл да адам.

«Ақылсыздың арқасы да құбыла» –

Қомағай көз қарайды оған сұғына.

Біреу отыр дүниені жұтам деп,

Адам тілі адам дейді мұны да.

Ал, ананы... тірлік өзі қасқайтқан,

Ол – қатыгез жанарынан жас қайтқан.

Төрт аяқты берсе бірден бұ тағдыр

Адам оны хайуан деп жақсы айтқан!

«Тірлігімді терім төгіп құлданам,

Тірлік үшін бүкіл әлем құл маған!» –

Топырағыңнан алтын жасап біреу жүр,

Ей, дүние, байқаймысың, бұл да адам.

Осындай ғой адам деген бір мықтың,

Адам үшін ақыл жидың, сыр жұттың,

Сен жауапты бола алмассың дүние,

Барлығына өзіңдегі тірліктің.

Тірлік, тірлік!... Бола ма екен сайыс жай,

Сайысты жұрт, жыл бүгіліп, лайысты ай.

Бір өзіңде түрлі-түрлі жандар бар,

Ей, қара жер, көтере бер қайыспай!

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы