• Тіл
  • 16 Желтоқсан, 2021

ҚЫЗЫҢЫЗ ҚАЗАҚША БІЛЕ МЕ?..

«Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша  сөйлесіп тұрғанынан қорқамын».

Б.Момышұлы

Кеңестер Одағын дүр сілкіндірген Алматыдағы тарихи Желтоқсан көтерілісінің (бұдан әрі – Желтоқсан) абыр-сабыры әлі басыла қоймаған. Осы оқиғадан кейін көп кешікпей Мәскеудегі орталық басылымдар Қазақстандағы «ұлтшылдықты, жершілдік пен жікшіл­дікті айыптайтын» мақалаларды бірінен кейін бірін шығара бастады. Іле-шала оларды жоғары жақтың нұсқауымен Қазақстан газеттері де көшіріп және қазақшалап басып отырды.

Сол жылдары қалыптасқан тәртіп бойынша Мәскеу басылымдарының «басшылыққа алынуға тиіс» мақалалары міндетті түрде ҚазТАГ-тың (Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Қазақ ­Телеграф Агенттігі) аударма редакция­сында қазақ тіліне тәржімаланып, орталық және облыстық газеттерде жаппай жарияланатын. Әңгімеге арқау болып отырған жылы мен осы редакцияның қызметкері едім. Сондықтан бүгінгі көзбен қарағанда, әлгі «мылжың» мақа­ла­ларды қазақшалауға амалсыз қатысқаным рас.

1987 жылдың ақпан айы, жұмыс күні аяқталып қалған. Аудармашылар отырған бөлмеге редакция басшысының орынбасары, белгілі жазушы Жақсылық Түменбаев келіп кірді. Жүзі сынық, әлденеге алаңдаулы. «Жігіттер, жұмыс­тан соң кетіп қалмаңдар! ­Литер ­болады» деп шығып кетті. Бәріміз қазақ оқырмандарына орталық басылымдардың әлгіндей тағы бір ­«ашулы» мақаласының «тұсауын кесетінімізді» түсініп, үнсіз отырып қалдық. Сөйтіп, ертеңінде республиканың қазақ газеттерінде «Правданың» «Цена самолюбования» ­деген көлемді мақаласы «Мардамсудың зардабы» деген тақырыппен басылды. Оның авторы газеттің Алматыдағы меншікті тілшісі Т.Есілбаев Қазақстанның барлық газет-журналдарына шолу жасай келіп, олардың «интернационалдық тәрбие берудегі өрескел қателіктерін» тізіп шыққан.

Осы мақаланың мен тәржімалаған үзіндісінде таяуда ғана, атап айтқанда, 1986 жылдың 10 желтоқсанында Алматыда жаңа үлгімен салынған «Ертөстік» қазақ балалар бақшасының (бұдан әрі – «Ертөстік») ашылуына байланысты қатты алаңдаушылық білдірілген. Алдын ала айта кетейік, аспанымызды қара бұлт торлап, республикамыз 37-ші жылдың зобалаңын бастан кешкендей күйге түскен осынау қысылтаяң күндердің бірінде Мәскеуден Алматыға арнайы келген КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюро мүшесі М.С.Соломенцев осы балабақшаны аралап көргеннен кейін мұнда «болашақ ұлтшылдардың» тәрбиеленіп жатқанына өкініш білдіріп, қынжылған көрінеді...

Алматыда жаңа қазақ балалар бақшасының ашылғаны жайында әлгі мақаладан хабардар болуым менің жеке басым үшін тартымды тосын жаңалық еді. Қызым Шынар сол кезде орыс балалар бақшасына барып жүрген. Қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беретін халқымыздың бір перзенті ретінде мен төрт жасқа әлі тола қоймаған қызымның «Ертөстікте» тәлім-тәрбие алып, ана тілінің қадір-қасиетін бойына жастайынан сіңіре беруіне жағдай жасауды әкелік парызым деп білдім.

Арада бір аптадай уақыт өткен. Біздің үйге жақын болғаны мені қуаныш әрі толғаныс сезіміне бөлеген «Ертөс­тікке» қарай бет түзеп келемін. Оның меңгерушісімен танысып, бос орын болса, қызымды орналастыру жайында өтініш айтсам деймін. Кіре берісте кездескен бейтаныс әйел маған «бұл кім екен дегендей» үрейлі көзбен қарап, меңгерушінің тәрбиешілермен бірге Масаншы көшесі жақта қар күреп жатқанын айтты. Мегзеген жерге келсем, төрт-бес әйел аула ішіндегі кісі жүретін жолдың бетінде қатып қалған қан дақтарын үшкір күрекпен қырып-жонып жатыр екен. Жүрегім зу етті. Бұл арада не болып, не қойғанын бірден аңғардым. Өйткені қазақ жастары орынсыз қудалауға түсіп жатқан кез. Ал енді мынау қарсы беттегі қалалық ішкі істер басқармасында не осы маңда соққыға жығылған кінәсіз бір бейбақтың қаны екені анық. Әйелдермен амандастым да, бірінің күрегін алып, оларға қол ұшымды бердім. Балабақшаның шарбағы тұсынан басталған қан іздерін қырып алып, бір жерге жинап, таза қармен көміп тастадық.

Сол жерде бақша меңгерушісі болуы керек, орта бойлы, аққұбаша келген иманжүзді әйел менің не шаруамен келгенімді жасқана сұрағандай болды. Мен ол кісінің күдігін сейілтейін деген оймен қызмет куәлігімді көрсеттім де, келген шаруамды айта бастағам. Ол «Жүріңіз, кабинетке барып сөйлесейік» деді. Өзін Гүлзия Нүкенқызы деп таныстырған меңгерушінің жұмыс орнына келген соң мен, ең алдымен, оны «Ертөстіктің» ашылуымен құттықтап, қызметіне табыс тілеп, жылы лебізімді білдірдім. Содан кейін қызым жайлы өтінішімді жеткіздім. Ол мені мұқият тыңдап алды да, «Қызыңыздың медкәртішкесі мен туу куәлігін алып келіңіз. Ясли тобында орын болуы ­керек» деп ағынан жарылды. Қуанғаннан бөркімді аспанға атқандай болдым.

Осылайша, қызым «Ертөстікте» өзіндей бүлдіршіндермен бірге ұлттық салт-дәстүріміз рухында тәлім-тәрбие алды. Ана тілінде жатық сөйлейтін болды. 1990 жылы Алматының сол кездегі Совет (қазір Алмалы) ауданында ашылған №136 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. (1990 жылдың жазында осы мектептің салынып жатқаны туралы менің мақалам ҚазТАГ арқылы барлық орталық қазақ газеттерінде, оның ішінде «Алматы ақшамында» жарияланған).

Мен қызмет бабымен 1998 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгеннен кейін Шынарым осында 2000 жылы №38 қазақ орта мектеп-гимназиясын тәмамдады. Астананың Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің Шығыс тілдері факультетінің қытай тілі бөлімін ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алды. 2007 жылы тұрмыс құрды. Қазір күйеу балам Орал екеуінің үш ұлы бар. Жол түсіп Алматыға келе қалсақ, балдай тәтті жиендеріміз Зәкария, Ескендір және Рамазан қасымыздан бір елі кетпей, «Ата, апа, бізге тағы қашан келесіздер, бүгін біздің үйге қонасыздар ма?», – деп әбігер болады. Қызым жыл сайын қысқы демалыста оларды астанаға арнайы әкеліп, Арқаның ақша қарына аунатып, сырғанақ тепкізіп қайтуды әдетке айналдырған.

Қызымның мектепке барғанша қазақша тіл ұстартуына өлшеусіз үлес қосқан №18 «Ертөстік» балалар бақшасының шаңырақ көтергеніне 35 жыл толып отыр. Оның алғашқы меңгерушісі ҚР Оқу ісінің үздігі Гүлзия Төрежанованың айтуынша, кезінде марқұм Шона Смаханұлы бастаған алматылық бір топ қазақ зиялылары жар құлағы жастыққа тимей, үлкендермен айтысып, күштілермен тартысып жүріп ашқан «Ертөстік» және оның өзі де Желтоқсан ызғарына шалынып, сол кездегі солақай саясаттың құрбаны бола жаздаған.

Гүлзия Нүкенқызы 2011 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін «Ертөстікте» 25 жыл тапжылмай өнегелі еңбек етті. Ұжымына беделді басшы болды, балалар мен ата-аналардың ілтипатына бөленді. Ұлағатты ұстаз алуан түрлі марапат иесі. Бұл күндері Алматы мен Нұр-Сұлтандағы балалары мен немерелерінің ортасында бақытты күн кешкен ардақты ана.

Қазір оқу ісінің үздігі, білікті маман, аяулы ана Елмира Тұрғымбаева басқаратын «Ертөстікте» 10 топта 280 бүлдіршін тәрбиеленуде, олардың 20 пайызын тағдырын егемен елімізден бөліп қарай алмайтын басқа ұлт өкілдерінің балалары құрайды.

Алматы қаласының қоғамдық-саяси тарихында өзіндік орны бар «Ертөстік» балалар бақшасы ұжымының көк байрағымыздың желбірегеніне 30 жыл болғалы отырған еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеу ісіне алдағы уақытта да лайықты үлес қосып, ата-аналар ықыласына бөлене береді деп сенеміз.

Бағлан САБАЗ,

ҚР Журналистер

одағының мүшесі

НҰР-СҰЛТАН

2252 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы