• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

ҚАНЫШТЫҢ ЖОМАРТ ҰРПАҒЫ

Отан, ұлт мәселесі баршаға ортақ. Әркім: үлкен де, кіші де бұл жайлы ойласа керек. Отанға, ұлтқа қызмет ету – жоғары мәнсапты, яки бай адамдарға ғана міндет емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жай, орташа адамдар да отанға қызмете ет алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар.

Ғұмар Қарашұлы

Бүгінгі әңгімеміз – медицина ғылымының докторы, профессор Ханиса Қанышқызы жайында. Қазақ энциклопедиясында Ханиса Сәтбаева Жезқазған облысындағы Қарсақпай жұмысшы кентінде дүниеге келді деп көрсетілген. Бұл, әрине, жаңсақ мәлімет: ол 1921 жылғы 15 желтоқсанда Сәтбай әулетінің атақонысында – Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының №4-ші ­ауылында (кейін Қаныш Сәтбаев атындағы кеңшардың орталығы орналасқан Теңдік ауылы) туған. Бұған «немеремнің басы» деп, әсіресе Қаныштың әкесі – ­Имантай ақсақал қатты қуанған екен. Ауыл молдалары Құран аударып, баланың атасының келісімімен, жаңа туған шақалаққа Хайринисауи дейтін сирек ат қояды. Араб тілінен аударғанда «мейірімді, жомарт жанды» деген мағына береді. Үй-іші, ауыл-аймақ Хайриниса деген, кейін еркелетіп Ханиса деп кеткен, осы есімі құжатқа түскен. 

Баланың әкесі Қаныш бұл кезде Том қаласында, сондағы технологиялық ­институтта оқып жатқан. Соған ­байланысты және дәстүр бойынша кішкентай Ханисаны атасы мен әжесі бауырына басып, өсіреді. Әсіресе атасының өзі «Хайри» деп еркелететін, немересі дегенде шығарда жаны бөлек екен. «Атам басқа немерелерін бір төбе, мені бір төбе қоятын. Атамның мейірімге толы көз жанары, нұрға толы жүзі көз алдымда әліге дейін тұр» деп әңгімелейді екен Ханиса Қанышқызы.

Кейбір мәліметтерде Ханиса Қаныш­қызының 1928 жылдан бастап Қарсақпайға, әкесі мен Таисия Алексеевнаның ­қо­лына келгені айтылады. Бірақ бұл ­дерек те дәлелдеуді қажет етеді. Семейде танысқан Қаныш пен Таисия 1926 жылы бас қосқаны, Мәскеуде тұрып, одан ­Жез­қазғанға келгені рас. 1928 жылы Имантай ақсақал о дүниелік болған соң әулеттің үлкені Ғазиз (Ғабдол-Ғазиз) кәмпеске мен қуғын-сүргін науқанынан қашып, Сәтбай ұрқын Омбы маңайына көшіріп әкеткенде олардың ішінде жеті жасар Ханиса мен екі жастағы Мәлеш те болған сыңайлы. Сөйтіп, әулет 32-нің сұмдық ашаршылығынан аман қалады. «Шамамен осы уақыт мөлшерінде Қаныш Ханисаны Қарсақпайға алып кетіп, сондағы мектепке береді» деп жазады апайдың өмірін арнайы зерттеген белгілі ақын Кәкімбек Салықов «Тұлпардың тұяғы» дейтін мақаласында. Ал ­Ханиса Қанышқызының жазуынша, ол алты жасынан Қарсақпайда тұрып, кейінірек сондағы мектепке барған. Жазғы демалысты ­Баянауылда, шешесі Шарипаның жанында өткізген. Біздіңше, оның балалық шағы Баянауыл, Омбы және Қарсақпайда өткен тәрізді, ал бұл жылдары Таисия Алексеевна оның екінші анасына айналған-ды.

Ханиса мектеп табалдырығын 1929 жылы аттаған. Қарсақпайда оқыған. Қазақ ауылында араб тілінде атасының көмегімен сауат ашқан бүлдіршін мектепте орыс тілін тез меңгеріп әкетеді. Бір кездері ағылшындар күйдірген қызыл кірпіштен тұрғызған түкпірдің түбегіндегі поселкелік мектеп тиянақты білім беретін. «О, мына есепті институтта шығарады ғой!» деп таңғалады екен қызының сабығына көмектескен болашақ академик әкесі және қазақ тіліндегі тұңғыш «Алгебра» оқулығының авторы – мектепте Мәскеу мен Ленинградтан жер аударылып келген ақбас ғалымдар сабақ беретінін ол қызына айта да алмайтын. Айтқандай, әлгі мектепті бітіруге жеті баланың ғана шамасы жетіпті – профессорлардың межені қаншалықты жоғары алатынын содан-ақ біле беруге болады...

Әкесіне тартып алғыр боп туған ­Ханиса мектепті кілең «беске» бітіреді. Қызының портреті мектеп шатырында Карл Маркс, Ленин мен Сталиннің сомсуреттерімен қатар ілінулі тұрғанын әке жүрегі ерекше мақтаныш тұтатын. Мектепті 1939 жылы үздік бітірген Ханисаның сол жылы қабылдау емтихандарын көзін жұмып отырып тапсырып, Молотов атындағы Алматы медициналық институтына қабылданғанына ешкім таңданыс білдіре қойған жоқ. Өзінің айтуынша, Қарсақпай мектебінде сәтсіз егілген екпенің кесірінен бір апта ессіз жатып, өлім аузынан қалғаннан кейін «дәрігер боламын» деп серт еткен екен.

Емдеу факультетіне түскен Ханиса мұнда да ешкімнің көмегінсіз, соның ішінде сол қарсаңда КСРО ҒА Қазақстан филиалының төрағасы болып Алматыға қоныс аударған әкесінің де алқауынсыз үздік оқыды. Ханиса институттың қайнап жатқан қоғамдық жұмыстары үстінде республикалық комсомолдың орталық комитетінің жауапты қызметкері, бола­шақ белгілі ақын, әдебиетші Қайнекей Жармағамбетовпен танысып, мұның аяғы жеңісті 1945 жылы екеуінің үйленуімен аяқталады. Келесі жылы Шәрипа апай мен кіші сіңлісі – болашақ филология докторы Шамшиябануды Алматыға көшіріп алады. Немере сіңлісі Зиннатты қосқанда алты жан: Қайнекей сабақ беретін ҚазПИ-дің төртпәтерлі үйінен бөлінген екі бөлмелі пәтерде тұрады. Ханиса 1943 жылы институтты бітірген соң сонда қалыпты физиология кафедрасының ассистенті ретінде қалдырылған еді, осында сабақ бере жүріп, ол 1949 жылы кандидаттық, 1968 жылы докторлық диссертация қорғап, 1970 жылы профессор атағын алады. Мұнымен қоса, он екі жыл бойына емдеу факультетінің ­деканы, қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. 1999–2005 жылдар аралығында валеология курсын жүргізеді.

1939 жылдан өмірінің соңына дейін туған оқу орнынан қол үзбеген Ханиса Қанышқызы алдымен академик Александр Полосухиннің, соңыра мәскеулік ірі физиолог-ғалым, ғарыштық биология саласының маманы, академик Паринның жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Ширек ғасырды қамтыған бұл ізденістің нәтижесі ретінде 1971 жылы «Внепочечные механизмы осморегуляции» монографиясы жарық көрді. Ал 1995 жыл Ханиса Сәтбаева үшін медициналық және педагогикалық ЖОО-ларға арналған «Адам физиологиясы» оқулығының шығуымен айшықталды, бірақ бұл жерде аталған пән сала бойынша әлгі тұңғыш оқулық, кейбір авторлар жазатындай, бір адамның еңбегі емес екені, оны Ханиса Қанышқызы әріптес профессорлар А.Өтепбергенов және Ж.Нілдібаевамен бірге жазып шыққанын айту әділдік болады. Осы және өзге де сіңірген еңбектері үшін апай талай құрметке ие болды, солардың ішінде, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальдың және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағының орны бөлек.

Өмір Ханиса Қанышқызының маң­дайы­нан үнемі сипай берген жоқ-ты. 53 жасында үш баламен күйеуден қалды, тұңғышын, екі анасын, үш сіңлісін жер қойнына берді. Бірақ соның бәрін қайыспай көтерді. Қайсарлық, мойымастық, сабыр – Сәтбай тұқымының айнымас бір қасиеті сияқты еді. Бабасы Сәтбай сексен жасында қажылыққа барса, атасы Имантай өмірден кете-кеткенше, яғни 86 жасқа дейін атын өзі ерттеген, анасы Шәрипа тоқсанға келіп кетті, әкесі болса белгілі себептермен 64 жыл ғана өмір сүрді. Кім біледі, осы жағдайлар дәрігер Ханисаға «Осы, кейбір адамдар неге ұзақ жасайды, ал кейбірі тез кетеді өмірден?» деген ой түсірмей тұрмаса керек, әйтеуір, ол латынның Vale – «Сау болып өмір сүр» деген сөзінің төңірегінде көп ойланатын болды. Бағзыда антик ойшылдар талдап жасаған «Тәні саудың – жаны сау» қағидатының астарын зерттеді. Соның нәтижесінде «Адам өз денсаулығына өзі жауапты» деген ойға тіреледі. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да айтып отыр: зерттеуінше, кісінің ғұмыр жасының ұзақтығының 50%-ы өмір сүру салтына, 20%-ы – тұқым қуалауға, тағы бір 20%-ы қоршаған ортаның әсеріне және небәрі 10%-ы медициналық көмекке байланысты екен. Бірақ жұрттың аузына алдымен медицина ілігетіні бар, ал өмір салты әркімнің өз шаруасы деп есептеледі.

Денсаулық сақтау саласындағы жаңа пәнсала – валеология (Vale + Logos – сөз, яғни денсаулық жөніндегі ілім) идеясы, басқаша айтқанда, денсаулық пен салауатты өмір салты туралы ғылымды жасаудың түпкі ойы осылай туған. «Біз анамыз екеуміз «валеология» термині жайында жиі пікір таластыратынбыз, бізде жұрттың бәрі бірдей қабылдай бермейтін бұл аталым мамама өте ұнайтын» деп еске алады қызы, химия ғылымының ­докторы Әлима Жармағамбетова. «Мен оған пәнсаланы басқаша атауды, айталық, бұл тәртіпті «салауатты өмір салтын насихаттау» деп ат қоюды ұсынғанмын, бірақ оған анам болмай қойды... Бұл ғылымның терең түкпірінде адамды рухани жағынан, имандылыққа тәрбиелеу жатыр ғой, анам осы жағына көбірек мән беретін», – дейді.

Ханиса Қанышқызы 1980 жылдардың аяқ шенінде дені сау, адамгершілігі таза адам тәрбиелеу, шындығында адамның санасын жақсы жаққа, дұрыс бағытқа бейімдей отырып оны қайта түзу дейтін үлкен бір іске бел буып кіріседі. Осынау тынымсыз ізденістің нәтижесінде ­Ханиса Қанышқызы республиканың барлық ЖОО-ына арналған валеология курсын әзірлеп, осы пәнсала бойынша алғашқы типтік бағдарлама мен ғылыми-әдістемелік қосымша оқу құралын жазды.

Желтоқсан айының басында академик Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі С.Асфедияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп ­Ханиса Қанышқызының мерейтойына орай Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Онлайн және офлайн форматта өткен маслихатқа еліміздің медицина саласындағы танымал ғалымдары, сәтбаевтанушы зерттеушілер қатысты. Конференцияда Ханиса Қанышқызы жасаған валеология ілімін оқыту ісіне бастамашы болған Сара Алпысқызы Назарбаеваның құттықтау хаты оқылды.

Ханиса Қанышқызының өзі де неліктен ұзақ жасады деп ойлайсыздар? Себебі оның өзі де салауатты өмір салтын ұстанды – ғалымның шәкірті, белгілі физиолог ғалым Александр Соколовтың бұл сөздері объективті түрде қадірлі қоғамымыздағы өрескел сәйкессіздіктердің бірі – сөз бен істің алшақтығының бетпердесін ашқандай.

Хайриниса – Ханиса тіршіліктің түкпірлерін мойымай көтерген сияқты, ақтық демі таусылғанша бір күн болса да аурухана төсегіне таңылмастан кетті. 2016 жылдың жазының жаймашуақ бір күнінде 94-ті толтырып барып, тып-тыныш аттанып кете барды. Салауатты өмір кешу керек екенін көрсете алуымен бірге Сәтбай ұрқындағы әзірге ең ұзақ жасаған адам атанды. Биыл, тірі болса Ханиса Қанышқызы 15 желтоқсанда ғасыр тойын жасар еді.

Осы адам баласы өкінішті өмірге не үшін келеді? Сірә, он уәсиетке, Құран мен сүннәге сай өмір сүріп, жеті күнәһар істен бойын алшақ ұстап, таза өту үшін, осылар арқылы соңына жақсы атын қалдыру, сол жақсы атымен байланысты ынсапты ғамал орындау және өзі үшін дұғада тұрар бала-шағасын қалдыру үшін келетін болар.

Бахытжамал  АЙТМҰХАМБЕТОВА,

ҚР Мәдениет қайраткері

933 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы