• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

ЖЕЛТОҚСАНДЫ ТАСПАҒА ТҮСІРГЕН ЖІГІТ

Далаға қар жауып, желтоқсан айы басталғаннан бастап, менің денем түршіге бастайды... Көз алдыма сол жыл, сол күндер елестейді... 
1986 жылдың желтоқсан айының 16 күні Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына Г.Колбин сайланды. Кешкілік сәрсенбі күні студия ішінде қолдарында қағаз, лента таспалары бар жаңалықтар редакциясының қызметкерлері абыр-сабыр жүгірісте екен. «Не болды?» деп сұрағанымда, жаңалықтар бөлімінің бас режиссері, туған ағам Рубикжан Яхин мән-жайды түсіндірді. 

Редакцияға кірсем, өзге ұлт өкілдері бір бөлмеге кіріп, оқшауланып алыпты. Қазақ бөлімінің басшысы ­Кемелхан Ақмолдаев ағамыз жалғыз өзі отыр екен. Өзгелер отырған бөлменің есігін ашып амандастым. Суық көздер тесіле қарап, еріндерін әрең жыбырлатты. Мен есікті жауып, ағайға қарадым. Үнсіздік. Телефон шырылдады. Алсам, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында қызмет жасайтын әпкем Хайнулхаят Яхина екен. «Не болып жатыр? Біз таңғы 6-да алаңда болдық», – деді. Аз тілдестік, телефон тұтқасын қоя бергенімде, тағы шырылдады. Бұл жолы жолдасым М.Әуезов театрының артисі Жұмағали Маханов екен. Ол да мән-жайды сұрады. «Қазір актерлер бәріміз барамыз», – деді. Бір сұмдықты сезгендей ағамның редакциясына телефон соқтым. Жоқ екен. Киініп, бауырымды іздеуге шықтым. Бөлмесінде жоқ. Директордың хатшысынан сұрасам: «Оларды Үкімет үйіне шақыртты», – деді. Ағамның мінезін білемін. «Бір нәрсеге арандап қалмаса екен» деп ойладым.

Түс кезінде студиядағы қазақ ­жастары бәріміз далаға шығып, алаңға беттедік. Мінбеге шығып сөйлеген үкімет адамдарының сөзін тыңдап, Д.Қонаев ағамызды көргіміз келетіндігін, «бір ауыз сөз сөйлесін» деп талап еттік.

Мен кешке М.Әуезов театрына бардым. Спектакльден соң, жолдасым екеуміз үйге қайттық. Пәтеріміз «Қазақ­фильм» киностудиясы маңайындағы «Алатау» совхозында бір орыс кемпір мен шалдың үйі еді. Соңғы аялдамаға келгенде, «Арман» автотұрағы жанында білектеріне қызыл шүберек таққан адамдар жүр екен. Жүрегім зу етті. Жолдасым: «Сен артқы есіктен шық та, бірдеңе болса, жүгір», – деді. Қайдағы жүгірген, оны әлгі адамдар тоқтатты да, қол ­алысты. Мен анадай жерде тұрып, күтіп тұрдым. Сөйлесіп болған соң, жолдасым қасыма келіп жүре сөйледі. Әлгі ДНД-шылар «Қазақтардың көтерілгені дұрыс болды» депті.

Келесі күнгі қанды қырғынды ­ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаңа алаңдағы редакцияма есік алдынан кіре алмай, артқы есіктен кіріп, балконға шықсам, қаптаған адам, шулаған жұрт, шырылдаған әйелдер. Ішкі істер қызметкерлері алаңға кіргізбеді. Сәтбаев пен Желтоқсан көшесіндегі АСК-1 студиясына жүгіріп кірдім. Артымнан күзеттегі милицио­нер жігіт есікті жапты. Менің артымнан жағасы жыртылған «Елім-ай» бағдарламасының редакторы, полигон, Арал тақырыбын талай рет қозғаған өжет қыздарымыздың бірі – журналист Ұлдай Ибадуллаева апайымыз еңіреп кірді. Қобырап кеткен ұзын шашының арасынан дірдектеп аққан қою қызыл қанына қарамай: «Зулхаят, бұлар қыздарды ұрып жатыр, мені де ұрды ғой» дегенде еңіреп келіп құшақтасып жыладық.

Студия іші азан-қазан. Есік алдындағы милиционерге «Аш есікті» деп тұрмыз. Далада қырғын басталып, жас бүлдіршін ұлдар мен қыздар омбы қарда қаша алмай, студияны паналап есігін тартқылап жүр. Оларды милиция қызметкерлері емес, білектеріне қызыл байлаған ДНД қызметкерлері таяқпен ұрғылайды. Бір ұл бала жүгіріп келе жатып, тайып телевидение алдындағы темір аласа шарбаққа құлады. Артынан жүгіріп келген еңгезердей білегіне қызыл мата байлаған ер адам басынан таяқпен ұрып, аяғымен тепкілей бастады. Құлаған баланы есік алдына келген автобусқа апарып тықты.

Ал мен туған ағам Рубикжанның көзсіз ерлікке барғанын сол кезде де, кейін де, біразға дейін білгенім жоқ. Себебі ол тіс жарып ешкімге айтпаған. Оны тек қана қазақ теледидарында қызмет жасайтын үш адам ғана білген.

17 желтоқсан күні ол кезде Қазақ теледидарының басшысы Сағат Әшімбаев ағамыз телефон соғып, ағам Рубикжан Яхинға алаңдағы оқиғаны түсіріп алуын тапсырады. Операторсыз өзі барып, камера беретін бөлімнен түсіру аппаратын алып, алаңға шығады. Өз басын тігіп, алғашқы түсірілімді бастап, тарихта қалатын бейнетаспа  жасап жатқанын ол білмеген. Ағамды сол алаңда ұстап алған мемлекет қауіпсіздігі органдарының адамдары студияға бірге алып келіп, түсірілімді көрсетуін талап етеді. «Көрсетуге дайындай беруін айтып, басшыға барып келеміз» деп Рубикжан ағамды сыртынан кілттеп шығып кетеді. Сол мезетті пайдаланып, тексерушілер келгенше, дереу таспаны монтаждау аппаратына салып, біраз бөлігін кесіп үлгереді де, қойнына тығады, кейін сейф астына жасырады.Тексеру жүріп, таспаның жартысының кесілгенін байқаған комитет қызметкерлері Рубикжан ағамды қыспаққа алады. Ағамнан кешке дейін сұрақ-жауап алған соң, босатады. Таспаны кешке қойнына тығып, үйіне алып барады. Бірақ отбасына қауіп төндірмейін деп, тіпті әйеліне айтпай, қайта жұмысқа алып келеді де, Сағат Әшімбаев ағаға телефон шалып, таспаның бір бөлігін кесіп алып қалғанын айтады. Сағат аға өзіне «Дереу жеткізе ғой» дейді. Кесілген бөлікті ол газетке ораған күйі Сағат ағаға жеткізеді. Ол кісі сол кездегі спорт комментаторы ­Рабат Жәнібеков ағамызды шақырып, қолына тапсырады. Рабат Жәнібеков бір ауылға апарып, ағаш түбіне жерді қазып, ­таспаны тығады. Бұл оқиға туралы кейін егеменді ел болған соң, 1996 жылы журналист Ұлбосын Айтөленова апай алғаш желтоқсан туралы бағдарлама жасағанда ғана айтылады. Сағат Әшімбаевтың жары Шәрбану апай сол ораулы таспа туралы бағдарлама барысы кезінде күйеуінің аманат етіп тастап кеткенін айтады. Рабат Жәнібеков, Рубикжан Яхин сол кезде алғаш рет сұхбат береді, бірақ өзінің жасағанын еш ерлікке санамайды. Мүмкін, тапсырма берілген соң әр азамат қолына камера алып, шеруді түсірер. Бірақ маңыздылығы құнды дүниенің жартысын кесіп, түрлері анық көрінген жастардың видеоларын жасырып, талай жастарды аман алып қалу әркімнің қолынан келе бермейді ғой. Сол кездегі материалдарға кейде мақтанышпен, кейде іштей қынжыла қараймын. Себебі ағам марқұмның тек бір бұл емес, қолтаңбасы қалмаған телевизиялық жанр жоқ десе болады.

Ағам Рубикжан Яхин жаңалық­тар бөлімінде, өзі бас режиссер болып ашқан, еліміздің ауыл шаруашылық мәселесін көтере­тін «Ауыл шаруашылығы», «Жастар» редакциясында, «Таңшол­пан», «Музыка», «Молодежный четверг», «Құрдастар», «Балалар» редакцияларында, «Жігер», «Әнші балапан» фестивальдары, «Спорт» , «Жетісу» арналарында талай дүниелерді жарыққа шығарды. 1980 жылғы Мәскеуде өткен «Олимпиада-80», 1985 жылғы «ХХІІІ Бүкіләлемдік Жастар фестивалі», 1988 жылғы Бүкіләлемдік мотоциклмен жарыс «Спидвей-88» чемпионатын түсірсе де, Қазақстанның әскери шерулері мен барлық мерекелердегі үлкен ауқымды демонстрацияларын, Қазақстанның барлық съездерін тікелей эфирден беріп, маман, операторлар, режиссерлер даярлауда үлкен мектеп қалдырған Рубикжан Яхин қандай марапатқа болса да лайық адам еді.

Алайда қазақ теледидарының 50 жылдығында да, 60 жылдығында да дүниеден озған кезде де, оның еңбегі еленбей қалды. Нұр-Сұлтандағы медиаорталықтағы мұражайда да суреті ілінбеген. 2014 жылдың 23 шілдесінде атақ-дәрежесіз 59 жасында кезекті іссапарға барып, түсірілімнен кейін, ауыр науқастан дүниеден озды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақта қағидалы сөз бар. Ағамның істеген еңбегі еленіп, Алматы қаласынан, ең болмаса ­Коккинаки, Луганский, Грушовая, Садовая, Черепанов, Пятницкий, Одесская, Иркутская, Енисейская, Саранская, Гродненская, ­Майбороды сияқты көшелердің біреуіне қазақ теледидарының ардагері, режиссер Рубикжан Яхиннің аты берілсе дұрыс болар еді. Біз оның есімі Желтоқсан ардагерлері қатарында аталып, қазақ ұлттық теледидарындағы еңбегі үнемі ескеріліп отырса дейміз.

Зулхаят МАХАНОВА,

Телерадио ардагері

1502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы