• Тіл
  • 16 Желтоқсан, 2021

ҒЫЛЫМ ТІЛІН ТЕРМИН ДАМЫТА МА?

Терминология бөлімінің қызметкерлері. 2010 жыл.
Отырғандар (солдан оңға қарай): Нағима Әшімбаева, Өмірзақ Айтбаев, Қарлығаш Айдарбек
Тұрғандар (солдан оңға қарай): Бауыржан Жонкешов, Шерубай Құрманбайұлы, Нұрлан Шүленбаев

 

Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап шет тілдерінен орыс тілі арқылы енген көптеген термин-сөздер жаппай қазақ тіліне ­аударыла бастады. Осы тұрғыда ­Елбасы Н. Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында терминологияны заманға сай лайықтауды, жетілдіре түсуді тапсырса, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қызмет ететін кезі келгенін атап өтті.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 1979 жылы «Терминология және ономастика» бөлімі ашылып, ҒА Президиумының Жарлығына сәйкес филология ғылымының докторы Т.Жанұзақов бөлім меңгерушісі болып бекітілді. 1981 жылы «Терминология» және «Ономастика» бөлімдері  болып қайта құрылды.

1981 жылы ашылған Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының терминология және аударма бөлімінің құрамында филология ғылымының кандидаттары – А.Есенқұлов, Р.Өрекенова, Ө.Айтбайұлы, ғылыми қызметкерлер – А.Құсайынов, ­Б.Бек­мұхамедов, Т.Аппақова, М.Шәріпова, С.Жет­пісов, Р.Сарықұлова, Н.Әшімбаева, Ж.Нәлібаев сынды ғалымдар мен жас мамандар болды.

Филология ғылымының кандидаты (кейін филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі) Ө.Айтбайұлы басқарған 1981–1989 жылдары бөлім картотекалық қор жасауға кірісті. Екі тілді терминологиялық сөздік жинақталып, әліпбилік тәртіпке келтірілді. Бұл күрделі жұмыстың нәтижесінде 500 мыңға жуық тілдік бірлікті қамтыған картотекалық қор жасақталды. Ө.Айтбайұлының жетекшілігімен қазақ терминологиясы туралы зерттеу жұмыстары мен өзекті мәселелерге арналған бірқатар тақырыптар нысан ретінде алынып, еңбектер жарық көрді: «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Өрелі өнер», «Сөз өнері», «... Ұлт саясатын бұрмалаушылар», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» және т.б. Кейін жарық көрген «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдық нұсқасының негізі сол кезде қаланған болатын. 1989–1995 жылдары профессор Б.Қалиұлының жетекшілігімен қазақ терминологиясы мен аудармасына қатысты зерттеулер және практикалық жұмыстар жарық көріп жатқан жаңа сөздіктер арқылы картотека толықтыру ісі жалғасты. Бөлімге А.Мұқатаева, Ш.Құрманбайұлы, Н.Шүленбаев сынды жас мамандар келіп, бөлімнің ғылыми әлеуетінің нығаюына жол ашылды.

Филология ғылымының докторы Ө.Айтбайұлы қайтадан бөлім меңгерушісі болған 1995 жылдан кейін «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» (1997–1999) бағдарламасы, «Қазақстан Республикасындағы қызмет атауларын мемлекеттік тілде жүйелеудің ғылыми негіздерін зерттеу» (2000–2002), «Мемлекеттік тілде терминдік лексиканы қалыптастырудың ғылыми-практикалық негіздері» (2003–2005) атты іргелі ғылыми жобалар ойдағыдай жүзеге асырылды.

2005 жылы бөлім меңгерушілігіне филология ғылымының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Қ.Айдарбек тағайындалды. Осы уақытта қазақ терминологиялық жүйесі тың бағытта қарастырылған «Қазақ терминологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиоло­гиялық аспектісі» (2006–2008) іргелі зерттеу жұмысы орындалды.Терминологиялық аталымның негіздері алғаш рет кешенді түрде қарастырылып, олардың аталымдық табиғаты ашылды, жасалу жолдары анықталып, түрлері мен үлгілері айқындалды, даму, қалыптасу заңдылықтары дәлелденді.

Аталған жұмыстардың іске асырылуына Л.Қисамединова, Б.Үсенов, С.Бидақымет, Ж.Қажығалиева, А.Бексейітова, Ж.Төкебаева, Ә.Алманов, А.Алмаханов және т.б. бөлім қызметкерлері белсенді атсалысты. Сонымен қатар бөлім қызметкерлерінің ғылыми жағынан өсуіне де жіті мән беріліп, С.Ақаев пен Қ.Айдарбек докторлық диссертацияларын, ғылыми қызметкерлер Б.Жонкешов, Н.Әшімбаева, Ш.Нұрмышева кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғады. Бөлім меңгерушісі лауазымын филология ғылымының кандидаты, аға ғылыми қызметкер Б.Жонкешов атқарған 2012–2018 жылдары қазіргі қазақ терминологиялық қорын қалыптастыруда өзіндік қиындық туғызып отырған біріздендіру, стандарттау, реттеу мәселелеріне арналған «Қазақ терминологиялық қорын қалыптастырудың теориялық негіздері мен лингвистикалық принциптері» атты ғылыми жоба жаңа бағытта жан-жақты зерделенуімен ерекшеленеді.

Бұл кезеңдегі жұмыс барысында қазақ терми­но­логиясындағы сөзжасамдық және мағыналық жүйелілік түрлерінің арақатынасы айқындалып, терминнің ұғымдар жүйесін қалыптастырудағы маңызды­лығы сипатталды. Ұлттық тілдер жүйе­сіндегі терминдердің алатын орны анықталып, термино­логиялық бірлік­терді лексикографиялық тіркеудегі тілдік норманың орны, терминология­лық өлшем­дерінің ұғымдары нақтыланды. Сондай-ақ терминологиялық жаңашылдықтың нор­ма­тивтік параметрлерге сәйкестігі белгіленіп, тер­мин­дерді мәтіндерден, ғылыми сөйлеуден іріктеп алу қағидаттары, тілдік әдістемесі негізделді.

Терминология бөлімі меңгеру­шісінің міндетін 2020–2021 жылдары филология ғылым­дарының кандидаты Н.Әшімбаева атқарды.

Елдегі терминология саласын жетілдіру мақсатында 2021 жылы бөлім Термино­логиялық орталық болып қайта құрылып, оның жетекшісі болып филология ғылымы­ның кандидаты, доцент С.Құлманов тағайындалды. Бүгінде орталықта 2 ғылым кандидаты (С.Құлманов, Н.Әшімбаев); 2 PhD (А.Ақкөзова, А.Бисенғали); 2 магистр (Н.Шүленбаев, Б.Қордабай); 1 лаборант (А.Әзбергенова) жұмыс істейді. Терминологиялық орталық қызметкерлері іргелі ғылыми зерттеулермен ғана айналысып қоймай, институттың жалпы тыныс-тіршілігіне де белсене атсалысады, түрлі конференция, дөңгелек үстел, семинар, радио-телехабар, сұхбаттарға қатысып, ғылыми, ғылыми-көпшілік басылымдарда жалпы тіл, терминология, тіл мәдениеті, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным және т.б. мәселелерін қарастыратын еңбектерін жариялап отырады.

Терминологиялық орталық «Қазақ терми­нологиялық жүйесін қалыптастырудың ономасиологиялық аспектісі» (2006–2008), «Қазақ тер­ми­нологиялық қорын қалып­тас­тырудың теориялық негіздері мен лингвистикалық принциптері (стандарттау, жүйелеу, реттеу, біріздендіру, нормалау)» (2009–2011), «Когнитивтік терминтаным тұжы­рымдамасындағы кәсіби тілдік тұлғаның ғылыми дискурсы» (2012–2014). «Көптілді қоғамдағы қазақ тілінің ұлттық-мәдени терминологиясы» (2012–2014) атты гранттық зерттеулер, «Қазақ жазуының латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшіру» атты бағдарламалық-нысаналы зерттеу бойынша «Шет тілдерден енген терминдерді латын графикасындағы жаңа қазақ ұлттық әліпбиінде таңбалаудың (транскрипциялаудың, транслитерациялаудың) ғылыми-қолданбалы мәселелері» (2015–2017) тақырыбында зерттеулер жүргізді, «Бекітілген қоғамдық ғылымдар терминдерін аналитикалық зерттеу және мемлекеттік тілдің стандартталған терминқорын құру» атты мемлекеттік тапсырма (2018) орындады. 2018–2020 жылдары «Кирилл және латын графикасындағы салалық терминологиялық сөздік (қоғамдық ғылымдар)», «Кірме термин­дердің анықтағышы» әзірленді.Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасындағы тер­мино­логиялық жұмыс қағидаларын әзірлеу» тақы­рыбы бойынша жұмыстар жасалып жатыр.



Терминологиялық орталық қызметкерлерінің 
қазіргі құрамы. 2021 жыл.
Отырғандар (солдан оңға қарай): 
Нұрлан  Шүленбаев, Нағима Әшімбаева
Тұрғандар (солдан оңға қарай): Бақыт Қордабай, Сәрсен Құлманов, Ақмарал Бисенғали

 

Қорыта айтқанда, Терминоло­гиялық орталықтың алдында өте күрделі міндеттер тұр. Олар: терминологияны жүйелеу, реттеу, біріздендіру, нормалау мен стандарттау, терминологиялық жұмыстардың қағидасын әзірлеу. Осы үдеден шығу үшін қызметкерлер өз білімдері мен қажыр-қайратын аянбайтынына кәміл сенеміз. Терминология дамыса, ғылым тілі дамиды, ал ғылым тілі дамыса, мемлекеттік тілдің де көсегесі көгеріп, қолданыс аясының кеңейетініне, мәртебесінің артып, тұтынушы қажеттілігінің өтелетініне еш шүбә келтірмейміз. Термин тілі – ғылым тілі, ғылым тілі – технология мен өркениет тілі!

С.Қ.ҚҰЛМАНОВ,

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Терминологиялық орталығының

жетекшісі, филология ғылымының ­кандидаты, доцент

Н.Қ.ШҮЛЕНБАЕВ,

Терминология орталығының

аға ғылыми қызметкері

2234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы