• Тіл
  • 04 Наурыз, 2009

Тілімденген тілім-ай!

Мен жылаудан жалықтым... Иә, жылағым келмейді! Бірақ, тілімнің тағдырын ойлағанда қос жанарымнан мөлтілдеп аққан жастан жүзімді құрғата алмаймын. Қызыл тіл тісімнің ішінде қырқылып, қызылы қағазға тамуда. Енді қайт дейсің?! Ол тіл де менікі емес қой! Әйтсе де, біздікілер «Мемлекеттің тілі» деп айқай салады. Мемлекеттің меншігі тауықтар арасында талауға түскен тарыдай түгі қалмайтынын неге ұқпайды екен, ә? Қателеспеңіздерші, ол — ананың тілі ғой! Оны сүйемін. Анамнан дарыған қасиетті айтам. Демек, бойымдағы барым мен бағалым, басқалардан қорғар қамалым, айсыз түнде адасқанда жағарым, арып-ашып, өліп-өшіп қолымды жайғанымда аларым, Алла берген ғұмырымның ең ақырғы күнінде іздегенім деп табарым, аңсап-сусап келгенде шәрбатым деп қанарым, арттағыға қалдырарым да осы – тіл. Сені қалай мақтасам да жарасады! Ал, біздікілер анасын мақтағысы келсе де, анау «бүй» деген, мынау «сүй» деген деп жалтақтап, өзгеден шыққан сөзді желге тигізбей, ауаға сүйгізбей іліп әкетеді. Мұнысы баяғы, жо-жоқ, кешеден киімімізге жұққан салдыр-сатпақ. Оны сүртіп тастауға не дәрмен, не қауқарымыз жоқ, не әдетке айналған. Анамның тілінің бүгінгі бейнесі жан шошытарлық. Аузында бір тісі, жанарында күлкісі, көрсе, адамның құсқысы, қараптан-қарап у жұтқысы келетін, маңдай соры бес елі емес, он елі, аяғы ақсап, е жүріп баратын жеріне қонбаған, е тұрып оңбаған, жұпыны, тоз-тозы шығып, құрт-құмырсқа мен биті өрмелеген шапан киіп, тереңінде жылт-жылт етіп жақұты (құрғыр-ай!), шүлдірі мен былдыры сақалынан аққан қарт көрсең, ол – қазақтың тілі, ол – Алаштың тілі! Осыны айтып отырған менде де, сірә мұны көрсе де көрмегенсіп, біліп білсе де, байқамағансып жүрген сіздерде де ұят қалмаған шығар. Біз әлі күнге тіземізге дейін кіріп кеткен батпақ-батпақ жерде жүрміз. Жанарымыз да, ойымыз да әлі күнге жалтақ-жалтақ етеді. Кейбір қазақтар өтеді үстімізден аттап, кеудеміздегі қарт тілімізбен қоса таптап. Енді мен жыламағанда қайтейін?! Біз жылағанға да үйреніп қалғанбыз ғой. Жылай берейік, көзіміз қараяды. «Тіл құдайыңнан да, дініңнен де дүниеге бұрын келген. Мекен – тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, жалғыз қазынасы – тілі» дейді қазақтың Қалтайы. Мен таңнан кешке, кештен таңға, бүгіннен болашаққа қадам басарда қорқамын. Кіндігімді кескен жұрттың қасиетін қадірлеп аманаттай аламын ба? Қ.Жұбанов «бір тілді білген – бір адам, екі тілді білген – екі адам» дейді. Біз қазір бір қазақ қазақша былдырласа, тақиямызды аспанға атып қуанамыз. Таусылып отырсам, баспасөз бетіндегі көп жылауықтың бірі деп бір және ұлтымның ұрпағын жалғыстырар ертеңгі ана деп екінші рет ұғыңыз. Абайша айтқанда «тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды», яки көсемситін көсем де емеспін, көзіммен көргендерімнің көкейге түйілгені мендегі сөз. Біз тәуелсіздік алғалы «бізді, көпті, араласты» сүйетін болдық. Жадымызда «Мен, мен едім, мен едім...» деген тармақ әлсін-әлсін естіледі. Сондықтан ба, өзгені жарылқап жүріп, өзімізді жабырқатып алдық. «Қоғамдық көлікте...» деп тағы да жаттанды сөйлеймін, тағы да қазақ пен қазақ өз анасын боздатып қойып, орыс тілінде сайрап тұр... Қазақ мөлиіп, орыс көркейіп... тағы да он сегіз жыл бойғы түйіні шешілмеген мәселе. Кейде оларға қарап мен де ашынғанда айтқан Қадырдың сөзін қайталаймын: «Қазақ тілінің ұлылығы сонда: Бұл тілде кейбір қазақтардың өздері де сөйлей алмайды». Маған ақсақалды атадай, ақжаулықты анадай тіліміз Астананың ақ боран аязында адасып, тұман тұншықтырып жатқандай, я қала біткеннің қатыгездігінен құмға күйген табаны тас жолдан тілім-тілім боп, бір қасық су тамызатын жан таппай, аспанға қарап ауыз ашып, алақан жаятынға ұқсайды. Ал, мен суықтың үстімен жұмсақ табаныммен мұз басып жүгіріп, Қазақ боп, басқа боп құбылып келемін. Я көмекке, я көрмекке, я көрге... Жұлдыз БЕЙСЕК, Президенттік мәдениет орталығының қызметкері

3336 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы