• Руханият
  • 16 Желтоқсан, 2021

ЕЛІМІЗ – АМАН, ҰРПАҒЫМЫЗ – АЗАТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы қалың елге ой салған, жүректерді қозғаған ерекше дүние болды деп айтар едік.
Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың тәуелсіз мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында мұндай тағылымды дүниенің жарыққа шығуының өзінің мән-маңызы зор. Елбасы мақаласында: «Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік» дегенді текке айтып отырған жоқ. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау – барша қазақ баласы үшін ұлы парыз. Қазақ халқы бар кезде азаттығымыз ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Ен маңыздысы – оларға тәуелсіздік ұғымының парқын білуді, оның түп тамырын, жайқалған бағын, өсіп-өркендеген өрісін тануды үйрету ләзім. Бұл да аға ұрпақ өнегесінің биігі болмақ. Елбасы осы ұғымды санаға сіңіріп отыр.

Осындайда Тәуелсіз Қазақстанның дербес ел болып қалыптасуының ұлы шежіресі жадымызда жаңғырып, ­санамызда тізбектеліп өтіп жатады. Осы уақыт ішінде жеткен жетістігіміз Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Отыз жылда Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан дамыған елдермен терезесі тең, достық пен келісім салтанат құрған киелі мекенге айналды.

Біз айналасы отыз жылдың ішінде жас мемлекетіміздің іргесін бекітіп, шаңырағын тіктеп алдық. Кең-байтақ жеріміздің шекарасын белгілеп, заңдастырып та үлгердік. Әлі күнге дейін шекарасын шегендемеген елдердің бар екенін ескерсек, дер кезінде жасалған бұл шара да Елбасының сыртқы саясаттағы көрегендігі мен кемеңгерлігінің жемісі. Тұңғыш Президент өз қызметіне кіріскен күнінен бастап, «алдымен – экономика, сосын – саясат» қағидасын жариялады. Осылайша, халқымыздың әл-ауқатын арттыруды, азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауды шұғыл қолға алды.

Ұрымтал сәтте елорданы Алматыдан Арқаға ауыстыру идеясы да ешкім күтпеген тосын шешім еді. Әйтсе де, бұл батыл идеяның қаншалықты өміршең болғанын уақыт көрсетті. Рас, сол алмағайып кезеңде ел астанасын көшіру туралы ұсынысты қолдаушылар өте аз болды. Бүгінде Арқа төрінде салтанатты қала бой көтеріп, елордамыз халықтың мақтанышына айналды.

Елімізде 1993 жылы жаңа ­Конституция қабылданып, араға екі жыл ­салып, яғни 1995 жылы уақыт талабына сай мемлекеттің бұл басты құжаты жан-жақты жетілдірілді. Президенттік басқару жүйесіне өттік. Биліктің барлық салалары Конституция талаптарына сай қызмет атқарып келеді. Қос палаталы Парламент түрлі деңгейдегі құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген заң, кодекс пен құқықтық актіні мезгілінде қабылдап, мемлекеттік жүйенің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Бүгінде Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев пен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин жетекшілік ететін заң шығарушы органдар өз міндетін мүлтіксіз атқаруда.

Тәу етер тәуелсіздігіміз жайлы әңгіме қозғағанда аяулы Алматыға арнайылап тоқталмасқа әсте болмайды. Елбасының өзі «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп текке айтқан жоқ. Ел қалай дамыса да, тәуелсіздікке қанша жыл толса да Алматының абыройы мен орны ешқашан ұмытылмайды. Әлі есімде, ­Медеу ауданының әкімі қызметінде жүрген кезім болатын. Алматылық жастар Тұңғыш Президентті әуежайдан қарсы алып, оның Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында атқарған еңбегі мен жас буынға жасаған қамқорлығы үшін зор алғысын білдіруге жиналды. Алматы әуежайында екі мыңға жуық студент жас Тұңғыш Президенттің ұшағын тағатсыздана күтіп тұрды. Жастардың ­Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевпен ешқашан бетпе-бет жолықпағаны белгілі. Сол кездесудегі Елбасының «Жас ұрпақ, сендер бақыттысыңдар! Мынадай Алматы сияқты керемет қалада оқып, білім алып жатырсыңдар. Бәріміздің Отанымыз біреу. Ол – Қазақстан. Бәріміздің жеріміз біреу. Ол – Қазақ елі, ұлы даламыз. Бәріміздің істейтін шаруамыз – Тәуелсіздікті сақтап қалу. Бәріміздің ойымыз – бақыт, денсаулық. Баршаларыңа шын жүрегіммен жарқын болашақ, зор денсаулық тілеймін» деген сөзі сол екі мың студенттің жадында мәңгіге жазылып қалғандай әсерде болдым.

Санаулы жылдар ішінде Алматы қаласы метрополитені зырлаған, Шығыс айналма жолымен күндіз-түні көліктері тоқтаусыз ағылып, газ және электр қуатымен толық қамтамасыз етілген ірі заманауи мегаполиске айналды. Бұрынғы алты ауданға жаңадан қосылған Алатау және Наурызбай аудандары тың серпін, жаңа өріс берді. Бұл міндетті қала басшысы ретінде көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ахметжан Есімов абыроймен атқарып, сол дәстүрді білікті басшы Бауыржан Байбек лайықты жалғастырып әкетті.

Мемлекеттің стратегиялық мұратын айқындайтын Алматы қаласының дамуы бүгінгі таңда да Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың жіті назарында. Қалаға жылына бірнеше мәрте арнайы келіп, Алматы мен қала айналасындағы өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып, шаһарды көркейтуге байланысты нақты тапсырмалар беруі – соның жарқын көрінісі. Сол тапсырмалар негізінде пандемия жағдайында қала экономикасын қалпына келтіру ісі жоғары қарқынмен жүрді. Қысқа мерзімде қол жеткізген экономикалық көрсеткіштер биылғы жоспардың артығымен орындалғанын көрсетіп отыр. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың даму стратегиясы жөнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесуі барысында мәлім етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланың ұзақ мерзімді даму стратегиясының жобасы жасалған. Бұл құжат «Алматы – 2050» деп аталды.

Сарапшылар 2030 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 5 миллионға жетеді деген болжам айтады.

«Бес миллион – бұл үлкен Алматы. Үлкен Алматы – бұл Алматы қаласы және қала маңы, яғни алматылық агло­мерация. Жанымызда Алматы облысының 5 ауданы орналасқан. Онда облыс халқының 60 пайызы тұрады. Олар Талдықорғанға бармайды. Себебі бұл өте алыс, барлығы біздің шаһарға келеді. Қазір Алматыда 3 миллиондай адам тұрады, 2030 жылға қарай 5 миллионға жетеді. Сондықтан халықтың өсуіне байланысты инфрақұрылымға жүктеме барлық дамушы қалалар үшін ғаламдық міндет. Олардың қатарында біз де бармыз. Бізге де, басқа әлемдік мегаполистер сияқты, урбанизация дағдарысы төніп тұр. Көшіп келушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл қаланың барлық әлеуметтік, инженерлік, көлік инфрақұрылымын қайта қарау қажеттігіне алып келеді. Сондықтан Үлкен Алматының бүтін агломерациясы ауқымындағы шешімдер үшін проактивті жоспарлау және жобалау, смарт-тәсілдер қажет», – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақа­ла­сында: «Ең бастысы – еліміз аман, ұр­пағымыз азат. Біз алақанға салып өсір­ген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақ­станыма не беремін?» дегенді ойлауы керек»,– дейді. Осы орайда біз жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ғана ел егемендігін баянды ете аламыз. Жаттанды үрдіс емес, шынайы сүйіспеншілік сезімі серік болуы тиіс. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды». Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның ең басты тағылымы да осы болса керек.

Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,

Сенат депутаты

1111 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы