• Қоғам
  • 23 Желтоқсан, 2021

«ҚЫЗЫЛ ШАМ» НЕМЕСЕ ӘЙЕЛ ЖАНЫ НЕНІ АҢСАЙДЫ?

Әйел болмысы мен құпия жаратылысы санасында сәулесі бар жанның бәрін ойлантып-толғантып келеді. Адамзат жаралғалы солай. «Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу» деген пікір бар. Рас. Өмір қандай шым-шытырық болса, әйелдің жан дүниесі де сан тарамды – шытырман, түсініксіз тұңғиық. Оның жаны – нәзік әрі қорғансыз. Ал нәзік жан жанталаса күреседі, қармалана қорғанады. Сондай қарманған сәтте қолына әлдене ілінуі мүмкін, әлдекімді іліп түсуі мүмкін...

XX ғасырдың 20-жылдарын бейнелейтін Қытай режиссері Чжан Имоу түсірген «Көтерілсін қызыл шам» (Raise the Red Lantern») фильмі де әйел жанының иірімдеріне бойлай отырып, сол кезеңдегі Қытай қоғамдық жүйесінің қатпарына қатар сүңгиді, былығын көз алдыңа алып келеді. Өмір мен әйелдер трагедиясы астасып кетеді.

Алдымен, Қытайды әлемге танытқан атақты режиссер Чжан Имоудың жазушы Су Тунның «Әйелдер мен күңдер» повесінің желісі бойынша түсірілген бұл фильмінің аз-кем мазмұнына тоқталайық.

Фильм 1920 жылдардағы Қытайдың шалғай провинциясының Чинь Байшун деген ауқатты шонжарына 19 жастағы Сунлянь есімді жап-жас қыздың төртінші әйел болуға келісіп, байдың үйіне келуінен басталады. Университетте оқитын өрімдей жас қызды төртінші әйел болуға мәжбүрлеген тұрмыстық қиындық болатын. Сунлянь әкесі дүние салғаннан кейін өгей шешесіне салмақ салмау үшін оқуын тастап, өзіне беймәлім өмірге аяқ басады. Бір қарағанда оқшау орналасқан түрме кейпін беретін бай сарайының ауласындағы меңіреу тыныштық пен тас қабырғалар бұл жердің қойнына бүккен беймәлім, ауыр сырлары барын сездіретіндей. Үш әйелдің үстіне келген Сунлянь сарайдың бар салтын үйреніп, тіпті аз күнде күндеске айналып шыға келеді.

Отбасының өзгеше бір дәстүрі – күнделікті таңертең төрт әйелдің аулаға шығып, қожайындарының келер түнді қай әйелмен өткізетінін күтетін сәті. Қожайынның таңдауы түскен әйелдің тұсына қызыл шам жеткізіліп, түні бойы сол әйелдің үйіне қызыл шам жағылады. Сол әйелге күні бойы үйді басқару құқы беріледі. Төрт әйелдің де арманы – қожайынның назарына іліну, шаңырақтарында қызыл шамның жарқырағаны. Сырттай сыпайы ханымдар, іштей бақас.

Салтанаты келіскен сарайда әйелдердің жан тыныштығынан басқаның бәрі бар. Жүрегі тыныш таппаған әйелдердің, жағдайлары бас бостандығы жоқ күңдерімен бірдей екенін түсінетін халдері де жоқ. Мұны режиссер Сунлянь есіктен шыға бере Сунляннің қызметшісін күйеуінің құшағына алатын сәтімен, бір ғана детальмен көрсетеді. Сунляннің қызметшісі де өрімдей жас қыз. 70-тен асқан шалға құмартып, қиялымен өзін оның әйелі сезінетін оған да керегі – назар. «Кедей – бай болсам» дейдінің кері. Еркіндігінен айырылған әйелдердің бар бақыты – еркек ықыласына бөлену. Болды. Бұл сарайда (фильмде) ынтығу бар, құмарту бар, күрес бар, сырт әдемілік бар... Тек, бір нәрсе жоқ. Ол негізгі нәрсе. Ол жоқ болған соң, қоршаған әлемнің бар әдемілігін батпандай зіл басқан.

Бейсаналы түрде өктем қожайынның әміріне бас иіп, назарына ілігу үшін жанталасқан өмірді көресіз. 19 жастағы, оқыған, көзі ашық Сунлянь да тіршілік үшін, сән-салтанаты келіскен сарайда өмір сүруі үшін осы шырмауға өзі кеп түскен әйел. Төрт әйелдің қарым-қатынасына қарап, әйелдер мүдделес болғанмен, ешқашан бір-біріне тілектес бола алмайтынын түсінесің. Бір сәтке аяушылығы бас көтеріп, достық пейіл танытқандай болғанмен, сәті туғанда сатып кету түкке тұрмайтынын көресің. Тіршілік үшін текетіресіп, өз өмірінің құнын жоғалтқан, мақсат тек озбыр қожайынның шаңырағыңа шам жаққаны ғана болып қалған әйелдерден бәрін күтуге болатынын түйсігіңмен сезесің.

Режиссердің фильмде қожайын Чинь Байшунның бет-жүзін бірде-бір рет көрсетпеуі де оның өзін Құдайдай сезінеті­нін аңғартқандай. Сарай Құдайы әйелдердің жан арпалысын көрмейді де, сезбейді де. Жан дүниесіне үңілу былай тұрсын, ол күйеуінің ықыласына зәруліктен, ішін тырнаған қызғаныштан бәлки сұрқай өмірден қажып, әлдебіреуден жылу іздеп, от басқан әйелдерінің бірін сотсыз, тергеусіз дарға аса салады. Сот та – өзі, сұраушы да – өзі.

Фильмнің соңғы сахнасында жан арпалысынан жынданып кеткен Сунлянь сарайды кезіп жүреді. Бұл отбасындағы бұрын бүркемеленіп келген әрекеттердің бетін ашып, еріксіз екі адамның өліміне себепкер болғаны үшін Сунлянь өзін кешіре алмай жан азабынан ессіз күйге түскен кезі.

Бұл күйге түсуіне күйеуін күндестерінен қызғанып, өтірік айтуға дейін барған Сунляннің өз әрекеті себеп болған-ды. Есінен адасқан Сунляннің шаңырағындағы шамдар сөндіріліп, өзі басқа бөлмеге көшіріледі. Сунлянь «жағдай бұрынғы қалыпқа келе ме, қызыл шам жана ма?» деген үмітпен шаңырағына қарай-қарай бір жылды өткізеді. Бірақ қожайын Сунляннің барын мүлде ұмытқандай еді. Келесі жылы жазда төртінші әйелдің үйінде қызыл шам қайта жанады. Бірақ бұл сарайға келген жап-жас қыз, бесінші әйелдің құрметіне жағылған шам болатын...

Барлық туындыларында Қытай мемлекетінің бай мәдениетін өзіндік стилімен өрнектейтін суреткер – Чжан Имоудың бұл фильмінде де қызыл түсті қолдануы – символдық ишара. Қызыл түс мұнда беймәлім мұң мен жан арпалысын айшықтауға көмектесіп, жарығы салтанатты емес, мұң болып төгіледі. Алаулай жанған қып-қызыл шамдар жанға шуақ шашуы тиіс болса, бұл фильмде, керісінше, қызыл шам біреуінің мерейін уақытша үстем етсе, біреуінің үмітін сөндіріп жатты. Мұндағы қызыл шамды зарыға күткен әйелдер отқа ұмтылған көбелектей жанып кетіп жатыр...

Сунляннің тіршілік үшін жанталаса жүріп, көп әйелі бар шалдың етегінен ұстап, ақырында күндестік батпағына батып кеткенін қалай түсінуге болады? Суреткер бұл фильмінде асқан шеберлікпен осы құпияның жасырынған кілтін мегзейді. Ал құпияны ашуды көрерменнің өз еркіне қалдырған.

 Кино осыдан тура 1 ғасыр бұрынғы әйелдер өмірі туралы болса да, бұл мәселе өзектілігін жойды деп айта алмаймыз. Бүгінгі XXI ғасырда да көп әйел алу туралы ойды әлсін-әлсін қозғап, «полигамияның арқасында демографияға үлес қосылады» дейтіндер кездесіп жатады. Олар алдымен әйел жанына үңіліп көрді ме екен? Біз талдап отырған фильмнің бір көздегені де осы – әйел жанына үңілдіру.

«Әйел туралы жазу – өмір туралы жазу» деген пікірмен келіспеске шараң жоқ. Ықыласқа елітіп, зәрулік қажытып, «қызыл шамға» ұмтылған қаншама тағдыр бар өмірде...

Режиссер Чжан Имоудың «Көтерілсін қызыл шам» фильмі – ­Венеция кинофестивалінде үш бірдей марапатты жеңіп алған фильм.

Айнұр МҰРАТОВА

3332 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы