• Білім және ғылым
  • 23 Желтоқсан, 2021

БАЛА ТАНЫМЫН ҚАЛАЙ АРТТЫРУҒА БОЛАДЫ?

Қазақстан Республикасы тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген. Осыған байланысты, жас ұрпақтың жеке тұлғасын қалыптастыру – қазіргі кездегі тәрбие мен білім берудің басты көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. 
«Жеке тұлға» ұғымы психологтардың көзқарасы бойынша, жеке организм – жеке адам тұлғасы. Бұл саналы іс-әрекет объектісі. Тұрақты және әлеуметтік маңызды қасиеттерге байланысты, жеке адам – қоғам мен ұлттың бірлескен мүшесі, жеке тұлға өзіндік сана мен қоғамдық сананың пайда болуына байланысты қалыптасады.

Қазіргі таңдағы ұлттық тәрбие беру жүйесінде бастауыш мектеп кезеңі бала өмірінің алты, жеті жастан он, он бір жасқа дейінгі аралықтағы кезеңді қамтиды.

Бастауыш сынып кезеңіне тән негізгі белгілер мынадай: бұл жаста мектеп жасына дейінгі бала мектеп оқушысына айналады. Мұнда баланың өз бойында мектеп жасына дейінгі балалық шақтың белгілерін оқушының ерекшеліктерімен ұштастыратын өтпелі кезең болып саналады. Бұл белгілер оның мінез-құлқында, санасында күрделі, тіпті кейде қиыншылықты үйлесім түрінде қатар жүреді. Кез келген өтпелі күй сияқты, бұл балалық шақ көзі ашылмаған даму мүмкіндіктеріне бай, оларды дер кезінде байқап әрі қолдап отыру аса маңызды. Адамның көптеген психикалық қасиеттерінің негізі нақ осы бастауыш сынып кезеңінде қалыптасады және ол келешекте әдетке айналады. Бастауыш сынып оқушысының жеке басына тән қасиетінің дамуында «Мен» деген ұғымның мәні жатады. Бала өзінің есін білген соң, құрбыларына қарағанда бәлендей тізімде қандай орын алатынын ойлап, қайткенде жақсы орынға ие болсам деп арман етеді. Бұл жағдайда баланың өзінің қандай орын алғысы келетіні туралы бағасы мен құрбыларының, не үлкендердің ол жөніндегі бағасы арасында үлкен алшақтық болғаны жақсы. Егер бастауыш сынып оқушысының өзі жөніндегі бағасы, құрбыларының бағасынан асып кетсе, мұндай баланы мақтаншақ деп атайды. Керісінше, оның өзі жөніндегі бағасы өзгелердің оған беретін бағасынан төменге түседі, осындай баланы кішіпейіл дейді. Бастауыштың оқушысы өзінің ісіне, не мінезіне әлі сын көзбен қарай алмайтын болғандықтан, оның өзі жөніндегі бағасы, әдетте өзгелердің бағасынан жоғары дәрежеде келеді. Бастауыш сынып оқушысында кейде ашуланғыштық қасиеті де болып тұрады. Баланы ата-анасы үйінде көп еркелетсе, онда ол болмашы нәрсеге тез ашуланып, күйіп-пісетіні кездеседі. Керісінше, күтпеген жағдайда, «Жақсы», «Өте жақсы» деген баға алса, жұрттың көзінше, соған қатты куанғанын жасыра алмайды.

Бастауыш сынып оқушысының ерік-жігері недәуір қалыптасып қалса да, кейде өзін-өзі меңгере алмайды, импульстік іс жасап калатыны кездеседі. Импульстік іс деп ойланбай, не болса соған қызынып, бірдеңені бүлдіріп алуды айтады. Осындай жайт, баланың тәртіпсіздігінен емес, импульстік іске өзінің икем келуіне, яғни өзін-өзі меңгере алмауынан кездеседі. Бастауыш сынып оқушысының өз құрбыларымен қарым-қатынасы әртүрлі және осының өзі бұрын балабақшада тәрбиеленді ме, соған орай келеді. Бұлардың ұжымшылдық қасиетінің қалай қалыптасатынын алсақ, осының өзі І сыныпта әлі қалыптаспаған, балалар бақшасында тәрбиеленген балалардың бірқатары өзгелерден бөлшектеніп, өзін сол ұжым мүшесі деп санамайтыны кездеседі. Бұлар бір-біріне жаны ашып, көмектесу дегенді білмейді. Тек өзіне басқалар кедергі жасамаса болғаны. Бірақ 2-3 сыныптарда бұл қасиеттер жойылып, бұлар өзара достаса бастайды. Баланың бір-біріне көмектесуі әуелгі уақытта мұғалімнің басшылығымен іске асады. Кейін барлығы өзара достасып, бірі өзгесіне мейірімді бола бастайды.

Бастауыш сынып оқушыларындағы басты қажеттілік – оқушы болу. Ол сыртқы пішіні мен оқуда озат болу ниетімен, оқушының мінез-құлқымен, «мектеп оқушысын» алдымен мұғалімнің, содан соң құрбыларының тануымен, сыныптағылармен бірге болуға талаптанумен айқындалады. Осындай тәрбиелік жағымен бірге мектептің бастауыш сатыдан  оқушының сапалық және сандық білім деңгейін анықтау арқылы оқу сапасын жетілдіруге мүмкіндік туады.

Сол себепті  мектептің бастауыш сатысында оқыту мазмұнын жаңалау және жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалануға байланысты жетілдіру жұмыстарының жүргізілуі маңызды. Жеке тұлғаны рухани тәрбиелеуге, адамның адамгершілік болмысының қалыптасуына баса назар аударылу керек.

Бастауыш сынып оқушысы не нәрсені болса да білуге құмар, қолымен ұстап, көзбен көргенді ұнатады. Зейіндері тұрақсыз болғандықтан бір сарынды оқудан тез жалығады. Сондықтан оқу мазмұны мен тәрбие әдістерін жаңарту бағытында оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін жан-жақты іздене отыру керек.

Білім мазмұнында саралап және даралап оқытуға басым бағыт беріліп, бастауыш сыныпта оқушылардың танымдық қабілеттерін жан-жақты дамыту мақсатында оқытудың түрлі формаларын пайдалану өте қажет.

Бастауыш сынып жасы – бұл айналадағы өзге әлемді баланың өз бойына сіңіре бастау, білім жинақтау, осыларды басымдылықпен игеру кезеңі болып табылады. Осы бір аса маңызды өмірлік функцияны табысты орындау баланың өзіне тән бейімділігінің осы жаста қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды, яғни ол мынадай бейімділіктер: адамның беделіне зор сеніммен қарауы, кездесетін барлық жағдайларды тез қабылдап, оған тез әсерленгіштігі, аңғал ойын баласының қарым-қатынасы. Мұғалімдер бірінші сынып оқушыларының метатанымдық дағдыларын дамытуға ықпал ету үшін, өз іс-әрекеттерін жос­парлауда, оқушыларды қалай оқу керектігіне үйрену дағдыларын дамыту үшін жағдай жасауға үйренеді. Көбінесе, мұғалімдерде тілдік цикл пәндерінде бірінші сынып оқушыларында белсенді тыңдау, оқу дағдыларын дамытуға тапсырма таңдауда қиындықтар кездеседі, әрине. Сол үшін де, оқыту мен оқуда жаңа тәсілдерді қолданады: сабақта топтық жұмыс істеу түрлерін тиімді қолдана бастайды. Мұғалімдер топтық жұмыс үшін тапсырмалар таңдайды, оқушыларды белгілі тапсырманы орындауға көбірек бағыттайды. Сондай-ақ мұғалімдер бастауыш ­сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, топтық жұмыстар ұйымдастырады.

Мәселен, мен өзімнің мұғалімдік тәжірибемде осы ойларымда ұштастыра келе, топта оқушылардың ойлау қабілетін, сөйлеу тілін ­дамыту мақсатында Б.Блумның сұрақ қою өлшемін жиі пайдаландым. Олар жеңілден – ауырға, қарапайымнан – терең ойлауға жетелейді. Осындай сұрақ қойылған кезде, көшбасшылыққа бейім, озат оқушылар топтың басқа мүшелерімен ынтымақтастықта қарым-қатынас орнатып, шығармашылықпен жұмыс жасады. Топта оқушылардың сөздік қорын дамыту барысында топ мүшелері сөздіктерді жиі пайдаланады. Сабақта топтық жұмыстарды ұйымдастыру арқылы оқушылардың сабаққа белсенділігі, қызығушылығы артқанын байқадым.

Топпен жұмыс жасауға арналған тапсырмалар күрделі емес және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай беріледі. Мысалы, сауат ашу сабағында элементтерден әріпті жинау, сандарды ретімен орналастыру арқылы сөздер құрастыру, әріптің баспа және жазба түрлерінің қатынасын табу, «Қатесін тап» деген сияқты тапсырмалар беріледі. Математика пәнінен «Кеңістік фигуралары», «Жазық фигуралар және олардың модельдері» тақырыбын өткен кезде жеке бөліктерден ­фигураны құрастыру  арқылы фигуралар моделін құрастыру (мыс: пирамида,конус,тік бұрышты параллепипед,текше...) тапсырмасын беруге болады. «Жыл мезгілдері» тақырыбына байланысты сабақ барысында жеке бөліктерден бір жыл мезгілін құрастырып, аталған жыл мезгілінің ерекшеліктері туралы әңгімелеу тапсырылады. Оқушылар топтарға берілген тапсырмаларды орындай отырып, тақырыпты қызығушылықпен  өздері аша алады.

Пәндерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сабақты қызғылықты да тартымды өткізу мұғалімнің шеберлігіне байланысты екені баршамызға мәлім. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту технологиялары да қарастырылды. Сол себепті қысқа мерзімді сабақ жоспарын құрастыру барысында оқушылардың жас ерекшеліктеріне басты назарды аударып, ­мысалы, «Өрмекшінің өрмегі», «Қораптағы сұрақ», «Серпілген сауал» әдіс-тәсілдерін күнделікті қолдану барысында оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарының артатындығын аңғардым. Сабақ барысында ребустарды молынан қолдануға тырысамын. Әр сабақта әртүрлі қолжетімді ресурс­тарды дұрыс, әрі ұтымды пайдалану тиімді.

Қорыта айтқанда, бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында өз кәсіби біліктілігімізді шыңдап, құзыреттілігімізді қалыптастырсақ қана тиімді нәтижеге жетеміз деп сеніммен айта аламын.

Гүлзат АБЖЕТОВА,

Алшын Меңдалыұлы атындағы

жалпы білім беретін мектептің

бастауыш сынып мұғалімі

Маңғыстау облысы

3522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы