• Тіл
  • 23 Желтоқсан, 2021

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  биыл қазан ­айында  Ұлттық ­жобалар тізбесін бекіту туралы  Жарлыққа қол қойған болатын.  Тізімде 10 ұлттық жоба көрсетілді. Соның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш және 66 ауқымды іс-шарадан тұрады.

Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді ­насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар жастарға жаңа мүмкіндік ашып, олардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету. Жобаға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен ­тамыры. Сондықтан, әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор», – деген баға берді. Бұл бағдарлама 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан «Рухани жаңғыру» құндылықтарын одан әрі ілгерілету. ­Елбасымыз ұсынған  бастаманың өз жалғасын табуы бізді қуантады.

Мемлекет басшысы ұсынған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыттан тұрады. «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту», «Ел рухы» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Екінші бағыт мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, отандық өнімдерді шет елдерге таныту бойынша шаралар кешенін қамтыса, үшінші бағыты еліміздің жастарына арналады. Бүгінгі жастар – ертеңгі болашағымыз. Сондықтан еліміздің жастарға қолдау көрсетуі ел болашағы үшін жасалып жатқан игі істердің бірі.

Әр елдің ұлттық құндылықтары, ұлттық идеясы болады. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор – мемлекет. Сондықтан да ұлттық құндылықтарды, туған жер, тіл, әдебиет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарды ұрпақ санасына сіңіре отырып, тәрбиелеу ұлт болашығының кепілі болмақ. Біз бұл мақалада жобаның «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты аса маңызды екенін айтқымыз келіп отыр.  Ұлттың ұлт ретінде қалыптасуы мен ұлт болып қалуына  себеп болатын бірден-бір фактор – тіл.  Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп айтқан болатын. Ұлт ұстазының айтқан сөзі бүгінгі таңда зор маңызға ие болып отыр.

Жастар ел болашағы болғандықтан, тілге деген құрмет балабақша мен мектеп қабырғасында жүрген білім алушылардан басталуы тиіс. Осы орайда, Аида Балаеваның айтқан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар тізімі көңілімізді қуантты. Министрдің айтуы бойынша, ендігі мақсатымыз:

– мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық, IT өнімдер әзірлеу;

– танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау;

– орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу;

– техникалық және кәсіптік білім беру орталықтарына қазақтілді оқулықтарды әзірлеу.

Арай ЖҮЗБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Қазақ тіл білімі кафедрасының

оқытушысы

2435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы