• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

ҚҰРМЕТТІ ҚҰРМАНБЕК

Бастауыш мектепті бітіріп, бізге «Қараалмадан» үш-төрт бала келді. Солардың бірі – Құрманбек Тайбергенов еді. Олар бізге тез-ақ сіңісіп кетті. Таудың етегінде өскендікі ме бәрінің де еті тірі. Біз олардың өміріне қызығамыз. Көктем шығып жаңбыр жауса таудан қозықұйрық теретін солар. Әлгі қозықұйрықтың үлкендігі шелектің түбіндей. Тау қызғалдағын да ең бірінші алып келетін солар.
Әсіресе Құрманбек өзін еркін ұстайды. Ұстаздарымыз да оны тең тұтып сөйлеседі. Оның сырын көпке дейін түсінбей жүрдім. Құрманбек үлкен адам сияқты, уақыты жоқ. Біз сияқты ойын қумайды. Үйіне бара қалсам, жаттау жазылған қағазды  күртешесінің етегіне қыстырып қойып, әлсін-әлсін көз салып күбірлеп қойып, мал жайғап жүргені. Екі жұмысты бір-ақ атқарады. 
Кейін барып білдім. Құрманбек бір жасында әкесінен айрылады. Әкесі Байсейіт 1905 жылы туған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, ауыл-аймаққа беделді, бақуатты кісі болған екен. Үлкендердің «әкеңнен аумай қалғансың» деген бір ауыз сөзі оны ерен қуанышқа бөлейді. Көз алдына осындай болған шығар деп қиялмен әкесін сан рет елестетеді. 

Әкесі қайтыс болған соң бар ауыртпалық шешесіне түседі. Шешесі Әсел он саусағынан өнер тамған жан болатын. Бір өзі бір шеберхана десек жарасқандай, «Зингер» деген іс тігетін машинасы бар, міне, сонымен іс тігіп  балаларын асырайды. Көйлек-көншек қана емес, шапан, сырмақ тігетін. Шешесінің жер басып жүргені жарты бақыт еді. Бір күндері шешесі де қатты ауырады. Бұлар ол кісінің аман қалуын құдайдан жалбарынып тілейді. Бірақ амал не? Тағдыр солай ­болды. Он жасқа толғанда шешесі де о дүниеге ­аттанып кете барды. Ағалары ­Сейсеналы ­институтта оқып жүрген. Онжылдық мектепті жаңа бітірген әпкесі Сапаркүл екеуі үрей мен қорқыныштың құшағында, ары-бері жөңкілген пойыздардың доңғалағының дүрсілін тыңдап жатып, ұйықтап кететін. Келесі күні ерте тұра сап шешесінен қалған малға шөп салады. Бұл қиын-қыстау күндер еді. Ойласа денесі осы күнге дейін қалтырап кетеді.

Сапаркүл әпкесі екеуі бір жылды осылай өткізді. Сейсеналы ағасы үйленді де, бұл солардың қолына барды. Сапаркүл жоғары оқу орнына түсті.Оның басынан өткен осындай жайларды ұстаздарымыз біледі екен де, қайсарлығына сүйсініп, тілектес болып жүреді екен. Мүмкін болашағына сенген шығар. Ол ұстаздардың сенімін ақтай білді. Кеңес Одағының ­батыры С.Т.Бреусов атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған ол, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына түседі. Ол уақытта студенттерді әр өңірге тәжірибе алмасуға жіберетін. Оқып жүргенде Мәскеу, Тольятти, ­Самара, ­Ульяновск қалаларында практикадан өтті. 1981 жылы жолдамамен ­Павлодар қаласындағы «Қазпромтехмонтаж» қондырғылар басқармасына барды. Он жылдан бері мұнда жас мамандар аяқ баспаған екен. Ұжым қуана қарсы алды. Бастапқыда шебер, инженер, прораб, кейін бөлімше бастығы болды. Жұмыстың ыстық-суығына төселіп, жаңадан ашылғалы тұрған ­зауыт, фабрикаларға қондырғылар орнатуға атсалысты. Ол басқарған еңбек ұжымы бір «Казпромтехмонтаж» басқармасы ғана емес, бүкіл Павлодар қаласы ­бойынша соцалистік жарыстың көшін бастап, үздік атанды. Бөлімше сол жылдары бүкіл Кеңестер Одағы бойынша аса маңызды кәсіпорын болып саналатын Павлодар трактор және алюминий зауыттарын техникалық жабдықтаудан өткізді. Екібастұз қаласының маңындағы «Богатырь» кенішінде көмірді роторлы экскаватормен ашық өндіретін бірегей қондырғыны құрастыруда Құрманбек білікті маман ретінде неміс инженерлерімен бірлесе еңбек етті. Бұл игі іс өндірілген «қара алтынның» көлемі мен сапасын бірнеше рет арттырып, Гиннестің рекордтар кітабына жазылды. Бұл кезең өсу және шыңдалу жылдары  еді.

1984 жылы туған жерге оралып, Шымкент қаласындағы «Казахмонтаж» басқармасына бөлімше бастығы болып  келді. 1984–1992 жылдар аралығында Кеңес және мемлекеттік қызметтерде болды. Облыстық атқару комитетінде аға референт, халық депуттары облыстық кеңесі төрағасы бірінші орынбасарының көмекшісі, облыстық әкімшілікте топ басшысы болып қызмет атқарды. 1992 жылы Шымкент қалалық әкімшілігі аппаратында іс басқарушысы болып тағайындалды. 1993–1997 жылдары мемлекеттік қызметтен қол үзіп, біраз жыл жеке кәсіпкерлікпен айналысты. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі шаруашылық басқармасының басшысы Жеңісбек Мәуленқұловтың шақыртуымен «Ақсу» шипажайының ­директоры болып бекітілді.

Демалыс үйін алғаш көргенде көңілі құлазып сала берді. Қаңырап бос тұр еді. Нарық қыспағы қаңқасын ғана қал­дырған түрі бар.  Шипажай облыс әкімі Қ.Абдуллаевтың шешімімен  шаруашылық есептегі мекеме болып бөлініп шыққан-ды. Жеке отау тіккен мекемеге облыс әкімі қашан еңсе тіктеп кеткенше қолдау көрсетіп, жарым-жартылай болса да көмек көрсетуге уәде еткен-ді.

Дереу еңбеккерлерді шақырып әңгі­мелесті. Олар жағдайды түсініп бір ай тегін жұмыс істеуге келісті. Демалыс орнының 20 гектар бағы бар еді. Міне, сол бақтағы жемістер қолдан теріліп, базарға апарып сатылды. Жаңадан жеміс ағаштары отыр­ғызылып, ескілері қырқылды. Келешек асхана дастарқанын жеміс-жидекпен осы арадан қамтамасыз етсек деген арман да туды.

Сауна, массаж, ем қабылдау бөлмелері күрделі жөндеуден өтті. Емдік қасиеті бар шипалы су құбыры жаңартылды. Жазғы ­кинотеатр, би алаңын іске қосу да кезек күтіп тұр еді. Түрлі семинар, той, мерекелік жиындар өткізуге тапсырыс қабылдай бастады. Келесі жылы жазға таман шипажайды ашты. Жұрт ағылып келе бастады.

Осы еңбегін ескерген облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев оны өзінің ­Астана қаласындағы өкілдігінің орынбасары етіп тағайындады. Мұнда да жемісті еңбек еткен ол ҚР Парламентінің қаржы-экономикалық басқармасы директорының орынбасарлығына қызметке шақырылды. Бұл қызметінде спорт ­саласын жандандыруға күш салды. Халық қалаулылары С.Қонақбаев, С.Әбдірахманов, Қ.Тұрысов, С.Тезекбаев, Қ.Хамзин секілді Сенат, Мәжіліс депутаттарымен бірге жұмыс істеді.

Құрманбектің бір ерекшелігі – тарих десе ішкен асын жерге қояды. Белгілі ғалым, техника ғылымының докторы, профессор Балтабай Қасымбековпен бірлесе отырып, Жоңғар шапқыншылығында  ерлігімен көзге түскен,  Абылай ханның оң қолы болған Бердіқожа батыр туралы көптеген тың деректер жинап жүр. Бақтыбай мен Құрманбектің басты мақсаттары – бүкіл қазақ мойындаған Бердіқожа батыр туралы  деректі фильм түсіруге, батырдың бойындағы өр мінезін жан-жақты сомдайтын көркем шығарма жазуға мұрындық болу.

Міне, Құрманбек пайғамбар жасына толағай табысымен жетіп отыр. Қазір де ол қарап отырмай халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясында еңбек етіп жүр. Өмірлік серігі Гүлнәрмен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, тәтті немерелер сүйген бақытты жан.

Сәбит ДҮЙСЕНБИЕВ,

жазушы

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы