• Әдебиет
  • 23 Желтоқсан, 2021

БАЛ ДӘУРЕН ӨТПЕЙТІНДЕЙ, КЕТПЕЙТІНДЕЙ

Қасымхан Бегманов, 
ақын, Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері

 

Аңсай, аңсай сол бозбала кезімді,

Ескі сырды жүрегіме жерледім.

Неге, неге әдебиетке өзімді,

Біржолата бермедім.

 

Бір сәтте сол екі жаққа шақырған,

Бір денеде бірге отырып аһ ұрған.

Азап шектім инженер мен ақыннан.

Екі жаққа тартқылаған тақымнан.

 

Алдымды орап жүргізбеді алаңсыз,

Басқа сала, басқа маң.

Ғазалымды парақтап бір қарарсыз,

Азабымды сезімге орап тастаған.

 

Қара жолға сіңіп кеттім, жұтылдым,

Куәсіндей арымның.

Сытылғанмен, бәлкім кейде ұтылдым,

Илеуінде мұңлы мақам, сарынның.

 

Соңғы қырқа таяпты,

Мен дегенде мұнша неге тарылдың.

Тереземді тамшы түртіп оятты,

Көз жасындай жарымның.

 

Ей, Жаратқан, неге бұлай жараттың,

Тастай салдың уысына қолдардың.

Жетегінде жалғыз кетіп бараттым,

Көкірегіме қашып кірген жолдардың.

 

Тап-таза ма ар біздің?

Алуан аңыз тарататын ессіздер.

Мына мен ғой жалғызбын,

Сіздер көпсіздер!

 

Көңілімнің көктемі,

Күзге ұласып септескен.

Ей, дүние, мендей ақын көп пе еді?

Жер бетіне кеп, кеткен.

 

***

Батқан күн де түрлі-түске бояпты,

Кімге қызық, ана өткел сізге арман.

Бейуақта әйел жұлқып оятты,

Елестерден қызғанған.

 

Кейде осылай лағып кетіп қуады,

«Кімді ойлап жатырсың» деп тепсініп.

Күрсіндім мен шыққан күннің шуағы,

Кеуде тұсқа кеп сіңіп...

 

Ай-хой, шіркін, шалқасынан жатыр Ай,

Есіме алдым оралмаған шопырды.

Түк болмаған тәрізденіп апыр-ай,

Сәлден кейін күліп-ойнап отырды.

 

Осындай сәт өтті бастан кешқұрым,

Хабарласқым келіп кетті досыма.

Жексұрыннан ғайбат сөздер естідім,

Өмір деген осы ма?

 

***

Қажыдым, артық жүріс, сандалыстан,

Қажыдым, реформа, дағдарыстан.

Тартпайды Рубцов пен Хэменгейің,

Үлгі емес, Пастернак пен Мандельштам.

 

Үлгі емес, терең мұхит, ормандарың,

Үлгі емес, бар әлемге тарлан дарын.

Үлгі емес, классиктер бағы жанып,

Нобельдің сыйлығын да алғандарың.

 

Ұнап болған, жас кезде жылатты орман,

Кеудеме талай-талай  сұрақ толған.

Үлгі емес маған бүгін Есенин мен,

Толстойың кезінде граф болған.

 

Заманымда кейде рас, тасып, төктім,

Аяғын біреулердің басып кеттім.

Иван Бунин секілді шет елге бір,

Тастап елді келмейді қашып кеткім.

 

Басқаша, ізден тағы, жырла, күнім,

Қажет пе, жұлдыз сана, ұрла түнін.

Үлгі емес Пушкин менен Гете маған,

Үлгі емес Распутин, Булгаковың.

 

Жасырмаймын, оқығам, таңданғанмын,

Майдамтал жазығында аңды алғанмын.

Ертерек сауға сұрап қамданғанмын,

Дүниені кезіп кеткем, сандалғанмын.

 

Мен бір шерлі шайырмын тірегі жоқ,

Сөніп қалған ошаққа тіледім от.

Байбөрінің менде рас байлығы мен,

Ер бабамның кеудемде жүрегі жоқ.

 

Мендік асқақ ойларға  сай шығарсыз,

Нұр шашар адасқанға ай шығарсыз.

Ұрпағын оқып көріп  Байбөрінің,

Байқап көрші жүргенмен Байшұбарсыз.

 

Ардақтадым, құрметтеп зиялымды,

Кімге барып білмедім сиярымды.

Қазақтың таңғажайып дарындары,

Сендер ғой, қалықтатқан қиялымды.

 

***

Күн батты әне қыратта қырындай біздің,

Бір ұшқын көрдім көзінен Шырындай қыздың.

Нұрлы еді неткен жамалы сырындай күздің,

Ғажайып өлке, ұлы жұрт қоштасып тұрып,

Бір тамшы жасты артыма бұрылмай үздім.

 

Ұлы даланың  бір шеті бөлініп қалып,

Бір елік қашты арқасы көрініп қалып.

Сағымға сіңген жануар жерініп барып.

Кегейлі, Мойнақ бір кезде бір жұртым еді,

Күттің бе бізді сағынып, егіліп талып.

 

Көне тарихтың орыны толатын немен,

Қайта бүрлепті бұтағы солатын емен.

Қоңырайып тұр жатсынған қолатың бөтен,

Қоңырат, Нөкіс, Шоманай, Тақтакөпірді,

Үздігіп жүріп іздеген сол ақын мен ем.

 

Сол ақын мен ем бір сырды айтып қаламын,

Сезіммен ғұмыр кешеміз қайтіп, қарағым,

Төлеген өткен жолдармен бір жүріп өтіп,

Жалтақтай қарап қия алмай, қайтып барамын.

 

Сарыалтын әне, ал, мынау Қарабайлы ма?

Сағымға сіңген  соқпаққа қарамайды ма?

Бабайқорғаннан жабысып тыным бермеген

Мына мұң бойдан  тағы да тарамайды ма?

Жазықсыз тағы сыртымнан  қаралайды ма?

 

Гүлдерді тербеп тұратын қолатыңменен,

Кегейлі, Мойнақ Қаңлыкөл, сол ақын мен ем.

 

***

Мен барда армандап қал, аспандап қал,

Балқысын бауырыңдағы баспалдақтар.

Су қылып мойыныңды Мойнақ жақтан,

Бір кезде ұшушы ең-ау қасқалдақтар.

Төлеген Айбергенов

 

Өмір терең, сырыңа бойлатпадың,

Отызымда от басып ойнақтадым.

Айбергенов жырына арқау болған.

Мен бүгін Мойнақтамын, Мойнақтамын.

 

Тойымды тойланатын тойлатпадың,

Ойымды ойланатын  ойлатпадың.

Сан тарау жолдарыңнан аман өтіп,

Мен бүгін Мойнақтамын, Мойнақтамын.

 

Мен бүгін Мойнақтамын, Мойнақтамын,

Аралдың жағасында айлақтамын.

Бал дәурен өтпейтіндей, кетпейтіндей,

Ботадай қара жолда ойнақтадым.

Бастаған биіктерге баспалдақтар,

Тағы да қапталдап қал, аспандап қал.

Мойыны су боп ұшқан баяғыдай,

Көрмедім Мойнақ жақтан  қасқалдақтар.

 

Мені ылғи тербетеді бір ғана мұң,

Аралап көрейікші, жүр,  қарағым.

Елесін іздеп келіп ұлы ақынның,

Шығарып салып тұрмын тырналарын.

 

Ескі жұрттағы ой

 

Жалғанда кімді іздеймін, сүйем нені,

Айналшақтап кетпей жүр кием мені.

Аласұрған көңілге медеу іздеп,

Ескі жұртқа бұрылдым иендегі.

 

Бабайқорған, Ақсары белестегі,

Сезбеді ешкім өксікті өңештегі.

Көзіме дүниеден өтіп кеткен,

Ауылдың адамдары елестеді.

 

Кімге айтамын денемнің түршіккенін,

Жас талдың қарап тұрып бүршіктерін.

Жусанға Шопыр бала байқамады,

Көзімнен жас тамғанын ыршып менің.

 

Бұл елдің басына бақ қонбағандай,

Үйлерін бұзып алған оңбағанды-ай.

Шіркіндер түгел көшкен дүниеден,

Жалғанда бұл адамдар болмағандай.

 

Егесіз қаңыраған кепелерім,

Артыма қарайламай кетер едім.

Пайғамбар жасына кеп келіп тұрмын,

Қайдасың, апаларым, көкелерім.

 

Жамылған топырақты  жеңгелерім,

Қай жылы өз қолыммен көмген едім.

Құлаған дуалдардан байқап тұрмын,

Үйлердің бөлінген мен бөлмелерін.

 

Қызарып батқан мына кешті қара,

Боркемік шалға айналған сесті бала.

Балдәурен кезімді еске түсірдің ғой,

Шөп қора, сиыр қора, ешкі қора.

 

Тұрмайды-ау топырақты жамылғасын,

Білемін елесі де табылмасын.

Осы үйде құлын-тайдай өскен едік,

Сипалап ұзақ тұрдым қабырғасын.

 

Көктем. Кеңсай

Есенғали Раушановпен қоштасу.

 

Есенғали, Есентай ұлы ақын ең,

Қара күзбен сырласып тұратын ең.

Қара қызды жырыңмен жылатып ең,

Арулардың асқағын ұнатып ең.

Жалғыз тұрмын басыңда, мұңдасқандай,

Кеңсайдың өзің жатқан қыратымен.

 Ауыздықсыз шапқанда аламанда,

Қасқырлардай жан-жақтан талағанда.

Асқақ едің өзгеге қарағанда,

Ұнамаған пендені тарпып өтіп,

Шуағыңды шашушы ең бар адамға.

 

Қайғы боп кеп жүректі кескілейсің,

Тіл қатқанмен мені енді естімейсің.

Сенен кейін қандай күй кешті дейсің,

Қауыз жарған гүлдейсің жас балаға,

Қарияға  көнекөз ескідейсің.

 

Кілемге орап ап келді қара көлік,

Жалт берді ме баяғы жаралы елік.

Сахараға жыр болып тарап едік.

Екі жаққа кетіп ек, енді бүгін,

Арамызды тұр мола, қала бөліп.

 

Бүршік жарған бұл гүл де солады ақыр,

Бүгіп ішке сұмдығын дала жатыр.

Шаңырағың іргеңде, қалада тұр,

Ештеңе де келмеді-ау қолымыздан,

Алғаш рет түнейсің молада бұл.

 

Тар лақатқа неғайбыл сиярыңда,

Нені ойладың жалғанды қиярыңда.

Кетіп қалдың есімді жиярымда,

Көктем сайын ұшасың құсқа айналып,

Көкмойнақ жыр қалқиды қиялымда.

 

Жетегінде бір жұмбақ құдіреттің,

Жыр жазарда «Алла» деп күбір еттің.

Құйылғандай ғажайып нұры көктің,

Адайлардың қаны ойнап өн бойыңда,

Алашұлы боп, жолды жүріп өттің.

 

Қызыл қуған, артынан ақтар қашқан,

Өзің едің тарихи жақтарды ашқан.

Намыс пенен өр рух тапталмастан,

Басыңды имей ешкімге, жалтақтамай,

Ғайып болдың, досым-ау, сақтанбастан.

 

Ештеңеден білемін сескенбейсің,

Бейнеу жаққа бұлт болып көшкендейсің.

Ескі керуен елеске жеткендейсің,

Бірақ мәңгі кетпейтін көктемдейсің.

Жаңақорған жаңғырып жанарыңда,

Таң ағарып атқанда өшкендейсің.

 

Бабайқорған боздап тұр, Хантағы жақ,

Келінтөбе жусаны, жантағы қап.

Талықсыды, бір барған аршалы бақ,

Жағасына жалғыз кеп отыратын,

Жоғалтып ап жылады барша бұлақ.

 

«Сақтанып жүр, байқа», – деп сұрағанмын,

Мен де өзіңдей оңаша жылағанмын.

Мен де өзіңдей сүрініп құлағанмын,

Мен де өзіңдей біреуге ұнағанмын.

Күн батпастан қалаға кету керек,

Қала алмаймын қасыңда, тірі адаммын.

 

Қайту керек қалаға, қала алмаймын,

Баяғыдай сырласың бола алмаймын.

Өзің құсап бір кетсем оралмаймын,

Түбінде бір жарқ етем, лаулап жанам,

Құмға сіңген өзендей жоғалмаймын.

 

Қара суық тау жақта азынаған,

Қажыдым мен қазақы базынадан.

Ештеңе де алғам жоқ қазынадан,

Не дер екен келер бұл жазы маған.

Әлдене деп суық жел  ескерткендей,

Сені әкеткен ажалдың сазы маған.

 

Туыстарын іздеген халық кепті,

Әлсіз шамдар Кеңсайға жарық төкті.

Тас-талқан ғып жеңген ең нарықты епті,

Жас ақын боп еркелеп жүргізбестен,

Уақыт бізді жан-жаққа алып кетті.

 

Елді аңсадық иттерін үргізбеген,

Күнді аңсадық бақытты бірге іздеген.

Тағдырымыз алаңсыз күлгізбеген,

Сен кінәлі емессің қайран, досым,

Ақындық жол топталып жүргізбеген.

 

Артта қапты асулар асып өткен,

Көктем қайда, біздерді ғашық еткен?

Қайғылы еді бейіттер басы неткен,

Мұң шағады көзінің жасы кепкен.

Сен ермейсің, тезірек кеткім кеп тұр,

Кеңсай менен бұл сұмдық қасіреттен...

«...Божбан – Жиделібайсындағы

Алпамыс батырдың ұрпағы...».

 (Қазақ Совет энциклопедиясы. – Алматы, 1973 ж. 371 бет, ІІ Том»

 

Байбөрі байдың ұрпақтарының бірі едім,

Елім деп соққан қаршадайымнан жүрегім.

Сырт көзге тыныш, ал іштей иттей өштескен,

Ортада мынау қалай мен өмір сүремін.

 

Бойыма қуат бере көр, менің жарығым,

Суық сөздер-ай, аяздай бойды қарыдың.

Байбөрі байдан Алпамыс туған ер бабам,

Эпостық жырға айналып кеткен алыбым.

 

Осындай ерден ұрпақ боп мен де тарадым,

Жиделібайсын, атамекенім, қарағым.

Бек-Арыстанның баласы едім, жайлаған,

Хантағы менен Бабайқорғанның алабын.

 

Қарсы алдым жалғыз алаулап атқан қыр таңын,

Жалған тарихты жыртамын, өртеп құртамын.

Қалаға кеткен іздейді кімдер, еске алып,

Байбөрі байдың ақын боп туған ұрпағын.

 

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің

сексен жылдық мерейтойында

оқылған толғау

 

Көрінген көз ұшында Тарбағатай,

Шіркіннің сол қанаты-ай, оң қанаты-ай!

Бойында шекараның шер төгісіп,

Түсіндім тағдырыңды  енді, ағатай?

Кеңшілік Мырзабеков

 

Жағалай қонған қаз-үйрек,

Күдері бидің ежелгі ата қонысы – қайран да, қайран, Ақирек,

Сібітінің даласын,

Үрімжінің қаласын,

Абдыраның аңғарын,

Құлжаның ақ таңдарын.

Малдыбайдың бұлағындағы моланың,

Қайсыбірін айтайын, көкірегі тола мұң.

 

Сағым көшкен жосылып,

Қайтқан қазбен қосылып,

Елге қарай тағы ұшқан,

Қағысқанмен қағысқан,

Достарымен мәңгілікке табысқан.

Талай ерді тірілткен, бастарынан бағы ұшқан,

Сегіз белден асып кеп

Ортамызда, міне, отыр Қабдеш ағам-данышпан.

 

Құлын-тайы тебісіп, қоралы қой айдаған,

Барқытбел мен Барлықтың екі ортасын жайлаған.

Құлыстайдай атамекен өлкенің,

Төртуылдың перзентінің тарихын

сыр ғып бүгін шертемін,

Қазақтардың қатал, қиын тағдыры

Қаршадайдан дерт боп сіңіп, өртедің.

Соңғы көштің тартқанда елге қарай бұйдасын,

Қалдырған  ол  амалсыз, сыйласы мен қимасын.

Сезді ме екен сол сәтте

                                қиялының Қазақстанға сыймасын!

 

Армансыз таңы атпаған,

Ұрпақтарға сақтаған.

Кейіпкері қаптаған,

                                бірі батыр, ал бірі,

Бақытсыз бір сормаңдай.

Жан-жүрегі шер-шеменге толғандай,

Ойлары оның ормандай.

Кітаптарын оқысаң

Көкірекке тоқысаң,

                                есіңе қайта салғандай

Қара Ертістің ағысын,

Бөрте аттың шабысын.

Тарбағатайдың тағысын

Шымырлатып өн-бойды шертпе күйді кешегі Уәли Бекен қағысын,

Туған екен Қабекем қазағымның бағы үшін!

 

Қалай, немен толтырар қуғын-сүргін есесін,

Түсінде әлі көреді Шәуешектің көшесін.

 

Қанша таңды қарсы алды түні бойы көз ілмей,

Қара қылды қақ жарған Күдері бидің көзіндей,

Сөз бар ма екен жалғанда Қабекеңнің сөзіндей,

Қайсарлығы кешегі  Қажығұмардың өзіндей.

 

Іштен оқып туғандай түгел сөздің түбірін,

Жапырақтардың сыбыры мен күбірін.

Пәтерінде аңсаған Сәйгүліктердің аламандарда шапқан дүбірін.

Дараланған Дарабозым дарынды

Әдебиетке ап келді ұмытылған

                                ежелгі ескі сарынды,

Алаулаған жалынды.

 

Қиялында баяғы қашып өткен құз жатқан,

Ар жақтағы қайран ел сай-сүйегін сыздатқан.

Жазуменен басатын сағыныш пен күйігін,

Ойлай-ойлай жүреді ол Берікқара биігін.

 

Шығармасы жанардағы ыстық жасты іркіген,

Саналарды сілкіген.

 

Аталары мыңды айдаған мыңғыртып,

Шындықты айтқан шыңғыртып.

 

Оза шапқан жүйрікке ғайбат сөздер таңылмақ,

Ұлы билердің көкірегінде дамылдап,

Көрігінде шыңдалған,

Аман өткен Қабекем морт кететін сындардан.

Қайта өмірге әкелген ұлы дала батырларын,

хандарын,

Екі келмес жалғанға, аман жүргей

Алатаудай заңғарым.

 

***

Осы ауылда бала болған, балғын ем,

Ана қырда ат үстінде қалғып ем.

Бес-алты ауыз өлеңдерім болмаса,

Айтып жүрер ел есінде қалды нем.

 

Сан сүрініп өтетұғын сындар бар,

Бұл шіркіндер ақынмын деп кімді алдар?

Бір жақсы жыр жазыңдаршы алдымен,

Ақынмын деп айқай салған мұндарлар.

 

***

Саясатта қитұрқы жол, айла көп,

Жүзімді кеп желпіп өтті майда леп.

Он алтымда елден кетіп іздегем,

Қасым ханның қасқа жолы қайда деп.

 

Елден кетіп босқа сапар шектім бе?

Көкірегімде қалмапты ескі, кек мүлде.

Іздегенді байқамастан өттім бе?

Қасқа жол деп басқа жолмен кеттім бе?

 

Қиындықтан қуат алып өсесің,

Жоғалтқанның қайтарам деп есесін.

Түсімде мен әлі көрем баяғы,

Алқам-салқам Хантағының көшесін.

 

Есімханның ескі жолы артымда,

Жатыр бәрі дәстүрімде, салтымда.

Қаршадайдан өлең жаздым қалам ап,

Бақытымның сыры бар деп халқымда.

 

Уақыт мынау шыркөбелек айналған,

Ер қазақтың көкірегін қайғы алған.

Басын изеп немкеттілеу сызданған,

Пысық бала депутат боп сайланған.

 

Қылығыңмен жүрегімді сызып өт,

Сайлау өтті, зыр жүгірген жүз рет.

Жүрген жүріс, айтқан сөзін ойласам,

Қазаққа бұл жасамайды-ау қызмет.

 

Мұңға баттым, уақыт босқа өткізбей,

Өткізбей жол, алыс сапар шеккізбей.

Тоқтата алмас, бұл жалғанда, мені ешкім,

Қазағымды бір биікке жеткізбей.

 

***

Бесқала мен Бабайқорған арасын,

Түркістан мен Қоңыраттың қаласын.

Өзім емдеп жүрегімнің жарасын,

Қағып тастап жауларымның жаласын.

Он сегіз мың жарық дүние, ұлы әлем,

Қай қиырға алып кетіп барасың.

 

Хантағы мен Кентау жақтың қыратын,

Сауранымның саздарында мұратым.

Қарашығым қарындас қой қуатым,

Әлсін-әлсін жаңбырымен жуатын.

Ақын болып қалғым келген кездер-ай,

Бес ғасырда бір-ақ рет туатын.

 

Бес ғасырда бір-ақ рет туатын,

Ақын болғым келген кездер мұратым.

Қара түнде кірпіктерді жуатын,

Бір бейіт боп тұратыным белгілі,

Тербетумен туған жердің қыратын.

 

Қиялымның аңыздарын құрадым,

Терезеңді жыр боп қағып тұрамын.

Қаншама рет құлазыдым, құладым,

Тәңіріге разымын, шырағым...

2417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы