• Тіл
  • 23 Желтоқсан, 2021

ӘРБІР АДАМ – АНА ТІЛІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

Әлемде қанша тіл болса, сонша ұлт бар дейміз. Неге? Себебі ұлттың қалыптасуына және оның ғұмырлы болуына әсер ететін фактор – тіл. Тілі ұмытылған, жойылған қауым да ескерусіз, елеусіз қалады.

Күн өткен сайын заман алға қарай жылжып келеді. Күнде бір өзгеріс енгізіліп, жаңашыл бағыт пайда болуда. Осы өзгерістерге, жаңа бағытқа ілесу біздің дамуымызға жол ашады. Алайда өсу арқылы тілімізді де өсіруді ұмытпаған дұрыс. Тілді қалай өсіреміз? Алдымен, өзіміз, өсіп келе  жатқан балаларымыз жетік меңгеруі керек. Одан кейін елімізде тұратын басқа ұлт өкілдерінің тілімізге құрметі, үйренуге деген қызығушылығының оянуы қажет. Осы кішкене ғана жұмыстан бастау алған іс болашақта үлкен белесті бағындырары сөзсіз.

Қазір ақпарат көзі дамыған уақыт. Балаларымыз мектеп табалдырығын аттамастан жазу-сызуды үйреніп жатыр. Бұл, әрине, қуантады. Бірақ сол ақпараттың, өкінішке қарай, көбінесе басқа тілде берілетініне ­назар аударған жөн. Болашақта мемлекетке адал қызмет ететін азамат пен азаматшалар тәрбиелегіміз келсе, қазірден бастап сол балалардың тіліне деген махаббатын оятуымыз қажет. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» дегені белгілі. Сондықтан ата-ана бала тәрбиесінде тілдің де алар орны зор екенін ұмытпауы керек.

Тіл, оны дамыту жолдары, оның алар орны туралы айтылар әңгіме көп. Бірақ құр сөзбен, ақ қағазда қалатын оймен шектелмей, іс-әрекетке көшетін уақыт әлдеқашан келді. Қазақ тілінің қадірлі болуы ауқымды шаралардан, қабылданатын заңдардан бұрын әр адамның өзіне байланысты. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір жан ең бірінші тілдің жанашыры бола білуі қажет. Ал жанашыр болған адам қай кезде де сол тілдің бүгіні мен болашағына алаңдайды, салғырт қарамайды. Сөз соңында айтарымыз, Сіз қанша жерден беделді болыңыз, қанша жерден көп тілді меңгерген полиглот болыңыз, бірақ ойыңызды, сөзіңізді қазақ тілінде сақтап тұра алсаңыз тілдің дамуына үлкен үлес қосып жатқаныңызды білгеніңіз жөн. Ендеше, ана тіліміз асқақтай берсін!

В.ЖУБЕКОВА,

«Қарағанды қаласының

орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ

№5 балаларға қызмет көрсететін кітапхананың кітапханашысы

2380 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы