• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

БАҚЫТ ЖЕТЕГІНДЕГІ БИ

Азат ӘКІМ

Көктем. Талдар жапырақ жайып, табиғат оянған уақыт. Жас жігіт Жансері Л.Гумилев атындағы университеттің бірінші курс студенті, халықаралық қарым-қатынастар факультеті оқитыны. Жасы он тоғызда. Жас жеңгесі айтпақшы, «Құдай бере салған Жарығы» Есіл жағалауында таңертең лекциясына бара жатып, жол-жөнекей қария немесе кейуана кездессе сәлемдесетін. Сәлем – сөздің атасы. Бәрі дерлік «Өмір жасың ұзақ болсын!» немесе «Бақытты бол!» деп батасын береді.
Есіл жағалауында балмұздақ, сусын, тағы басқа да тәтті-дәмді сататын дүңгіршек көп. Солардың біреуінде «Біз бақыттымыз» атты ән жиі орындалатын, әуезді шапшаң ырғағы еліктіріп әкететін ән. Осы әуенді естісе Жансерінің жан дүниесі жадырап сала береді.
Бір күні таңертең дүңгіршек жанында әлгі әнге елітіп билеп жатқанында жас қыз қолындағы сүт құятын тобатайын жерге қоя салысымен биді жандырып жібергені. Қысқа етек көйлегі балғын бой-бітімін әйгілеп тұрған көрікті қыз. Ән мен би аяқталысымен екеуі танысты, Жәудір мектептің соңғы сыныбының оқушысы екен. Әжесі қол­дың сүтін жақсы көретіндіктен күнара бір ақсақалдан екі шөлмек сүт сатып алатынын айтты.
– Сізді ұнатып қалдым, – деді Жансері. Жәудір үн-түнсіз езу тартты.

***

Жансерінің мінезі ашық, үлкен-кіші алдында әдебімен сөйлесе білуі тәлім-тәрбиесінен. Дүңгіршекте отыратын жігітпен әңгімесі жарасты, есімі Елсүйер. Елсүйер таңертең жабдықтаушы әріптесінен сауда-саттық жасайтын өтімді заттарын қабылдап алып, сатушы келіншегі келгенше жүгері собықтарын қайнатып қоятындай.
– «Біз бақыттымыз» атты әнің ғажап. Сол ән шырқалса, тағдыр жастарға да бұрылып қарайтын сияқты, – деді Жансері.
– Өзіме де ұнайды, – деп жауап берді жаңа танысы.
Тағы бірде таңертең дүңгіршек жанында Елсүйермен ұсақ-түйекті сөз қылып тұрған­дарында бірқыдыру жерде құрбы қызымен келе жатқан Жәудірді көрді. Жансері Елсүйерге өтінішін білдіруде.
– Ана екі қыз келген бойда көңілді әніңді қосшы.    
– Мақұл.
Екі қызбен сәлемдескен бойда сүйікті әні шақырып тұрғасын Жансері биді бастағанында Жәудір де құрбы қызымен қосылып билеп ала жөнелді. 
Қасиетті жұмада күндіз екеуі кездейсоқ жолықты. 
– Сізді жоғалтып алғым келмейді, – деді Жансері шынын айтып.
Жәудірдің жауабы қысқа. 
– Жоғалтпайсыз.
Жансері бүкіл мәселені осы қазір шешіп тастағысы келгендей асығып-аптығып сөйледі.
– Үлкен арманым – өмірде өзіңмен қол ұстасып жүру. Сіздің жауабыңызды білуге бола ма?
– Әжемнен жасырын сырым жоқ. Сол кісімен ақылдасайын. 
– Жарайды. Менің тағатсызданып күтетінім «Иә!» немесе «Жоқ!» деген бір ауыз сөзіңіз. 
Екі апта уақыт өте шықты. Жексенбі күні ұлы сәскеде Жансері орталық бақта жүрді. Қаптаған жұрт Қазақстан Республикасы үшін қымбат бір мерекені тойлап жатқан секілді. Мерекеге қарап тұрған ештеңе жоқ, сенбі, жексенбі күндері бақта, әдетте, бала-шағасын ерткен адам көп. 
Арқалығы бар ұзын отырғыштың бірінде отырғанында жанына келген кішкентай қыз: 
– Ағай, сіз Жансерісіз бе? – деді.
– Иә.
– Мен Жәудірдің сіңлісімін. Есімім Мөлдір. Жәудір осы жерде күтуіңізді сұрады. Папаммен, мамаммен бірге төртеуіміз қыдырыстап жүрміз бақта.
– Жақсы, айналайын!
Көп ұзамай Жәудір бой көрсетті. Келе сала қалта телефонын ұзын отырғышқа қойысымен дауысын мейлінше шығарып, екеуі де ұнататын «Біз бақыттымыз» атты әнді қосқан. Би – көңіл күйдің хабаршысы. Биге басқан екі жастың жарасымды қимыл-қозғалысына әрі-бері өткен жұрт назар аударып қарауда. Бір топ жасөспірім қыздар қол шапалақтап тұр.
Мөлдір тағы да келді. Жәудірді мамасы мен папасы шақырып жатқанын айтты. Қоштасып кетіп бара жатқанында Жәудір қолына бір тілім қағаз ұстатқан. «Иә!» деген жазуы бар қағаз.
Жансерінің пәтері Есіл жағалауында, Жәудір де осы жағалаудың тұрғыны. Бірақ қай ғимаратта тұратынын сұрамапты. 
Ертеңіне ертелетіп оқуына бара жат­қанында жол-жөнекей сауда-саттық дүң­гіршегінде Елсүйермен амандасты. Екі баланың әкесі Елсүйер жастау кезінде сүйікті қалыңдығымен осы Есіл жағалауында таныс­қан көрінеді. Сол арада жүрісі ширақ, сұлу көркімен жағалаудың сәнін ашқан, жақындап қалған Жәудірді байқаған Елсүйер кенет ештеңе айтпастан жақсы әнін ойнатып қоя бергені. Биді бастаған Жансүйерге бір қолындағы тобатайын жерге қойған жас қыз да келген бетінде қосылып кетті. 
Есіл жағалауы жастардың ынтық орны, осы жерде көптеген ғашық бір-бірін тапты. Махаббат өзі неден тұтанады? Оның қилы дәнекері болуы мүмкін. Сол көп дәнекердің ішінде жастардың көңілін көтеретін, билегендерін сұрайтын ән де бар шығар. Әннің аты – «Біз бақыттымыз». 

 

ҚАРИЯ

Есіл өзеніне тиіп тұрған, сырты көрікті төрт қабатты тұрғын үйдің пәтерлері бос. Естуінше, сатылым бағасы удай қымбат. Міне, он жыл уақыт өтті, тірі жан қоныстанған жоқ. Бір жігіт ағасы күзетшісі әрі бағбаны, көктем күндері шағын ауласындағы қызылды-жасылды екпе гүлдерін күтіп-баптап жүргенін көресіз.

Осы жерге жақын, сыртқы сұлбасы неке сарайына ұқсас тағы бір ғимараттың маңдайына сатылатыны немесе жалға берілетіні туралы үлкен әріптермен хабарландыру жазылған. Жиырма бірінші ғасырдың басында салынғалы бері ешкім тұрмағасын кіреберісіндегі баспалдақтарының қапсырма тастары сыныпты, сыртқы қабырғалары алқам-салқам, бір қапталын жабайы шөптер мен бұталар басқан. Қолы ұзын, мүмкіндігі мол қалалық әкімшілік әлгі ғимараттарды үйсіз-күйсіз жүргендердің, ең болмаса, бірқатары үшін жатақханаға айналдырса, қалың көпшілік, сөз жоқ, қолдар еді. Алайда жекеменшік қожайындары оған келісе ме? Ондай ұсақ-түйекті ойлайтын қала әкімі бар ма өзі? Жаманшылыққа салса, жоғарыда аталған қонысжайлар мұқтаж жандардың сауабына бөленгенше, жел өтінде, жаңбыр мен қар астында азып-тозып, үгітіліп, жермен-жексен болғаны дұрыс сияқты.

Әбурайханның күнделікті әдеті, таң азаннан бой сергіту үшін Есіл жағалауына көтерілгенінде осындай ой келді, зейнеткер қарияның жасы жетпісте.

«Ақылгөйсіп күпсінетіндер көп. Аяғың аспаннан салбырап түскендей сөйлейсің ғой өзі?» дейді ішкі бір дауысы. «Асылық айтсам, Құдай кешірсін» деп құтылды Әбурайхан. Кімге болса да кінә тағу оңай.

 «Ататүрік» бағы – Есіл өзенінің іргесінде, саябақтың төрінде гүлдеген жидек ағаштары. Жалпы саны жүзден астам жидектердің арасына тас кірпіштер төсеген соқпақтар салыныпты. Аппақ гүлдері көздің жауын алатын жидек ағаштарының құлпырып тұратыны ұзаса үш апта. Биылғы көктем ыстық. Таңмен таласып бір көрікті фотограф әйел жас қызды түрлі бейімде суретке түсіріп жүр. Әйелдің мойнына ілгені бірнеше фотоаппарат. Көйлегі мен түрлі қалпағын жиі өзгертетін жас қыздың міндеті жасыл шөп үстіндегі орындықта отырып, келесі сәтте шағын саты арқылы жидек гүлдерінің арасынан сығалап қарап, сондай-ақ билеп жүріп бойжеткеннің ғажайып бейне-­сипатын паш ету. Фотограф бикештің көмекші жігіті арқалығы бар орындықты, үрленген шарларды, үш-төрт кітапты, жазылмалы-­жиналмалы сатыны, ені екі қарыс, шұбатылған ұзын, түсі қызыл, жасыл жібек таспаларды декорация ретінде пайдалануға қолғабысын тигізуде.

Сәл әріректе қазақ жігіті тағы бір жас қызды жерге етпеттеп жатып та, жидек ағашына көтеріліп те суретке тартуда. Жас қыз жалаңаяқ, Есілге бір сүңгіп шықса керек, етегі қысқа көйлегі денесіне жабысып қалыпты. Су шайған әлем-тапырық шашы да өзіне жарасымды.

Көп жылдардан бері таңертеңгілік Есіл жағалауында, көбінесе «Ататүрік» саябағында жаяу қыдырыстайтын Әбурайханның бақ алаңқайындағы түрлі жаттығу құрылғылары сүйікті орны. Осы жерде өзіне ұнайтын жаттығуларын жасайды. Көктем, жаз айларында, күз басында бақта бой жазатын жұрттың қарасы әжептәуір, жасы, кәрісі, әйел-еркегі аралас.

Жыл сайын Есілдің «Қараөткел» көпіріне жақын тайыз жағалауында су бетін үлкен, дөңгелек жапырақтары мен гүлдері шешек атқан балдыршөптер басушы еді. Аумағы бірқыдыру. Уылдырық шашатын шығар, көктемде таңғы сағат алты мен жеті арасында екі күн бойы балдыршөптер ішінде тұқылар ойын-сауығын тамашалауға болады. Су бетіне жиі секіріп шығатын салмағы үш-төрт қадақ тұқылар адамды елең еткізетін. Кейбіреуінің суды жарып жүзетіні қызық. Кейде тап жағалауда үш-төртеуі үйме-жүйме болып топырлап жатқаны. Шартты түрде: «Есіл өзеніндегі тұқылар ойыны» атты бір топ суретке сұранып-ақ тұр.

Көктемде түр-түсі кәдімгі торғайға ұқсас, тұрқы торғайдан үш есе үлкен құстар ұшып келіп, ұя басады. Аты-жөні белгісіз сол құстар бой көрсеткенінде жағы сембей шықылықтайтын сауысқандар да, біреуі бастаса жабылып қарқылдайтын қарғалар да ұшты-күйлі жоқ болып кететін. Бұл кездейсоқтық па? Әлдеқандай да бір қисынды түсініктемесі бар ма? Оның мән-жайын орнитолог-маман білуі мүмкін. Қуантатыны бақ ішінде жанға жайлы бір тыныштық орнайды.

Бос уақыты мол Әбурайхан Есілдің арғы бетіне өтерде көркем суреттерді құнттап жүргендердің жанынан өтті. Фотограф қазақ жігітінің көмекшісі көк шөп үстіне ені бір құлаш, ұзындығы төрт-бес құлаш кілемше төсепті. Кілемше үстінде қалыңдықтың түсі аппақ көйлегін киген бағанағы сұлу қыз бал-бұл жанған жүзімен, күлкісімен қуанышын әйгілеуде. Фотограф жігіт суретке басып әлек. Иә, орайын тапса, жарқ етіп көз тартатын жалғыз сурет жеті қат көктен аян түскенмен бірдей.

Есілдің арғы жағалауында да денсаулықты шыңдап жүрген жұрт. Арнайы белсепед жолақтары үстінде бір топ жастар көліктерін құйғытып бара жатыр. Жүгірумен айналысып жүргендер де бірқатар.

Орталық саябақ Қабанбай мен Сарыарқа даңғылдарының ортасында. Атшабардай аумақ. Бақ іші, әсіресе қарағай, шыршалар жарысып өскен ойдым-ойдым тұстары қоңыр салқын. Бір қапталында Қазақстан теннис федерациясының кеңсесі, жазғы және қысқы үлкен теннис ғимараттары орналасыпты. Астанада басқа да жақсы, жаңа бақ баршылық, кейбіреуінің көлемі орталық саябақтан да үлкен, көркемделуі де ғажап!..

Ілгеріден таныс бақты аралап жүргенінде Әбурайханның байқағаны спорттық алаңдардағы сан алуан жаттығу құрылғыларының кейбіреуі істен шыққан. Жиырма жыл бұрын пайдалануға берілгесін біразы ескіріпті, көрер көзге жұпыны. Қала әкімі қаперіне алар ма екен? Осы саябақтағы бұқаралық спорт алаңдарын қайта жарақтандыратын уақыт әлдеқашан жетті.

Иә, әр кәлләда бір қиял. Әйтпесе қоғамда кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе аз ба? Біресе басылып, біресе өршіп тұрған, бүкіл әлемде ойран салған тәж тажалы мынау. Былтырдан бері еліміздің бірқатар өңірлерінде су тапшылығы, оған жалғас биыл қуаңшылық жағадан алуда. Әбурайханның тоқтаған ойы – адам баласы бәрін де еңсеруі керек.

Балалардың ойнайтын, көңіл көтеретін орындары, қызықтайтын нысандары орталық саябақта жеткілікті. Бақтан «Серуен» көпіріне көтерілер тұстағы өзен жағажайында оншақты адам жүр, үлкен-кішісі аралас, бірқатары суға шомылуда.

Жағажай ақылы, сырты зәулім темір шартақтармен қоршалған. Ашылатын мезгілі сағат он болса керек. Сағат таңғы жетіде ішінде адамдар жүрсе, кіріп-шығатын қуыс-қолтығы болғаны да. Сол арада қалың бұта-шіліктің ішінен жас адам бой көрсетті, арқасына асып алғаны жолдорбасы. Суға түскені көрініп тұр. Әбекең әлгі тұсты байқастап жүргенінде темір шартақтағы адам сиятын саңылау көзіне түсті.

Жағажайда шешінген бойда Әбурайхан Есілдің тереңіне қарай жүзіп ала жөнелді. Алдын ала өзімен-өзі серттескеніндей асықпастан малтып, арғы бетке жүзіп шығысымен тоқтамастан кейін қарай қайтты. Жаттығудың көкесі суда жүзу ғой. Баяғы заманнан бері шомылмағасын ақ Есілді сағынып қалыпты. Жағажай құмында күнге қыздырынып жатқан екі қыздың қара көзілдірік кигені:

– Ата, су салқын ба? – дейді.

– Су жақсы! – деді Әбекең.

Сол күні талтүсте Әбурайхан Есіл жаға­лауында тағы да қыдырыстап жүрді. Кейде түс кезінде, кейде кешкісін жағалауда серуен құрып әлдене іздейтін сияқты. Жарқырап жанып қайта өшкен, өте шыққан уақыттары ма? Әлде жан тыныштығы ма? Өзі де не іздейтінінің байыбына барған емес.

Жағалаудағы ұзын отырғыштардың бірінде отырғанында жап-жас әйел мен бүлдіршін қызы жанына жайғасты.

– Бұл қандай қала? – дейді кішкентай қыз жан-жағына қарап.

– Астана емес пе?

– Астанаға ұқсамайды ғой.

– Жаным сол! – деп шешесі қызын бетінен сүйді. –Есіл жағалауына бірінші рет келіп отырсың. Әйтпесе бәрі бір қала.

Қоштасып жатқан Әбурайхан жақсы тілек қосты.

– Қызың да, өзің де көп жасаңдар, өмірден бақ-берекет табыңдар!

– Аман-есен жүріңіз, ата! – деді жас келіншек.

Есіл жағалауының Кенесары хан ескерткіші тұсында тәрбиеші апайлары бас-көз болып жүрген, үш-үшеуден сап құраған балабақша бүлдіршіндері жолықты, бәрі түгел-тегіс түсі аппақ киім-кешек киіпті. Періштелер сияқты. Ана тілінде ән салып бара жатқандары қарияның көңілін босатты.

– Ақботалар, бізден гөрі иманды, бізден гөрі бақытты болыңдар, бейбіт, берекелі заманда тату-тәтті ғұмыр сүріңдер! – деді күбірлеп сөйлеп. Беторамалымен көзіндегі бір түйір жасты сүртті.

Жас күнінде Алматыда оқып-тоқып, осы қалада еңбек жолын бастады, ол кезде Алматыда қандастарының саны аз, ара-тұра көшеде немесе жолаушы көлігінде қаракөз ойын баласын көрсе басынан сипап, жақсы бір сөз айтқысы келіп тұратыны есінде.

***

Сол күні ұзақ уақыт Әбурайханның ұйқысы келмей қойғаны. Тұңғыш ұлы мен ортаншы қызы өз алдарына шаңырақ құрғасын тұс-тұсында. Қолындағы кенжесі де бала-шағасымен бірге шетелде жұмыста. Дағарадай пәтерде кемпірі екеуі. Ақырында беймаза көңілінің емін іздегендей сыртқа шыққысы келген. Бәйбішесі:

– Қайда жиналдың? – дейді.

– Есіл жағалауына, «Ататүрік» саябағына барып қайтайын.

– Түн ішінде ме?

– Иә, түн ішінде.

«Ататүрік» саябағында ұзын отырғыш­тардың біріне тізе бүкті. Көктем түні салқын. От жағуға арнайы бөлінген бірқыдыру жерде лаулаған жалынға қолдарын тосқан, ара-тұра даурығысып күлген ұлдар мен қыздар дүр көтеріліп, қолтықтасып, құшақтасып әлдеқайда кеткендерінде Әбурайхан алау жанына келген. Жастар жиған-терген қураған бұтақтарды ара-кідік отқа тастауда. Адам қартайғанда жоқ жерден уайым таба ма? От жарығының төңірегінде зілмауыр қайғы бұғып жатқандай көріне берді.

Көзді ашып-жұмғанша бүкіл ғұмыры зымырап өте шығыпты, ендігісі иек астында. Әңгімесі жарасатын санаулы адамдары соңғы жылдары кезек-кезегімен бақиға аттанды, солармен бірге өмірдің қызығы да кетіп қалған сыңайлы. Осыны таусылып ойлағанында Рудакидің бір шумақ өлеңі есіне түсті.

Қайда барсам қарсы алдымнан қара түн,

Жайды маған зілдей ауыр құшағын.

Мешіт те жоқ мені қарсы алатын,

Диуанамын далада от жағатын.

Кенет тұтасып өскен, кісі бойынан биік бұталар ішінен жылы шарқат жамылған балдырған мен өзінен әлдеқайда үлкен тоқыма киген ойын баласы, олардың ізін ала жасөспірім қыз бен әйел бой көрсетті. Бәрі отты айнала жайғасқан, балалардың шешесінің сәлемін алған Әбурайхан ой үстінде. Онсыз да қамкөңіл қаңғыбас-кезбелер ғой, жай-жапсарын қазбалап, жандарын жаралағысы келмегені өзіне аян. Бүгін бейсенбі, сағат түнгі он бір. Ертең зейнетақысын алатын күн, қалтасындағы соңғы бес мың теңгесін балдырғанның қолына ұстатты. Орнынан тұрған иманжүзді қазақ әйелі:

– Рақмет, көке! – деп ризашылығын білдіруде. Тағдыр тәлкегіне түскендерге бір Алла пана болуын іштей сұрағасын ақсақал бірте-бірте ұзап бара жатты. Саябақтан шыға бергенінде сіркіреген жаңбыр басталды... Бақтағы от жаққан жер «Қараөткел» көпірінің жанында, көпірдің асты құрғақ, сол жерге барғандарын дұрыс көрді байғұс әйелді, жас балаларын ойлап.

Нөсердің белгісі, үсті-үстіне күн күркіреп, бірінен соң бірі жарқ-жұрқ еткен найзағай ойнасын. Әбурайхан көктемгі ауа райы мен өзінің көңіл күйіндегі тылсым байланысты, үндестікті жон арқасы шымырлап сезінгендей болды. Алау-далау көңілінің бір себебі қиыншылық көріп жүрген қаңғыбас-кезбе шырақтарды шаңырағына шақыра алмағаны.

Жауын тасырлатып төпеп ала жөнелгенінде Әбурайхан екі бөліктен тұратын аялдаманың жылы бөлмесіне бас сұқты. Бірден назарын аударғаны қабырғаға ілген сөредегі оншақты кітап. Соның ішінен іріктеп алған біреуін парақтап отырып қалыпты, «Өлімнен кейінгі өмір» атты кітап.

Нөсер әлдеқашан құйып өтті, сыртқа шыққанында қол ұстасып, кең көшені кесіп өтіп келе жатқан, бақтағы алау басында кездескен отбасыны көрді. Шешесінің сөзіне қарағанда аялдамада түнеп шықпақшы.

– Үйге жүріңіздер, – деді қария жол ­бастап.

 

МЕН  ЖЫНДЫ ЕМЕСПІН

Құлпырған көктемде күннің көзі қала тұр­ғындарын аймалап тұратын. Жұмысы сағат сегізде басталатындар көлік­те­ріне от алдырып, аяқ артары жоқтар ­жолаушы аялдамасына асығып бара жатқандары. Осы уақытта Жанназар шағын пошта бөлімшесінің кей­бір күндері ауысып қалатын түрлі газет­терін тиын-тебенге саудалап жүреді.

Жанназардың жасы он жетіде. Таңертең жұрттың бәріне жалбақтап, жалынып жүргені. Ара-тұра жолы­ғатын, мектептің алтыншы немесе жетінші сыныбында оқитын жас қызға да өтінішін білдіреді.

– Үкімет жаңалықтары, соңғы жаңа­лықтарды оқыңызшы.

– Жынды! – дейді арқасына мектеп сөмкесін асынып алған қыз көзіне тура қарап. Жанарын тайдырып әкететін Жанназар:

– Мен жынды емеспін, – деп төмен қарап тұрады.

Шешесі екеуі тұратыны төрт бөлмелі оңаша үй, шешесінің аты Қарлығаш. Елорданың осы тұсын­дағы жеке үйлер тұтас бір орамда орналасқан. Шешесі зейнетке ертерек шықты, сәби кезінде ажырасып кеткен әкесі есінде қалмапты. Осы жасына дейін ешкіммен сөзге келген емес, біреу дауысын көтеріп сөйлесе, абдырап қалатыны ұялшақ мінезінен. Өзің таппаған дүниенің қадірі жоқ. Жыл сайын ауласына картоп, пияз, қияр, қызанақ егеді, күтім-бабы келіскесін биыл көкөністің шығысы жақсы.

Жанназар ата-анадан жалғыз. Шай ішіп отырғандарында шешесі ішкі қаупін бөлісті.

– Мен өліп қалсам, қалай күніңді көресің?

– Өлмейсіз, апа. Көп жасайсыз!

– Тап қазір Құдайға жанымды тапсырсам, күнің не болмақшы? Соны айтып отырмын, – дейді шешесі.

– Жындыханадан бір орын берер.

– Жындыхана түбінде өлтіріп тынады. Сенен басқа кімім бар? Бір Аллаға мінәжат ет, ауруыңның емін сұра, аман-есен жүр.

– Мақұл, апа, – деген Жанназар дастарқаннан тұрып кетті. Бөлменің бір бұрышында денсаулығы түзелгенін сұрап Құдайға құлшылық етуде.

Жанназар мектептің есігін ашпай-ақ бой түзеді. Бала күнінде мүм­кіндігінше оқу-тоқуға үйреткен шешесі. Көңілі таңғы шықтай таза. Бірде шешесі асүйде тамақ дайындап жүріп төргі бөлмеге келсе, баласы етпе­тінен түсіп жылап жатыр.

– Не болды? – деді шешесі үрейленіп. Теледидардағы кинода бір жас қызды қылмыскер өлтіріп кетіпті. Жанын күйзелткен сол оқиға екен.

– Басыңды көтер! Киноның көрсететіні өлім-жітім. Оның бәріне қайғыратын болсаң, жасыңа жетпей шашың ағарып кетер.

Асүйде тамақ ішіп отырғандарында әлгі бейкүнә қыз тағы да есіне түскен Жанназар екі қолымен бетін басқан күйі еңіреп қоя берсін.

– Әй, көкшешек, жамандық шақырма! – деп шешесі тыйып тастаған.

Баласының осы қылығы себепші болды ма? Дастарқан басында шешесі сұрақтан бастаған білгісі келетінін.

– Мен өліп қалсам жылайсың ба?

– Иә, – деді Жанназар.

– Неше күн жылайсың?

– Өмір-бақи жылап өтемін.

– Тұқымы құрымағыр, мені де жылаттың ғой, – деп шешесі көзіне жас алды.

Жанназардың көршісі ­Балзира жесір келіншек, қаладағы көп мекемелердің бірінде қызмет істейді. Күйеуі екі жыл бұрын қайтыс болған, жалғыз өзі. Күн ыстық болса, сенбі немесе жексенбі күні ауласына жайған алаша үстіне көрпеше, жастық төсеп күн көзіне қыздырынатыны бар. Ажары, бой-бәдені көздің құрты, бұтындағы лыпасы мен төстартқышынан басқа ештеңесі жоқ келіншектен Жанназар көз алмастан сілейіп тұр. Бойында оянып сала беретін алапат құдіретті кейде өзімен сөйлесіп жүретін жын-перінің арбауындай, қитұрқысындай көретін.

Қоңсылас екі үйдің көше беттегі қызыл кірпіштен соққан дуалдары мен қақпалары ұқсас. Ал аулаларын бөліп тұратын шартақ та жоқ. ­Жанназар тұрған орнында қаққан қазықтай қаздиып жарты сағат па, әлде одан да көп пе, кірпігін қақпастан қарап тұрғаны. Келіншек ілгеріден таныс-біліс көрші балаға бүгін аяушылық білдіргендей бір саусағымен ымдап шақыруда. Жақындап келгенінде орнынан тұрысымен:

– Үйге кірсейші! – деген жайдары дауыспен.

Сол үйден екі сағаттан кейін шықты, тағы бірде түнде қонып қалды. Ертеңіне шешесі:

– Қайда жоғалып кеттің?!. – деді қадалып сұрап. Жанназар қайда түнегенін айтып:

– Балзираға үйленемін! – деп аяқтады сөзін.

Жексенбі күні шешесі қазан көтеріп, қазы-қарта қосқан ет асқан, көрші келін­шекті қонаққа шақырды. Дастарқан басында:

– Мен өмірден озсам мына ­Жанназар ит-құсқа жем болады ғой. Қо­лыңа алсайшы осы баланы, – деп тілек-өтініш білдіргенінде Балзира тіл қат­паса да басын изеді. Сол күннен бастап күнде қонатыны Балзираның үйі.

Жанназар жарық сөндірілгенде тар төсекте қатты қымсынғандықтан ләм-лим деместен денесі күйіп-жанып жататын. Қалыптасқан дағды бойынша құшағына тартқан келіншек өзі болысатын іздегенін тапқанынша. Бір ай уақыт өтті. Сынап көрмекші болғаны да.

– Сенің қайратыңа төтеп беру қиын. Қатты шаршаймын. Жасы қатар қыз тапқаның дұрыс сияқты, – деді түн ішінде Балзира. – Оның үстіне сен жігіт жасы жиырма беске кел­геніңде, мен отыз үшке толады екенмін.

– Қыз менің не теңім? Сені жақсы көремін, сенімен бірге тұрамын, – деп көз жасына булықты ­Жанназар. Балзира төсек ләззатын, тоят түндерін неге қисын, айтқанын екі етпейтін көрші баланы бауырына басып, айналып-толғанып жұбатуда.

Сенбі күні қызметтес екі құрбысы Балзираның үйіне қыдырып келді. Дастарқан басында бір шөлмек жүзім шарабын ішіп отырғандарында Жанназар базардан оралған. Қолын­дағы үлкен қалтада азық-түлік. Қонақ­тардың біреуі қызығушылық білдірді.

– Бұл бала кім?

– Қайным ғой. Шешесі рұқсатын бергесін менімен бірге тұрады, – деді Балзира. Бет-әлпеті сүйкімді бозбалаға екі келіншек үн-түнсіз қарап қалыпты.

Күйеуі екенін айтпағанына қын­жылса да Жанназар бір-екі кесе шайын ішісімен қонақтары қайтқанынша шешесінің үйінде жүрді.

Бір күні Жанназар жұмыс тапты. Жұмыс орны қашық емес, аула сыпырушы. Күнделікті міндеті көп қабатты үш тұрғын ғимараттың қас бетін мұқият тазалау, қыста қарын күреу. Үш үйдің арғыбеті жапсарлас салынған үлкен супермаркет. Ынта-ықыласпен бірнеше жыл атқарған аула сыпырушылығы тез есейтті, кім-кімнің де жолын ашатын еңбек.

Балзирамен бірге тұрғалы бері Жанназардың денсаулығы бірте-бірте жақсару үстінде. Балзираның қамқорлығы, ара-тұра сатып алып беретін киім-кешегі өзіне жарасымды. Сәлемі, сөзі түзу. Анда-санда сөйлесіп жүретін жын-перісі әлдеқашан ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кейде құлан-таза жазылып кеткендей сезінеді өзін.

Уақыт өзгереді, уақытпен бірге адамдар да өзгереді. Жанназардың жасы жиырма бірге толғанында шешесі Қарлығаштың иненің көзінен өтетін кенже сіңлісі Сандуғаш көмектесіп, Есіл жағалауындағы шағын қонақүйге қызметке орналасты. Қызметі кірер ауыздағы үстелде отыратын кезекші әкімгер. Ақ көйлегіне тағатыны түрлі-түсті галстук, түзу сары сызықтар жүргізілген қара кәстөм-шалбар үстіне ілетіні. Бір тәулік жұмыс істесе, екі тәулік демалысы. Қонақүй қожайыны «Қазмұнайгаз». Әдеттегі мейманханадағыдай сабылып жатқан адам жоқ, келетіндер санаулы, сыйлы қонақтар. Айлығы да тәуір. Ең бастысы осы жұмысы өзіне, өзінің мүмкіндігіне берік сенімін оятты.

 

***

Балзира бір қыз, бір ұл тапты. Тұңғыштары Жансая кішкентай күнінен шешесі Қарлығаштың қолында өсті. Шешесінің немересі десе, жүрегі өзінде жоқ, тапқан-таянғанын қызының аузына тосатын. Бүлдіршін Жансаясының әжесі айтпақшы, тілі тәтті, ақылы көп.

Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде былтырдан бері Балзираның ауласына да егетін көкөнісінің арамшөбін отап жүргенінде сәске түсте келіншегі үйден шықты. ­Балзира екінші баласы емізулі болғасын тиісті демалысында.

– Өтініш айтсам бола ма?-деді Жанназар.

– Айта ғой.

– Заңды түрде некеге тұрайық та.

– Жарайды, көкетайым.

Көп ұзамай екеуі ресми түрде некелесті. Қайтарда жалғыз кемпір мен жас бала отырған жолаушы көлігі ішінде Жанназар көңілі толқып сөйледі.

– Сені тапқаныма, шаңырақ құрғаныма ара-тұра қатты қуанып жүремін.

– Жаным, жарығым, жалғызым! – деген Балзира күйеуінің арқасынан бір алақанымен сылап-сипап жатты.

Жақсы тұрмыс не өзі? Желдей ескен пайым бойынша сән-салтанатты тұрмыс – лауазымды қызмет, байлық, атақ. Бәрібір ел қатарлы күн кешкені, ар-ұятын жоғалтпағаны қанағат әкелетін қарапайым адамдар өмірі Құдайға бір табан жақын сияқты.

586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы