• Тұлға
  • 23 Желтоқсан, 2021

ЖЕҢІЛІСТЕРДЕН ТҰРАТЫН ЖЕҢІС

Өмірде жаратылысы көп ешкімге ұқсай бермейтін адамдар болады. Болмыс-бітімі дараланып, сөзі мен ісі де ерекшеленіп тұратын мұндай жандарды көргенде, жасындай жарқ еткен көзсіз қимылына таңғаласың. Ағысқа қарсы жүзген алапат әрекетіне риза боласың. Әрине, мұның бәрі олардың бойынан ылғи да байқала бермейтіні тағы анық. Оның тек өмір тудырған сын сәтте, уақыт қажет еткен жағдайда ғана «шабуыл шебіне» бұрқ-сарқ етіп қарсы атылатыны бар.

Ашығын айтайық, бізде мұндай рух күшіне ие таланттар жоқ емес, бар. Бірақ онша көп те дей алмаймыз. Олар, мәселен, жас-жас, қылқандай өндір кезінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік үн, өзгеше ойлау жүйесімен әлемді жалт қаратқан, сөйтіп, сұлу да сазды өлеңдері София аспанында саңқылдап, көне Париждегі Монмартр қабырғаларын солқылдатқан ақын Олжас Сүлейменов, бір мінезі боран мен бұрқасын іздеп жүретін Че Гевараға, екінші қыры өн бойы булығу мен шамырқанудан тұратын Владимир Высоцкийге ұқсайтын төл журналистикамыздың Демоны Сейдахмет Бердіқұлов деп айтуға болады. Бұл тізімді одан әрі жалғастырсақ, онда оқыс ой, асқақ үн, адуын да мәрт мінезге ие Есенғали ­Раушанов, шығармашылығының тіні бүгінгі заманға жаңғырығып жеткен көк түрік – номадтардың ерлігі мен өрлігі рухы негізіндегі пафосқа өрілген, сөйтіп, өлеңі де, өзі де ар мен ­намыс тақырыбының лейтмотивіне айналған Темірхан Медетбек, ойы – өрт, сезімі – дауыл, болмысы – бөлек Серік Ақсұңқарұлының жалғастырары анық. Сөз етіп отырған топқа сондай-ақ керек жерде тіліп түсер тілімен тік сөйлеп, қажет кезде алдындағы апан мен аранға қарамай алға тіке тартатын, өзі ерек, мінезі кесек, бірбеткей Жүрсін Ермановты да үкілеп тұрып қосар едік. Олай дейтініміз...

Мен білетін бұл курстасымның болмыс-бітімі көз алдыма тек кездейсоқтық пен тәуекел атты ұғымдардан жаратылған жан сияқты болып көрінеді де тұрады. Ал оның солардан туындаған іс-әрекеттері ше? ­Жасырмай айтайын, ол кейде сәтті аяқталса, келесіде: «Бәрі бітіп, ыңғайға кеп қалды-ау» деген жұмысының быт-шытын шығаратыны бар. Бірақ бұған мойыған ­немесе қайғырған кейіпкерімізді көрмейсіз. Керісінше, қайраттанып, тағы бір нар тәуекелге бел буып жүргені. Арқалы ақын бойындағы адам түсінбес аталмыш мінез сонау «стандартты» заманның өзінде солай болған. Ал қазіргі ашық қоғамда ол одан артпаса, бір мысқал да кеміген емес. Осылардың көбін көріп жүріп, ара-тұра көңіл көкжиегіне көз жүгіртпейміз бе? Сонда: «Мұны не деп түсініп, қалай бағалауға болады?» деген сауалдың ойға оралатыны бар. Біздіңше, бұл құбылысты: «Дүлей рух күшіне ие адуын талант. Буырқанып-бұрсанған оның ағысқа қарсы жүзуі Сондағы жеңістерге бергісіз жеңілісі немесе жеңілістерден тұратын жеңісі», – деп айтуға болатын шығар, сірә. Иә, солай. Өйткені мәрт мінезді, кесек ойлы, бірбеткей жан, адамдар арасындағы түрлі психологиялық арпалыста қарсыласын қағып жіберер харизмаға ие, өзгеге ұқсамайтын өмір жолы бар Жүрсін Ерманов стихиясы, міне, осындай. Және әлемі де сондай. Бұл құрғақ сөз емес. Мұны дәлелдеу үшін жоғарыдағы пайымдауларға біз өзіміз жақсы білетін, төмендегідей нақты мысалдармен жауап бермекпіз.

***

...Біз ауыл балалары оның аты-жөнін алғаш рет 1969 жылдың көктемінде естідік. Бұл Алматы облысының қиян түкпір, қиыр шеті саналатын таулы өңірдегі Нарынқол орта мектебін бітірейік деп жатқан кезіміз еді. Асау арманға толы албырт кеудемізде: «КазГУ-ге барсақ, сондағы филология, журналистика факультеттерінің біріне түссек» деген тәтті қиял бар. Осы мақсатпен сабақтан шыға сала кітапханаға тартамыз. Ондағы оқитынымыз – «Қаһар», «Кездеспей кеткен бір бейне», «Боран» секілді жаңа роман, ­повесть. Ақтаратынымыз – «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» және «Лениншіл жас» сияқты ­газет-журналдар. Сөйтіп, университетке дәл ертең емтихан тапсырардай жанығып, аталмыш басылымдардың шыққан жылдарын, редакторлары мен рубрикаларын жадуалдай жаттаймыз. Сондай күндердің бірінде «Қазақ әдебиетінің» соңғы бетінде 3-4 жас таланттың поэзиялық туындылары жарияланғаны. Оның ішінен тақырыбы оқырманды өзіне бірден тартып әкетер «Төлеген ­Айбергеновке» ­деген өлең көзімізге түссін. Ғажап! Ғаламат! Шығармадағы бүкіл сөз қолданысы мен ырғақ және тың ой, соны теңеу бәрі-бәрі сол кездегі өлең сүйер кәрі-жастың кумиріне айналған «Құмдағы мұнаралар» авторының үнінен аумайды-ау, аумайды. Әсіресе соңғы шумақтағы: «Жүруші ең келесі ғасырға күн ара қонып, Сен болсаң тұрмас па еді мына ара толып. Қараймын Маңғыстау жаққа көзімді сүзіп, Шаншылып қалмадың ба деп мұнара болып» деген өлең жолдары қандай?! Ал сөз тіркестеріндегі экспрессиялық қуат ше? Қағаз бетіне еш бір шашаусыз, артық-кемі жоқ логикалық жүйемен құйылып түскен де қалған. Осыған айран-асыр қалған біз: «Мұның авторы кім болды екен?» деп газетке қайыра көз салмаймыз ба?! Сонда одан: «Жүрсін Ерманов. КазПИ-дің І курс студенті» деген сөздерді оқыдық та: «Осыны жазған жоғары оқу орнының шәкірті ме?» дегендей отырдық та қалдық.

Хо-о-ш, содан бұл есім біздің жадымызда ұмытылмастай болып жатталып қалған. Бірақ одан кейін оның мерзімді басылымдарда жарияланған басқа өлеңдерін қайтіп көре алмадық. Сөйткенше, мектептегі оқу да аяқталып, аттестатымыз қолға тиген соң, арман қала – Алматыға аттанғанбыз. Одан КазГУ-ге құжат өткізіп, емтихан тапсыру... Журфакқа қабылданып, күзгі ауыл шаруашылығы жұмысына қолғабыс тигізу үшін Талдықорған облысына бару... Осыдан кейін университетке оралып, алғашқы лекцияға келмейміз бе?! Міне, сонда кураторымыз Әбілпайыз Ыдырысовтың қаһарына мінгені. Оған себеп болған жайт оқуға қабылданғаннан соң жоғарыдағы бір айлық жұмысқа бармай, сабаққа бір-ақ келген 2-3 студенттің «нахалдығы» еді. Осыған кектенген оқытушымыз әлгілерге дауыс көтеріп, қатты-қатты сөз айтсын.

«Тұр орныңнан, – деді ол кісі аздан кейін кінәлілердің біреуіне, – Сен кімсің? Неге күзгі ауыл шаруашылығы жұмысына бармай, енді келіп тұрсың?». Куратордың сұраққа алған жігітінің дәлелі мықты болып шықты. Өзін «Сәлімбай Ермұратов» деп таныстырған қандасымыз РСФСР-дағы Новосібір өлкесінің тумасы екен. КазГУ-ге оқуға түскеннен кейін «Әке-шешемді барып қуантайын әрі қыстық киім-кешегімді ала келейін» деп үйіне қарай тартып кеткен ғой. Тайгадағы Қарасуық атты қазақ ауылына жеткенше бір жеті кеткен. Онда аптаға жуық уақыт болып, кері қайтпай ма? Бұған да сонша күн қажет болған. Өстіп Алматыға келгенде, күзгі жиын-теріндегі курстастарының қалаға қайтуға қамданып жатқанын естиді. Содан ол: «Болар іс болды. Енді лекцияға бір-ақ барайын» деп ойлайды.

«Ал сен ше? – деді Сәлімбайдың сөзінен соң оның жанындағы ұзын бойлы, бұйрабас, сымбатты жігітке бұрылған кураторымыз. – Бұйрықтан бас тартатындай кімнің шікірәсі едің өзің?». Тыңдап отырмыз, түсінген жанға бұл курстасымыздың да оқытушы сауалына байланысты айтар өзіндік уәжі бар сияқты. Үйлі-баранды екен. Университетке түскен тізімнен фамилиясын көрген соң, бұл да бірден ауылына аттанады. Ойы – ондағы каникулда жүрген студент келіншегі мен жас нәрестесін Алматыға алып келу. Сөйтіп, оқу кезінде қолбайлау тудырмас үшін сабақ басталғанға дейін дұрыс пәтер тауып алу. Осыған бекінген ол Алматыдан Жезқазғанға 1310, одан Қоскөлге 320, ал Қоскөлден Құлжанбайға дейін 40 шақырым жол жүріп, қайтар уақытты қосқандағы 12 күн ішінде отбасымен астанаға әрең жетеді. Мұнда келген соң, табанынан таусылып пәтер іздемей ме? Міне, соған, яғни 1-ші линияның бер жа­ғын­дағы Монгольская көшесінен тапқан бас­панасына көшіп кіруге, Сексеуіл базасында кезекке тұрып, отын түсіруге тағы бір жетіден астам уақытын жұмсайды. Ал ар жағында қалған 7-8 күнде сырттағы жұмыс істеп жүр­ген курстастарына барып не бітірмек? Содан..

Байқаймыз, жоғарыдағы сөздерге оқытушымыз не дерін білмей, үнсіз тұрып қалды. Жігіттің айтқанының бәрі дұрыс. Дәлелді. Сонда да өз дегенін істетіп, орындатуға әбден мәттақам жетекшіміз оған тағы бір-екі зілді сұрақ қоймасы бар ма? Бірақ ол одан ықпады. «Айтарымды айттым. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де бар жағдай, міне, осы» дегендей үн қатпастан қасқайып тұрды да қойды. «Фамилияң кім?». Оқытушының соңғы сауалы осыған келіп тірелді, ақыры. «Ерманов Жүрсін», – деді ол.

Осы кезде аудитория іші гу ете түсті дейсіз. «Ой, сен КазПИ-де оқымаушы ма едің? Мұнда қайдан жүрсің?» – деді ішіміздегі «шалымыз», жасы бізден бір мүшел үлкен Айтекең, Айтмұқаш Сәдуақасов. «Әй, сені мен білемін, – деп дауыстады орта тұстан Несіпбек Айтов. – Осы көктемде «Қазақ әдебиетіне» ғажап бір өлеңің шыққан жоқ па? «Ал мына жаңалыққа не дейсіңдер? – деп сөзге араласты журфакқа түскенге дейін-ақ «Көгілдір орамал» атты повесть жазып, оның қолжазбасын Жазушылар одағына апарып талқылатып жүрген Жақан Сағындықов ағамыз. – Біле-білсеңдер бұл жігіт біздің арамыздағы баспадан бірінші болып кітабы шығатын ақын болғалы тұр. Ол – «Жас ­керуен» атты жинақ. Ұзын саны ­жиырмадай автордың туындысы топтастырылған онда мына Жүрсіннің де өлеңдері бар. Оны мен «Жазушы» баспасындағы сол ұжымдық кітапқа жауапты қызметкерлердің қолынан көрдім. Сүйінші дана екен. Көп ұзамай дүкендерге де түсіп қалар». ­«О-оо-о!.. Онда!..». Осылай деген біз жаңа ­курстасымызды құттықтауға ұмтылып, айнала қоршап алдық.

...Содан қызық та қызу әңгіме бас­талды дейсіз. Сөз арасында одан КазПИ жағдайын сұрамаймыз ба?! Көкейімізді тесіп бара жатқаны «Онда неге түстің? Мұнда қалай келдің?» деген сұрақ қой баяғы. Сөйтсек, ол былай екен. Арқаның Жезқазған жағындағы қиян шет, қиыр түкпіріндегі ауыл мектебін бітірген бозбала аттестатын арқалап Алматыға келмей ме?! Алғашқы күндері қатты қиналыпты. Өйткені төңірегі тола тосын тірлік. Бөтен өмір. Басқа адамдар. Тек көкбазарды көргенде... Иә, соған келгенде ғана еркін тыныстағандай болады. Себебі мұнда мұсылман баласы, оның ішінде қазақ көп екен. Соларды медет тұтып, оның іргесіндегі шіркеуі бар паркті шарлайды ғой. Бір мезетте ол аталмыш демалыс орнының ар жағындағы еңселі ғимаратты көреді. Өзі секілді жас жігіттер мен қыздар кіріп-шығып жатқан оған жақындап барып қараса, маңдайшасында «КазПИ» деген жазу тұр. Сол сәтте Жүрсін «Бұл сол ғой... Сол институт...»  деп күбірлейді ішінен. Сөйтеді де, ауылдағы ұстазы Сапарғали ағай айтқан әңгімені есіне алады. Соғыстан кейін Алматыда оқыған бұл кісі керемет адам еді. Мұғалім жетіспеген 50-60-жылдары математика мен химия және физикадан өзге пәндердің бәрін бір өзі жүргізе беретін педагогикалық әмбебап табиғи қабілет иесі-тін. Сабақ арасындағы үзілістерде ол кісі Алматыдағы студенттік күндерін сағынышпен айта келіп, осы КазПИ-ді де жиі еске алатын. Ұстаз сөзіне қарағанда, бұл институт білімнің қара шаңырағы. Республикамыздағы алғашқы жоғары оқу орны. Онда халқымыздың ­аяулы ұлы Сәкен Сейфуллин сабақ берген. Ақын Қалижан Бекхожин сөз етіп отырған білім ұясының алғашқы түлектерінің бірі болған. Ал соғыс, одан кейінгі кезеңде ше? Иә, 40-50-жылдары бұл институтта жазушы Бердібек Соқпақбаев, ғалым Серік Қирабаев, сыншы Баламер Сахариев оқыған. «КазПИ сондай-ақ гуманитарлық ғылым өкілдерінің де үлкен ордасы, – дейтін сөзінің соңында Сапарғали мұғалім. – Басқасы басқа, алдарыңдағы «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының мұқабасындағы фамилияларға қараңдаршы. Әбілқаев, ­Оралбаева, Хасенов, Мұсабекова, Рүстембекова... Міне, бұл ағаларың мен апаларың әрі оқулық авторы, әрі сонда сабақ беретін оқытушылар».

Аталмыш оқу орнының алдында тұрып, жоғарыдағы жайттарды көз алдына елестеткен Жүрсін: «Болды... Бітті! – дейді кесімді үнмен. – Мен құжаттарымды осы жоғары оқу орынынаа тапсырамын». Сөйтеді де, ішке кіріп, филология факультетінің қабылдау комиссиясы алдындағы кезекке тұрады. Одан абитуриенттерге арналған жатақханаға орналасу... Сондағы консультациялық лекцияға қатысу... Емтихан тапсырып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті атану! Байқамапты, мұнда оқуға қабылданғаннан 10 күннен соң сабақ басталады екен. Сондықтан 1650 шақырым жердегі еліне жете алмайтынын білген біздің кейіпкеріміз ауылына тек қыста, бірінші семестр біткен каникулда ғана барады. Анасы, туған-туысқандары қуанышты. Сыныптастары да құттықтап, жақсы сөздерін айтып жатыр. Тек әкесінің інісі Әбсат ағайға сәлем беруге барғанда: «Қуанышыңа ортақпыз, қарағым! Сонда сенің түскенің не оқу?» – дейді мұртын ширатып қойып. «КазПИ ғой, көке! Сол институттың филология, яғни қазақ тілі мен әдебиеті факультеті», – деп жауап береді үлкен кісіге Жүрсін. «Жақсы. Бірақ басқа оқуға баруға болмады ма?». Бұл сәл үнсіз отырып барып тіл қатқан Әбсат ағайдың сөзі. «Мына көрші Кентайдың баласы сен түскен сол институтты сырттай оқып бітіріп-ақ мұғалім болып жүр ғой. Одан да радиодан өлең оқығанда даусың естілетін, газет-журналға мақалаң шыққанда фамилияңмен әйгіленетін оқуға неге ниет етіп көрмедің? Біз сенен сондай мамандық иесі болады деп үміттенген едік».

Көкесінің мына сөзі Жүрсінді селт еткізді. Құлағына күңгірлеп келіп жеткен жоғарыдағы үн шеке тамырын солқылдатып, өн бойын алай-түлей күйге түсірді. ­Намысы оянып, жүйкесі ширыққан ол: «Осыдан қалаға барайын. Сонда нақты ойланып, бір шешімге келейін» дейді ішінен. Ондағы жоспары өзі түскен институттан университетке ауысудың жолдарын іздестіріп көру еді. Осы мақсатпен қалаға қайта оралғаннан бастап, ал кеп ректорат, министрліктің есігін тоздырсын. Жоқ, болмайды екен. Содан ішінен тынған ол екінші семестрдің аяқталуын күтеді. Маусымның аяғындағы сол күн жақындағанда, КазПИ-дегі құжатын алуға өтініш жазады. Жақсы көретін оқытушысы Нығмет Ғабдуллиннің де үгіттегеніне қарамай, КазГУ-ге тартады. Нәтижесі... Біз көріп отырған жағдай...

«Бұл ма, бұл мықты ей! – деді әңгіме аяқтала бергенде тіл қатқан Тұрсын Жұртбаев. – Өзіміз бір оқуға қалай түсеміз деп түн ұйқымызды төрт бөліп жүргенде, мұның мына әрекетін қарашы... Көзсіз ерлік қой!» «Не, қалай дегенде де, – деді мына жақтан Қарақалпақстаннан келіп оқуға түскен Есен Сафуанов ағамыз. – Мұны жай біреу жасай алмайды. Және жоғарыдағыдай қадамға көп ешкім бара да бермейді. Сондықтан бұл жігітіміз тегін жан емес. Көріңдер де тұрыңдар, ертең бұдан үлкен адам шығады».

***

...КазГУ-дегі студенттік күндеріміз осылай басталып, өтіп жатқан. Жарты айдан кейін ғой деймін, бәрімізді университеттің Шевченко мен Масанчи көшелері қиылысындағы спорт кешеніне шақырды. Барсақ, бұл журфактағы үш жыл бойы жүретін денешынықтыру пәніне ­байланысты ұйымдастыру жұмысы екен. Жүрсін мен Жақан ағамыз және Тілеуғабыл бірден зілтемір секциясына жазылды. Ал Дәукең, Дәуітәлі Стамбеков алғашында: «Алматыда, біз оқитын корпустағы ТЮЗ төңірегінде жүліктер мен шпаналар көп. Сондықтан ондай бұзықтардан таяқ жеп қалмас үшін мен боксқа барамын», – деп тұрған. Бірақ кезегі жақындағанда одан сырттап, жеңіл атлетика тобына қосылғаны. «Оу, Дәуке мұның қалай?» – деді оған көзі түскен курстасы Намазалы Омашев. «Мен ойландым, – деді оған ол. – Жанымдағылардан сұрап көріп едім, ана бокс секциясының жаттығуы өте ауыр әрі қиын дейді. Сондықтан оны қойып, жүгіргіш, желаяқ жігіттер ортасын таңдап тұрмын. Егер қаладағы әлгінде өзім айтқан басбұзарлар маған кездесе қалса, осы жеңіл атлетика секциясында үйренген тәжірибе, тәсілмен оларды шаң қаптырып, қашып құты­лармын». Бұған біз ду күлдік. Сөйттік те, нұс­қаушылардың ақыл-кеңесімен қал­ға­ны­мыз велоспорт, баскетбол, волейбол, күрес және шахмат-дойбы топтарына жазылып, сол командалар сапын толықтыратын болдық.

Сол күнгі және одан кейінгі жетідегі абажадай атшаптырым залда жаттығып жүріп байқаймыз, жоғарыда аталған секциялардың көбі осында сияқты. Ақ, көк, қызыл ленталармен бөліп-бөліп тастаған шаршы алаңдардың алғашқысында біреу қабырғадағы арқанға өрмелеп әуре, екіншісі қозғалмайтын велосипед педалін аяғымен жанұшыра айналдыруда, үшіншісі классикалық күрестің қыр-сырын меңгеремін деп, боз кілемнің шаңын аспанға шығаруда. Күрес кілемі демекші, біздің журфактың жоғары курсында спорттың әр түрінен жүлдегер атанған саңлақтар да бар екен. Солардың ішінде ең мықтылары деп, еркін күрестен әлем чемпионы Бакулин мен шахмат-дойбы ойындарынан Бүкілодақтық турнир жеңімпазы Вассерманды айтуға болатын еді. Университеттің спорт кешеніндегі жаттықтырушы атаулы оларды бізге үлгі етіп айтып, дәріптей бастағанда, мұнда жұрт мүлдем күтпеген қызық жағдайдың орын алғаны...

Өз секциямыздың кезекті жаттығу сабағына қатысып болған соң, киімдеріміз тұратын гардеробқа қарай беттеп келе жатпаймыз ба. Міне, сонда залдың орта тұсындағы күрес кілемі жақтан жұрттың шу етіп, қол шапалақтаған дыбысы естілгені!.. «Не қызық болып қалды екен?» деп ентелей жетіп барсақ, біздің бірінші курстағы зілтемір тобына қатысып жүрген орыс бөлімнің студенті Бағи Машанло әлем чемпионы Бакулинді астына басып алыпты. Мерейі үстем. Бірақ жаттықтырушы бұл жеңісті мойындар емес. «Штанга көтеріп жүрген сен мұнда қайдан келдің? Бұл кездейсоқтық», – деп байбалам салуда. Жиналғандар: «Күресемін деген чемпионның өзі ғой. Ал мына жігіт қайдан келсе одан келсін, бірақ аты дардай балуаныңызды жеңді емес пе?!» – дейді өрекпіп. Ақыры олар қайта белдесетін болды. Дүнген бауырымыз нағыз ердің өзі екен. Етбетінен тырмысып жатып алған қарсыласын кілемнен жұлып алды да ауамен аунатқан күйі жерге оны ыңқ еткізіп жауырынымен бір-ақ түсірді дейсің. Әлем чемпио­нында үн жоқ. Ал жаттықтырушы көзімен жер шұқып, отырды да қалды.

Содан кейін,.. иә, сол күндерден соң өзіміз сөз еткен спорт кешенінде тағы екі қызық жағдай болды. Ол оқиғалардың да бас­ты кейіпкерлері журфактағы біздің бірінші курс студенттері Несіпбек Айтов пен Жүрсін Ерманов еді. Несіпбек ағамыздың хикаясын айтайын. Ол кісі шахмат-дойбы ойындары секциясына қатысатын. Қарсыласы – төртінші курс студенті Вассерман. Жоғарыда сөз еттік, бұл оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Шахмат-дойбы ойындары Бүкілодақтық турнирінің жеңімпазы болатын. Журфактың жұлдызы. Міне, сол жүлдегер біздің курстасымыз Несікең екеуі сынақ рейтингісіне ұпай жинау үшін дойбы ойнай бастамай ма? Вассерман ұтылып қалады. Қарсыласына таңғалған ол тақтаға тағы да тас тігеді. Ойы – қайтадан ойнау. Одақтық турнир жеңімпазы бұл жолы да жеңіледі. Мұны көрген көпшілік кеу-кеулеп, екеуін үшінші рет сайысқа түсі­реді. Бірақ журфак жұлдызы үшін тағы да сәт­сіздік. Содан не керек, бәсеке қызады. Кө­рер­мен – спорт залындағы қалың қауым. Ал көрсеткіш 5:0; 6:0 болып Несіпбек ағамыз­дың пайдасына шешіледі де отырады. Одан 7:0; 8:0!!! Ақыры есеп 9:0-ге жеткенде жүйкесі шыдамаған Вассерман орнынан тұрып кетіп, есікке қарай беттеді. Бұл жеңіл­ген­дігінің белгісі еді. Сөйтіп, ол кездегі студент, қазіргі атақты ақын, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Несіпбек Айтов КазГУ-дің спорт кешенінде айды аспанға шығарғаны бар.

Ал Жүрсінге келсек, оқиға былай. Біз үш жігіт бокс секциясындағы жаттығуымызды аяқтап, зілтеміршілер алаңы жанынан өтіп бара жатқанымызда, денешынықтыру сабағына келген оны көріп тұра қалдық. Байқаймыз, жаттықтырушы Кох бір нәрсені тәптіштей түсіндіруде. Ол «Жарайды» ­дегендей, басын изеді. Осыдан кейін барып оқытушы зілтемірдің екі басын теңшеп, оған 40 килограмдық дискіні салды да: «Көтеріп көр», – деген сияқты болды. Сол-ақ екен, Жүрсін оны жерден іліп алды да төбесіне бір-ақ шығарды. Бұған риза болған жаттықтырушы бұрынғыға қосымша 20 килограмдық тасты салып еді, курстасымыз оны да шопақ құрлы көрмей, жоғарыға лып еткізгені. Көп ұзамай ол 70, сосын 80 килограмды да еш қиналмай көтеріп кетті. «Бүгінге осы жетеді» дегендей оқытушы иығынан қаққанда, оның қасындағы басқа әріптестері курстасымызға таңғалып қарай бастады. Өйтпегенде қайтеді, бұрын бұл секцияға қатыспаған, оқуға жаңадан түсіп, зілтемір көтеру алаңына еш дайындықсыз келген жігітке назар аудармағанда. Кохтың жанында тұрған оқытушылардың бірі біздің бокс тобының жетекшісі Морковцев ­деген мінезі шәлкес жас жаттықтырушы еді. Сол әдетімен ол жаттығуын аяқтап болып, бері қарай беттеген курстасымызға бірдеңе деп қалғаны. Оған Жүрсін алдымен тістенді. Сосын жүзі сұрланды. Іле кері бұрылып, штангаға қосымша диск салды да оны көтеруге ыңғайланды. Сол кезде: «Әй! – деп ышқына айғайлады біздің алдымыздағы курс­та оқитын Қасымжан Өмірұлы деген ағамыз. – Бір күнде мұнша әрекет жасауға болмайды. Тоқта!». Бірақ оған қараған Жүрсін жоқ, 82 килограмдық зілтемірді: «Әуп!» деп көтеріп-ақ кеткені. Зал қол соғып, риза болып жатқанда, ол 84-ке дайындала бастаған. Соны көтере беремін дегенде... Иә, асығыстық па, жоқ әлде тәжірибесіздік пе, әйтеуір төбесіне апарған штанга басынан кері асып кетті де курстасымыз шалқасынан түсті. Төңірек у-шу... Азан-қазан... Жаттықтырушы ұмтылды, алаңдағы орнынан атып тұрып. Медбике жетті іргедегі бөлмеден ентелеп. Сөйтсек... Аман екен, әйтеуір! Бірақ белін ұстай берді. «Әй, намыс-ай... Намыс! – деді жоғарыдағы жағдайдан кейін өзіне-өзі күбірлей тіл қатқан Қасымжан аға. – Қазақтың жігіттерін даралайтын да, жаралайтын да осы сөз ғой... Бәрі ана көккөзден болды-ау, шамасы. «Штанга сенің не теңің? – деп қалды ма, кәпір... Не деді екен?..». Бірақ оны сөз ететін Жүрсін бе? Жоғарыдағы жағдайдың кесірінен беліне дәз кетіп, өмір бойы ауырсынып жүрсе де ол оқиғаның себебін сол оқиғадан кейін де, одан бүгінгі күнге дейін де айтқан емес бізге.

***

...Екінші курстан бастап журфактағы оқуымыз күрделеніп кетті. Бұл бұрынғы пәндерге философия, атеизм, эстетика, экономика деген сабақтардың қосылуынан ғана туындаған қиындық емес-тін. Оған алғашқы курстан басталып, одан кейін де екі жыл қатарынан жалғасатын орыс тілі мен әдебиеті, шетел әдебиеті және орыс журналистикасының тарихы сияқты пәндерді қоссақ, солардың бәрінің орысша оқытылуы еді. Аты да, заты да бәрімізді бір-бір тылсым әлемге жетелегелі тұрған жоғарыдағы сабақтар басқа ұлт өкілі ырымға табылмайтын мектепті қазақша бітіріп келген Жүрсін мен біз секілді ауыл бозбалаларына қиындық келтірмей қойған жоқ. Оған аталмыш пәндерден дәріс оқып, семинар жүргізетін «аға халық» өкілдерінің әртүрлі көзқарас-пиғылын қосыңыз. Бәрін қаралап қайтеміз, олардың арасында соғыс жылдарында Алматыға эвакуация­мен келіп, кейін қатарларына Мәскеу, Ленинградтан дәл өздеріндей көңілі ақ, ниеті таза ғалымдарды тарта білген білікті ­педагогтер болды. Егер біз шетел және орыс әдебиеті атты руханият қазынасынан бірдеңе білеміз десек, онда Мадзигон, Морозова, ­Сагалович, Железнов секілді оқытушыларға қарыздармыз дер едік. Сондай-ақ өмірде күнгеймен қатар, көлеңкенің де бірге жүретіні секілді, біз білім алып жатқан жоғары оқу орнында қазақ студенттерін менсінбей, қырын қарайтын мұғалімдер де болды. Олар Стеклова, ­Филатов, Сова, Крикунов сияқты шовинистік пиғылдағы жандар-тын. Бұлардың әдеті: семинардағы студент жұмысын жоққа шығаруға ­тырысу, коллоквиумдағы жауапты тыңдауға құлықсыздық таныту, диктант жұмысын жазу кезіндегі кеткен қателерге мысқылмен қарау, біздің ұлттық менталитетімізге қатысы жоқ нәрселерді мәжбүрлеп оқыту немесе тыңдату еді. Оған эстетикадан сабақ беретін Филатовтың лекциясын айтсақ, соның өзі жеткілікті болмақ. Иә, оның іс-әрекеті журфактың қазақ бөлімінде оқитын бізге ренессанс дәуіріндегі католик, православ иконаларындағы бейнеленген суреттерді әкеп көрсетіп, оларды адамзаттың эстетикалық-танымдық бастауы ретінде түсіндіру, XVII-XVIII ғасырлардағы Батыс Еуропа шіркеулеріндегі хорды патефон грампластинкасымен тыңдату сияқты тірліктерден тұратын. Сонда бұл не? Өзі жүргізетін пәнге арналған лекция ма, жоқ әлде миссионерлік уағыз сабағы ма? Адам түсінбейтін нәрсе еді.

Бірақ, қалай дегенде де, біз осы пәндерді оқуымыз керек болды. Өйткені бұлар, біріншіден, университеттің оқу бағдарламасына баяғыда-ақ енген. Сондықтан студенттің ол лекцияларға бармауға, қатыспауға немесе соған ­байланысты берілген тапсырмаларды орындамауға хақысы жоқ-ты. Екіншіден, журфактың қазақ бөліміндегі кеудесінде саңылауы бар жігіттері жоғарыдағы міндетті орындай отырып, аталмыш пәндерге сыздықтай енгізілген еуроцентристік, русофильдік жымысқы ағымдардың қыр-сырын біліп, меңгеруі қажет-тін. Сөйтіп барып, оның идеологтары Стеклова, Сова, Филатовқа біздің де бірдеңеден хабарымыз барлығын аңғартып, тең дәрежеде болмаса да оларға өз көзқарасымызды айтуға, пікір таластыруға қол жеткізуіміз тиіс еді. Осы оймен Жүрсін, Тұрсын бастаған біздің топ ал кеп күндіз-түні оқиық. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «ала қағаздың бетін айналдырайық». Сабақтан кейін баратынымыз – кітапхана. Жексенбі күні де солай. Себебі оқитын кітап көп. Игеруге тиіс тақырып та мол. Байқаймыз, оларды қысқы семестр сынағына дейін бітіру мүмкін емес сияқты. Осыны сезген Несіпбек аға бір күні бізге «бригадалық тәсіл» атты қызық идеяны айтқаны! Ол бойынша біз алғашқы айда қажет деген барлық кітаптарды жеке-жеке емес, бөліп алып оқуымыз керек екен. Содан кейінгі жетідегі жексенбіде бәріміз бір жерге жиналып, әлгі туындыларды жолдастарымызға өз кезегімізбен мазмұндап айтып беретін болып шықтық. Оның тиімділігі неде дейсіздер ғой. Мұны түсіндіру үшін мынадай салыстыруға жүгінейік. Аптасына жеке өзің орта есеппен 2 шығарманы оқып шыққан қандай, ал төңірегіңдегі мүдделес, мұраттас 7 студент қосылып 14 кітапты бітірген қандай? Мұнда, сөз жоқ, соңғысының пайдалы екендігі анық.

Осы әдістің алғашқы жетідегі нәтижесін байқау үшін Несіпбек ағамыздың Горный гигант маңындағы Гвардия көшесінен жалдаған пәтеріне жиналмаймыз ба? Керемет! Әсіресе ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің үздік үлгілері саналатын 2 көркем туындыны өз мойнына алған Жүрсіннің айдарынан жел есіп шыға келді дейсіз. Бұлар 50-60-жылдардағы «жылымық» кезеңде аз ғана тиражбен баспадан шығып үлгерген әдеби шығармалар еді. «Кітапханадан көрмеген аталмыш авторлар еңбегін бұл қалай тауып оқып жүр?» дейміз іштей таңғалып. Осылайша, «бригадалық әдіспен игерген кітаптарымыздың мазмұнын бірде Нескеңнің үйіне, келесіде журфактың бос аудиториясына, одан соң жатақхана бөлмесіне барып жүріп хабардар болған 7 жігіт бұл бағытта әжептәуір «багаж» жинағандай дәрежеге жеткенбіз. Содан 5 айдан кейін бірінші семестрдегі сынақ емтихан да басталған. Міне, сол қысқы сессиядағы дайындығымызға бұрын бізді іліп-шалып отыратын оқытушыларымыздың таңданғанын көрсеңіздер. Қойған сауалдарына бүгежектемейміз. Білгенімізді айтып, шама-шарқымызша талдау жасап та қоямыз. Және жыл басында оқуға берілген қай кітап болсын, әйтеуір олардан хабарымыздың бар екендігін аңғартамыз. «Хрущевтік жылымық» кезіндегі жаңаша ойлау машығына ие ақындар Вознесенский мен Евтушенконы және жазушы Казаковты білетіндерің түсінікті. Өйткені олардың шығармалары «Юность», «Молодая гвардия» журналдарында бар. Ал Бунинді, Ахматова мен Пастернакты қайдан тауып оқыдыңдар?» – дейді олар. Біз үндемейміз. Өйткені оның «кілті» Жүрсінде. «Оқыдық, – дейміз сыр білдірмей. – Оқыған соң айтып отырмыз ғой, сіздерге».

Осылайша, екінші курстың қысқы сессия­сында бізді менсінбейтін ұстаздарымызбен арадағы жағдайымыз ептеп ретке келе бастаған. Оны олардың бұрынғы кеудемсоқ әрекеттерінен тыйылып, жылы сөйлей ­бастауынан аңғаруға болатын еді. Ал, екінші семестрде,.. иә, сол қысқы сессиядан кейінгі келесі 5 айда бұл «жеңісіміз» одан әрі өз жалғасын тауып, белгілі бір мәселе бойынша оларға өз көзқарасымызды білдіре алатын дәрежеге жеткен болатынбыз. Осының бәрі тынбай оқу мен толассыз ізденістің арқасы еді. Иә, егер біз, яғни 7 студенттің сабақтан кейін тағы да ілім-білім деп кітапхана залдарын шарламасақ, сол тобымыздағы тағы бір намыс иесі Жүрсіннің өзіне ғана тән, жеке, еркін ізденісімен шетел және орыс руханияты қазынасының қақпағын ашып, олардағы оқыған-тоқығанын ортамызға салмаса, жоғарыдағыдай жетістікке жете алмайтынымыз анық-тын. Ал кейіпкеріміздің сондағы: «Өзіне ғана тән жеке де еркін ізденісі не еді?» дейсіздер ғой. Айтайық.

Жазғы семестр жақындап келе жатқан кез болатын. Жоғарыдағы айтылған сабақтардан білетінімізді бір-бірімізге тағы да айтып, көмектесу үшін Жүрсіннің Алматының әуежай жағындағы Волочаевск көшесінен жалдаған пәтеріне жиналғанбыз. Таңертең басталған «лекциямыз» іңір түсе бере аяқталды-ау, әйтеуір. Сол кезде шай ішуге отырған бізге, курстасымыз: «Ауладағы мына екі үй, – деп бастады әңгімесін, ­– ­Истомин деген орыс қариясінікі. Шалдың жалғыз ұлы бар екен. Ол отбасымен қиыр солтүстіктегі еңбекақысы мол жұмысқа кетіпті. Біз тұрып жатқан үй соныкі. Айтайын дегенім, ауылдан келген осы бәріміз, соның ішінде мектеп бітіргенше басқа ұлт өкілін көрмеген мен де орыс тіліне шорқақ болдым ғой. Ал сол қиындықтан құтқарған мына қария. Осы пәтерге көшіп келіп кірген соң әңгімеміз жарасып, ол кісіге жоғарыдағы жағдайды айтпаймын ба? Көшелі адам екен. Көмектесуге уәде беріп, екі жылдың ішінде мені өз тіліндегі грамматикаға, сосын ауызекі түрде сауатты сөйлеуге тағалаған аттай етіп шығарды емес пе?! Бұл бұл ма, мен сендерге енді үшінші ғажайыпты айтайын. Өздерің менен: «Кітапханада жоқ дүниелерді қайдан тауып оқып жүрсің?» деп талай рет сұрадыңдар ғой. «Оны мына қос шкафтан, – деп айтар едім қазір. – Иә, ХХ ғасырдағы аса көрнекті, жаңаша ойлау машығына ие ақын-жазушылардың шығармаларын осылардың ішіндегі сөрелерден таптым. Енді соны көрсетейін. Қараңдар!».

Осылай деген курстасымыз қабырғадағы әйнексіз жабық шкафтың біреуінің есігін ашқанда бәріміз ішегімізді тарта тұрдық та қалдық. Кітап қашанда кітап қой... Олардан басқа біздің көз алдымызда сол сәтте жазылуға лимит, яғни шектеу қойылған, сондықтан да былайғы жұрттың қолына көп тие бермейтін «Новый мир» мен ­«Роман ­газета» журналдарының тігінділері тұрған еді. Және 1 жыл емес, бақандай 12, атап айтқанда, 1958–1970 жылдар аралығындағы керемет нөмірлер болатын. Керемет дейтініміз, бұл басылымдарға сол кезеңде атақты Н.Твардовский мен В.Ильинков басшылыққа келіп, «хрущевтік жылымық» кезіндегі ескен еркіндік самалын сәтті пайдалана білген ғой. Соның нәтижесінде партияның көзі мен құлағы атанған ұраншыл қаламгерлер ­«Октябрь», ­«Дружба народов» басылымдарына ойысып, ал либералдық және социалистік демократия бағытын ұстанған ақын-жазушылар ­«Новый мир» мен «Роман газетаға» топтасқан болатын. Бұған Б.Пастернактың «Доктор ­Живаго» романы үшін «Правда», «Извес­тия» газеттерінде сыналып жатқанына қарамай, Н.Твардовский редакторлық еткен басылымда оның өлеңдерінің жариялануы, В.Ильинков басшылығымен шығып жатқан журналда өмір бойы қуғын көрген А.Ахматованың шығармашылығын қолдаған мақалаға орын берілуі анық дәлел. Сөз етіліп отырған қос басылымда, сондай-ақ ол кездері әдебиетті қоғамның идеологиялық науқаншыл құралы деп емес, руханияттың темірқазығы ретінде ұққан В.Каверин, В.Катаев, Д.Гранин, Л.Леонов туындылары жарияланып тұрған. Сөредегі тігінділерді сүзіп шыққандағы байқағанымыз, уақыт өте келе бұл қаламгерлердің қатарын өзіндік ой-танымдарымен ерекшеленген А.Астафьев, Ш.Айтматов, В.Распутин, Н.Думбадзе, И.Авижьюс секілді талант иелері толықтырыпты. Қызық жайт... Иә, осы арада атап айта кетер ерекше нәрсе: жазушы М.Шолоховтың атақты «Адам тағдыры» повесі мен ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты публицистикалық шығармалары бар емес пе?! Міне, сол ғажайып туындылар 1958 және 1969 жылы ең алғаш «Роман газетада» жарық көрген екен. Ал өзіміздің Әбең, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыздың «Қан мен терінің» одақтық деңгейдегі тұсауын тұңғыш кескен де осы басылым болғанына қалай таңданбайсың!.. Оған дәлел, трилогияның бірінші кітабы «Ымырт» сөз етіліп отырған журналдың 1966 жылғы 4-санында 1 миллион 50 мың данамен жарық көріпті.

«Әй, – деді шкафтағы тігінділерді қарап бола бергенімізде Сәулебек. – Мынадай қазынаға жолыққан сен бақыттысың. Иә, нағыз бақытты адамсың! Осы «керемет кітапхананың» иесі Истомин шал саған қалай кезігіп жүр? Ал біз неге ондай жандарға жолықпаймыз? Демек, Есен Сафуанов ағамыз айтқандай, тегін адам емессің сен. Олай дейтінім: «Өлейік-тірілейік. Бірақ оқиық. Сөйтіп, Стеклова мен Сова секілділерге өзімізді дәлелдейік», – деп бәріміздің жігерімізді жанып, қазақ студенттеріне қырын қарайтын оқытушыларымыздың кеудемсоқ көзқарасын өзгерттің. Сонымен қатар өз бойыңдағы бір кем дүниені байқап, оны мына ауладағы оқымысты орыс қариясының көмегімен жеңіп шықтың. Алда қандай қиындық күтіп тұр?.. Оны бір құдай ғана біледі. Әйтеуір не болса да, бірге көреміз де бәрін...»

***

1973 жылы республика өмірінде үлкен жаңалық болды. Ол кең-байтақ еліміздің сол кездегі қарышты қадамына байланысты бұрынғы 17 аймаққа қоса тағы да 2 өңірдің құрылып, жеке шаңырақ көтеруі еді. Соның бірі Жезқазған облысы-тын. Осы оқиғамен қабаттасып, біздің факультетте бір ұзынқұлақ хабардың тарағаны. Бұл: «Жүрсін сырттай оқуға ауысып, маман-кадрлар жетпей жатқан жаңа облыстық телестудияға аға редактор болып барады екен» деген әңгіме еді. Келе-келе сол сөз расқа айналды. «Ренжімеңдер жігіттер, – деді сабақ арасындағы бір үзілісте ол. – Университет қабырғасында жүрген 3 жылдан кейін, енді мұнда мен оқитын ештеңе қалған жоқ. Сондықтан еңсесін енді тіктеп келе жатқан туған жеріме барайын. Сөйтіп, оның үзікке қиық жалғап жатқан жыртығын жамауға жәрдемдесейін». Ал ­керек болса!.. Тағы да тосын шешім... Ешкім күтпеген іс-әрекет... Содан қойшы, өзінің кезекті нар тәуекелімен ол бізді осы жолы да таңғалдырды. Таңғалдырды да келіншегі Бақытжамал мен бала-шағасын жетелеп Жезқазғанға тартып отырды.

Курстасымыздың ондағы өмірі мен қызметі және шығармашылығы жөнінен қазір көп ештеңе айта алмаймын. Өйткені өңір алыс, жер шалғай болғандықтан ол кездері Жезқазғаннан Алматыға келетін және ол жаққа баратын адам да өте аз еді. Хат жазып, хабар алып тұрмасаң, студент кезде телефонмен сөйлесу деген қайдан болсын. Кейін жұмысқа орналасқаннан соң ғой, редакциядағы мүмкіндікті пайдаланып қоңырау шалатынымыз. Ал оған дейінгі ұзынқұлақтан білетініміз, Жүрсін облыс орталығына барған. Сондағы телерадиоға өзі аға редактор, келіншегі Бақытжамал диктор болып орналасқан. Қазір көп ешкім біле бермеуі мүмкін, Жезқазған телестудиясы сонау 1959 жылы Алматы мен Қарағандыдан кейін республикада үшінші болып ашылған хабар тарату мекемесі еді. Мұндағы кеңсе кешені халық қаржысына салынып, өңір жеке шаңырақ көтергенге дейін де көп-көрім дәрежеге жеткен онда жақсы журналистер жұмыс істейтін. Олар Аманжол, Файзолла, Нұрмахан, Жанбау, Степан, Сұлтан, Шамхан секілді жігіттер еді. Біздің кейіпкеріміз, міне, сол азаматтармен шахтаға түсіп, зауыттарға барады. Егін алқабын кезіп, малшы ауылдарын аралайды. Ұлытаудағы ежелгі мәдениет ескерткіштерін телетаспаға түсіріп, Жаңаарқадағы көнекөз қариялардың айтқан сөз маржандарын магнитофонға жазып алумен шұғылданады. Осындай ­тынымсыз ізденіске толы еңбектің арқасында ол жетекшілік етіп, жұмыс істейтін ұжым еліміз облыстары арасында жақсы жағынан атала бастайды. Оған дәлел, 70-жылдардың ортасында өткен республикалық телефес­тивальда Жезқазған өңірлік ­телестудиясы бас жүлдеге ие болып, оны Жүрсін Ермановқа атақты Совет Масғұтовтың өзі тапсырғандығы. Бұған сол уақыттар шамасында оның Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылардың Бүкілодақтық І слетіне делегат болып қатысқанын қосыңыз!..

Осындай жақсы хабарды естіп, сырттай жанашыр, тілектес жандардың бірі болып жүрген күндері менің жолым түсіп, Жезқазғанға баратын болдым. Бұл 1979 жылдың желтоқсан айы еді. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейтінмін. Редакция тапсырмасы: облыстық комсомол комитетінің конференциясы өтпекші екен. Соған барып қатысып, талдамалы мақала жазып қайтуым керек.

Жезқазғанға жетіп, өңір жастары ұйымы салалық хатшыларының бірі Назымбек Боқаевпен әңгімелесіп отырғанмын. Сол сәтте Жүрсіннің менің мұнда екенімді біліп, облыстық комсомол комитетіне іздеп келгені. Екеуміз шұрқырай амандасып, арқа-жарқа болдық та қалдық. Күні бойы бірге жүріп, кешке үйіне бардық. Әңгіме арасында өлеңдерін оқыды. Ғажап! Баяғы екпініне тағы бір ерекше екпін қосылғандай ма, қалай?! Сөйтіп, көп уақытқа дейін қуатты, ойлы ұғымдардың кеңістігінде тербелдім де қалдым. «Оқырман мына туындыларыңды білуі керек қой. Неге газет-журналдарға бермейсің?» – деймін мен таңғалып. «Кім басады? Жанашырлықпен кім шығарады мұны? – дейді ол. – «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз», «Жалынға» жібермей жүр деймісің. Ілуде-біреуі ғана береді. Оның өзінде толық емес. Бірлі-жарымын. Әйтеуір көңіл жықпастықтың кейпі ғой. Алматыда не көп, ақын көп. Үлкен-кішісінің бәрі жоғарыдағы басылымдардың есігін тоздыратын болуы керек. Сондықтан...».

Әңгіменің қысқасы, қайтарымда мен Жүрсіннен бір топ өлеңдерін сұрап алып кеттім. Ойым – астанаға барған соң, өзім жұмыс істейтін жастар газетіне оны ұсыну. Сенетінім – редакциядағы әдебиет және өнер бөлімінің қызметкері Құлбек дос Ергөбек. Ол қолжазбаны оқып, танысқан бойда бас бармағын шошайтып: «Во!» – деді. Сөйтті де, машбюроға беттеді. Одан басылып шығысымен газетке деген сол мәтінді түпнұсқамен салыстырып оқып шықты да бөлім меңгерушісі Аян Нысаналин ағамыздың үстелінің үстіне апарып қойды. Содан апта,.. ай өтті. Хабар жоқ. «Не болды?» – деп сұраймын ғой Құлбектен. «Аякеңнің алдында жатыр. Күтейік», – дейді досым үміттендіріп.

Осы арада айта кетер бір-екі жайт бар. «Лениншіл жас» ол кезде үлкен ұжым. Басшылары мен қосшыларын қосқанда 55 адам жұмыс істейді. Солардың ішіндегі біз пікір не ұсыныс айтар дәрежеге әлі жетпеген қатардағы қызметкерлерміз. Сөзіміз өтпейді. Жалтақтайтынымыз, міне, содан. Екіншіден, осы газетке келетін адамдардың арасында кім көп, ақын-жазушылар көп. Жасы да, жасамысы да сөз етіп отырған басылым бетінен көрінуге құмар. Өйткені бұл жұртшылық арасына ең көп тиражбен тарайтын газет. Жылдық жазушылар саны – 289 мың. Оған облыстар мен қала, аудан киоскілеріне түсетін 11 мың тиражды қосыңыз. Сонда бәрі 300 мың дана. Міне, сол себепті мұнда «Кешеден келдік бүгінге» деген жаңа публицистикалық поэмасын алып Әбекең, Әбділдә Тәжібаев келеді таяғын сілтеп тас­тап. Қабдеш Жұмаділов жүреді «Соңғы көш» романының екінші кітабынан үзінді жария­латсам деп. Қалихан Ысқақов көрінеді бір күні «Ақ тоқым» атты әңгімесінің жағдайын білмек болып. Мәскеуде тұратын Кәкімбек Салықов телефон соғады «Елге жетіп қалар ма, ем...» өлеңдер топтамасының жағдайын сұрап. Сондай-ақ Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкеев, Тынымбай Нұрмағанбетов өтініштері... Міне, қашан, қай уақытта болсын атағынан ат үркетін осындай авторлармен бастары қатып отырғаны Аян ағамыз бен Құлбектің. Дәл сол кездері ғой, Семей облысындағы бір шопан жігіттің: «Жастар газеті деген атың бар. Бірақ өзіңді босатпайды ірі ақындар. Сонда біз қайда барамыз? «Лениншіл жас» сенде хақым бар» деп ашына хат жазатыны.

Осындай жағдаймен Жүрсіннің біз шығарамыз деп талпынған өлеңдері кешіге берді... Тағы да кешіге берді. «Неге бұлай? Басқа бір себеп бар ма?» – деймін мен Құлбекке. «Жоқ, ақсақалдар алдын орап кетіп жатыр. Шыда. Шығады», – деп шырылдайды ол. Осындай ұзын арқау, кең тұсаумен жарты жыл өтті. Ақыры бар жағдайды айтып, Жүрсінге өзім телефон соғуға мәжбүр болдым. «Түсінемін, – деді ол салқынқандылықпен. – Мұның бәрі біздің Алматыдан алыста жүргеніміздің салдары ғой. Сондықтан мүмкіндік туып жатса астанаға, ондағы әдеби ортаға қайта оралсам деймін».

Көп кешікпей кейіпкеріміз осындай мүмкіндікті тапты да. Ол Жезқазған обкомының жолдамасымен Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға келуі еді. Екі жыл бойы стипендия төленетін әрі жатақханадан жеке бөлме берілетін бұл оқу орны жақсы-ақ. «Бірақ, – дейміз біз оған, – ертең мұны аяқтағаннан кейін облыстық партия комитеті: «Бұл өз кадрымыз», – деп кері шақырып алмай ма?». «Оған бас қатырып қайтесіңдер. Кезінде көрерміз, – дейді курс­тасымыз баяғы тік сөйлейтін әдетімен. – Бір жөні болар».

Сонымен, ол енді Алматыда. Отбасын көшіріп әкелгендіктен баспана жайын білмекке барса: «Балалы-шағалы адамдарға жатақхана берілмейді», – дейді комендант. Оған қайғыратын Жүрсін бе? «Арман» кинотеатрының арт жағындағы Көктөбе етегінен пәтер жалдады да күндіз оқу, түнде жазуға ден қойды. «Бет көрсе, жүз ұялады» деген. Байқайды, оның сабақтан кейін газет-журналдарға барып, ондағы әріптестерімен әңгімелесуі, өлеңдерін көрсетіп, пікірлесуі өз нәтижесін бере бастағандай. Соның арқасында шығармалары жарық көріп, өлеңдер кітабының қолжазбалары «Жазушы», «Жалын» баспаларына қабылданды. Төл поэзиямыздың жас толқыны жөніндегі ой-толғамдары Қазақ радиосындағы «Ұшқын» бағдарламасы арқылы эфирге таралып, шығармашылығы республикалық ІІІ ақын-жазушылар конференциясында жақсы бағаға ие болды.

 Кейіпкеріміз осылай еңбектене берді. Бір тыным таппады. Оқу, өлең, мақала жазудан бас алмай жүріп, аудармамен айналысуы да міне, осы кез. Бірақ бұл саладағы өзі біле бермейтін бұлтарыстарды байқамай, еңбегінің еш кеткен кезі де болды. Соның бір нақты мысалы төмендегі жағдай дер едік.

Жоғары партия мектебіндегі алғашқы оқу жылының қысқы семестрі-тін. Ректор Оразай Батырбеков Алматыдағы бір топ қаламгерлерді шақырып, бұлардың курсымен кездесу өткізеді. Сонда Жүрсін Жақаң атты ақынды көріп қалғаны. Жасы үлкен кісі әрі жерлесі. Осыны ойлаған ол үзіліс кезінде ақсақалға барып сәлем бермей ме? Бұған разы болған қарт ақын оған алғысын айтып, қандай да бір көмек ­керек болса хабарлас, жәрдемдесемін дейді. Сөйтеді де, төмендегідей мәселеге байланысты ұсыныс-пікірін ортаға салады. Ол ­«Жазушы» баспасының «Достық кітапханасы» ­деген жаңа сериясы аясында 15 одақтас республикадағы өмірге келген таңдаулы туындылардың қазақ тіліне тәржімеленіп жатқандығы еді. «Егер қош көрсең, грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» романын ал. Сен оған кірісіп кеткенше баспамен келісімшарт жасасып, жоспарға енгізуге мен кепіл. Мұны айтып отырғаным, біріншіден, осы аударма арқылы атың шығады. Өйткені оның «Роман газетада» жарияланған бұл туындысы қазір бүкіл одақты дүрілдетіп тұр. Екіншіден, тәржіме – қомақты қаржы көзі. «Пәтерде тұрамын, көмірге де ақшам шақ келмейді», – дейсің. Егер мен айтқан аудармаға кіріссең, мол қаламақы алып, жағдайыңды түзер едің. Бұл ақылыма қалай қарайсың?».

Ақсақалдың мына ұсынысына Жүрсін бірден келіседі. Сөйтіп, Жоғары партия мектебінің кітапханасынан аталмыш журналды 3 айға сұрап алып, бас-көз жоқ аударуға кіріседі. Байқайды, автордың стилі күрделі емес екен. Жеңіл. Сөйлемдері де қысқа. Ойы анық. Қарапайым. Бірақ жадағайлықтан аулақ. Оқиғасы өмірдің өзінен ойып алынғандықтан, романдағы штрих, детальдар тереңдікке толы. Тағылымды сипат бар. Сондықтан да ондағы тарау, бөлім беттері бірде аудиторияның артқы партасында, келесіде тар бөлмелі пәтердің күңгірт шамы астында отырып аударған біздің кейіпкеріміздің жүрдек қаламы ұшында желе жортып жүрді де отырды.

Осылайша, қызығып, қиналып жүріп қолға алған «Мәңгілік заңы» романының тәржімесі 4 ай дегенде бітті-ау, әйтеуір. Қолжазбаны машинкаға бастыруға беріп, бойы жеңілденген Жүрсін «Жазушы» ­баспасына бет алмай ма?! Ойы – онда жұмыс істейтін ақсақал ақынға жолығу. Келісімшарт жағдайы мен жоспарға ену мәселесін білу. Келсе, инициатива иесі ол кісі осыдан жарты жыл бұрын айтқан сөзінің бірде-бірін істемеген. «Келісімшарт пен жоспарды қойшы, – дейді жайбарақат. – Олар қолдағы нәрсе ғой. Мені қинап тұрғаны, біздің баспадағы тәртіп бойынша туысқан республикалардағы қаламгерлердің «Роман газета», «Дружба народов», ­«Новый мир» секілді журналдардағы жарық көрген шығармаларынан тәржіме жасауға болмайды екен. Осындай талап бойынша «Мәңгілік заңы» романы «Советский писатель» бас­пасынан таяуда жеке кітап болып шыққан мәтінінен аударылуы керек», – дейді ­директорымыз. Саған соны қалай айтарымды білмей отырмын». «Оқасы жоқ, – деді ойында ештеңе жоқ Жүрсін. – Автор Нодар Думбадзеге хат жазамын. Жағдайды айтып, өзіңіз сөз еткен баспадан жарық көрген кітапты сұраймын. Егер ол кісі өтінішіме құлақ асып, оны жіберсе, онда журналдан жасаған аудармамды кітаптағы нұсқамен салыстырып шығамын. Оған онша көп уақыт кете қоймас».

Қарт қаламгер Жүрсіннің бұл сөзіне үндемеді. «Иә» немесе «жоқ» деп те айтпаған күйі оны үнсіз шығарып салды. Бір сенсе құлай сенетін, көңілі күдік пен күмән атаулыдан ада кейіпкеріміз содан үйіне келіп, Тбилисидегі Нодар Владимировичке хат жазсын. Ертесінде орталық телефон стансасына барып, жазушының өзімен де ауызба-ауыз сөйлессін. «Қуанышты хабар айтып тұрсыз. Рақмет сізге!» – дейді атақты жазушы туындысының қазақша аударылып жатқанына тебіреніп. – Тек түсінбейтін бір жайт, молдавандар мен өзбек, беларусьтер «Мәңгілік заңын» өзің айтып тұрған «Роман газетадан» тәржімелеп, жарыққа шығарды ғой. Ал сіздердің баспаларыңыздың талабы қызық екен... Жарайды, солай-ақ болсын. Жіберемін. Бірақ есіңізде ұстаңыз. Екеуінде де, яғни журналдық нұсқа мен баспадан шыққан мәтінде де ешқандай өзгеріс жоқ».

Көп ұзамай Тбилисиден күткен кітап та келген. Автордың: «Еш өзгеріс жоқ» деп айтқан сөзіне қарамастан, Жүрсін оны бәрібір қайта салыстырып шыққан. ­Сонымен, арада екі ай өткенде кейіпкеріміз баспаға қайта барып, ақсақалға атқарған жұмыстың бәрін баяндап айтпай ма?! Ол кісі үндемеді. Содан соң аударма кітапқа жасалатын келісімшарт, оның жоспарға енуі жөніндегі жұмыстардан не хабар бар деп сұрамай ма? Өкінішке қарай, ақсақал бұл сауалға да селт етпеді. Мына жағдайды түсінбеген, сөйтіп, аң-таң болған Жүрсін бір уақытта қарт қаламгерге: «Жақсы. Мен қайтайын. Егер аударма кітап қажет десеңіз және соған байланысты сіздерге керек болып жатсам, мені өздеріңіз іздеп тауып аларсыздар. Бірақ енді мұнда қайтіп келмеймін», – деп үстел үстіндегі папканы алып шығып кетеді. Құлазыған көңіл түкпірінде сол сәтте Есенғали Раушановтың «Ағаның көрдік алқасын, Ақылдан басқа түгі жоқ» деген сөзі тербеліп тұрған еді. Иә, қанша ойланса да осы оқиғаға ол сол кезде түсінбеді. Одан кейін де ешнәрсеге көзі жете алмай таңғалды да қойды. Қарт қаламгер: «Мына кітапқа аударма жаса» деп неге айтты? «Келісімшарт пен жоспарға енгізу қолымыздағы шаруа ғой» деген сөзбен неге емексітті? Артынан жасы үлкен, аты мен заты бар, дардай адам уәдесінде тұрмай, берген сөзін неге жұтты? Әлде ол кісі: «Аудару – сенің міндетің. Ал жоспарға енгізіп, жарық көруіне жәрдемдесу – менің жұмысым. Осындай «еңбегіме» байланысты тәржіме кітап форзацына қос фамилия қойып, қаламақыны қақ бөліп алайық» деген сөзді айта алмады ма? Түсініксіз нәрсе. «Сол 250 беттік қолжазба қазір қайда?» деп сұрамаймыз ба біз кейіпкерімізден ара-тұра оның үйінде бас қосқанымызда. «Ой, жатыр ғой... Тұр, әне, қозғаусыз, – деп дүрс ете түседі ол қабырғадағы кітап сөрелерін нұсқап. – Жан терім шығып қиналған сол кезді еске алғым келмейді. Сұрамаңдар менен ол туралы».

***

1982 жылдың желтоқсаны. Бұл біздің кейіпкеріміздің Алматыдағы Жоғары партия мектебін тәмамдап, Қазақ телевизиясына бас редактор болып орналасқан кезі еді. Мұнда сол уақытта әдеби музыкалық драма редакциясы деген құрылым бар-тын. Бір күні Жүрсін сол шығармашылық ұжымның алдағы жылға арналған жоспарын қарап отырса, көзіне ондағы «Бәсеке» деген бағдарламаның түскені. «Спортқа қатысты сөз бұл жерде қайдан жүр?» деп ойлаған ол оны жанындағы қызметкерлерден сұрамай ма? «Өндіріс пен шаруашылық ұжымдары арасында ұйымдастырылатын социалистік жарыс бар ғой. Сондағы жетістік-кемшіліктерді ақындардың ­аузымен теледидарда айтқызып көрейік деп едік» деген сөз айтады олар. «Ойларың жақсы, – дейді мәселенің мән-жайын енді түсінген Жүрсін. – Бірақ бұл бәсеке емес. Мұның аты – айтыс. Осыны ұмытпаңдар. Екіншіден, бірнеше ғасырлық тарихы бар бұл өнерді кеңестік заманға бейімдеп, оған жаңаша сипат беру мақсатында кезінде Үкіметіміз тарапынан назар аудару мен қолдау болған. Ол – 1943 және 1960 жылдары өткізілген республикалық ақындар айтысы. Аталмыш өнер сонда өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Осыдан хабарымыз бар біз 1973–1979 жылдары Жезқазған облыстық телерадио комитетінде жұмыс істеп жүргенімізде, оны жаңаша формада жандандыруды қолға алғанбыз. Сөйтіп, айтыс әлеуетін ондағы 3 өндіріс алыбы – «Жезқазған кен-байыту комбинаты», «Казмедстрой» және «Шахта проходкалау тресі» еңбек ұжымдары арасындағы социалистік жарыстың жетістігін көпке үлгі ету, кемшілігін сын тезіне салу тұрғысында пайдаланғанымыз бар. Егер мұны енді республикалық телевизияның көгілдір экраны аудиториясына алып шықсақ, онда сөз етіп отырған халықтық өнердің бағының жанғаны! Сондықтан ештеңеге қарамай, іске кірісейік, жігіттер!

Содан жаңа жобаға деген дайындық ­басталды дейсіз. Ол 1983 жылдың өн бойына жүргізілді. Бұл уақытта Жүрсін бастаған топ Үкіметтің жоғарыда айтылған 1943 және 1960 жылдардағы екі айтысының ұйымдастырылу тәжірибесіне ерекше мән беріп, ондағы әрбір іс-шараның өткізілу тәртібін тыңғылықты зерттеуге күш салды. Содан кейін Ғылым Академиясындағы фольклортанушы ғалымдармен пікір алысып, жюри мүшелеріне және оларға қойылатын талаптарға, ­сахнаны безендіру мен өнерпаздардың ел алдына киіп шығатын киімдеріне талқылау өткізді. Ең соңында облыстық мәдениет басқармаларына хат ­жазылып, онда оларға сол өңірлердегі айтысқа бейімі бар жандарды іздеп табу жүктелді.

Осылайша, 1984 жыл да келіп жеткен. Алматыдағы алғашқы айтыс та дүркіреп өткен. Халық өнерінің алтын діңгегі ­саналатын оның даңқы Қазақ телевизиясы арқылы жер-көкке тарап кеткен. Содан бері ол көрерменнің көз алдында. Халықтың ­назарында. Өстіп тәй-тәй басып, одан қанатын кеңге жайған бұл қасиетті өнер қазір рухани өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды десек, еш қателеспейміз.

Мұның бәрі, әрине, жақсы. Сүйінішті. Бірақ, иә,.. бірақ құрметті оқырман, осы жерде ойланар жайттар да бар. Ол, мәселен, сөз етіліп отырған тақырыптың баспасөзде жалпылама жазылып, жадағай баяндалудан арыла алмауы. Содан соң жаңарып, жасарған бұл өнердің өмірге келгеніне 37 жыл болса да оның шежіресінің жасалмауы. Және тәуелсіздік кезеңінен бергі айтыс, оның қоғамдағы орны жөнінде бір ғана кандидаттық диссертациядан басқа толымды еңбектің болмауы. Сондай-ақ Елорда мен Алматы және облыс орталықтарында өткен ақындар сайысы өлеңдер мәтінінің 2006 жылдан бері жеке жинақ ретінде жарыққа шықпауы. Бұларға жанашыр болып, қолға алатын кім? Ол – сөз етіліп отырған өнерді қадірлейтін жанкүйер қауым. Одан кейін солардың арасынан шыққан бастамашы топ өкілдері. Неге десеңіздер: «Жоғарыдағыдай істерді ұйымдастырып, атқаруға оның көшбасшысы Жүрсін Ерманов бар ғой» деп, жұмысты бір адамға арта салуға болмайды. Өйткені ол айтысты өткізуге демеуші іздеп, орын тауып, жюри жасақтаумен шұғылдана ма, жоқ жоғарыдағы жұмыстармен әуре-сарсаңға түсіп жүре ме? Сондықтан біз кейіпкерімізге көптеп көмектесуіміз керек. Осы мақсатпен айтыс тақырыбын газет-журналда жазып, теледидарда көрсеткен кезде қадау-қадау жайттардан басқа оған қатысты кішкентай нәрселердің өзі ұмыт қалмауы тиіс. Біле берсек, бұлар да айтыс тарихы. Аталмыш өнердің өмірі. Олар оқырманға ақпарат береді. Қызықтырып, сергітеді. Өзіне тартып, баурайды. Мысал керек пе? Айтайық.

Осы жыр додасының алғашқы сайыс­тарында ақындарды ынталандыру үшін олардың озық шыққандарына атақ беріліп, ат мінгізіліп жатты. Ал сондай жеңімпаздарға тұңғыш рет автокөлік сыйлаған қай меценат деп ойлайсыздар?.. Біліп жүріңіздер, ол «Ата­мұра» корпорациясының сол кездегі президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед. ­Айтыс мемлекеттік бюджеттен қаржыланды­рыл­майды. Оған кейіпкеріміздің іздеп ­табуымен дәулетті жандар демеушілік ­жасайды. Осыны ескерсек, тәуелсіздіктен бергі кезеңде сахнадағы сайысты өткізуді 6 реттен артық көтеріп алған азаматтар кімдер деп айтар едіңіздер? Есте ұстаңыздар, олар: «Алматықұрылыс» холдингінің сол кездегі президенті Амангелді Ермегияев пен халықтық кооператив қозғалысының көшбасшысы Өмірзақ Сәрсенов. Сондай-ақ мына жайтқа де назар аударып көрелікші. Өткен 37 жыл ішінде сахнаға үміттерін үкілеп шыққан 600-ге жуық жігіттердің қазір қаншасы республикамызға танылған таланттар болды екен? Ұмытпаңыздар, «Айтыс ақындары ассоциациясы» дерегіне қарағанда, мұндай жампоздардың саны 215 болып отыр. Ал, енді оларға өзіміз сөз етіп отырған киелі өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген кейіпкеріміздің қандай ықылас, көмек, ықпалы болды деп ойлайсыздар? Жоғарыдағы қадау-қадау мәселелерге назары ауған зерттеуші мамандар болса, талдап айта жатар. Біздің қазіргі сөз етпегіміз соңғы жайт. Яғни айтыс ақындарының кейбі­реуі­нің тағдырына қатысты мәселе. Мұны Жүрсін Ерманов пен Оразалы Досбосынов арасын­дағы мысалдармен өріп айтуға болады.

«Осы бір қарға бойлы қара баламен ең алғаш қашан, қай уақытта танысқаным есімде жоқ, – дейді Жүкең бізбен арадағы әңгімесінде. – Білетінім, КазПИ-дің ІІІ курсында оқып жүргенінде ол мені өзінің шығармашылық кешіне шақырғандығы. Және оған менің уақыт тауып барғандығым. Демек, одан бұрын да біз бір-бірімізді көргенбіз, білгенбіз ғой, шамасы. Сонда оның өлеңдеріндегі таңғы шықтай мөлдір әрі тау ауасындай таза леп маған қатты ұнады. Аңқаулығы мен аңғалдығын айтсаңшы. Еш жасандылығы жоқ табиғи мінезін де байқап қалдым. Бәрінен бұрын сол қасиеттері ішімді жылытты. Оған ұяты бетіне шығып тұрған оның бойындағы бір ғажайып құпия, тылсым күшті қосыңыз. Осының бәрін іштей сезген мен сол кештен: «Көзден таса қылмайтын бала екенсің» деген тұжырымымды көкейіме түйіп қайттым.

Арада біраз уақыт өтті. Оразалы қалалық, облыстық байқауларға қатысып, өзі қатарлы айтыс ақындары тобына қосылды. Содан іле-шала Республика сарайындағы үлкен сахнаға шықты. Бірақ ә дегеннен сүрініп-ақ кеткені. Айтыстың көзге көріне бермейтін көп-көп ұйымдастыру шаралары болады. Соған миым ашып жүріп, жас перінің қалай қапы кеткенін мен аңғармай қалдым. Кешке үйге келген соң, аудиотаспаны қосып қарамаймын ба? Сөйтсем, «жеңіліп» қалған Оразалының сөз орамдарында неше түрлі ғажап тіркестер жүр. Соларды қағазға жазып алып, ертесінде қазылар алқасымен «дауласуға» барайын. Айттым. Түсіндірдім. Дәлелдедім. Обалы қане, қазылар алқасындағы ағалар сөзге тоқтады. Оразалы сахнаға қайта шықты. Жарқылдады. Нөсерлетті. Төкті. Сөйтіп, бір кеште 5 ақынмен айтысқан киіктің асығындай қағілез бозбаланың есімі лезде Қазақ еліне мәлім болды. Осыдан соң, сол жолғы іс-шараның демеушісі Мұхтар Құл-Мұхаммед шығын мөлшерін қайта қарап, Оразалыға 3 мың АҚШ долларының арнайы жүлдесін тапсырды. Содан кейінгі 6 жыл бойына оның бақ жұлдызы айтыс өнерінің аспанында жарқырады да тұрды.

Сөйткен хас талант... Кесек дарын... Оның жол апатынан мерт болғанын маған Дәулеткерей Кәпұлы жеткізді. Астанадан алакеуім шақта телефон шалған ақынның дауысында үрей де, таңырқану мен түңілу де бар еді. «Үйінің адресін білмеймін. Бірақ Алматы іргесіндегі сіз өзіңіз тұратын Тұздыбастау ауылының шетінен баспана тұрғызып жатқанын айтқаны есімде. Сұрастырып көрсеңіз, табарсыз», – деді ол. Мына сөзден соң әйелім Бақытжамал екеуміз киініп сыртқа шықтық. Күн сенбі болатын. Ауыл жайбарақат. Әркім өз тіршілігімен әуре. Алаштың ардақ тұтқан бір азаматы өмірден өтпегендей. Мерт болмағандай. Сұрай-сұрай қаралы үйге де жақындадық-ау. Қам кірпіштен салынып жатқаны да, құлатылып қайта қаланғаны да белгісіз қазақы жайдақ үй. Төңірегінде қоршауы да жоқ аңғал-саңғал аула. Жылаған ана. Жер шұқыған бауырлар. «Қаладағы ұлымыздың үйіне барайық, – деп ақыл айтты әйелім мына жағдайды көрген соң. – Ақша тауып берсін. Оразалыны жөнелтуіміз керек қой...». Ұлымыз ойдан шықты. Зыр жүгіріп жүріп, бір сағаттың шамасында әжептәуір ақша тауып әкелді. Оны марқұмның анасының алақанына салған соң, жер іздеуге шықтым. Күн демалыс болғандықтан басшылар жоқ. Мешіттегі молданы ертіп зиратқа апарсам, қайдағы бір сай қуысын көрсетіп: «Марқұмға бұйырған жер осы», – дейді. «Ал жолға жақын анау ашық алаңқай төбе ше?» – деймін мен оған. «Рұқсат жоқ». Тәжікелесіп тұрамын ба, уақытты жоғалтпас үшін имамға тарттым. Бір-бірімен келісіп қойғандай, оның да айтқаны: «Рұқсат жоқ». Өмірімде мұндай ашуланбаспын. Ызадан жарылып кете жаздап жүріп әкімқаралардың біреуінің есігін қаққаным есімде. «Тірі Оразалыға ауыл ортасынан үй салуға рұқсат жоқ. Өлген Оразалыға қара жолға жақын жердегі бос телімде ел төбесін көріп жатуға рұқсат жоқ. Ертең: «Ой, бауырым!..» деп ақынның достары келмей ме? Жұрт жиналмай ма? Сонда зираттың тау жақ түкпіріндегі анау сай қуысынан марқұмды кім табады? Біліп қойыңыз, ол жай адам емес. Жүз жылда бір рет өмірге келер Алаштың арқалы ақыны, – дедім қаным басыма шауып. Жүздескен адамым сөз ұғатын кісі екен. Қара жолға жақын жердегі ашық төбе үстінен жер кесіп берді. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинді іздедім. Ойым – ақынды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты жұмыстарды қолға алу. Оразалының ағасы Оразалин де азамат екен. Екеуміз тізе қосқан соң, жерлеу-жөнелту шаралары өз ретімен жүріп кеп берді. Сол сәтте мұңды бір жыр жолдарының кеудемді керіп, көмейімнен ащы өксік боп төгілгені. Ол: «Сенің үйің үйлердің шеткісі еді, Түнгі мейман шеткі үйге кеп түседі. Домбыраңды әлдилеп жүргеніңде, Домбыраңның үзіліп кетті ішегі... Сөзден соғам деп жүріп зор мұнара, Сорың қайнап қалды-ау, сорлы бала! Талантты өзі жаратып тәңіріміз, Сол таланттың алдына тор құра ма?» деген шумақтар еді».

Айтыс... Ақындар... Бұл сөздерді естігенде біздің көз алдымызға сән-салтанаты мол сахна, оның төріндегі айдарынан жел ескен сөз сүлейлері елестері анық. Одан соң жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар... Оларға құрмет көрсетіп, қошеметтеу... Жүлдегерлердің сол сәттегі қуаныш пен шаттыққа толы жүздері... Бұл да бәрімізге таныс көріністер. Ал ол сайыпқырандардың кейбіреуінің сахнадағы сөз сайыстарынан тыс өмірлеріндегі былайғы тірліктері ше? Осыған назар аударған жан бар ма? Біле білсек, бұл да сол талант иелерінің өкіл әкесі Жүрсіннің өмірі. Қуанышы мен күйініші. Тауқымет-тақсыреті. Керек десеңіз, тағдыры да. Оған жоғарыда бізге оның өзі сөз еткен Оразалы мысалы дәлел.

Сөз ретіне қарай айта кетейік, кейіпкерімізді: «Қайран менің сұңқарларым мен тұлпарларым!..» деп өкіндіріп, опындырып кеткен жалғыз Оразалы ма? Жоқ. «90-жылдардың басында, – дейді Жүкең бұл жөнінде, – Ташкенттегі айтыс үстінде кемел ақын Көпбай Омаровтың жүрегі тоқтап қалды. Одан арада аз уақыт өткенде, шындық деп шырылдаған Шынболат Ділдебаев та фәниден бақиға аттанып жүре берді. 2000 жылдарға келсек, өзінің «илигай» мақамымен көрермендерді бірден тәнті еткен Жандарбек Бегімбетов кісі қолынан қаза тапты. ­Сосын Көкшетау мен Астана арасындағы қара жолда Ерік Асқаровтың автоарбасы қирады. Айтыстың алғашқы кезінде Алаш баласын ақиқатқа ұйытқан ақберен ақын еді ол. Одан соң Әзімбай Жанқұлиевтің туы жығылды. Ауған соғысынан аман келген ­жауынгер ақынның жүрегі жаңа ғасыр басындағы ауыртпашылықтарға шыдас бермеді».

Бұл айтыс атты үлкен өнер өмірінің айтылмаған, жазылмаған бір ғана беті. Ал 37 жылдан бергі ашылмаған мұндай ақ парақтар қаншама? Жүрсінді, міне, осы жайттар ойлантады. Толғантады. Және көңілін алаңдатады. Сондықтан жоғарыда біздің: «Айтыс туралы жалпылама жазуды қою керек. Оның шежіресін жасап, тың да соны деректерді елге ұсыну арқылы тақырыпты жан-жақты ашатын шығармашылық орталық құру қажет» дейтініміз осыдан. Ал мұны кім қолға алмақ? Сұрақ бар. Жауап жоқ.

***

Курстас, замандас, дос Жүрсін Ерманов! Оның өмір белестерінде жоғарыдағыдай күрмеуі көп күрделі оқиғалар көп. Тіптен көп!.. Біз тек солардың ішіндегі бұрын оншалықты сөз болмаған, ел көзінен елеусіз қалып келді-ау деген жайттарды айта отырып, осыған дейінгі авторлар мақалаларында жазылғандарды қайталамауға тырысқан ­жайымыз бар, құрметті оқырман!

Иә, оның болмыс-бітімі осындай. Істеген істері құдды гроссмейстер Михаил Тальдың әрекеті дерсің. Шахматтан әлемнің сегізінші чемпионы осы бір өр де ер мінезді латышты кім білмейді? Оның тірлігі де дулы әрі шулы матчтардағы қарсыластарынан басым түсу ғана емес, көрерменге өзгеше ойын өрнегін сыйлау үшін тіке шабуылға шығу, күтпеген шешімдерге бару, тіпті жақсы бір жүріске жеңісін құрбан ету сияқты нар тәуекелдерден тұрған ғой. Бұған қарап Михаил Тальды ешкім де жолы болмаған адам деп айтпайтын. Керісінше, «шахмат тақтасында от ойнатқан сері», «өткір комбинациялық партиялар иесі», «бірінші болу бақытын көрермен ұнататын бұзып-жару ойынына қиған гроссмейстер» деп бағалайтын.

Біздің кейіпкеріміз де белгілі бір дәрежеде соған ұқсайтын сияқты. Қарым-қабілеті мен шығармашылық дарыны және дүниетанымдық әлеуеті біріншілердің қатары атты ұғымға бастағанымен... Жә, баяғыда, 60-жылдары мектепте оқып жүргенінде... Әбсат көкесі оны бәйге атына мінгізетін болған. Бірақ өзге бәсекелерде жұлдызы жанып, мәреге дара келетін ардакүрең... Жарысқа оны Жүрсін мініп шапқанда, бәйгеден бірінші болып келмейді екен. Жылдар өткенде сол жағдай қайталанғандай ма, қалай? 1986 жылы оқырман қауым жылы қабылдап, жоғары баға берген «Арайлы күн, армысың!» жинағы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылғанда, өтіп тұрып «өтпей» қалды. 2006 жылғы республика Мемлекеттік сыйлығы додасында ол жеңіп тұрып «жеңілді». Ал 2020 жылғы бәсекеде ше? Тағы солай болды. Бірақ ел-жұрт, поэзия жанкүйерлері жоғарыдағы парадокстарды оның талантының кемдігі, шығармашылығының әлсіздігі деп әсте ойламайды. Олай ойлаған да емес. «Бір кем дүние...» дейді де: «Жеңістерге бергісіз жеңіліс немесе жеңілістерден тұратын жеңіс» деген бағаға тоқтайды. Иә, расында да солай. Өйткені, халық – қалтқы. Бәрін біледі...

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

НҰР-СҰЛТАН

2178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы