• Қоғам
  • 23 Желтоқсан, 2021

ОЙЛАНСАҚ НЕТТІ?!

Әдебиет, Зейнолла Қабдолов ағамыз айтқандай, қашан да ардың ісі. Қай қоғамда да әдебиет замана тынысын, қоғам қозғалысын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін, арман-аңсарын,  тебіреніс-тербелістерін,  жан дүниесін жарқырата ашуымен құнды. Осы арқылы әдебиет  заман шындығын жарқырата көрсете отырып, тұтас бір дәуірдің панорамасын жасап, халқын тәрбиелейді, тәлім береді. Бұл адамзат қолына қалам алып, көркем дүние жаза бастағалы жалғасып келе жатқан бұлжымайтын дәстүр.

Осы ретте кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы әдебиет есімізге түседі. Жасыратыны жоқ, кеңестік идеология өткірдің жүзіндей, кестенің ізіндей жарасымды жалғастық тауып жатты. КСРО деген алып мемлекеттің барлық жетістіктерін, адамдарының Жеңіске құлшыныстарын, патриотизм, отансүйгіштік деген асыл сезімдерін оятуда әдебиет идеологияның алдыңғы сапындағы жасампаз жауынгері болды. Партияның өзекті деп тапқан ірі құрылыстары, халықтар достығы ­туралы көркем шығармалар тапсырыс­пен жазылатын және ол кітаптардың таралымы анау айтқандай көп болатын. Сол ірі құрылыс алаңдарында еңбек етіп жатқан кеңес адамдарының жарқын бейнесі жан-жақты сомдалып, оқырманын бейжай қалдырмайтын. Белгілі тақырыптарға бүкілодақтық әдеби конкурс жарияланып, шымыр шығармалардың шоқтығы биігі Мемлекеттік сыйлықтар, басқа да түрлі деңгейдегі әдеби сыйлықтар алып жатушы еді. Әріге ұзамай-ақ қоялық, қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Шерхан Мұртаза өндіріс тақырыбына жазған «Қара маржан» атты романы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Эпикалық жанрда жазылған бұл роман жетпісінші жылдардың жемісі. Мұнда автор тікелей өндіріс мәселелерінен гөрі өндірісте еңбек етіп жатқан инженер-техниктердің, қарапайым еңбек адамдарының өмірлік, тұрмыстық жағдайларын кең қамтиды. Нәртас кенішіндегі еңбек барысы, адамдардың тыныс-тіршілігі, Нариман Данаев пен Жарас Хамзиннің жарқын бейнелері арқылы оқырманын баурап алады. Одан әрірек 1940 жылы жазылған Ғабиден Мұстафиннің «Өмір не өлім» романында Қарағанды шахтерлерінің тыныс-тіршілігімен танысамыз. Жазушының «Қарағанды» романы, «Шығанақ» повесті өндіріс, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің өміріне арналған. 1953 жылы жарық көрген Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауыты, осында еңбек ететіндердің тағдыры характер шиеліністері мен қақтығыстар арқылы жан-жақты ашылған. Мұндай өндіріс, ауыл шаруашылығы адамдарының шоқтығы биік тұлғалары Тәкен Әлімқұловтың «Қаратау», Жұматай Шаштайұлының «Қызыл қар», Әбжаппар Жылқышиевтің «Мешін жылы» повестерінде де шынайы суреттеледі. Мұндай мысалдарды мыңдап санап шығуға болады. Жә, осымен доғарайық.

Міне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында атқарылған, атқарылмақ істер толағайдай үлкен, теңіздей терең, аспандай шексіз. Бір ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен салынған Арқа төсіндегі жаңа астананың өзі неге тұрады? Осы шырайлы шаһарды саларда қаншама адам еңбек етті. Олардың да басынан сүйініші мен күйініші, қуанышы мен шаттығы, мақтанышы мен мұңы, адамзаттың ең бір аяулы сезімі – мөлдір махаббаты өтпеді ғой деймісіз? Екінші Мекке атанып, бүкіл түркі жұрты көз тігіп отырған Түркістан қаласының қайта түлеуі еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі емес пе? Міне, осылардың барлығы көркем шығармаларда көрініс тауып жатса жастарымызды отансүйгіштікке, ­патриотизмге тәрбиелеуде бұл ең ұтымды жол болмас па еді? Ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, бірлі-жарым кітап бар, бірақ олардың өн бойынан біз күткен отансүйгіштік, өр рухты патриотизмге баулитын образдар мен штрихтар кемшін соғып жатыр. Рас, Тәуелсіздік туралы тарихи-танымдық кітап сөрелерде сықап тұр. Аса қажеттілік тумаса мұндай кітапты студент-жастар, басқа да оқырман іздеп жүріп оқымайды.

Осы ретте бір ой көгершіндей қалықтап, төбемізден айналып ұшады да жүреді. Егер Қазақстан Үкіметі, тиісті министрліктер, Қазақстан ­Жазушылар одағы бірлесіп еліміздің егемендігі, осы жылдар аралығындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, сол тірліктерді атқарып жатқан адамдардың ерен еңбектері туралы көркем шығармаларға конкурс жария­ласа, авторларға қомақты қаламақы төлесе, жинақтарды көп таралыммен таратса, неге жақсы туынды шықпайды? Мұндай кітаптарды әр мектепте, кітапханаларда, әдеби орталарда насихаттап отыру керек. Сонда жұртшылық жақсы кітаптың шыққанынан хабардар болады әрі оны оқуға талпынады. Бұл үшін мемлекет кітап шығарудан бөлек, қаржы шығындамайды. Арнайы бағдарлама түзіп, «осындай кітаптарды оқу керек» деген бір ауыз сөздің өзі жетіп жатыр. Бізде жыл сайын «Бір ел, бір кітап» акциясы өтіп тұрады. Айтулы даталарға қарай акция бағыты өзгеріп отырғанымен, тап осы жүйемен кітап оқытудың жолын қарастыруға неге болмасқа? Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 кітапты оқуға шығарды. Солардың арасынан Тәуелсіздік қаһармандарына арналған бір кітап көрсек, не дейсіз?

Бүгінде қит етсек болды, «жастар кітап оқымайды, оларды былай қойғанда үлкендер де кітап оқудан қалып барады» деп дабыл көтеріп, байбалам салуға дайын тұрамыз. Мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң, бұрынғыдай әдебиетті насихаттау бюролары жұмыс істемегеннен кейін іші алтын, сырты күміс болса да кітап оқыла ма? Құдайға шүкір, елімізде талантты, классик жазушылар, ақындар жеткілікті. Олардың шығармалары өтпейді емес, жетпейді. Автор кітабы сарғайып қолжазба күйінде қалатындықтан қалтасынан ақша төлеп немесе демеуші тауып ­баспадан жинағын шығарады. Онысы әрі кеткенде екі мың, үш мың данамен тарайды. Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне ол кітап жетеді ме? Автор кітабының шығынын өтеп алу үшін ағайын-туысқа, жора-жолдасқа, тамыр-танысқа ұсынады. Бұл кітаптар кітапханаға түспейді. Түспеген соң оларды ешкім оқымайды. Осы жерде бір ащы шындық айтайын. Осыдан үш жыл бұрын шамасы Шымкентке Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Қабдеш Жұмаділов келді. Қасында тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков бар еді. Екі асыл ағаға шай құйып беру бақытына ие болдым. Қабдеш аға ­«Дарабоз» ­деген кітабының екі томдығын ала келіпті. «Қазір мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару қиындап кетті. Сосын кейінгі шығармаларымды өз қаржыма шығарамын» деді сөздің бір ығыты келгенде. Япыр-ай, қазақтың көрнекті жазушысының күйі осындай болғанда басқаларға не жорық? Осы әңгіме барысында ол кешегі кеңестік дәуірде кітабы ең көп тараған жазушының бірі болғанын да айтып қалды. Әрине, кеңестік дәуірді көксеп отырғанымыз жоқ, алайда Тәуелсіздік алғанымызға бақандай отыз жыл толды. Өз аузымызға өзіміздің қолымыз жетті. Ендеше, не іркіліс бар?

Мемлекеттік идеология дегені­міздің өзі, меніңше, адамдарды надан­дықтан, жамандықтан жирендіре отырып, имандылыққа, парасаттылыққа, отансүйгіштікке, адалдыққа, басқа да толып жатқан игі қасиеттерге ­баулу, тәрбиелеу. Осы ретте ұлылыққа жетелеу жолында даналарымыздың айтқан сөзі есімізге түседі. Шындығында, нағыз идеологияның өзі данышпандардың пайымында жатыр. Ендеше, тыңдайық. Ұлы Абай: «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» демеп пе еді? Лев ­Толстой: «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» десе, Максим Горький: « Кітап әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі» деп сипаттады. Ал Каменский: «Кітап-ақылды қуаттандыратын құрал» деп бағалады. Ақылымызды қуаттандыратын, ғажайыптарға жол ашатын, ізгілік атаулыға тәрбиелейтін Кітаптан неге жеріп отырмыз? Жаратушымыздың өзі адамдарды игі қадамдарға бастау үшін көктен төрт қасиетті Кітап түсірмеп пе еді?..

Ойлансақ нетті?!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

1822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы