• Руханият
  • 23 Желтоқсан, 2021

ДАЛАНЫҢ ДАРА ҰСТАЗЫ

«Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!» деген шумақты бүкіл қазақ даласында білмейтін адам кемде-кем. Осы өлең жолдары әрбір қара таныған қазақтың көкірегінде сақталып, жүрегінде жатталып келеді. Қазақ халқы бұл өлеңмен бірге оны жазған адамның да есімін жақсы біледі. Ол – Ыбырай Алтынсарин.

 Қазақ даласында ғылым мен білімді таратуды және оны насихаттауды ғана іс жүзіне асырып қойған жоқ, сонымен бірге Алтынсарин ақын ретінде де ғылым мен ойдың мән-маңызын өзінің өлеңдерінде үгіт-насихат етіп отырды. Ол жас ұрпақты білімді игеруге шақыра отырып, оған тек мектептен оқу арқылы ғана қол жеткізетінін көрсетеді.

«Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық...».

Ыбырай «Қазақ хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтереді. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің әр шумағында оқудың әр жақты пайдасын айта келіп, ақын соңғы жолдарды ылғи қайталап отырады.

«Мал, дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстының байлығы

Күннен-күнге көп болар.

Еш жұтамақ жоқ болар».

Сөйтіп, ақын бір жағынан жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

 Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны «Тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, Жылдам ­хабар алғызатын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай: «Өмір көркі, болашақтың иесі – жастар» деп ұқты.

«Біз надан боп өсірдік

Иектегі сақалды.

«Өнер – жігіт көркі» деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды!» деп, жеткіншек ұрпаққа сенім артады.

 Бұл өлеңдердегі жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырманының ұғымына жеңіл етіп салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті.

 Тек өлеңдерінде ғана емес, сондай-ақ прозалық туындыларында да Алтынсарин надандықтың ­зиянын, ғылымның қоғамдық маңызын түсіндіреді. Бұл «Талаптың пайдасы», «Қалай баюдың жолдары» және т.б. әңгімелерінде анық көрінеді.

 Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметінде балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмысы ерекше орын алады. Мектептердегі оқыту мен тәрбие процесінің басты қозғаушысы ретінде мұғалімдердің рөлін аса жоғары бағалайды.

Мұғалімдердің шәкіртін сүйе білуі және олардың ата-аналарына сүйікті бола білулері ­керек деп есептейді. Тек сонда ғана тәрбие мен білім беру ісінде алға қойған мақсаттарға ­жетуге болады. Алтынсарин мұғалімдерге әкелік қамқорлық жасап, оларға әрқашан, тіпті жеке мәселесінде де кеңес беріп отыратын, сөйте тұра балаларға оқыту мен тәрбиелеу жұмысында аса қатаң талап қоя білетін.

 Ы.Алтынсарин өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының жаңа буынын тәрбиелеуге арнап, олардың өзін мәдениетті елдерден үлгі ала отырып, білімді де сапалы азамат болып жетілуіне айтарлықтай үлес қосты. Сол мақсатта қазақ жас­тарына арнап мектеп ашып, оқулықтар жазды.Өзінің төл өлеңдері мен көркем әңгімелеріне қоса орыс әдебиетінен мәні өшпес ғажайып аудармалар жасап, ұрпаққа тәлім-тәрбиелік маңызы зор дүние қалдырды.

Халық болашағын орыс мәдениетімен бірлікте санап, сол игі мақсатта теңдесі жоқ елеулі еңбек етті.

Жаннат АСАНОВА,

С.Сапарбеков атындағы

№125 жалпы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қызылорда облысы

Жаңақорған ауданы

1445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы