• Білім және ғылым
  • 23 Желтоқсан, 2021

34 ЕР МҰҒАЛІМІ БАР БІЛІМ ОРДАСЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ 
«Ana tili»

Бүгінде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Оған бірден-бір себеп – бір мектепте 34 ер мұғалімнің қызмет етуі. Бүгінгі таңда ер мұғалімдердің саны аз, көптеген мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Сондай-ақ оқу-тәрбие мекемелері мен басқармаларының басшыларының арасында да ер азаматтар сирек. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары жаппай әйел мұғалімдерден тағайындалады. Тіпті денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретін болды. Осындай шақта ауыл мектебінің ұжымына 34 ер мұғалімді жинай алған басшының талап-мақсаты да жоғары болса керек-ті. Біз осы орайда Ақшұқыр мектеп-лицейі директоры Қаламқас Қалиқызы Тілеубаеваны әңгімеге тарттық. 

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ

 

 «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмыс іздеуші мамандар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылдың 6 қарашасындағы бұйрығына сәйкес денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік ­кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылдың 17 наурызындағы қаулысы бойынша олардың қатарындағы агроөнеркәсіптік кешен мамандарына агроном, ветеринариялық дәрігер, ветеринариялық фельдшер, ветеринариялық техник, зоотехник, инженер-технолог, балық өсіруші, технолог, фермер сынды мамандықтар енгізілген.

Дәл осы бағдарламамен Ақшұқыр мектеп-лицейінің ұжымы да толыға түскен. Аталған бағдарлама арқылы 2014 жылы ашылған мектепке облыс­тағы білікті, білімді әрі жас мамандарды тартуға оң әсері болған. Мектеп директорының айтуынша, бұл бағдарлама жаңадан ашылған мектептің жас ұжымын құру қиынға соқпапты.

«Бұл бағдарламада, біріншіден, пайызсыз тұрғын үй алуға несие және бір жолғы көтермеақы беріледі. Екіншіден, осы былтырғы оқу жылынан бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұғалімдердің, дәрігерлердің еңбекақысын жыл сайын үстемелеп, көтермелеудің өзі де осы ер азаматтардың мектепке келуіне оң ықпалын тигізді. Яғни қазіргі жас мамандарымыздың категориясына байланысты 200-300 мың арасында еңбекақы алуы, ал зерттеуші, шебер, сарапшы педагогтарымыз, еңбек өтілдері жоғары мұғалімдеріміздің 300-400 мың арасында еңбекақы алуы ер азаматтардың өндірістен мектепке оралуына көптеп септігін тигізді. Себебі көптеген мамандарымыз, соның ішінде ер азаматтарымыз қолында мұғалімдік дипломы болса да, өндіріске қарай кеткені жасырын емес», – дейді Ақшұқыр мектеп-лицейі директоры Қаламкас Тілеубаева.

Оның айтуынша, қай уақытта да, отбасында болсын, қоғамда болсын, ер азаматтың рөлі, беделі, жұмыс істеу тәртібі бөлек. Отбасында әкесін сыйлайтын, құрметтейтін, қас-қабағын ұғатын баланың тәрбиесі бөлек. Мектепте де дәл солай.

«Мектепте ер мұғалімдер ілгері жүргеннен кейін ұл балалардың арасындағы танымдық, тәрбиелік өт­кізілетін шаралар, оларға берілетін тәртіп бұзушылық бағытында жүр­гізілетін жұмыстар, олардың алдын алу жұмыстарының барлығына осы ер азаматтар арқылы ықпал етіп отырамыз. Мектепте әкелер клубы құрылған, өзін-өзі басқару ұйымы бар. Ол ұйымның президенті, оның мүшелері ұл балалардан тартылған. Мектептегі жалпы мектеп формасын сақтау, қыз балалар мен мұғалімдерге құрмет, ілтипат, сыйластық ерекше жолға қойылған. Өзіміздегі барды, азаматтарды мақтан тұта отырып, осы азаматтардың қатарын білім саласында көбейту мақсатында облысымызға белгілі тұлғалармен кездестіріп, оларға әртүрлі бағытта, ер азаматтың қоғамдағы рөлі, отбасындағы рөлі, білім саласындағы рөлі жөнінде осындай үш буын өкілімен кездесіп тұрамыз», – дейді Қаламқас Қалиқызы.

Тіпті бұл кісі орынбасарларын да ер азаматтардан тағайындағанды құп көреді. Тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Марат Қаниев пен Бейбіт Қабисатов деген жас жігіттерден тағайындап, ұл балаларды тәрбиелеуде ықпалы зор екенін мақтанышпен ­айтады.

 

ЕР МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ

 

Аталған жас мектептің алғашқы түлектері еңбекке енді араласып жатыр. 34 ер мұғалімнің ішіндегі үшеуі – өз түлегі және үздіктері.

«Біздің алғашқы түлектеріміздің жетеуі мұғалім мамандығын алды. Ал оның үшеуі өзіміздің мектебімізге оралды. Өте қуантарлық жағдай. Атап айтқанда, Данияр Жаңабаев физика пәнінің мұғалімі, ол «Алтын белгінің» иегері. Мерей Қайырханов физика пәнінің мұғалімі, бұл оқушымыз кезінде физика пәнінен олимпиадалардың жүлдегері болған. Диас Ахметжан үздік аттестат иегері еді, қазір математика пәнінің мұғалімі. Үшеуі де бесінші сыныптан бастап республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға қатысып, мектеп абыройын қорғаған мықты түлектеріміз. Міне, осы  үш шәкіртіміз биылғы оқу жылында мектебімізге мұғалім болып оралып, өзімізге әріптес болып отыр», – дейді мектеп директоры.

Ақшұқыр мектеп-лицейінде  физикадан – 2, математикадан – 3, тарихтан – 3, қазақ тілі мен әдебиетінен – 2, ағылшын тілінен – 2, географиядан – 3,  дене шынықтырудан – 11, көркем еңбектен – 2, музыкадан – 2 ер мұғалім білім береді. Және барлығы да ерекше жетістіктерге жетіп жүр.

«География пәнінің мұғалімі Нұрберген Досекен республикалық деңгейдегі пәндік олимпиядада «Үздік ауыл жыл мұғалімі», оқушысы «Үздік ауыл жыл оқушысы» атағын алды. Биылғы оқу жылында облысымыз бойынша төрт мұғалім  республика деңгейіндегі «Үздік мұғалім» байқауына қатысып, соның ішінде тарих пәнінің мұғалімі Бауыржан Айманов «Үздік мұғалім» атағы мен 3 млн теңгенің грантын жеңіп алды. Және бұл мұғалімімізге биылғы оқу жылында «Үздік қызметкер» төсбелгісі табысталды. Марат Қаниев облыс бойынша «Жас тұлпар» жастар премиясынан «Жыл белсендісі» атанса, әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мақсатбай Джолаев республикалық «Алдияр» клубының байқауына қатысып, оқушысы облыс бойынша бірінші орын алды. Дене тәрбиесінің мұғалімі Әділет Асанғалиев Әділет Нұр-Сұлтан қаласында өткен футболдан 1-орын, Ақтөбе қаласында өткен республикалық футболдан 3-орын алды. Бұл мұғалімдеріміз бен оқушыларымыздың тек биылғы жетістіктері», – дейді Қаламқас Қалиқызы.

Сондай-ақ ағылшын тілі пәні­нің мұғалімі Ғимран Мүсіров кәсіп­керлікпен айналысады. Яғни өзінің лабораториясында жұмыс істеп, мектеп өміріндегі бала біліміне қажетті әртүрлі бұйымдар шығарады. Сөйтіп, оны балалардың болашақта мамандық таңдауына қарай бейімдейді. Сонымен бірге бұл мектепте мүмкіндігі шектеулі оқушылармен қыш үйірмесімен жұмыс істеу жолға қойылған. Оны Қуанышбек Егізбаев жүргізеді. Осылайша, оқушылардың шығарған өнімдері жанамалап сатылып, содан түскен қаражатпен әлеуметтік жағдайы төмен отбасына қамқорлық акциялары ұйымдастырылады.

 

«ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТЫ ЫҒЫСТЫРАМЫЗ»

 

Марат Қаниев қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Ақшұқыр мектеп-лицейінде  2019 жылдан жұмыс істейді. Қазіргі таңда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ол «Білім мазмұнын жаңарту» курсынан өтіп, оқушыларға жаңа форматта білім беруге талпынып жүрген жас маман.

«Біз жаңартылған мазмұнда оқушыларға жаңаша форматта білім беріп, дәстүрлі форматты ығыс­тырып жатырмыз. Осы арқылы оқу­шы­лардың білім жүйесінде оқу үлгеріміндегі олқылықтардың алдын алу көзделген. Әсіресе ақпараттық ғылыми технологияларды қолданып, сабақты түрлендіріп, қызықтырып, әр сабақты бір-біріне ұқсатпай өткізу керек. Өйткені қазіргі оқушының психологиясын, сұранысын осылай қанағаттандырмасақ болмайды», – дейді Марат Қаниев.

Ол аталған мектепке 2019–2020 жылдары жұмысқа тұрған, дәл осы оқу жылының төртінші тоқсаны  қашықтан оқыту форматына ауысты. Осы жағдайға байланысты мектептегі мамандар «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын» кез туғанын түсініп, жұмыла іске кіріскен. Қашықтан оқыту форматына бейне сабақтар түсіріп, Қазақстанның білім жүйесіндегі оң өзгеріс, жаңа тәжірибені бірге өткерді. Мектептегі тәрбие ісіне жауапты жас маман оқушылармен тығыз байланыста екенін атап өтті.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» дейді. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген де сөзі бар. Оқушының мектептегі киген киімінен бастап, оның бүкіл бітім-болмысы көрінеді. «Оқушы – мектептің айнасы» деген сөз де бар. Және оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің  алдын алуға арналған түрлі шаралар ұйымдастырып, арнайы мамандармен кездесу өткізіп тұрамыз.

Жалпы тәрбиенің сегіз бағытында көрсетілген жұмыстар толыққанды жүзеге асып жатыр. Сол сегіз бағыт бойынша бір оқу жылына жоспар құрылады. Бұл жоспар барлық әдістемелік нұсқаулықта көрсетіл­ген мерекелерге байланысты, арнайы белгіленген тақырыптарға ­байланысты таңдалып алынады. Осы арқылы оқушыларды қоғамға бейімдеу, олардың шығармашылық-зияткерлік қабілеттерін, құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың ­бойына патриотизмді қалыптастыру деген секілді мәселелер бойынша әртүрлі шаралар жүргізіледі», – дейді Ақшұқыр мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаниев.

Сонымен бірге аталған мектепте «Балалар және театр», «Оқуға құштар мектеп» жобасы, пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Осылайша, ер мұғалімдерінің көптігімен танылған мектеп ұжымы бүгінде білім беру саласында да үздік болып келе жатыр.

4296 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы