• Мәдениет
  • 23 Желтоқсан, 2021

«ЖЕР ҚОЗҒАЛСА...»

Мәскеудің Жазушылар одағындағы Әдебиетшілер үйіне бара қалып едім, сондағы өкіліміз Роллан ­Сейсенбаев кездесіп:

– Алматыдан Мұхтар Шаханов пен Ақселеу Сейдімбеков келіпті. Ауғанстанға бара жатыр екен. Чистопрудный ­буль­вардағы өзіміздің Өкілдіктің қонақүйіне тоқтапты. Келе сені сұрады. Кіріп, сәлемдесіп шықсын деп жатыр, – деді.

Қазақстан Өкілдігі алыс емес, қонақүйі де сол жерде. Амандаса бардым. Екеуі үлкен бір бөлмеде екен, қуана қабылдап, дастарқан жайып, тоңазытқыштан елден әкелген қазы мен «Қазақстан» коньягін шығарды, көзден бұл-бұл ұшқан «Қазақстан» шылымын сыйлады. Ақселеу аға сырбаз қимылмен жеңді білектей сүр қазыны шетінен кертіп отырып, сөз бастады:

– Ұлықбек бауырым, сені шақыртқан себебіміз – анау бір соғыс жүріп жатқан Ауғанстан деген шатақ елге кетіп барамыз. Баяғыда Елші болып жүрген Грибоедовтың өзін таптап өлтірген бұзықтау жұрт. Осының алдында ғана мен Сырағаң – Сырбай Мәуленовпен, Жарасқанмен бірге Өзбекстанның Газли деген қаласына барғанда алапат зілзала – жер сілкінісіне тап болып, қараптан-қарап боқ басында өліп қала жаздадық. Су ішкілігіміз бар екен, аман-есен қайттық, әйтеуір. Бір ажалдан қалдым ба деп едім. Енді ертең мына Мұхтар ағаң екеуміз қанды қасап, қырғын болып жатқан ауған еліне ұшпақшы болып отырмыз. Комсомолдың тапсырмасымен. Осыдан қаңғыған оқ тиіп кетпесе аман-сау қайтып келерміз. Бәрін дәм біледі. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар ғой. Бұл Мәскеуде қанша жүз қазақ жүрсе де бізге Роллан екеуіңнен жақыны жоқ. Әсіресе оқуда жүрген сенің жолың бөлек. Өзіңе елдің дәмін таттырып, жолымызды жуып, ырымын жасап кетейік дегеніміз ғой. Мынадай сүр қазыны сағынған да шығарсың. Ауыз тие отыр. Бірінші сөзді өзіңнің жақсы көретін ақын ағаң Мұхтар Шахановқа берейін. Ал, Мұха, мына інімізге қарата бір әу деп жібер, – деп баптай сөйлеп, бір рюмке коньякты мөлтілдете ұсынды. Мұхтар аға:

– Ақселеу, Аха-ау, қоя-ақ қой, мен ішпеймін ғой. Мен ішпеймін ғой, – деп қолын қайтарып, ат-тонын ала қашты.

– Ішпесең де тост айтып жібер, – деп Ақселеу аға да қояр емес. – Жақсы ініміз жат жерде оқуда жүрген жоқ па, осындайда айтпаған тілекті қайда айтасың?

– Жарайды, тілек айтуға болады. Бірақ мынау кәпіріңді тіпті татып алмаймын, – деп рюмканы қолына алуға әрең көнген Мұхтар аға микрофонға сөйлегендей тамағын кенеп-кенеп жіберіп, сөз бастады:

– Ұлықбек айналайын, жақсы көретін інімсің. Сені сонау бала күніңнен бауырыма тартып, жақындатып жүретінімді өзің білесің. Мен өзі мектепті де дұрыс оқи алмаған сауатсыз адаммын. Жастай трактор айдап, оқымай қалғанмын. Кешкі мектеп болмаса, жарытып ештеңе бітіргем жоқ. Бірақ өзім қанша ­сауатсыз болсам да, өзің сияқты ақын інілерімнің оқып жүргеніне қатты қуанамын. Үлкен жердің оқуы да үлкен болады. Дәл сенің білім қуып жүргеніне тілектеспін, әйтпесе мен сауатсызбын ғой, – деп тағы бір қайталаған кезінде, Ақселеу аға іліп алып:

– Мұха, сауатсыздығыңды мойындағанның өзі үлкен сауаттылық қой, – деп салды. Мен күліп жібердім. Мұхтар аға қызарып, ыңғайсызданып қалды. Оны байқаған соң ерсілеу күлгеніме ұялып, әңгіменің желісін өзгерткім келіп:

– Аха, «Газлиде жер сілкінісіне тап болдық» дедіңіз бе, соны айтыңызшы, – дедім.

– Сырбай Мәуленов ағамыз, Жарасқан Әбдірашев ініміз үшеуміз Газли қаласындағы қазақ, өзбектерге қонақ болып, ұзақ отырып, көңілденіп, желпініп, қонақүйге кештеу қайттық. ­Содан шырт ұйқыда жатсақ, таң елең-алаңда жер-дүние гуілдеп, гүрілдеп, дірілдеп, азан-қазан, әлем-тапырық болып, бір пәле бас­талды да кетті. Соғыс па, атом бомбасы жарылды ма, білмейміз. Жатқан қонақүйіміз жын соққандай қалшылдап ала жөнелді. Жер сілкінгенін сонда сездік. Бәріміз жан дәрмен далаға қашып шықтық. Қолымызға не ілінсе соны үстімізге іле салып, сыртта үрпиіп, дірдектеп тұрмыз. Бұрқыраған шаң-тозаңнан түк көрінбейді. Біреуді біреу біліп болмайды. Шулаған, күңіренген, жылаған, айғайлаған, бақырған жұрт. Зілзала басылған соң қарасақ, маңайдағы көптеген үйлер қираған. Кейбіреуі тып-типыл. «Көп адам қазаға ұшырады» десіп жатты. Біздің қонақүйіміз әупіріммен құламай қалған екен. Қабырғалары арса-арса. Сырағаң екеуміз қатар тұр едік, Жарасқанды көре алмадық. Ары-бері қарасақ – үшті-күйлі жоқ! Зәреміз кетті...

– Ақселеу, Жарасқан қайда? – дейді Сырбай аға.

– Білмеймін. Зілзала басталғанда сыртқа шыққан шығар деп ойлап едім, – деймін мен. Үшеуміз үш бөлек бөлмеде едік. Жаман айтпай жақсы жоқ, Жарасқан әлденеге ұшырап қалды ма деп, жүрегіміз суылдап, құтымыз қашып кетті. Қабырға басып қалуы мүмкін ғой? Енді оны қонақүйдегі бөлмесіне іздеп барайық десек: «Мейманхананың қабырғасы кұлап, төбесі түсіп кетуі мүмкін» деп қызметкерлері ішке кіргізбейді. Бірақ ондайға тоқтайтын Сырағаң ба? «Жүр. Ақселеу, кеттік ішке! Жарасқанды іздейік!» деп күркіреп, аюдай денесімен бұзып-жарып жөнелді. Соңынан мен де ілестім. Бөлмесіне барсақ, міне қызық: біз айырылып қалдық па деп қорқып жүрген жұдырықтай Жарасқанымыз бет-аузы, үсті-басы шаң-тозаң, топырақ-топырақ болып, төсекте шалқасынан ұйқыны әлі соғып жатыр екен. Жер сілкінгенде де оянбапты. Міне, ұйқы! Дауыстап та, түрткілеп те көрдік. Болар емес. Нағыз алыптың ұйқысы! Қоярда-қоймай оятып едік, көзін ашып, басын көтеріп алғанда бет-жүзінен топырақ саулап қоя берді. «Неге ұйқы бермей шулап жүрсіздер? Бас жазамыз ба?» – дейді. Ал кеп күлейік! Мұндай қуанбаған шығармыз. Сонда Сырбай аға тұра қалып:

«Сөйлегенде сөз қалмайтын Жарасқан.

Жер қозғалса қозғалмайтын Жарасқан!» – деп суырып салып өлең шығарды. Міне, сондай бір тозақтан аман-есен оралып едік, енді екіншісіне кетіп барамыз. Бәрімізді де Тәңірім өзі сақтап жүрсін. Сол үшін тартып жіберейік, – деп әңгімесін аяқтады Ақселеу аға.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
«Әбілхаят» кітабынан

1368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы