• Қоғам
  • 09 Қаңтар, 2022

КҮЙЕУІН ӨЛТІРГЕН ӘЙЕЛ

Бұл фильмнің экранға шық­қанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. «Елу жылда ел жаңа» дейміз.  Әлем түрленіп, құндылықтар өзгерді. Жаңа ұрпақтың көзқарасы, таным-түсінігі жаңарды. Бірақ өткен ғасырды көз алдыңа әкелетін, ақ-қара түсті плёнкада түсірілген бұл фильм көрерменін екі сағат бойы экран алдына тапжылтпай байлап қояды.

Неге?

«Күйеуін өлтірген әйел» деген тақырыпқа қарап, бұл туындыны ­детектив немесе қатыгездікке толы ­шытырман оқиғалы фильм деуге болмайды. Бұл адам тағдыры, әйел тағдыры туралы драма. Адам ақылына бас имейтін сезім салған сергелдең туралы десек, дәлірек болар бәлкім...

Фильм сюжеті қысқаша ­былай өрбиді. Франциядағы әдеби журналдың бас редакторы, атақты жазушы, бақуатты, бақытты ғұмыр кешіп жатқан Пьер Лашнэ ұшақта кездескен Николь есімді стюардесса қызбен көңіл қосады. Әдепкіде ­жиырмадан енді асқан үлбіреген жас сұлуға ұшпа сезімнің жетегімен құмар болған  жазушы кейін сиқырға арбалғандай күйге түседі. Кербез де сұлу әйелі мен жанынан артық көретін кішкентай қызын ұмытып, өзінен 20 жас кіші жас сұлуға ынтызар болған Пьер Лашнэнің бұл қылығының өмірде көп кездесетін жеңілтек әрекеттен еш айырмашылығы жоқ. Әйелін сүйе тұра көңілі алабұртып әлденені аңсайтын еркектің образы. Бірақ  Пьер Лашнэні көрінген сұлуға көз салып, аласұрып жүретіндермен қатар қоя алмайсың. Өз орнын білетін, әдеби ортада абыройы асқақ, белгілі қаламгерді стюардесса ­Николь бұрыннан танитын боп шығады. Ұшақта кездескен сәттен Пьер ­Лашнэге қадала қарап, назарын аудартуға тырысқанынан-ақ Никольдың мақсатын түсінгендей бола­сың. Лиссабонға оқырмандарымен кездесуге барған жазушымен бір қонақ үйге орналасқан Николь лифтіде жазушымен кездейсоқ жолығып қалып, көздегенін сол мезетте «іліп түсу» керегін түсінеді.   

«Абайсызда» бөлмесінің нөмірі жазылған кілт бауын түсіріп алған боп, Пьердің көңілін өзіне бұруға тырысады. Ертеңіне-ақ қонақүйдің мейрамханасында кездескен екеу таңға дейін әңгімелесіп, соңында әдепкі желіктің соңы – қыздың бөлмесінде түнеумен аяқталады. Лиссабоннан Парижге сол ұшақпен қайтқан Пьер Лашнэге стюардесса Николь сіріңке қорабына телефон нөмірін жазып береді. Ал Пьер болса оны мүлде байқамайды. Ұшақтан түсерде көп жолаушының біріндей қоштасып, кете барады. Сол көріністен-ақ, Пьердің қызға құмарлығының бір түнмен тарқағанын түсінесің. Сапардан оралған соң сіріңке қорабын ашқанда барып, қыздың номеріне көзі түсіп, құмарлық оты қайта лап ете түседі. Бойынан тыныштық кеткен жазушының арпалысты сәттері басталады.

Ал қыздың Пьер Лашнэнің кітабына құмар болмаса да, даңқына құштар екенін афишалардағы жазушының суретін сипап өтіп «Бұл – сен!» деп жылы жымиятынынан, әдебиет туралы әңгімелерін есі кете тыңдағандай боп, жазушыны баурай түсетінінен байқатады суреткер. Тіпті шалбар киген күні Пьердің  «Саған көйлек көбірек жарасады» деген сөзін тыңдап, қысылтаяң шақта шалбарын көйлекке ауыстыра қоятыны қаламгерді қызға ынтық ете түседі. Алайда бойында ақсүйектерге тән салқынқандылық пен қоғам пікірін жоғары қоятын жалтақтықты қатар жасырған жазушы Никольға сезімін ашық көрсетпейді.

Фильмде  мынадай бір деталь бар.

Францияның Реймс қаласына фильм тұсаукесеріне Пьер Лашнэ Никольді өзімен бірге ала келеді. Жолда шұлығы жыртылып, жаңа шұлық пен тұсаукесерге билет ала келуді өтінген Никольдің дауысы жазушының құлағынан кетпейді. Жауапты сәтте жанталаса жүріп, басқа қонақүйге орналасқан Никольге шұлық әкеп береді. Бірақ билетке мүлде мән бермейді. Құштарлығы мен жеңілтек қызды таныстарына көрсетуді артық көрген тәкаппарлығы қатар бас көтерген жазушыны қалай түсінеріңді білмейсің. Реймстен қайтарында ешкімге көрінбей жас қызбен қыдырып, суретке түсіп, бір күнді бірге өткізген Пьердің бұл ­сапарын әйелі біліп қояды. Үйге оралған күйеуін сұрақтың астына алып, соңы екеуінің ажырасуына келіп тіреледі. Ешбір әйел күйеуін өзге біреумен бөліспейді. Сатқындықты кешірмейді. Алайда ажырасқалы тұрып та, көзбен көрмеген күнәсі үшін күйеуін кешіргісі келіп, Пьерге жалына, қалуын өтінген әйелінің әрекетінен түк шықпай, Пьер үйінен кетіп қалады. Бұрын абыр-­сабыр боп жататын үйінің берекесі де күйеуімен қоса кетіп қалғандай, жаны күйзелген әйелі күйеуін қайтарғысы кеп аласұрады.

Ал Пьер болса бұл кезде есін жоғалт­қан­дай күйде еді. Жаңа өмір бастамақ болып, көңілдесі Никольды сатып алып жат­қан пәтеріне апарып, алып-ұшып жүр.

Режиссерлік шешім, драматургия­лық желі осы жерде кілт бұрылыс ­жасайды. Жазушымен бірге желіктің ізіне түскен көрерменді басқа ұрғандай әрі-сәрі күйге түсіреді: ­стюардесса Николь Пьердің үйленейік деген ұсынысынан бас тартады. Міне, қызық... Неге?

 Пьердің Никольді жеңілтек қыз санап, өзіне тең көрмей, өз ортасына көрсетуге ұялатынын қыз сезген-тін. Екіншіден, Никольдің әлі тұрақты қарым-қатынасқа дайын емесін, егде адамның әйелі болуды мақсат тұтпайтынын, бұған дейінгі қарым-қатынастың мәнсіз махаббат ойыны екенін диалогтары арқылы байқатады.

Бұл кезде Пьердің әйелінің қо­лына ойламаған жерден күйеуінің көңіл­де­сімен түскен суреттері түсіп, қызғаныштың қызыл тырнағы жанын аямай осып жатқан-ды...Суреттерін көрмей тұрып, күйеуінің қандай әрекеті болса да кешіруге дайын әйелі тосын шешім қабылдайды...

 Пьер бұл кезде сырт көзге сездірмесе де, төбесінен жай түскендей сезімде еді. Никольдың өзін оп-оңай тастап жүре бергеніне әлі де сене алмай, есеңгірей әйелінің құрбысына қоңырау шалып, әйеліне қайта оралу туралы ойлап үлгереді. Сол сәтте күнделікті жұмыс орнындағы дәмханада түскі ас ішіп отырғанында әйелі келіп, Пьердің бетіне опасыздықтың куәгері –  бір бума суретті лақтырып, сәнді плащы­ның етегімен бүркеп келген мылтығын кезеніп, тілдеспестен атып салады...

Күйеуін өлтіргеннен әйелдің жүзінде өкініш жоқ еді. Керісінше, жаны тынышталғандай күйді көресіз...

Әйелдер сатқындықты әшкере болмайынша кешіруге бейіл. Ал егер күмәнді әрекетті зерттеп, тексеріп, шындығына көз жеткізер болса, оның зардабы ауыр болады. Суреткер осыны ұқтырғысы келгендей. Әшкере суреттер де осы ойды қайта-қайта нықтап шашылып жатады...

Иә, әйелін өлтірген қатыгез, қызған­шақ күйеу жайлы көп жазылды. Бұл кинода әйелі күйеуін қызғаныштан өлтіреді. Бірақ... бірақ бәрібір әйел құрбан болғандай бір күй...

Десе де, Франсуа Трюффо бір сұхбатында «көп фильмдерде ерлі-зайыптылар ажырасқанда еркектің заңды әйелі зардап шегуші болып шығады. Ал мен бұған қарсы тұрғым келді», – дейді. Келісе алмаймыз. Кино сюжеті өмірден алынған. ­Расында, сатқындықтың кесірінен неке бұзылса да немесе біреудің уақытша көңілдесі болса да құрбан болатын әйел... Тағдыры тас-талқан болатын нәзік болмысты әйел.

1964 жылы Канн кинофестивалінің басты жүлдесі «Алтын пальма бұтағы» (Palme d’Or) сыйлығына ұсынылған Франсуа Трюффоның бұл фильмі бәйгеде елеусіз қалады. Бірақ әйел болмысы мен адамның ақылына бағынбайтын құмарлықтың зардабын шынайы көрсеткен құнды, өлмес философиялық туынды екенін арада алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, жаңа ұрпақтың қызыға көріп, тұңғиығына бойлап отырғанынан байқауға болады емес пе?!

Талантты режиссер Франсуа Трюф­фоның «La peau douce» («Балғын дене») фильмі 1965 жылы Данияда Еуропаның ең үздік киносы атанды. Бар болғаны осы...

Айнұр МҰРАТ

 

781 рет

көрсетілді

13

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы