• Тұлға
  • 09 Қаңтар, 2022

НАҒЫЗ АДАМ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Көзінің тірісінде-ақ жүрген жері, істеген ісі, айтқан сөзі аңызға айналып кететін айрықша бір әруақ қонған арқалы адамдар болады. Олар мұндай деңгейге өздерінің жоғары адамгершілік қасиетімен, көркем мінезімен, адал ниетімен, жомарт пейілімен жүрген орталарына әрдайым ерекше сыйлы бола білуі арқылы жетеді. Ондай кісіні қоршаған айналасы сондықтан да нағыз адам ретінде үлгі тұтып, құрмет көрсетіп, елден ерек әспеттеп бағалап жатады. 
Қаламгер ретінде көптен бері тап осындай адам ­туралы жазуды армандап, сол ­сипат тұрғысынан табылатын кейіпкерді іздеп жүр едім, өткен көктемде осы өлшемнің өзегінен көріне алатын жанды қапысыз тапқандай күй кештім. Оның атын естіп, істеген ісіне, жұртқа жасаған жақсылығы мен өмірдегі ұстанымына қаныққан сайын өзімнің дұрыс бағытта келе жатқаныма сенімді бола түстім. Болашақ қаһарманымды тереңірек танып-білу үшін кезінде онымен емен-жарқын араласқан, тәлімін терген көптеген кісілермен бетпе-бет кездестім. Осы месел мезіретімен Қызылорда қаласындағы сыралғы таныс-білістерінен бөлек, Байқоңыр, Төретам, Әйтеке би елді мекендеріне арнайы сапар шегіп, сонда тұрып жатқан аталас ағайын-туыстары мен жерлестеріне жағалай жолығып қайттым. Сонда анық байқалғаны: мен суыртпақтап сыр сұраған қауым арасында ол туралы бөгде сөз айтқан бір пенде болған жоқ, қайта қай-қайсысы да діттеп келген тұлғамның болмыс-бітімі туралы тек жанға жағатын, көңілдің пәрін ашатын жайсаң әңгімелерге әр берді, кейбіреулері бір-бірімен жарыса отырып, ауыздарынан су құрғағанша мақтасып бақты. Бұл, бір жағы, кәдімгідей қуандырды, бір жағы, едәуір таңғалдырды.

Бүгінде атпал азаматтың бақилыққа аттанып кет­кеніне табаны күректей қырық жылға жуық мезгіл өткенімен, сұхбаттастардың барлығы бірдей онымен күні кеше ғана қоштасқандай жылы әсермен естелік желісін ширатқандары да тәнті етті. Шыны керек, осы уақытқа дейін қаншама жеке жарандар жайлы өмірбаяндық мақала да, портреттік очерк те жаздық, солардың әрбірінде алдымен кейіпкерлерімізге қатыстары бар тағы бірқатар жамағаттан пікір сұрасып көрдік, бірақ ешқайсысында да дәл осы жолғыдай жұрттың бәрінің бір ойдың қауызынан шығатын жүйелі сөздердің тасқынды легін төгілткендерін бажайламаған екенбіз. Тіпті кезінде онымен тым жақын аралас-құралас бола қоймаған қаймана қазақтың өзі ол жөнінде ақиқаттан ауытқымай, жарасымын келістіріп, жығаттап сөйлеуге барынша байсалды ықылас танытты. Осының өзі бізге гректің ежелгі ұлы ойшылы Сократтың «Жақсы адамды тірі кезінде де, өлген соң да ­жаман нәрселер мазаламайды» деген түйінді тұжырымының растығын тағы бір мәрте айғақтап берді.

Әлбетте, біздің арамызда жақсы жандар аз емес. Бұрын да болған, қазір де жетерлік. Бүгінгі бәдені бұзылған қоғамның өзінен бүлінбеген берен бектерді там-тұмдап тауып алуға болады. Алайда олардың барлығы бірдей ­тамам жұртқа тәкпір тарататын тәрбиеші болып кете алған жоқ. Ал ондай ойпаздар өте сирек. Міне, сол сирек сүңгінің бірі біз көпті кезеңнен бермен іргесін іздеп жүрген келісті кейіпкер Бердалы Кенжебаев еді. Биыл оның туғанына, артық-кемі жоқ, тура жүз жыл, яки бір ғасырлық уақыт толыпты. Әдепкіде жай мақала, портреттік очерк тұрғысында деректерін жинастырған бұл кісі жөніндегі мәліметтеріміз ақыр соңында бірлі-жарым материалдың қауызынан асыңқы екенін пайымдағасын, оны кеңейтіңкіреп, ауқымды дүние жазу керек екеніне көзіміз жетті. Сөйтіп, ол туралы деректі-көркем туынды жазуға отырдық. Сосын шынайы өмір өзегі болып өрілетін сол шығарманың ен ортасынан ауып бара жатқан қазіргі тұста атының өзі аңызға айнала бастаған ақсақал жайында оқырманға бірер ауыз сөз айта кеткенді жөн көрдік.

Ағымнан ақтарылсам, мен осыған дейін бір кездері жер бетінде «Көзжетпес» деген керемет ауылдың болғанын білмеген екенмін. Мұның тағы бір ғажабы, айтылып отырған елді мекен Арал теңізі айдынының ортасында, оның теріскей-шығыс аумағына орналасқан көрінеді. Айналасын көк теңіздің кенересі қоршаған, құмды-жарлы жағалауын көкшулан толқындар ұрып жататын бұл ауыл заманында жердің нағыз жәннаты секілді ырзығы мол, берекесі тасыған құтты қоныс болғанға ұқсайды. «Құтты қоныс» демекші, жұрт бұрын жан баспаған аралға алғаш рет өткен ғасырдың екінші онжылдығына қарай, большевиктер төңкерісінен кейін елдің іші алатайдай бұзылып, ақ қашып, қызыл қуған кезеңде табан аударып келіпті. Дәсәуілгі көшті Сырдың құярлығындағы Қазалы атырабын ен жайлаған еңселі елдің бас көтерер атпал азаматтары – Құлманның Қалиолласы мен Жұмағұлдың Кенжебайы бастап әкеліпті. Ежелгі екі дос соңдарына ертіп келтірген көгенкөздердің бәрі өздерінің ағайындары – әлімнің асандары еді. Бірақ араға көп салмай, мұнда жан-жақтан басқа аталас елдің өкілдері де дүркін-дүркін жөңкіле береді. Сөйтіп, екі-үш жылдың мұғдарында мұнда жақайым, үсен, төртқара, қаракесек, тама сынды рулардың шаңырақтарымен бірге, Жайық бойы казактарының да бірнеше әулеті бас қосып, шұрқырасып табысып, өзгеше бір қауымдастық шоғырын түзейді.

Бір айта кетерлігі, жаңадан құрал­ған осы арал-ауылда жарық дүниенің есігін ашқан бірінші ­шарана, ­Кенжебай отбасының тұңғыш перзенті Бердалы болған екен. Мұны бүкіл қоныс болып қуана тойлапты. Ал бұған дейін бала тұрмай жүрген ерлі-зайыпты Кенжебай мен Зағипаға бұл оқиға өшкендері жанғандай әсер етеді. Шынында, 1921 жылғы көктемнің жазға ұласар жайсаң шағында өмірге келген Бердалы бұл отаудың есігінен бақ болып аттап, көп ұзамай оның соңынан Керімсал, Ағымсал және Әлімжан секілді інілері, Айымша мен Қымыз атты қарындастары бірінен соң бірі ереді. Осыдан кейін жан-жағын су қоршаған алақандай ауылда да дүрия дәурен орнайды. Мұндағы тіршілік расында сырттағы әлемнен мүлде бөлек еді. Бірақ елдегі жалпыға ортақ әрекет бұларды да айналып өтпепті. Соның бір айғағы – сол жылдың қараша айында пролетериат көсемі Лениннің Арал аумағында тұратын балықшыларға жолдаған хатына үн қосып, Еділ бойын жайлап жатқан жұртқа, онда аштықтан ісініп кеткен 700 мың балаға 14 вагон балық жөнелтілгенде, соның 2 вагоны осы «Көзжетпестегі» қауым елдің үлесімен толтырыпты.

Мұнан кейін бай-құлақтарды кәм­пескелеу кезеңі жетті. Қораларына бірер мал ұстап, қолдарына ау байлаған бұл мекеннің тұрғындары сол зобалаңнан аман кетті. Оның соңын ала қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың араны да ырыздығын теңізден теріп жеп, тоқ қалыптарын бұзбаған бұл жұртты айналып өтті. Бұлардың бәрінің артынша алдымен артель құрған, соңынан колхоздастыру деген науқанды көтерген күндердің де керегесі көрінді. Ал ауыл бұған қыңбады, бұрыннан онсыз да ұжымдасып күн көріп жүрген жамағат соны жай заңдастырып алғандай болды да шықты. Өздеріне басшы сайлауда да теңселістің тезіне түсісіп жатпады, сонау басынан осындағы елдің егесіндей болып жүрген Қалиланы төраға етіп сайлай қойды. Кенжебай болса, оның оң қолы есепті қызметтің барлық сатысын қатар атқарып жүре берді. Колхоз дәуір саясатының сарынымен «Красный рыбак» деген ат алды. Бұл шақта ауыл тұрғылықты халықтың өз ішінен көбейгенінен бөлек, әредік сырттан келушілермен де толығып отырды. Бірақ Қалила мен Кенжебай оларға сес көрсетіп, қарсылық танытпады, қайта жаңа кәсіптерді игеретін кісілердің көптеп келуін құп көрді. Бұл кезде ауылда мектеп те, медициналық пункт те, байланыс жүйесі де, тіпті шағын клуб та болды. Мұның бәрін колхоз балықтан тапқан пайдасына өзі салып алды.

Міне, тап осы тұста жасы 12-ден енді асқан ­Бердалы колхоз жұмысының қым-қуыт тірлігіне бел шеше араласып кетті. Сөйтсе, баланың ауылдағы өз құралыптастарынан көп артықтығын, зеректігі мен есепке жүйріктігін, салмақтылығы мен сөзге беріктігін біраздан бері байқап жүрген колхоз бастығы Қалила оны шаруашылыққа есепші етіп алмақ болып жүр екен. Ол бұл ойын алдымен баланың әкесіне жеткізеді. Мұны естіген Кенжебай әуелгіде шошып кетеді. «Оу, ол әлі бала емес пе, Қалеке? Мектепті де тауысқан жоқ», – дейді әке. «Мен мұны ойланбастан айта салып отырған жоқпын. Көптен бері балаңның алғыр екенін, артық әңгімеге жоқ, сөзден гөрі іске бейім екенін байқап жүрмін. Ал мектебі қалмайды, арасында сабағына бара береді, оқу жағымен де келісіп қоямын», – дейді сонда Қалила. «Ол бұл жұмысты алып кете қояр ма екен?» деген қаупін айтады сол кезде ­Кенжебай. «Сөз жоқ, алып кетеді, мен сенімдімін», – деп соңында әңгімені түйіндейді колхоз бастығы.

Сонымен, іс шешілді. Әлі ойын баласы есепті Бердалы осылайша күтпеген жерден бар балғын шағын жиып тастап, колхоздың шатауаты болып шыға келді. Әрине, бастапқы кезде оған есеп-қисаптың маманы атанып кете салу оңайға соқпады. Бәрін жұмыс үстінде, шаруа барысында біртіндеп үйренді, тіпті рация арқылы аудандық статистика бөліміне есеп беріп тұруға да машықтанып алды. Бұған екі жақты бабаларының мықты болғандарының да әсері бар шығар. Баба демекші, жетінші атасы Әбілқайыр ханның ордасына Ресейден елші келуі құрметіне өткен жиынға әлімнің шектісі тарапынан қатысқан Бақтыбай, Мөңке, Мойнақ, ­Айдаралы билер сапынан табылған Мәметек ­би-тін. Ал 1748 жылы 2 қазанда Ырғыз өзеніне сол бүйірден қосылатын Қайыңды өзегінің жағасында Кіші жүз бен Орта жүздің бір топ игі жақсылары Әбілқайыр баласы Нұралыны хан сайлағанда, сол таңдаулы топтың ортасында Мәметек бабасы да отырып еді. Соңынан 5 қазанда Ресей ­патшайымы Елизаветаға Нұралыны хан етіп бекіту өтінілген хат жазылғанда, оған ол да өз таңбасын басып берген-ді. ­Атадан алтаудың бірі болып туған сол Мәметектің әкесі қазақтың атақты лиро-эпос жырының кейіпкері, аты аңызға айналған ­Сырлыбай мырза ­болатын. Ал бес ұлдан кейін туған ­айдай Қызжібек оның жалқы қызы еді.

Мәметек жасынан пысық, елгезек, алғыр, іске тындырымды болған сыңайлы. Сондықтан да әкесі оны бала кезінен қасына ертіп, кәсіпке ыңғайлай беріпті. Соның арқасында Мәметек кейін атақты көпес, бай саудагер ғана емес, қара қылды қақ жарып, үкім айтатын қабырғалы би де болып шығады. Бір аңыздарда оның Орынбордың бір көшесін үй-пүйімен тұтас сатып алып, егелік еткені айтылады. Одан бергіде де ата-бабаларының арасында сөзі – уәлі, аузы дуалы қазы, кескекті қылышымен жалаңаш жауға шапқан батырлар аз болмаған.

Біздің кейіпкеріміз ­Бердалы нағашы жұрты жағы­нан да осал болмады. Олай дей­тініміз, оның анасы Зағипа Бақтыбайқызы әйгілі Бекарыстан бидің туған немересі еді. XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген бұл би бабасының Сырдың төменгі құярлығын қаусырмалай жайғасқан еңселі елді аузына қаратқан айтулы тұлға болғаны мәлім. Бекарыстан бидің сөз жүйесін жүгендеп ұстап, талай дау-дамайға тұсау салған шешендігі мен қамырдан қыл суырғандай шындықтың шырынын саумалап шығарып алатын шеберлігі, азаматтық позициясының беріктігі мен айтқан сөздің үдесінен көрініп тұратын мәрттігі ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып ұласып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Мұның үстіне, баба өзінің қол бастаған сардарлығы мен жауға жалаңаш шабатын батырлығы арқылы да елдің санасында өте жақсы сақталып қалған. Осындай екі жағынан да жарасымы жанып, жалғасы жанамаласып тұрған Бердекең сондықтан балаң шағынан басына байланған елге қызмет етудің ілкімді үдерісі мен жауапкершілік жүгін өзіне қоғам өміріне бейімделе беруге берілген үлкен мүмкіндік санап, оған мейлінше ынты-шынтымен кірісті.

Колхоз бастығы дұрыс пайымдаған екен, Бердалы арада небәрі бірнеше ай өткеннен кейін-ақ өз кәсібінің әдібін әлекедей меңгеріп қалды. Оның мұндағы тірлігі кейін келе-­келе колхоздың кеңсесі аумағынан да асып, сырттағы бөлімшелерді аралауға да арнала бастады. Осылайша кейде екі-үш күнге, кейде апталап үй бетін көрмей, алыстағы балықшылар мен егіншілер ортасында жүріп қалатын кездері де болды. Ал «Көзжетпес» колхозының ауаны тек осы аралдың аумағымен шектелмеуші еді. Теңіздің теріскей беттегі жағалауына қоныс тепкен оған қарасты «Тасты» ауылында балық қабылдау бекеті орналасса, кіл егіншілерден құралған «Ақтам» елді мекені дарияның құярлығындағы жазықты жайлап жатқан. Олардың біріншісінде, негізінен, балықты өңдеумен айналысатын кісілер тұрса, екіншісін түрлі дәнді дақылдар мен көкөніс-бақша өнімдерін егетін диқандар мекен ететін. Шаруашылық есебін жүргізетін болғандықтан, ­Бердалы осы учаскелерді де жиі аралап, ондағы тіршілік жайына да қанығып тұратын. Осылайша, ол жастай ересек адамдармен етене араласып, үлкен өмірге күні бұрын бейімделе берді. Өзінің жұмысына тиянақты болғасын, үлкендер де оны әсте баласынған жоқ, қайта өндірістің жайында білмеген жерін үйретіп, одан есеп-қисапқа қатысты өздері түсінбеген жайттар болса, сұрап алысатын.

«Көзжетпес» ол кезде жердің кіндігі сияқты еді. Олай болатыны, терістіктегі Арал портынан түстіктегі Мойнақ аялдамасына қарай шығатын кемелер мұнда соқпай өтпейді. ­Кейде 12 баржаға дейін тартатын баркас ­кемелер Арал теңізі теміржол станциясына пойыз составтарымен келген ­алуан түрлі тұрмыстық-шаруашылық заттарды оңтүстіктегі туысқан қарақалпақ жұртына апарып тұрады. Бір баржаға бір составтың жүгі беймарал сыйып кетеді. Түстік өлкеге барып қайтқанды қызық көретін кейбір көзжетпестіктер кеме капитандарымен келісіп, сонда қарай сапар шегіп жатады. Солардың бірі кеспірінде бала Бердалы да бір рет мейманшылап қайтты. Бұл саяхат оның көңілін көкке көтеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге арманшыл асқақ қиялына қанат бітіріп, келер күндердің көкжиегіне деген ұмтылысын күшейте түсті. Ол бұдан кейін, соңыра есейіп, ер жеткен шағында, соғысты жылдар соқпағында басып өткен алуан түрлі қалаларын былай қойғанда, бертіндегі бейбіт өмір бедерінде, санатты сапар сорабы мен дамылды демалыс дәргейінде талай шұғылалы шаһарларды шарлапты, бірақ бірде-бірінің өн ­бойынан алған әсерлері бірінші мүшел жасында мейманасын тасытқан теңіз төсіндегі тұңғыш турнесі мен Әму жағасындағы ағайын-елден көрген қызық-шыжығына жетпейді екен.

Бәрін білмекке ұмтылған бала мұның бәрін өмірдің өнегелі мектебі деп ұқты. Сол талпыныспен бірнеше рет балықшыларға еріп, жылым тартуға барып тұрған кездері де кездесті. Теңіз төсіндегі Қурайлы, Жыңғылды, Шошқабас, Ұялы секілді шағын аралдарға қонып қалған кездері де болды. Бір жолы тіпті «Ақтам» жақтағы кезекті сапарынан бір өзі моторлы қайықпен келе жатып, ен теңіздің үстінде адасып кеткені бар. Мезгіл ерте күздің кезі еді. Сол күні аспанды бұлт торлап, ай көрінбей, қараңғылық басыпты. Түнектің кесірінен алыстан жымың қағып тұратын шырақ та көзге іліне қоймапты. Бұл сосын арал-ауылға қарай бұрын барып-келіп жүретін бағытқа бұрылмай, төтелей тартуға бел байлапты. Бірақ қырсық шалғанда, сол уақытта теңіз бетін «құтырған толқын» осқылап ұрып жатыр екен, соның ығымен ескен бала ­Бердалы бір кезде ары қарай ендеп кетіп қалыпты. Егер әлгі толқын тыйылмаса, бұлардың қайдан шығатыны айғақсыз еді. Құдай қарасқанда, түн жарымы ауа теңіз ­саябыр тауып, қайықты айдынға қарай айдай беруін тоқтатыпты. Сол шамада Бердалы қалың қамысты, қоқсық қопалы бір мүйіске келіп тіреліп тұрғанын байқайды. Сөйтсе, бұл ауылдан 18 миль жерде тұрған кішігірім көп аралдың бірі екен. Осы жерде екі күн тұрған оны артынан іздеушілер келіп, тауып алып, ауылға алып қайтыпты.

Осылай жастайынан ересек­тердің өмір кешуін бастан өткізген бухгалтер бала 1938 жылы «Көзжетпестегі» жетіжылдық мектепті үздік бітіреді. ­Сосын ойланбастан, өз саласы бойынша білім алуға бел байлап, Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумының бухгалтерлік мамандық беретін бөліміне құжат тапсырады. Сәтін салғанда, оқуға оңай түсіп кетеді. Өзі қызығып оқыған оқуы екі жыл, алты ай дегенде аяқталып, Бердалы кәсіби есепші ретінде туған ауылына қайта оралады. Бірақ жұмыс істеп ұзақ жүре алмайды. Арада жарты жылға да жетпейтін уақыт өткенде, 1941 жылғы көктемде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шұғыл шақырылады. Бір қызығы, Арал аудандық әскери комиссариатынан Шығысқа қарай бет түзеген эшалонға отырған 15 мамыр Бердалы әкеміздің туған күні болатын. Сол состав тартқаннан тартып отырып, бір жерге ұзағырақ тоқтап, бір жерге қайрылмай өтіп, елең-салаң жүре келіп, жарты айдың шамасынан жаңа асқанда, сонау Байкал көлінің арғы бетіндегі Чита деген қалаға келіп тоқтады. Мұнда 1935 жылы ғана Забайкалье әскери округі құрылыпты. Округ жауынгерлері бұдан екі жылдай уақыт бұрын моңғол халық-революциялық армиясымен бірге Холхин-Гол өзені ауданында жапон басқыншыларына қарсы ұрыс қимылдарын жүргізіп, жеңіске жетіпті. Сол ерліктері үшін 17 мыңнан астам жауынгер орден-медальдармен марапатталыпты. Округтегілер соны зор мақтаныш тұтады екен. Бірақ мұнда көп аялдаған жоқ, герман әскерлері елге тұтқиылдан тап бергеннен кейін Бердалы өзі секілді бір топ сарыүрпек солдаттармен бірге Орал тауына қапталдасып жатқан Чкалов қаласына жол тартты. Айтқандары бұлардың бұдан екі айға жуық мерзім ғана сондағы жаяу әскерлер училищесі базасында танкішілер даярлайтын оқу орны болып қайта құрылған училищеге баратындары болды. Бұрын Орынбор атанған бұл қоныс 1938 жылы әскери ұшқыш Валерий Чкаловтың атын алған еді. Ал Орынбор оның бала жасынан атын естіп өскен, бабасы Мәметектің ізі қалған арман қала болатын.

Танкте көздеуші қызметін атқарған Бердалы бұдан кейін ­Сталинград майданында жорық жолдарын ­бастап, жаудың талай танкілері мен нысандарының жойылып кетуіне үлкен үлес қосты. Жазға салым лазареттен шыға сала Курск доғасында тұтанған ең сұрапыл соғыстардың біріне қатысты. Бұдан арғы әскери жорығы Қырым түбегін жаудан азат етуге, Бессарабияны қайтару үшін шайқасуға, Венгрияны гитлершілдерден түгел тазартуға, соңынан Прага көтерілісінің екпінін басуға арналды. Сөйтіп жүргенде, түпкілікті жеңіс те жетті. Бірақ Бердалының жауынгерлік жолы бәрібір мұнымен түгесілген жоқ. Будапештің түбінде бес-алты ай тұрғаннан кейін бұларды жоғары әскери командалық басшылық Қиыр Шығыс жаққа қайта аттандырды. Бұл жолы баяғы Читаға барып, одан әргідегі Харбин аумағында бір-ақ тоқтады.

Бердалы аға елге тек 1946 жылдың қазан айында ғана оралды. «Көз­жетпесте» бірер жыл жұмыс істегеннен кейін Бердалы өзінің бұл жерде қала беруінің қажеті жоқтығын, соңынан ерген інілеріне пана болып, жол көрсетіп, өмірден өз орындарын ­табуына көмектесу үшін орта­лыққа қарай жылжуы керектігін жақсы түсінді. Бұған әкесі де, шешесі де бірден келісті. Бұлай болатын да жөні бар. Отбасының тұңғышы, төрт ұлдың көшбастары болып өсіп-жетілген оның әулеттегі орны бөлек еді. Ата-ананың берген тәрбиесі сондай, жастайынан үлкен қызметке араласып, үйдің асыраушыларының біріне айналған Бекеңді өзінен кейінгі үш інісі мен екі қарындасы да бала күндерінен сыйлап, хазіреттей құрмет көрсетудің қалыбында қалыптасты. Осы үрдіс үдерісі ардақты ағалары фәниге аттанып кеткенше жекенсіз жалғасты.

Негізі, Бердалы әкеміздің өзі осыған әмісе лайықты. Ол отбасымен алғаш Қазалыға көшіп келгесін інілерінің жағдайын жасауға кіріседі. Алдымен барлығын да оқытты, сосын оларды түгел аяқтандырды, тұрмысқа берді. ­Былайынша, бауырларына тура әкесіндей болып қызмет етті. Сол қасиетінен болар, жеткіншектері ешуақытта оның алдын кесіп өткен емес, бір ауыз сөзін жерде қалдырған жоқ, не айтса да дегенінен шықпады, оның сөзі қашанда соңғы шешім болып орнықты. Бердекеңнің өзі де нені болса да, інілері мен қарындастарына ешуақытта екі айтып көрмепті. Бұлай демектігі, оны жақсы танитындардың айтуынша, Бекең ешқашан пәруана кейіптес сөз айтпаған, не десе де, әбден ойланып-толғанып барып, кесіп жеткізетін кескекті кісі болған екен.

Бердалы Кенжебаевтың Қазалыдан кейінгі өмір жолы Қармақшыда жалғасты. Осында теміржол бойында бірқатар жылдар есеп қызметкері болып істеген ол тағы біршама жылдардан соң Қызылорда қаласына қоныс аударды. Осында «Главриссовхозстрой» тресінде ұзақ жыл тапжылмай қызмет етті. Арасында Алматының іргесіндегі КИЗ деп аталатын ғылыми-зерттеу институтында біршама уақыт болып қайтқаны да бар. Сонда қайда жүрсе де, бұрынғы абырой биігінен төмендеп көрмепті, қайда болса да, өзінің міндетін барынша адал атқарыпты.

Менің пайымымша, Бердалы Кенжебаев тіршілігінде ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өнегелі өлең жолдарындағы тағылымға қатты ден қойған үлкен жүректі адам болғанға ұқсайды. Сондықтан 1983 жылдың 16 шілдесі күні бақилыққа аттанып кеткен, жарық дүние дидарында бар-жоғы 62 жыл дәуренін ғана қалдырған ардақты ақсақалдың өзі айтып кеткен «Өмір адамға берілген қарыз сияқты. Сондықтан біз оны «аманат» дейміз. Ал аманатты ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір қайтаруға тура келеді» деген қағидатты ұдайы жадында сақтап, сол тәубесі мол тоқтам топшысында ғұмырын өткізгеніне ешбір күмән жоқ.

Нағыз адам деген өлшемнің өресінен көріну үшін әсте бұлардан артық көркем мінез талап етіле бермейтін шығар.

Серік ПІРНАЗАР

 

728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы